Патриоттық 2016-02-22 (0) (17236)

Ер мінезді ұрпақ тәрбиелеуге арналған кеңестер

Ер мінезді ұрпақ тәрбиелеуге арналған кеңестер

 

Әрбір бала кіршіксіз мінез-құлықпен, күнә атаулыдан пәк қалпында дүниеге келеді. Пайғамбарымыз да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы тазалыққа барынша қамқорлық танытатын және өзгелерге де осыны бұйыратын. Сәбилерді қолға көтеріп жүру, сүю, иіскеу – оның сүйікті істерінен болды.  

«Бала тәрбиесі - таудан сырғанаған шана секілді. Бағыттап отырсаң болды. Жас баланың жүрегі таза болған соң, жақсы тәрбие берсең, соған қарай ұйып түседі». Осы орайда біз бүгін Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  сүннетінен өнегелі мысалдар келтіріп, батыл, ер мінезді ұрпақ тәрбиелеуге қатысты қағидаларды топтастырып көрмекпіз. Кеңес – бізден, ал оны амалға шығару – сізден болмақ... 

1.«Кішіге де – ізет».  Бала өзінің отбасындағы маңызды орнын, жауапкершілігін сезіну және болашақ отағасы, әке, басшы рөліне дайын болу үшін ересектер тарапынан өзіне деген құрметті сезінуі керек. «Сен мынадайсың, сен анадайсың» деген сөздер мен үнемі кеудеден итерудің куәсі болған бала ынжық болмай ма? Керісінше, оны жағымды, сыйлы есімдермен шақырған абзал. Халқымызда «Әбеке, Жәке» сынды құрмет көрсетуді меңзейтін есімдер, сүннет бойынша, «пәленшенің ағасы, түгеншенің баласы» секілді атаулар қолданылады. Мәселен, адамның Әли есімді ұлы болса, оны Әбу Әли деп атау қалыптасқан. Бұл тікелей есіммен атауға қарағанда, құрметтіліктің белгісі болмақ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  кішкентай балаларды да (олардың балалары болмаса да) осылай шақырған. Әнәс ибн Мәлик айтады: «Пайғамбарымыз ең көркем  мінез-құлықтың иесі еді. Менің бауырым бар болатын... Пайғамбар үйге келгенде одан: «Ей, Әбу Умейр, Нугейр немен айналысып жатыр?» деп сұрайтын. Бұл – бауырымның үнемі ойнайтын құсы еді». (Тирмизи). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұндай құрметті атты қыз баласына да қолданған. 

2.«Жасында әдеп үйренбеген кісіден өскенде қайыр жоқ» дейді халық даналығы. Ал Мұхтар Әуезов: «Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, алған үлгі, өнеге білетіндігінен және түзелу, бұзылу жас уақытта болады» деген екен. Сондықтан да, баланы салиқалы кісілер жиналатын ортаға жиі ертіп бару – қоғамдағы оқиларды түсінуіне жол ашады. Олардың ақылы толысып, үлкендерге еліктеуге тырысады, бос ойындарға деген қызығушылығы басылады. Біз бұл әдісті бабаларымыздың өмір жолынан да байқаймыз әрі сахабалар да перзенттерін өздерімен ертіп жүретін болған. Муавия ибну Куррадан жеткен хадисте: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір топ сахабасымен бірге отырды. Сол кезде олардың ішінде кішкентай ұлымен келген бір кісі болды. Ол баланы алып алдына отырғызатын". (Нәсаи).

3.«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Жас ұрпаққа қиял-ғажайып, фантастикалық қаһармандарды емес, шынайы өмірде болған бабаларымыздың, сахабалардың істері мен ерліктерін жиі айтуды әдетке айналдыру керек. Жалпы, жүз жыл уақыттан кейін сіз бен бізде баба боламыз, сондықтан да, ұрпақтарымызға үлгі болатын істер жасау – әркімге жүк. Өнегелі тұлғалардың өмір жолы, даналығы, батырлығы, сабырлығы, қиыншылыққа қасқайып тұра білуі, қуаныштағы салмақтылығы кірленбеген жүрекке кедергісіз құйылады, санасында жатталады. Бірде бір кісі жасқа толған баласын алып, данышпан кісінің алдына келеді де: «Баламды, қалай тәрбиелесем болады?» деп сұрайды. Сонда әлгі кісі: «Сен бір жыл, тоғыз айға кешіктің» деген  екен. Расымен де, бала тәрбиесі құрсақтан басталады. Ал тәй-тәй басқан баланың бойына мұсылман әдептерін, ислам қағидаларын сіңіруден кеш қалмауға тырысыңыз.

4.«Ақыл – жастан». Біз ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз». Ал халықтың яки ұлттың сөзіне құлақ асу – жазылмаған заңдылық. Ендеше, сіз де жас баланың бойында өзіне деген сенімділік, ар-намыс, абырой сынды қасиеттерді қалыптастыру үшін – үлкен ортада оған көңіл бөліп, құқығы мен қалауын ескеруге тырысыңыз. Ақыл мен ерлік – ересекте ғана емес, балада да бар. Оның пікіріне құлақ асыңыз, отбасылық шешім қабылдауда ескеріп отырыңыз. Сахль ибн Са'д былай деді: «Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сусын құйылған кесе әкелінді, ол кеседен ұрттады.  Оң жағында бір бала отырған болатын. Ол жиналғандардың ішіндегі ең жасы еді, ал сол жағында қариялар болды. (Сүннет бойынша ішіп-жеу оң жақтан басталады). Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)әлгі балаға: «Ей бала, мынаны сол жақтағы қарттарға берсем бола ма?» деді.  Сүйікті Пайғамбарының берген әрбір затында береке бар екенін білген бала: «Уа, Алла Елшісі, сен маған берген затты ешкімге беріп қоймаймын»  деп жауап қатты. Мұны естіген Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ол ыдысты балаға берді». (Бұхари).

5. «Тән тәрбиесі де жан тәрбиесі секілді маңызды». Ойшылдардың бірі: «Балаң ақылды әрі есті болсын десең,  дені сау, мықты етіп өсір.  Ол жұмыс істесін, әрекеттенсін, жүгірсін, айқайласын, тынымсыз қимыл үстінде болсын. Бала ойнағанда қандай болса, есейгенде жұмыста да сондай болмақ.. Сондықтан, болашақ қайраткерді тәрбиелеу – ең алдымен ойыннан басталады» деген екен. Яғни, баланы нағыз ер азаматқа тән спорт түрлеріне баулыған абзал. Сүннетте садақ ату, жүзу, салт жүріс секілді спорт түрлері құпталады. Бұл спорт түрлерін Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында өмір сүрген адамдардың барлығы еркін меңгерген екен. Екінші жағынан, спортпен айналысқан баланың денесі мығым әрі шымыр болып қалыптасады. Тәнді Алланың берген аманаты деп қабылдауды жастайынан үйрету артық емес.

6. «Ер – бас, әйел – мойын» дейді дана қазақ. Айырмашылық бар ма? Әрине, бар. Бас әрқашан бас болып қалу керек. Сол себепті, баланы нәзіктік пен әйел табиғатына тән қасиеттерден аулақ ұстаған жөн. Ер азаматтық – адамды асқар құзды бағындыруға, ұлы мақсаттарға жетуге және осы жолда кездесетін қиындықтар мен кедергілерге төтеп беруге итермелейтін қасиет. Бұл – өзгелерден талап етпес бұрын, өз парыздары мен міндеттерін орындауға асығатын жеке жауапкершілік сезім. Балаңызды жастайынан жылаңқылықтан, арызқойлықтан, асыра сәнденуден, айна алдында көп отырудан тыйыңыз. Ердің әйелге, әйелдің ерге ұқсауы шариғатта харам нәрсе болып саналады.  Ата-ана оған өз жынысына тән жүріс-тұрыс, мінез, киім, сөйлеу әдептерін түсіндіруі керек. Әрдайым санасына «Сен – өз отарыңның «бақташысысың, қорғансың, отағасысың, ел тұтқасын ұстар ер азаматсың» деген сөздерді құйып отырудан жалығуға болмайды. Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын): «Қиын өмірге бейімделіңіздер, себебі, сіздерде үнемі сәттілік болмайды» деген екен. Баланы қатал әрі қиын өмірге тәрбиелеу оны  шыңдай түспек.

7. «Батыр бір өледі, қорқақ мың өледі». Қорқақтық, өзіне деген сенімсіздік, жасқаншақтық, өзгенің сөзіне көзсіз ерушілік – ер адам бойындағы ең жағымыз қасиеттердің бірі. Бұл – оған үнемі ұрысудан, дауыс көтеруден, өзгенің көзінше намысына тиюден, жиі қол көтеруден туындайды. Өзін ешкімге керексіз, өзгеден төмен сезініп өскен баладан қоғам қайраткері шығуы екі талай. Оған өз орнын маңызды сезінуге мүмкіндік беріңіз.

8. «Тәрбие басы –тіл». Оған жақсы әрі салиқалы сөздерді айту, үйге келгенде және кеткенде үнемі Алланың сәлемін тілеу тек жақсы тұсынан әсер етпек. Әнас ибн Мәликтің (оған Алла разы болсын)  сөздерінен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жас балалардың жанынан өткенде үнемі сәлем сөзін айтатындығы жеткізіледі. Әкесі баласына үйге кіргенде де, шыққанда да осылайша назар аударса, бала өзінің маңыздылығын, дәрежесінің жоғарылығын, қоғамға керектігін сезінеді әрі өскенде де өз балаларына осындай құрмет көрсетеді. Жалпы, бір әкенің тәрбиесін жүз мектептің бере алмайтыны даусыз.

9.«Сенім алға жетелейді». Баланы жеке жауапкершілікке тәрбиелеудің бір жолы – оған құпияларды сеніп тапсыру, маңызды істерге жұмсау. Әнас ибн Мәлик (оған Алла разы болсын) айтады: «Мен балалармен ойнап жатқан кезде, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келді. Ол бізбен сәлемдесті де, мені өз шаруасына жұмсап жіберді, сөйтіп мен үйге кеш келдім. Мен келген кезде анам: "Неге кешіктің?" деп сұрады. Мен оған: "Мені Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз шаруасына жұмсады" дедім. Анам менен: "Ол қандай шаруа?" деп сұрады. Мен оған: "Шындығында, бұл – құпия» дедім. Сонда анам: "Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құпиясын ешкімге тіс жарып айтпа" деді.  (Муслим). Келесі бір хадисте Абдулла ибн Аббас (оған Алла разы болсын)  Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  өзін жұмсағандығын айтады.

 

Бұл – болашақ ер азамат баспалдақтарының бір бөлігі ғана. Асылында, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бала тәрбиесі – үлкен мектеп. Ал біз осы мектепті тереңірек меңгеру арқылы тұщымды жеміс бере алмақпыз. Тәрбие дегеніміз – тәрбиелеушілердің белгілі бір адамгершілік дағдыларын меңгеруге көндіру мақсатымен бір адамның екінші адамға жасайтын ықпалы. Сондықтан да, тәрбиешінің өзі тәрбиеленген болуға тиіс. Сіздің жақсы деп санағаныңыз – балаңызға жақсы. Алдымен, өзіңіз жақсылықтың жаршысы болуға асығыңыз...

Алла Тағала Құранда: «Адамдарды Алланы еске алудан, намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындаудан және зекетті беруден сауда да, сату да алаңдатпайды. Олар жүректер мен көздер (қорыққанннан) аударылып тұратын Күннен (қайта тірілу күнінен) қауіптенеді. Алланың оларға істеген амалдарынан да жақсы қайтарым сый беруі әрі Өз кеңшілігімен арттырып беруі үшін. Алла қалағанын есепсіз өте мол ризық береді». («Нұр» сүресі, 36-37-аяттар) дейді. Ендеше, елімізде Құран сипаттаған, Алла сүйетін, сүннетті серік етуші, ел тұтқасын ұстар айбынды азаматтар көп болсын деп тілейік!

 

17236 рет оқылды