Отбасы 2020-06-02 (0) (22422)

КҮЙЕУІМ ЖАУАП БЕРМЕЙДІ

КҮЙЕУІМ ЖАУАП БЕРМЕЙДІ

 

Whatsapp. СМС-іңіз оқылмады... Әйел адамның басына неше түрлі күмәнді ойлар бірінен кейін бірі үздіксіз келе бастайды. Жооооқ, күйеуі көлігін соғып алды, көлік қағып кетті, ауруханаға жататын болды деп ойласа мейлі ғой, көбі "Оның басқа біреуі бар", "Басқа біреумен сөйлесіп жүр", "Көңілі салқындап кетті", "Мені сыйламайды, қадірлемейді" және тағы да басқа.

Өздеріңіз білетіндей, Алла Тағаланы жалғыз деп танып, Оған иман келтірген мұсылман ер мен әйел шаңырақ  көтеріп, ұрыс-керіссіз бақытты ғұмыр кешсе, лағынеттелген шайтан үшін ең ауыр қайғы сол. Ол қашанда айрандай ұйып отырған ерлі-зайыптылардың арасына болмайтын жерде от салып, түймедейді түйедей көрсетіп, ұрсысуға үндеп, ақыры ажырасуға дейін алып барады. Сондықтан азғырушыға азғантай да мүмкіндік есігін ашып бермеуіміз қажет. Бүгін біз сондай қарапайым болса да, сізді ауыр ой мен мазасыздыққа душар етіп, күйеуіңіз екеуіңіздің араларыңызға салқындық түсіретін мәселе төңірегінде сөз қозғамақпыз. Себебі кейбір нәзікжандылар үшін күйеуінің жауап қайтармауы не салқын жауап беріп қалуы үлкен мәселе.

МӘСЕЛЕНІҢ ТҮЙІНІ ҚАЙДА ЖАТЫР?

Қазіргі заманауи байланыс құралдары адамның Whatsapp-қа немесе басқа әлеуметтік желілерге қашан кіріп-шыққанын және оның хабарламаны оқыған-оқымағанын көріп отыруға мүмкіндік береді.  Күйеуі  5 минут бұрын кіріп, бірақ хабарлама оқылмаған болса немесе оқылды деген белгі бар, бірақ әлі жауап келмей жатқан болса, онда ...

Дәл осы сәтте, жоғарыда айтқанымыздай, әйел адам бірден жаман ойлардың жетегінде кетеді. Бұл, әлбетте, оның санасына шайтанның салып жатқан ойлары. Ол ерлі-зайыптының ара қатынасына сызат түсіретін осы мүмкіндікті құр жіберіп алмау үшін, барын салып әрекетін жасауда. Керек десеңіз, болары болып, бояуы сіңген үш ай бұрынғы ренішіңізді еске салып, жағдайды одан сайын өршітіп көрсетеді.  Нәтижесінде әйел адамның істеп жатқан ісінен береке кетіп, мазасыз күйге түсіп, қайта-қайта ұялы телефонына қарап, өз ойымен арпалысып кетеді.

Ал, шын мәнінде, күйеуінің сол уақытта жауап қайтаруға уақыты болмай жатқан болуы мүмкін. Ия, былай қарасаң, хабарламаны оқып, бір-екі сөзбен жауап қайтара салуға соншалықты көп уақыт та кете қоймас, бірақ ол әйел адамдар үшін ғана солай. Себебі көбіне ер адамдардың қандайда бір істі жасап отырып, екіншісіне назар салуы қиын. Ғалымдардың айтуынша, ер адамдар мен әйел адамдардың ойлау жүйесі екі басқа. Нәзік жандылар бір уақытта бірнеше істі атқарып тастауға қабілетті болса, ер адамдар бір істі тиянақты бітірмей, екіншісіне ауыспайды. Сондықтан олар хабарламаларды оқуды кейінге қалдырады.

Ал кей жағдайда күйеуі бір нәрсені ұмытып кетпеу үшін әдейі оқымайды. Whatsapp-қа кіргенде оқылмаған хабарламаның әрдайым көрініп және ол сізге бір нәрсені еске түсіріп тұратынын білесіз ғой. Мысалға жасау, сатып алу, жазу, қоңырау шалу, т.б.

БҰЛ ТІПТІ ӘДІЛЕТСІЗДІК...

Кей кезде смм-ті оқып отырып жауап жазбай қоятын жағдайлар болады. Ондай кезде жағдай тіптен қиын. Әйел адамның миында жарылыс. Тіпті асығыстықпен артық сөз жазып жіберіп, дау-дамайдың қақпасын ашып алады. Бұл - шайтанның тағы бір миссиясының орындалып жатқанының айқын көрінісі. Сондықтан оған мына ойлармен тосқауыл қою керек.

Әуелі ер азаматыңыздың сізді және балапандарыңызды асырау үшін жұмыс істеп, нәпәқа тауып жүргенін есіңізге алыңыз. Бұл бір. Екіншіден, ол жұмыс барысында басқа адамдармен араласатын болғандықтан жиналыста не бір бизнесі үшін маңызды кездесуде отыруы әбден мүмкін немесе бастығымен жұмыс барысын талқылап отыр. Үшіншіден, жұмыс болғасын бір адаммен келісе алмаған себепті сәл ашуланып тұрып, сізге салқын жауап беріп қоймауды ойлаған болуы да мүмкін. Болмаса көлік айдап келе жатқан болар.  Иә, бұл жағдайлардың бәрі де мүмкін. Осылай жақсы ойласаңыз, жасап жатқан тамағыңыз дәмді, құлшылығыңыз берекелі, үйіңіз де мерекелі болмақ.

Шариғатымызда мұсылман мұсылман бауырынан қандайда бір кемшілік көрсе, оның себебін іздеп, ақтау керек. Егер оны ақтайтын ешқандай себеп болмаса, мен білмейтін себептер бар шығар деп ақтап алуы тиіс. Осы тәлімге сай сізбен жақын туысқандық байланысы жоқ кез келген мұсылман жайлы жақсы ой ойлауың қажет болғанда, өзіңіздің некелі жарыңыз, балапандарыңыздың әкесі жайлы екі есе жақсы ойда болуыңыз қажет емес пе?!

Сондықтан, егер күйеуіңіз хабарламаға жауап бермесе, сізге бес минут сайын телефонға қараудың, оның соңғы рет қашан кіріп-шыққанын бақылаудың қажеті жоқ, себебі ол, қолы бос болмаса, бәрібір сіз күткен уақытта жауап бере алмайды. Дұрысы, сіз басқа шаруаларыңызбен айналыса беріңіз, жауап келмей жатқанына қатты уайым жемеңіз. Күйеуіңіз уақыты болған кезде әйтеуір бір жауап береді.

Әрине, егер күйеуі әйеліне салқын қабақ танытып, ұзақ уақыт (бірнеше күн) жауап бермесе, онда бұл мүлдем басқаша жағдай. Оның шешілу жолы да мүлдем бөлек болмақ.

Егер шынымен де күйеуіңіздің сізден көңілі қалса, ол салқындық еріңіздің сөзінде, ісінде, әрекетінде яғни қарым-қатынастың барлық түрлерінде айқын көрініп тұрады. Сондықтан бір хатыма жауап жазбады деп құр уайымға салынбаңыз. Қазақта "Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа" деген сөз бар.  Шын мәнінде, бір хабарламаға жауап қатпағаны үшін күйеуіңіздің барлық артықшылықтарын жоққа шығарудан аулақ болыңыз. Артық уақытыңыз қалып жатса, өзіңіздің сүйікті ісіңізбен айналысыңыз. Ал жаман ойлар бірінен соң бірі келіп маза бермей бара жатса, Құран оқыңыз. Құран не пайдалы лекция-уағыздар тыңдаңыз, Алла Тағаланы мадақтап көп зікір айтыңыз, күйеуіңізбен араңызға шайтанның араласуынан Жаратушыдан пана сұрап, сиыныңыз.

"اَعُوذُ  بِاللَّهِ  مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّجِيم     "

"Ә’узу биллаһи минаш-шайтанир-ражим"

Қуылған шайтанның (кесірінен) Аллаға сыйынамын!

Себебі, жүректер Алланы еске алумен ғана тыныштық табатынын естен шығармаңыз! Алла Тағала баршамызға жаман ойдан арылатын күш-жігер нәсіп еткей, әмин!

22422 рет оқылды