23:45 | По душам
Бизнес 2014-12-10 (0) (7582)

99 теңге

99 теңге

Ертеде бір хан ғұмыр кешіпті. Мал-дүниесі қанша көп болса да, жиғанына қанағаттана алмай, үнемі мазасыз болған екен. Ол бір күні өз егін алқабында ыңылдап жұмыс істеп жүрген қарапайым шаруаны көреді. Жұмысшының бар табысы – бір күндік тамақ болса да, бақытты кейпі, көтеріңкі көңілі, жағдайына қанағатшылдығы ханды таң қалдырады.

Дереу бас уәзірін шақырып, мұның мәнісін сұрайды. Жағдайды түсінген ақылды уәзір:

–       Хан ием! Масайраған адамның барлығы толық қанағат иесі деп айтуға болмайды. Алдымен оны сынап көрейік. Ол үшін бір дорбаға тоқсан тоғыз теңге салғызыңыз да, қызметшіңіз арқылы есігінің алдына апарып тастаңыз. Оның қалай әрекет жасайтынын бақылайық, - дейді.

Қызметші дорбаны апарып, әлгінің табалдырығына қояды да, есігін қағып кетіп қалады. Есікті ашқан кедей жан-жағына қарап, дорбадан басқа ештеңе көрімейді. Дорбаны ішке кіргізіп, аузын ашқанда, алтын ақшаларды көріп қуанғанынан есі шығып кетеді. Әйелім мен бала-шағама біраз дүние алып беретін болдым деген ой келеді. Сосын, жалма-жан ақшаны санай бастайды. Саны – тоқсан тоғыз. Қайта-қайта санайды, бәрібір – тоқсан тоғыз. Сонан соң, отырып алып ойлана бастайды. Неге жүз емес? Бір теңгесі қайда? Есіктің алдына қайта шықты. Арғы-бергі жағын сипалап, тіміскіледі. Бір теңге ізім-ғайым жоқ. Бірден мазасынданып, қабағы шытылды, еңсесі түсті де сары уайымға салынады. Қасына еркелеп келген баласына да қарамады, не болғанын түсінбеген әйеліне де ештеңе айтпады.

Таңертең ерте тұрды да, таңғы асын ішпестен үйден шығып кетті. Жетпеген бір теңге бір жерге түсіп қалған болар деп үйдің айналасын тағы бір шолып шықты. Ақыры, бүгін көп жұмыс істеп сол бір теңгені өзім тауып, толықтырайын деп шешті. Қабағы түскен, баяғы көңіл-күй, әндету жоқ.

 

 

Мұның бәрін бақылаған хан бұл өзгеріске қарап таң қалды. Сонда уәзірі: –– Көрдіңіз бе? Нағыз қанағат жайшылықта көрінбейді. Қолыңдағы барға, аз да болса тапқаныңа разы болу, жоқты іздемеу, міне сол – нағыз қанағат, - деген екен. Содан бастап ханның көңіліне қанағатшылдық ұялап, мал-мүлкінен көп садақа беретін болыпты.

7582 рет оқылды