Руханият 2019-12-06 (0) (7284)

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (ОҒАН АЛЛАНЫҢ ИГІЛІГІ МЕН СӘЛЕМІ БОЛСЫН) ТҮР-СИПАТЫ

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (ОҒАН АЛЛАНЫҢ ИГІЛІГІ МЕН СӘЛЕМІ БОЛСЫН) ТҮР-СИПАТЫ

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өте ұзын да емес, қысқа да емес, орташа бойлы адам болған. Ол қатты ақ та емес, қара да емес, алқызыл өңді жан болатын, яғни бетінің қызыл шырайы бар еді.

Оның шаштары қатты бұйра да емес, қатты тік те емес, толқынды болатын. Бұхари (№ 3549), Тирмизи «Мұхтасар әш-шәмаил» (№ 1)

Ол қол-аяғы ірі, нығыз әрі өңді адам еді. Бұхари (№ 5908)

Ашық, нұрлы өңі адамдарға ұнамды еді.

Муслим (№ 2340)

Жауырыны кең, шашы мен сақалы қалың еді. Басы үлкендеу, буындары да ірі болатын, жүрген кезде төменге түсіп бара жатқандай алға ұмтыла жүретін.

Оған ешкім ұқсамайтын, аузы мен көзі, екі білегі үлкендеу болатын. Оның жүзі толған ай секілді жарық әрі нұрлы еді.

Екі жауырынының ортасында Пайғамбар екенін дәлелдейтін мөрі бар еді. Ол мөрдің көлемі көгершіннің жұмыртқасымен шамалас еді әрі  қызылдау болатын. Және ол мөрдің бетінде бірнеше түгі бар еді.

Ол ұйықтар алдында қабаққа сүрме жағуды өсиет ететін. Себебі, сүрме көздің көру қабілетін жақсартып, кірпікті өсіреді. (Тирмизи «әш-шәмаил»)

Оның (ﷺ) ағарған шаштары мүлде аз болатын. Сақалына да ақ көп түспеген еді. Шашын қысқартқан кезде шашындағы ақтың саны жирымаға да жетпейтін.

Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Һуд» сүресі мен «Уақиға», «Мурсәлат», «Нәба» және «Тәкуир» сүрелері менің шашымның ағаруына себеп болды», - деген.  «Мұхтасар әш-шәмаил» (№ 34, 35)

Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хош иісті әтірлерді өте қатты жақсы көретін және: «Ер адамдарға арналған әтір исі өткір болғанымен, киімде дақ қалдырмайды. Ал әйел адамдарға арналған әтірдің исі аса қатты шықпайды, әрі ол киімде түс қалдырады», - деп айтқан. «Мұхтасар әш-шәмаил» (№ 188)

Әнас (р.а): «Пайғамбар иіссуды кері қақпайтын», - деген. (Бұхари)

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір адамға райхан (хош иіс) сыйлаған кезде оны кері қайтармасын. Өйткені ол алып жүруге жеңіл және исі жұпар» (Тирмизи) деуі арқылы ұсынылған хош иістен бас тартпауды өсиет еткен.

Мереке күндері және әлдебір сыйлы адамдармен кездесетін кезде барынша әдемі киінуге тырысатын.

Тазалықты қатты жақсы көретін.

Ол өзі кіріп келе жатқанда әлдекімдердің орындарынан тұрғандарын ұнатпайтын. Және өзі отырған кезде қасындағылардың да отырғанын құптайтын. Сондықтан мұны білген сахабалар оған ұнамайтын осындай істерді жасап қоюдан сақтанып жүретін. Ахмад (3/134)

Ол тісін мисуакпен тазалағанды жақсы көретін. Үйге кіре сала тісін тазалайтын. Тіпті, түнде намаз оқуға тұрғанда да алдымен аузын тазалауды қолға алатын.

Ол түннің алғашқы бөлігінде ұйықтайтын, содан соң орнынан тұрып, намаз оқитын. Оның түнгі намаздары ұзақ болатыны соншалық, тіпті, кейде аяқтары ісіп кететін. Түннің соңғы бөлігінде үтір намазын оқитын және үтір намазынан кейін таңға дейін ешқандай намаз оқымайтын.

Оған өзгелердің Құран оқығанын тыңдаған қатты ұнайтын.

Ол науқас адамдардың көңілін сұрап баратын. Жаназа намаздарына қатысатын.

Оны өзгелерден ерекшелеп тұратын ең жақсы қасиет – ұялшақтық болатын. Оған бір істің не сөздің ұнамай тұрғанын сахабалары оның бет-жүзінің өзгеріп кетуіне қарап-ақ аңдап қоятын.

Ол Аллаға шынайы түрде тәуекел ететін жан еді.

Оның сенімі берік, иманы бекем болатын.

Әнас (р.а): «Мен Алла Елшісіне он жыл бойы қызмет еттім. Кейде оның тапсырған істерін орындай алмай қалсам, ол «Егер Алла нәсіп еткенде бұл істі міндетті түрде орындаған болар едің» деп қана айтатын еді», - деген. Ахмад (1/352)

Алайда, ол қолдан келгенше амал жасау керектігін, ал нәтижесін Алла беретінін үнемі айтып түсіндіріп жүретін. Және өзгелерді қамсыз, әрекетсіз отырудан сақтандыратын.

Ол ешкімге қиянат жасамайтын және өзгелерді берген уәдені бұзбауға, шыншыл болуға шақыратын.  Тіпті, пайғамбарлық міндет жүктелмей тұрған кезде де Алла Тағала оны (яғни болашақ пайғамбарды, өзінің сүйікті құлын) барлық жамандық пен зұлымдықтан сақтаған. Бұхари (№ 3829), Ахмад (4/222)

Тарихқа үңілер болсақ, Пайғамбарлардың барлығы дерлік бала кездерінде қой баққан. Мұхаммед пайғамбар да със қой бағып өскен. Бұхари (№ 2262, 3406)

Ол қой бағып жүрген кезде тастардың оған сәлем бергені айтылады. Муслим (№ 2277)

(Сағид ибн Әли Уахф әл-Қахтани)

7284 рет оқылды