22:30 | Емен-жарқын
Рамазан 2020-04-24 (0) (19879)

КАРАНТИН ЖАҒДАЙЫНДА РАМАЗАНДЫ САУАПТЫ ӨТКІЗУДІҢ ҚҰПИЯЛАРЫ

КАРАНТИН ЖАҒДАЙЫНДА РАМАЗАНДЫ САУАПТЫ ӨТКІЗУДІҢ ҚҰПИЯЛАРЫ

Жылда сауаптар еселенетін Рамазанда (оразадан бөлек) көбірек құлшылық жасап, мінез-құлқымызды көркемдеп, жақсы амалдарды әні-міні атқарамыз деп қу тірліктің қамымен жүргенде, берекелі айдың көзді ашып-жұмғанша аяқталталып жатқанын көретінбіз. “Қап, бұйырса келесі жылы жақсылап өткіземін!” - деген уәделер де жоқ емес...

Міне, 11 ай бойы сарыла күткен қасиетті Рамазан да өз кезегін күттірмей келе жатыр. Ал сіздің карантин уақытына тұспа-тұс келіп тұрған сауабы мол құлшылыққа жоспарыңыз қандай? Үйде отырып-ақ оразамызды ойдағыдай, құлшылығымызды қуаттай, ал сауапты істі сандалмай атқара аламыз ба? Бұл өзі мүмкін бе?

Әрине, Алла Тағала қаласа мүмкін емес нәрсе жоқ. Тек қол қусырып қарап отыруға болмас. Осы орайда біз жылдағыдан өзгеше оразаны сауапты өткізудің бірнеше жолдарын қарастырып көріп едік. Алла Тағаладан бізге де, сіздерге де пайдалы мақаладан етуін ниет еттік. Әмин!

МОЛ САУАПТЫҢ КІЛТІ

 «Ораза ұстаймын, ниетім бар» деп жүрміз. Бірақ не үшін ұстаймыз? Жүректегі ниетімізге қарап, соны анықтап алайық.

Кез келген істі«Алла Тағаланың ризашылығына бөлену үшін жасаймын!» деп дұрыс ниет ете білсеңіз, қандай амал болмасын уақыт, мекен, мезгіл таңдамастан, таудай сауапқа кенелеріңіз анық. Оған дәлел Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Амалдар ниетке байланысты»,- деген хадисі (Бұхари,Мүслім). Ал керісінше« Ақыры үйде жатырмын ұстай салайын»,«Осы уақытты пайдаланып арықтап алайын» немесе «Әлеуметтік желідегі достарыма жақсы көрініп қалайын» деп ниеттенген адамның оразасы есептелмейтінін есіңізден шығармаңыз. Себебі, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Көзбояушылықпен (рия жасап) ораза ұстаған адам (көпқұдайшылық) жасады», - деп ескерткен. (Ахмад) Сондықтан ораза ұстаушы әрбір адам алдымен мына сегіз түрлі нәрсеге ниет етуі тиіс.

БІРІНШІ, Алла бұйырған амалды орындау арқылы Оның разылығын алу, Алланың парыз еткен құлшылығын жасап, мейіріміне бөлену.

ЕКІНШІ, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жасаған істі орындау арқылы Оған еру, Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ілесу.

ҮШІНШІ, ораза деген сауапты құлшылықты орындау арқылы ең жаман орын болған тозақтан жетпіс жылға алыстау. Неге жетпіс жыл? Себебі, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Кімде-кім Алла жолында бір күн ораза ұстаса, Алла оның жүзін тозақтан жетпіс жылға алыстатады", - деген. (Бұхари)

ТӨРТІНШІ, тозақтан алыстау, өзін мәңгілік азаптан саналы түрде құтқарып қалу.

Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Кім Алла жолында бір күн ораза ұстаса, Алла оны тозақтан жер мен көктің қашықтығындай мөлшерге алыстатады", - деген. (әс-Силсилә әс-сахих», 2/563)

БЕСІНШІ, ең ауыр әрі қорқынышты Қияметтің күні оразаның Алладан ол үшін кешірім сұрап, өзіне шапағатшы болуынан үміттену.

Бұл туралы Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Ораза мен Құран Алланың құлына Қиямет күні шапағатшы болады. Ораза: "Иә, Раббым! Мен оны күндіз тағам мен сусыннан құр қалдырдым. Ендеше, оған шапағат етуіме рұқсат бере гөр!" - десе, Құран: "Иә, Раббым! Мен оны түнде ұйқысынан айырдым, ендеше, оған шапағат етуіме рұқсат бере гөр!" - дейді. Сонда олардың шапағаттары қанағаттандырылады (яғни қабыл болады)", - деген. (әл-Хаким. "Сахих әт-тарғиб 973)

АЛТЫНШЫ, Жәннатқа мәртебелі қақпа арқылы кіруге талпыну.

Расында, ораза ұстағандар Жәннатқа "Райан" деп аталатын жеке қақпа арқылы кіреді. Бұл қақпадан тек олар ғана кіре алады. Одан өзге бұл қақпамен ешкімді кіргізбейді. Алла Тағала өзінің бұйрығын орындап, разылығын алуға тырысқан пендесін осылай құрметтейді. Оның абыройын өзгелердің алдында осылай өсіріп қояды екен!

Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Жәннатта «Әр-Райан» деп аталатын қақпа бар. Қиямет күні одан ораза ұстағандар кіреді. «Ораза ұстағандар қайда?», – делінеді. Олар орындарынан тұрады. Олардан басқа ол қақпа арқылы ешкім кірмейді. Олар кіріп болған соң ол қақпа жабылады да, одан кейін ол арқылы ешкім кірмейді», - деген. (Бұхари, Муслим) Ендеше, мұндай игілікке неге талпынбасқа?!

ЖЕТІНШІ, ең соңғы амалының ораза болуын қалау.

Аллаға ең әдемі, ең ұнамды іс жасап дүниеден өтуге қам жасау. Иә, ешкім өзінің қашан және қай жерде дүниеден өтетінін білмейді. Бірақ ерте ме, кеш пе, өзекті жанға әйтеуір бір өлімнің болатыны анық. Ал адам ораза ұстаған күйде көз жұмса, Алла оған Жәннаттағы ең жарқын өмірді уәде етеді екен. Бұл жайында Алла Елшісі (със): «Кім ораза ұстап жүрген күйде көз жұматын болса, ол Жәннатқа кіреді", - деп ашық айтқан. (әл-Баззар. «Сахих әл-жамиғ», 6224)

СЕГІЗІНШІ, амалдар Аллаға көтерілетін уақытта өзінің ораза ұстаған күйде болуын қалау.

Усама ибн Зейд (р.а): «Мен Алла Елшісінің дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза ұстайтынын көретінмін. Бір күні одан мұның себебін сұрағанымда: «Дүйсенбі мен бейсенбі күндері (апталық) істеген істер Аллаға ұсынылады. Сондықтан менің істерім Аллаға көтерілерде аузымның берік болғанын ұнатамын» деді", - деген. (Тирмизи)

ӘЛЕММОЙЫНДАҒАН ЖҮЙЕ

Өзің орындамайтын амалды өзгелерге айтсаң, көп жағдайда нәтижесіз болып жатады. Бүгін біз сіздерге өз іс-тәжірибемізде жүзеге асырып жүрген жоспар құру тәсілін ұсынбақпыз. Алдымен жалпы жоспарды құрудың маңыздылығына тоқталайық. Қазір адамның ойын сан-саққа бөліп, назарын лезде жаулап алатын алданыш дүниелер өте көп. Секунт өткендей аз уақыт ішінде сағаттарыңызды сарп етіп аласыз. Тиісінше кезекті жұмыстарыңызды атқаруға уақытыңыз жетпей, үнемі көштің артында қалып жүргеніңізді аңғарасыз. Ал әлемге танымал тұлғалар сізді мұндай ретсіздіктен тек жоспар құру ғана алып шыға алады деп отыр. Осыған орай біз де байқап көрдік. Әр аптаның төртінші күні келесі аптада атқаратын шаруларымыздың тізімін жазып,келесі аптаға дейін орындалған ісіміздің жанына белгі қойып отырдық. Басында үйренісу қиынға соққанымен, аз ғана уақыт ішінде меңгеріп алдық. Нәтижесінде жұмысымызда алға қарай ілгерлеушілік байқалды.

Енді сізде «Ал Рамазан айына қалай жоспар құрамын?» деген орынды сұрақ туындаған болар.Ол үшін ойға алған әрі шамаңыз жететін бірнеше сауапты істі қағазға түсіріп, кесте құрыңыңыз. Сосын күндерге бөліңіз де, әр күні орындаған амалдарыңыздың жанына қосу (+), ал орындалмаған амалдарыңыздың жанына алу (-) белгісін қойып отырыңыз. Міне сонда сауап қоржыныңызға не жинап жатқандығыңыз бірден айқындалады. Бұл екінші жағынан өзіңізге есеп беруге де таптырмас әдіс. Мысалы кестеде берілген.

Орындайтын амалдар

24.04

25.04

26.04

27.04

28.04

29.04

30.04

01.05

02.05

...

23.05

1

Құран оқу

(20 бет)

+

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2

Кітап (10 бет)

 

+

 

 

 

 

 

 

 

 

 

3

Садақа беру

 

 

+

 

 

 

 

 

 

 

 

4

Сүре жаттау

(3 қатар)

 

 

 

+

 

 

 

 

 

 

 

5

100 рет

Истиғфар айту

(Астағфируллаһ, Алла, мені

кешір)

 

 

 

 

+

 

 

 

 

 

 

ҚОЛЫҢЫЗ ЖҰМЫСТА БОЛҒАН КЕЗДЕ...

Дәл қазіргі уақытта үйде іші пысып отырған бала-шағаға қарап, біріңіз сабағына дайындап, біріңіз ішер асын әзірлеп оларға көп уақыттарыңыды бөліп жатқандарыңызды жақсы түсінеміз. Бірақ бұл уақыттарым текке кетіп жатыр деп қамықпаңыз, оларға дұрыс тәрбие беріп өсіруде сауапты амалға жатады. Тек мақаламыздың басында айтқанымыздай ішіңізден «Алла Тағалам, осы балаларыма арнаған уақытымды берекелі етіп, сауабы мол амалдардан ете көр!» деп ниет етіп, ісіңіздің арасында (мүмкіндік болса үнемі) Алладан кешірім сұрау дұғасын айтып жүру. Өйткені, құлшылық маусымындағы ең жақсы амалдың бірі – истиғфарды көп айту (Астағфируллаһ, Алла, мені кешір). Себебі, пенденің күнәлары оны Алланың жәрдемінен мақрұм қалдырады. Истиғфарды әдетке айналдырған адам тек тазарады, әлсіз болса, күшейеді, ауру болса, айығады, қиындықтан құтылады, адасудан туралық табады. Сондықтан, қолыңыз жұмыста болған сәтте, аузыңыз зікірде болсын.

ИНТЕРНЕТТІ ҚАЙТСЕК ЕКЕН?

Жақсыларды жағалап, асыл уақытты бағалап жүргенге не жетсін?!

Мойындауымыз керек, карантин басталғалы бері әлеуметтік желінің рөлі бірнеше есе артты. Балалар сол арқылы сабақ оқып, көпсанды адам онлайн жұмысқа көшсе, бірі пайдалы марафондар өткізіп, кейбірі өзгенің өмірін тамашалап отыр. Сөйте тұрғанменде көп уақытымызды текке жоғалтып алатынымыз жасырын емес. Бір кірсек, шыға алмай, жіпсіз байланып қалатынымыз тіпті өкінішті. Әсіресе, ең көп уақытымызды жеп жатқан инстаграм, солай ма?) Историяларды көріп шығу, лентаны ақтару... білінбей тұрып, қаншама уақытымызды құртып қояды. «Интересное»-ға бір кірсеңіз, біттім дей беріңіз. Оңайлықпен шыға алмай қаласыз.

Рамазанда, ең алдымен, осы нәрсені бір ретке келтіріп алуымыз керек сияқты. 

Бұрынғылар уақытты қадірлегені сонша, тіпті, тамақ жегенде де ұзағырақ отырып қалудан өздерін тыйған екен. Оған жұмсаған уақытты бір аят жаттауға, жақындарымызға жылы сөз айтуға, ренжіскен адамға хабарласып татуласып не көмекке мұқтаж жанға ақша аударып жіберуге неге жұмсамаймыз?

Енді жоғарыдағы ситуациядан қалай шығамыз десеңіз, оны жеңудің бірден бір әдісіөзіңіз жазылған адамдардан шығып, «ең», «ең», «ең» маңызды деген адамдарға ғана тіркеліңіз.Тек тәрбиелік мәні бар пайдалы мәліттерді ғана оқып, тыңдау, соған сай амал етіңіз. Мысалы, өкінштісі қазір мешітке бара алмайсыз, бірақ уағыз-насихатты тікелей эфирлер арқылы тыңдай алу мүмкіндігі бар ғой.

Сондықтан Рамазан айында сізге айтар кеңесіміз, әлеуметтік желіге мейлінше байланып қалмаудың жолдарын іздеңіз. Сіздің өміріңіз – сіздің байлығыңыз. Оған басқа біреулердің қол сұғуына жол бермеңіз.

Сосын Рамазан бізді күтпейді, керісінше біз оны абыроймен қарсы алып, абыроймен шығарып салуымыз керек екенін есімізден шығарып алмайық.

КЕМЕЛДЕНУ

Рамазан – Құран айы. Яғни Алланың сөзі адамзат баласына осы айда түсе бастаған. Ендеше, Құран айын құр жібермеуіміз керек.

Үйіңізді бір қарап шығыңызшы. Үйіңізде Құран бар ма екен? Қай жерде тұр? Шаңын сүртіп, көзге көрінетін жерге қойып, күнде ашып оқи беріңіз. Қазақша мағыналық аудармасын оқудың өзі Алланың сөзіне деген құрметіңізді білдірмей ме?

Иә, көбіміз арабша Құран оқи алмаймыз. Осы карантин сіздің үлкен мүмкіндігіңіз емес пе? Оны қайдан, қалай үйренеміз десеңіз, «Асыл арна» телеарнасында Құран оқып үйрететін дәрістер өтіледі. Оны көріп үлгермей қалсаңыз, дисктері сатылады. Ал «Әріптерін білемін, мен тек ережелерін қайталағым келеді» десеңіз, «YouTube» әлеуметтік желісіне «Тәжуид сабақтары» деп теріңіз, сол арқылы «Asyl arna TV online» каналымыздағы дәрістерді көріп, үйренуіңізге әбден болады. Қасиетті айда, қасиетті Құранды оқи алатындай деңгейге жетсеңіз, нұр үстіне нұр болар еді.

Рамазан айының басқа айлардан артық еткен, оны дәрежелендірген – Құрнның түсуі. Демек, бұл айдағы біздің ұстаған оразамыздың сапасын көтеретін де Құран екенін естен шығармау керек. Осы айда онымен жақсы қарым-қатынас орнатып, көбірек оқып, мүмкіндігімізше бір рет немесе одан да көп хатым етіп (Құранды бастан-аяқ оқып шығу) достаса білсек, ол бізді бұйырса басқа 11 айда да тастамайтын болады. Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадисте:  «Құран хатым еткен адамға алпыс мың періште истиғфар етеді»,-деген. (Дәйлами)

Періштелердің өзіне кешірім тілегенін қаламайтын жан жоқ шығар сірә!

МҰСЫЛМАННЫҢ ҚАРУЫ

Дұға жасауға көп көңіл бөлуіміз керек. Негізі, біз қатты мән бермейміз ғой. Алайда, дұға – ең мықты қару, құлшылықтың Аллаға ұнайтын, Алланы разы ететін түрлерінің бірі екен. Дұға – жеке бір ғибадат. Ол да құлшылық, Алланы еске алудың бір түрі.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «Дұға басқа түскен нәрсеге де, түспеген нәрсеге де пайдалы. Сондықтан дұға қылыңдар», - десе (әл-Хаким, Ахмад), тағы бір сөзінде:

«Шынында, Алла Тағаланың алдында сондай адамдар бар: Алла оларды Рамазанның әрбір күндізі мен түнінде Оттан босатады. Және шынында, әрбір мұсылман Рамазанның түнінде де, күндізінде де өзінің дұғасына жауап алып отырады», - дейді. (әл-Баззар. Сахих хадис)

Демек, Рамазанда тілеген тілектер міндетті түрде қабыл болады. Ал біз мұндай керемет мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек. Құран оқып отырып сәл шаршасаңыз, парыз намаздан бөлек нәпіл намаз оқыңыз, одан сәл шаршай бастасаңыз, кітап оқыңыз, ал одан да жалыға бастасаңыз, отырып көп дұға жасаңыз. Міне дәл осылай үздіксіз құлшылық жалғаса берсе, нәтижесін бермек. Бұл қасиетті Құран кәрімде баяндалған: «Ендеше, бір істі бітірген соң, бірден басқа іске кіріс». («Инширах» сүресі 94:7)

Енді дұғаны қалай жазамыз? Ол үшін:

1. Сізге не керек? Құдайдан не сұрайсыз? Соның барлығын жүйелеп, реттеп, қағазға жазып шығыңыз.

2. Күнде алақаныңызды жайып, Алладан осы нәрселерді сұраңыз. Дұға жасауға уақыт бөлу, отыру үшін де адамға шыдам, сабыр, ықылас керек. Сондықтан бұған қазірден бастап дайындала бергеніңіз жөн. 

3. Дұға жасау деген жай ғана отырып алып тілей салу емес. Оның да өз әдептері бар. Сондықтан дұға жасаудың әдептері мен шарттарын оқып үйреніп алғаныңыз артық болмайды. Ол үшін «Дұға тілектердің қабыл болу шарттары мен әдептері» деп аталатын ролигімізді көріп шығуға кеңес береміз. (youtube видеопорталында бар)

ТҮКТЕ ҚИЫНДЫҒЫ ЖОҚ

Садақа – аурудан айығуға жәрдемдеседі;

Садақа – жүрегіңізді жұмсартады;

Садақа – жолыңызды ашады;

Садақа – ризық-несібеңізді көбейтеді;

Садақа – бәле-жаладан сақтайды.

Не деген керемет мүмкіндік десеңізші! Абдулла ибн Аббас (р.а) былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсылық жасауда ең жомарт адам еді. Ал Рамазан айында оған Жәбірейіл періште (а.с) келіп жолыққанда жомарттығы тіпті артып кететін». (Бұхари, Муслим)

Зəйн ибн əл-Мунир да Пайғамбарымыздың ﷺ жомарттығын айта келіп: Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қайырымдылығы мен жақсылығы кедейді де, байды да қамтитын. Жомарттығы, тіпті, жаңбыр алдында қуанта келетін ескен желден де артық еді", - дейді. (Фатхул Бəри, 4/139)

Ендеше, мұндай ізгі амалды орындауға біз де ден қоюымыз керек. Қазіргі жағыдайда біреуге материалдық тұрғыдан көмек бере алсаңыз, әрине жақсы. Осындай қиын-қыстау шақта қарлығаштың қанатымен су сепкендей сәл де болса тиын аударып, көмектесе алсаңыз, нұр үстіне нұр. Алайда, ақшаңыз жоқ болса, үйіңіздегі жандарға комплимент, жылы сөз айтып, жылаған балаңызды жұбатып, бауырларыңызға жымиып қарап, әрбір тірі нәрселерге мейіріммен қарап та садақа жасауға болады. Бұлар да садақаға жатады. Мысалы, кешкі асқа дәмді бірдеңе пісіретін болсаңыз, сәл көбірек жасаңыз да, көршіңізге ауыз тигізіңіз. Анаңыз бен әкеңіздің арқасын не аяғын уқалап беріңіз.

ЕНДІ УАҚЫТ БАР, СЫЛТАУ ЖОҚ

Бұрын «Кітап оқиын десем, уақыт жоқ» дейтін едік. Қазір кітап оқуға уақыт бар, солай ма? Негізі білімнің көзі кітапта екені анық. Кітап - ең қымбат ақылшы. Ол ақыл айтқаны үшін сізден ақы сұрамайды, қайтарым сый күтпейді. Сондықтан осы айда білімімізді күшейтіп, білмегенімізді толықтырғанымыз абзал.

Сіз Пайғамбарымыздың ﷺ өмірін оқып шығып па едіңіз?

Оқымасаңыз, бүгіннен бастап осы нәрсеге көңіл бөлейік. Үйіңізде болса құба-құп. Ал жоқ болса электронды нұсқалы кітаптар бар. Пайғамбарымыздың ﷺ өмірін оқысаңыз, кейбір нәрселерді түсіну, сүрелердің қашан, не үшін түскенін білу оңай болады. 

Бірақ өзіңізге көп салмақ салмаңыз. Күніне бір-екі бет оқысаңыз да жетеді. Діни біліміңізді арттыратын, таным көкжиегіңізді кеңейтетін тағы бірнеше кітапты таңдап алыңыз. Сүрелердің мәнін түсіндіретін тәпсір кітаптарын оқу да өте пайдалы болмақ.

ҚАЙТАЛАУ ОСЫНДАЙ ДА ҚАЖЕТ!

Неше сүре білеміз? Ұмытып қалған жоқпыз ба? Білетін сүрелеріміздің мағынасын, қашан, қандай жағдайға байланысты түскенін білеміз бе? Осы сұрақтардың төңірегінде ой жүгіртіп көрейікші. Адамның миы көп ақпарат сақтай алмайды не белгілі бір уақыттан кейін ұмытып кетуге бейім тұрады. Қайталау – білімнің анасы. Сондықтан сол білетін білімімізді қайта-қайта қайталап, жетілдіріп, шыңдап тұрайық. Намаздағы сөздердің мағынасына, айтып жүрген сүрелеріміздің ішкі мәніне ой жүгіртейік. Бұл біздің ықыласымыздың күшеюіне, құлшылыққа деген құлшынысымыздың артуына жәрдем береді. Сондықтан сүре қайталауды не жаттауды жоспарыңызға қосып қоюды ұмытпаңыз!

ҮЛКЕН СЫЙЛЫҚ ИЕСІ

Нәпіл намаздардың ішіндегі ең абзалы ол – түнгі тәһәджуд намазы.  «Тәһәджуд» сөзі «һужуд» түбірінен шығады, оның мағынасы ұйқы. Ал, «тәһәджуд» – ұйқыдан кейін ояну дегенді білдіреді  

Шариғаттағы мағынасы – Құптан намазынан кейін, бір ұйықтап тұрып, түнде оқылатын нәпіл намазды «тәһәджуд» дейміз.

Ел терең ұйқыда жатқан сәтте, тәтті ұйқысын бөліп, мамық төсектен Аллаға мінәжәт етуге тұрған мұсылмандарға Жаратушы жанында зор сыйлық бар. Құран Кәрімде Жаратушымыз мүмін пенделерін сипаттай келе былай деп өтеді:

 «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан тұрып,) Раббыларынан қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Жасаған жақсы істеріне орай сақталған,  оларды қуантатын зор сыйлық барын ешкім білмейді» (Сәжде сүресі – 16-17 аяттар).

БІР ЖЫЛДА БІР-АҚ АЙ ОҚЫЛАТЫН НАМАЗ

Бір жылда бір-ақ рет келетін Рамазан айының түнін құлшылықпен безендірудің сауабы мен пайдасы ұшан-теңіз. Тарауих – өткен күнәлардың кешірілуіне жол ашатын, Алла Тағала үшін ең сүйікті намаз. Бұл ғибадат жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: (Кімде кім, Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін Тарауих намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Мүслім)

Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқу – сүннет. Алайда қазіргі таңда еліміздегі төтенше жағдайға байланысты, ҚМДБ ғұламалары шешімімен мешіттерде уақытша намаз оқылмайды. Осыған орай, әркім таруих намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Тарауих намазын отбасыңызбен бірге оқыңыз!

Осымен мақаламыздың соңына да кеп қалдық. Бұл үйде атқаруға болатын сауапты амалдар осымен бітті деген сөз емес. Егер өзіңіз көптен бері ойлап жүрген ізгі істер болса, міндетті түрде жоспарыңызға қосыңыз. Алла Тағала ұстаған оразаларыңыздың сауабын арттырып, тек жақсылыққа жеткізсін! Әмин!

19879 рет оқылды