Патриоттық 2014-12-10 (0) (17309)

Мен сені жақсы көремін! Білесің бе ?

Мен сені жақсы көремін! Білесің бе ?

 

Күнделікті қала көшелерінен өтіп жүріп биік те сәулетті небір сұлу ғимараттарға куә болып жүрміз. «Қайран, менің өз үйім, кең сарайым, боз үйім» деп Жиренше шешен айтқандай, алыстан мен мұндалап тұратын, көзіңізге оттай басылатын өз үйіңіз, туған ошағыңыз тағы бар. Енді бір сәт ойланып көріңізші, аспанмен астасып, бұлттармен достасып тұратын осы бір алып ғимараттар, талайдың таңдайын қақтырып, арманы болып жүрген осы бір алып мұнаралардың бір ғана кесегі, иә-иә, тек бір ғана бөлігі сынып кетсе, қайтер еді? Су кіріп, суық ұрып, мазаны алар еді, бара-бара сол тесіктер үлкейіп, бүтіндей бір нысан жарамсыз боп қалар еді. Иә, кез келген нәрсе, тіпті, тамырын тереңге жайған өсімдік атаулы да селбесіп, өзгелерге сүйеніп-сүйкену арқылы тіршілігін жалғастырады. Сол секілді әу баста-ақ жұп-жұп болып жаратылған адамдар да бір-бірінсіз, ағайын-туыс, бауырсыз күн кешіп, бақытты бола қоюы екіталай.

Қазақтың көрнекті ағартушысы Ы.Алтынсарин бала тәрбиесі туралы айта келіп: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауды үйретуден басталады» деп, ең алдымен бауырмалдық пен сыйластыққа аса қатты екпін қойып, мән артқан.

 

Айналайын, Би-аға немесе «Бейімбет халық жауы болса...»

 

Алла Тағала «Ақиқатында, имандылар – бауырлар. Сондықтан екі бауырдың арасын түзеп жүріңдер» («Хұжұрат» сүресі, 10) деген аят арқылы барша мұсылманға бір бүтін денедей мығым болуды бұйырады. Шындығында, жүрегінде Жаратушыға деген титтей де болса сенімі бар, Ақыреті мен иманы үшін алаңдайтын кез келген адамның «өзіңе жақсы көрген нәрсені басқаға да (діндес бауырыңа да) тілемейінше, бір де біріңіз шын мұсылман бола алмайсыздар» (Бұхари, Муслим) деп келетін хадистің төңірегінде ойланбай, толғауы тоқсан толғанбай қалуы әсте мүмкін емес. Халқымыздың көңілі түскен адамына «ой, бауырым» деп құшақ жайып, арқа-жарқа болуының, жасы үлкенді ағалап, жанынан шықпай жағалап жүруінің астарында осындай ұлттық таным мен тәрбие жатыр. Қазақтың көрнекті жазушысы Ғ.Мүсіреповтің Б.Майлинді «Би-аға» деп атап, құрмет тұтқаны, «Би-ағасының» басына қиын-қыстау күн туғанда қылышынан қан тамып тұрған сұрқия саясатқа қарамастан: «Бейімбет халық жауы болса, мен де жаумын!» - деп қасқая қарсы шығып, ағасы үшін жанын беруге де даяр тұрғандығы осындай бауырластық деп аталатын асыл ұғымның ең бір жарқын мысалы бола алады. Тәлімі мінсіз тәлімгер Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сенімді серіктері сахабалар, одан кейінгі тәбиғиндер, кейінгі ізгілер өмірінен дәл осындай жанашырлықтың, достықтың небір жарқын үлгілерін көптеп кездестіруге болады, әрине. Жақсылықта жарысуы, бір-бірі үшін алаңдап, дұға етуі, кемшілігін жасырып, бір-бірінің мұқтаждығын өтеуде олар адамзат баласына қайталанбас үлгі бола білген бірегей жандар еді.  Біз бүгін өз мақаламызға дәл сондай ың-шыңсыз тірлікті, ынтымақ, бірлікті ту етіп ұстап, жан аямас дос, жолдас боп өткен қазақтың ілгергі буын өкілдерінің бірнеше өнегелі істерін арқау етпекшіміз.

 

Алаш зиялыларының бауырмалдығы қандай еді?

 

Қазақ әдебиетінің іргелі қаламгерлерінің бірі Ғ.Мүсірепов пен С.Мұқанов арасынан қыл өтпеген жерлес, рулас достар болған деседі. Олардың бұл сыйластығы кейін мың жылдық құда болуға дейін де барады. Қос қаламгердің арасына сызат түсіп, түсініспеушіліктердің болғаны да айтылады. Бірақ, қалай болғанда да, Ғ.Мүсіреповті Орынборға апарып оқуға түсірген де  С.Мұқанов екендігі, Орынборда екеуінің бір пәтерде тұрғаны өтірік емес. Бүгінде қос жазушының мұражайлары да бірге орналасқан.

Ал М.Әуезов мұражайында еңбек еткен, жазушының елу томдығын баспаға дайындаған Талапбек Әкімовтің естелігінде М.Әуезовтің Ғ.Мүсіреповті қатты сыйлап, құрметтегені айтылады. Жазушы «Өзгелері бір төбе болса, Ғабит бауырым – бір төбе» деп Мүсіреповті ерекше сыйлайтын көрінеді. Тіпті, үйіне қонақ шақырса да, Ғабит бауыры келіп дастарханға отырмайынша, көңілі жай тауып, орнына түспейді екен. Бір-біріне осылайша құрмет танытқан таланттардың  даладай дархан пейілдері,  суымас көңілдері кім-кімді болса да сүйсіндірмей қоймайтыны анық. Қатарластары «қазақтың Ломоносовы» атап кеткен Елдес Омаров та ел басына қара бұлт үйірілген нәубет жылдарда өзінің жан аямас достары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтармен бірге болады. Ә.Бөкейханов А.Байтұрсыновқа жазған хатында: «Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті» деп ағынан жарылады. Тіпті, бір-біріне жазған «Мен сені жақсы көрем. Білесің бе?» деп жазған хаттары да табылған. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдарға мейірімділік танытпағанды Алла Тағала да мейіріміне бөлемейді» деген (Бұхари, Муслим). Иә, айнымас дос, ажырамас бауыр бола білген ағаларымыздың бір-біріне жанашырлық танытып, бір бүтін денедей ауыртпалықты жұмыла көтерген бұл істері көпке үлгі боларлықтай...

 

«Біз не, құс құрлы жоқпыз ба?»

 

Жоғарыдағы мысалдардан түйгеніміз, кез келген нәрсенің ұстап тұрар өзегі, нәр алар тамыры болатыны секілді, бүтін бір елді, қауымды шашыратпай, жұмылған жұдырықтай бекем етіп ұстап тұратын бірден-бір қасиет – осы бауырмалдық екен. Осыны меңзеген Бұхар жырау: «жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деп ескертсе,  «мыңмен жалғыз алысқан» ақын Абай Құнанбаев та:

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып, -

деп кейінгі буынға сыйласып, қол алысып, сырласып өмір кешуді өсиет еткен. Ілгеріректе өмір сүрген Асан қайғы да:

Есті көрсең кем деме,

Бәрі тұйғын табылмас.

Қарындасыңды жамандап,

Өзіңе туған табылмас, - десе, Сыпыра жырау: «Алла Тағала адамды, тату бол деп жаратқан» деп, татулық пен достықты алдыңғы кезекке қойып, бауырлар арасын жарастырып, майда тілімен жалғастырып жүруді өзіне міндет тұтқан.  Иә, Алла Тағала байлықты бәріне бірдей бере беруі мүмкін, бірақ иманды тек сүйген құлына ғана беретінін ескерсек, Жарлығы күшті Жаратушымыздың өзі сүйіп тұрған пендесін біздің жақсы көрмей, ұнатпай қалуға ешқандай хақымыздың жоқ екендігі өзінен-өзі-ақ түсінікті бола қалады. Адамдармен мәміледе, жақсы қарым-қатынаста болудың сүннетте көрсетілген бірнеше жолдары бар. Соның бірі – сәлем беріп жүру болса, екіншісі – сыйлық жасап, бауырыңыздың көңілін көтеру, жүрегін жұмсарту. Хадисте «Бір-біріңе сыйлық беріңдер, махаббаттарың (сүйіспеншіліктерің) артсын» делінген. (Табарани) Сондықтан егер әлдекіммен араңызда кірбің ұялап, ренжісіп қалған болсаңыз, дәл қазір-ақ кешірім сұрап, кішірейе салыңыз. Біліңіз, ең үлкен жеңіс – сіздікі! Себебі, сіз, оған Алланың лағнеті болғыр, шайтанды жеңдіңіз! Сөз соңын оқығаныма бірнеше жыл өтсе де, ойымнан шықпай қойған Нұртөре Жүсіптің мына бір сөзімен аяқтағым келеді: «Құс екеш құстар да тобын жазбай сүйірленіп, топтанып ұшады. Топтанып ұшқан құстардың жылдамдығы жеке-жеке ұшқан құстардан 70% - ға артық болады екен. Бізге де құстың бірлігіндей бірлік, тірлігіндей тірлік керек. Біз не, құс құрлы жоқпыз ба?»

P.S: Бауырмалдық – иманның көрсеткіші. Ендеше, айналадағыларыңызбен болған қарым-қатынасыңызға қарап өз иманыңыздың деңгейін бағамдай беріңіз...

 

 

17309 рет оқылды