Ғибратты әңгіме 2020-06-11 (0) (26027)

ЖАҚСЫЛЫҚТАН ҮМІТ ҮЗУГЕ ХАҚЫМЫЗ ЖОҚ

ЖАҚСЫЛЫҚТАН ҮМІТ ҮЗУГЕ ХАҚЫМЫЗ ЖОҚ

Иә, жақсылықтан, бақытты болатынымыздан үміт үзуге хақымыз жоқ. Бірақ біздің сәл бір жеріміз ауыра бастаса немесе ойлағанымыз жүзеге аспай қалса, қара аспанды төндіріп, бәрін біттіге санап түңіліп кететініміз неге екен?

Сіз мына бір адамдардың өмір жолына зер салып қараңызшы. Сонда барлығының өткінші екеніне көзіңіз жетеді. Алла Тағала Құранда бізге үлгі ретінде есімдерін атап кеткен бұл адамдар Алладан бір сәт те үміт үзген жоқ, есесіне Алла оларды жақсылықпен сүйіншіледі!

Бірінші:

ЗӘКАРИЯ ПАЙҒАМБАР (а.с) — әбден қартайып, қаусаған шағына келген еді. Әйелі де бала туа алмайтын бедеу болатын. Алайда, осының бәріне қарамастан Алланың құдіретіне шексіз сенген, Алла қаласа, мүмкін емес нәрселер де мүмкін болатынына анық иланған ол: «Иә, Алла! Маған Өз тарапыңнан бір игі ұрпақ сыйла. Анығында Сен тілекті естушісің ғой!" – деді. («Әли 'Имран» сүресі, 38-аят)

Ол осылай деп Аллаға жалбарынып, намаз оқып тұрған кезде періштелер оған:
«Алла сені Алланың сөзін растайтын, ел ағасы болатын, ұстамды әрі ізгі пайғамбар болатын Яхия атты ұлмен сүйіншілейді», - деді!

Расында, да осыдан кейін Құдайдан үміт үзбеген ізгі құлына Алла 99 жасында игі бір ұрпақ сыйлады!

Екінші:

ЙАЪҚУБ ПАЙҒАМБАР (а.с) жақсы көретін баласын өзге ұлдары қызғанып құдыққа тастап, кейін әкесіне «Әке, бауырымызды қасқыр жеп кетіпті, біз оны құтқара алмадық» деп келсе де, ай артынан ай, жыл артынан жыл өтіп, баласы оралмаса да, Алладан үмітін үзбей:«Алла қорғауда бәрінен жақсы. Ол – мейірімділердің мейірімдісі!» деді.

Ол балаларына: «Мен күйзелісімді де, күйінішімді де Аллаға ғана шағамын.
... Әй, ұлдарым! Алланың мейірімінен үміт үзбеңдер», - деді. («Йусуф» сүресі, 87-аят) Ақыры, шынында да, Алла Йусуфты отбасы, бала-шағасымен қауыштырды!

Үшінші:

МҰСА ПАЙҒАМБАР (а.с) зұлымдық жасағысы келген перғауыннан қашып келе жатқанда алдынан үлкен теңіз шыққан еді. Артында - жау, алдында - теңіз. Ойлап отырсаңыз, нағыз түңілуге лайық сәт еді. Қасындағылар шыдамай: «Олар бізді қуып жететін болды ғой» деп қайғырды. Сонда Аллаға деген сенімі тастай берік пайғамбар сенімді түрде: «Жоқ, Раббым менімен! Ол маған жол көрсетеді», - деді. («Шуъара» сүресі, 61,62-аяттар)

Расында да, осыдан кейін Алла Мұсаға «Таяғыңмен теңізді ұр» деп уахи етті. Мұса таяғымен теңізді ұрған кезде теңіз екіге жарылып, Мұса өз адамдарымен теңізден өтіп кетті. Ал перғауын әскері келген кезде теңіз қайта қосылып, Мұсаның дұшпандары теңізге батып қаза тапты.

***

Міне, бұл Құранда Алла бізге үлгі еткен оқиғалардың қысқаша ғана мазмұны еді.
«Шын мәнінде бұларда белгі, ғибрат бар. Ақиқатында, Алла – аса Үстем, ерекше Мейірімді!» («Шуъара» сүресі, 68-аят)

 

26027 рет оқылды