Медицина 2020-08-20 (0) (34885)

ҮРЕЙГЕ БЕРІЛМЕУДІҢ 5 ҚАҒИДАСЫ

ҮРЕЙГЕ БЕРІЛМЕУДІҢ 5 ҚАҒИДАСЫ

Иә, дәл қазіргі уақытта екінің бірі науқастанып жатыр. Бірі жазылып, енді біреулері жақындарынан қапияда айырылып қалып жатқанын өз құлағымызбен естіп, сәт сайын көріп жүрміз. Ал тағы бір топ үрейдің құрсауында...

Адам өміріндегі ең маңызды сезім - сенім! Ол бар кезде көптеген қиындықты еңсеруге болады. Бір қызығы кез келген аурумен күресте оның рөлі өте жоғары дейді медицина мамандары. Ал оның орнын үрей мен қорқыныш алмастырса, организм аурумен күресте тез жеңіліп қалады екен.

Осы орайда үрейге салынбаудың қарапайым ғана қағидаларына тоқталып өтейік. 

БІРІНШІ ҚАҒИДА 

 “Ауруда шаншу жаман, Сөзде қаңқу жаман” деген бар. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерден түрлі аудио, видео, сурет т.б, жалған не шын екені белгісіз ақпараттар ағылып келіп жатыр. Оны таратып жатқан адамдардың көздеген мақсаты не екенін білмейсіз ғой. Ақ-қарасын ашып, реттеп беріп жатқан да ешкім жоқ. Сондықтан келген хабарламалардың бәрін ашып көре бермеңіз! Көрдіңіз делік, қиналатын өзіңіз. Артық үрейге беріліп, тірлігіңіздің мәні кетеді.

Өзіңізде ешкімге ондай видеолар мен хабарламаларды таратпаңыз! Ал тараттыңыз, не өзгерте аласыз?! Сіз жәй ғана ақпарат деп ойлағаныңызбен келесі бір адам оны ауыр қабылдап, денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін.

ЕКІНШІ ҚАҒИДА

Себепсіз үрейге салынудың ақыры Алла берген иммунитетіңізден айырылып қалуға дейін апаруы мүмкін. Ана кісі анадан, мына кісі мынадан айығыпты екен деп кез келген дәрі-дәрмекті сатып ала бермеңіз. Біріншіден өз денсаулығыңызға зиян, екіншіден қаржыңызды босқа ысырап етіп алуыңыз әбден мүмкін. Қазақ “Сау басыңа сақина тілеме!” дейді емес пе?! Сондықтан сараптамадан өтіп, өзіңіздің денсаулығыңызға сай тағайындалмаған дәрі-дәрмекті ала бермегеніңіз жөн! Себебі жайшылықта да біреуге жаққан дәрі  басқасына кері әсерін беріп жататын  жағдайлар жиі кездеседі емес пе?! 

ҮШІНШІ ҚАҒИДА

«Самовнушения». Мен ауырып қалған сияқтымын деп үмітсіздікке салынып, бойында жоқ аурумен күресіп жүргендер бар. Сондықтан нақты белгілері байқалмайынша өзіңізге үрей шақырып, ем-дом жасауға кірісіп кетпеңіз. Жоқ, бұл ауруға бей-жай қарау деген сөз емес, әрине. Қайта денсаулығыңызға зиян келтірмейтін табиғи жолдармен иммунитетіңізді көтеріңіз. Ол үшін:
• “Ас адамның арқауы” демекші құнарлы, нәрлі тағамдар ішіп,
• Уақытылы ұйықтауды әдетке айналдырыңыз. 
Сонымен қатар: 
• Жылы киініп, 
• Мұздай су ішпей, 
• Маска тағып,
• Қолды жиі жууды да ұмытпаған абзал! 


ТӨРТІНШІ ҚАҒИДА

Қиындықтан қашып Аллаға барасың, Алладан қашып қайда барасың? Кез келген сынақтан сізді адамдар емес, Алла Тағаланың алып шығатынын біліңіз! Одан еліңіз, жақын туыстарыңыз, отбасыңыз, өзіңіз үшін амандық тілеңіз! Ол шын сұраған пенделерінің қолын бос қайтаруға ұялады. Тіпті ілгерідегі ғұламалар жәй ғана қара суды ішпес бұрын: “Иә, Раббым! Осы суды менің ағзама пайдалы ет, зияны болса кетір, өзің шипа бер!” - деп дұға жасайтын болған екен. Алла Тағала қаласа бір ұрттам судан, бір жұтым ауадан да шипа береді!

Жұқпалы аурулар мен қатерлі індеттерге қарсы оқылатын мына дұғаны жаттап, жақындарыңыздың да үнемі айтып жүруін қадағалаңыз!

‎اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ الْبَرَصِ وَالْجُنُونِ وَالْجُذَامِ وَمِنْ سَيِّئِ الْأَسْقَامِ

«Аллаhумма инни әъ’уҙу бикә минәл бәрасый уәл жунуни уәл жузами уә миң сәй и ил асқаами»

Иә, Алла, расында мен алапестен, жын тиюден және әртүрлі жаман, жұқпалы аурулардан Сенен пана сұраймын.
(Әбу Дәуд, ән-Насаи)

БЕСІНШІ ҚАҒИДА

Мынаны біліңіз, “Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жеткен өледі”. Салыстырмалы түрде қазір өлім-жітімнің көп екені белгілі. Бірақ өлімнен қорқып, үрейге салынып кетпеу керек. Себебі Алла Тағаланың қалауынсыз ешнәрсе болмайды.
Мына бір хадиске назар салайықшы:
 • Әбул-Аббас Абдуллаһ ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Бір күні мен Пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көлікте мінгесіп (келе жатқанымда) ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ей, бала! Мен саған бірнеше сөз үйретемін: Алланы (есіңде) сақта, Ол сені сақтайтын болады, Алланы (есіңде) сақта, сен Оны қарсы алдыңнан табатын боласың. Егер (бір жай туралы) сұрағың (келсе), Алладан сұра, егер көмек сұрағың (келсе), Алладан көмек сұра және біліп қой, егер үмбеттің (барлығы) жиылып саған қандай да бір пайда істегісі келсе Алла белгілеген нәрседе ғана пайда келтіре алады және олардың барлығы жиылып саған қандай да бір зиян жеткізгісі келсе, Алла белгілеген істе ғана зиян жеткізе алады, өйткені, қалам әлдеқашан көтерілген, ал парақтар құрғаған», – деді», – деген.

“Қорыққанға қос көрінеді” деген қазақ халқы бұдан да ауыр қиындықтарды еңсерді емес пе?! Батыр елдің ұрпағы бола тұрып, соншалықты үрейге берілгеніміз жарамас! Сақтанайық, ауру келсе берілмейік, шипасын Алладан сұрап, ем-домын жасайық, аман болайық!

34885 рет оқылды