Пайдалы кеңес 2020-01-21 (0) (5313)

«ЖҰМЫСТА ЖҰМЫСҚА ҮЛГЕРЕ АЛМАЙМЫН...»

«ЖҰМЫСТА ЖҰМЫСҚА ҮЛГЕРЕ АЛМАЙМЫН...»

 

Жасырып не керек, біраз адамның басында бар проблема осы. Жұмыста жұмысқа үлгере алмау. Өзіңіз ойлаңызшы, 8 сағат тапжылмай жұмыс істеп отырған сияқтысың. Бірақ кешкі 6-да қарасаң, бітпей тұрған шаруа шаш етектен. Бұл не сонда? Сен ештеңе істемедің бе? Әлде шынымен де жұмыс көп пе?

Әрине, «менің жұмысым көп», «менен көп нәрсені талап етеді» деп айта салу – бәрімізге оңай. Алайда, тырысқан адам осы жұмыстың үстіне тағы дәл сондайын берсе де бітіре алады. Ол рас. Демек, мәселе басқа жақта. Сонымен, жұмыстың өнімді, жемісті болуы үшін не істемек керек? 8 сағаттың үстіне тағы 3 сағат қосып жұмыста 9-ға дейін қалу керек пе? Әлде... Дұрыс! Кеш қалуға болмайды!

 

_ҚАРАПАЙЫМ ЕКІ ЕРЕЖЕ_

Кеше Алланың қалауымен қазақ журналистикасына бір кісідей-ақ еңбегі сіңген елге танымал бір кісімен сұхбаттасып қалдым. Әңгіме арасында осы жасқа дейін қалай қызмет еткені, отбасындағы кейбір қиыншылықтары туралы да айтып қалды.

«Қазір ойласам, осы уақытқа дейінгі жұмысымның барлығы қауырт болыпты. Ешқашан жағамды кеңге салып отырып көрмеппін. Таңертең үйден шыққанша отбасыма қатты көңіл бөліп, бар уақытымды соларға арнайтынмын. Ал үйден шыққан соң автоматты түрде барлығын сол жерге тастап, бүгінгі күнімнің жоспарын құратынмын. Жазатын, жасайтын  дүниелерімнің қаңқасын жасап алатынмын да, жұмысқа кіре сала артық ештеңеге қарамай, ең алдымен, соларды бітіріп шығатынмын. Соның арқасында жұмысым да тиянақты, уақытым да көп болды», - дейді тәжірибелі маман.

- 1 -

Демек, іс өнімді болуы үшін ескеретін ең бірінші жайт – таңғы уақытты артық нәрселерге (әріптестермен әңгіме айту, сағаттап отырып шай ішу, желіні ақтару, т.б) жұмсамау керек. Себебі, таңертең адам тынығып оянатындықтан миы, санасы таза болады. Бұл кезде біраз істі «опырып» тастауға қауқарымыз бар. Ал біз көбінесе сол энергияның бәрін инстаграм ақтаруға, бос әңгімеге, т.б кетіріп аламыз. Соның кесірінен түстен кейінгі уақытқа қалдырылған істер сапасыз я болмаса өте аз, көңілге қонымсыз болып қалып жатады. Оның үстіне, таңғы уақыттың біздің көзімізге көрініп, қолымызға ұсталмайтын ерекше қасиеті, яғни БЕРЕКЕСІ БАР!

Себебі, Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә, Алла! Үмметімнің таңғы уақытына береке бер!» деп дұға тіледі емес пе?

- 2 -

Ол кісінің қоғамға пайдалы, ортасына қадірлі болуының тағы бір себебі бар!

Не дейсіз бе?

Мынау екен:

Ол кісі үйден шыға сала үйден шығарда айтылатын дұғаны айтады екен. «Адам күнде дұғасын, зікірін (Алланы еске алу) тастамауы керек. Ал транспорт – менің осы бір шаруаны жүзеге асыра алатын бірден-бір орным еді. Көлікте бар ықыласымды, ойымды Аллаға бұрып, іштей оған жалбарынатынмын, зікірімді айтып отырып, жұмысқа қалай келіп қалғанымды да байқамай қалатынмын», - дейді.

Міне, нағыз үлгі!

Біз айтып жүрген «тайм менеджменттің», уақытты жүйелеудің көкесі осы болса керек.

Шынымен де, күннің берекелі, істің өнімді болуына таңғы, кешкі зікірдің, дұғаның, Алланы еске алып тұрудың өте көп қатысы бар.

 

_ДӘЛ БҰЛАЙ ӨКІНІП КӨРДІҢІЗ БЕ?_

Бірақ мені ойлантқан дүние бұл емес еді. Мені ойға қалдырған нәрсе мынау:

«Осындай қауырт жұмыстан соң сенбі, жексенбі күндері жақсылап тұрып демалатын едік. Бар уақытым балалармен, отбасыммен өтетін, қыдыратынбыз, үйге азық-түлік, балаларға керек-жарақ деген секілді, сөйтіп жүріп кеш бататын.

Еее, ол да бір заман еді ғой...», - деді де сәл кідірді. -

«Бір күні жатып алып ойласам, мен бала-шаға, тамақ, үй, кино, туыстарды аралау, достар, кездесу, т.б деп жүріп сол екі күнде әлгі көлікке отырып алып айтатын дұғаларымның бірін де айтпайды екенмін.

«Мәссаған, бұл не сұмдық?» дедім сол кезде ішімнен. "Сонда мен бүгін мүлде Алланы зікір етпедім бе, бір де бір дұға айтпай қалай ғана ұялмай ұйықтайын деп жатырмын?" - дедім. Шынымен де, сенбі-жексенбінің жақсы күн болуымен қатар, осындай бір минустары да болатын. Адам жайлылықта Алланы ұмытып кетеді ғой» - деді.

Деді де ұзақ ойланып отырып қалды...

Ал мен ұяттан жылап жібергім келіп әзер отырдым.

Сіз ше?

Алланы еске алмай қалған минуттарыңыз үшін өкініп көрдіңіз бе?

 

5313 рет оқылды