Әдебиет 2019-09-05 (0) (2086)

"ТАҒДЫРҒА БАҒЫНДЫҢ БА ?"

 

Мамырдың мамыражай бір күні еді. Мал төлдеп бітіп, шаруа адамының қолы қалт босаған шақ. Сөйтсе де, ауылдың ұсақ-түйек шаруасы біте қойсын ба, істеймін десең екі қолға бір жұмыс табылады. Гүлсім де үйде жалғыз отырудан зерігіп, қора жаққа беттеді. Бадаға кеткен сиырлардың астын тазарту керек. Бұл өлкеге нағыз көктем мамырды орталап келетін әдеті. Сонда ғана табиғат бусанып алып, бауырын тіле еккен көкке нәр беріп, еркін тыныстап жатқаны.

Ұлының күпәйкесін кие салып еді, сәлден кейін ыстықтай бастады. Басындағы орамалы көзіне қайта-қайта түсе беріп шаршатты. Гүлсім күпәйкені шешуге асықпады. Көктемгі желемік желмен ойнауға болмайды, ертең бүйірден ұстап қалса, бәле сонда басталар. Орамалының сулығы самалмен тербеліп, қытығын келтірген соң, Гүлсім оң жақ езуімен тістеп алды. Епсекті қолы күректі әрі-бері тез аударыстырып, ретті қимылдайды. Бір мұңды әуен тілінің ұшына келе берген. Сәлден соң Гүлсім өзінің жайлап сол әуенді ыңылдап жүргенін аңғарды.

Қыздарының бәрі тұрмысқа шыққан. Бұл күнде әрқайсысы бір-бір үй. Бірден-екіден жиен де сүйгізіп отыр. Бәрі алыста. Анда-санда ғана артынып-тартынып келіп, апталап жатып кетеді. Ондайда Гүлсімнен сергек, Гүлсімнен самдағай адам жоқ. Бұрынғысынша, Темірбегі тірі күніндегідей, жайнаң қағып жасарып кетеді. Жиендерінің бірін жетелеп, көршілерге кіріп-шығуы да жиілейді. Қалың ойдан еңсе жазып, қабағына сәуле ұялайтыны да осы кез. Амал не, қыздары кеткесін құлазып-ақ қалады. Кеудесінен ел көшкендей, боп-бос. Ал жалғыз ұлдың санасына ештеңе кіріп-шықпайтын сияқты. Ертелі-кеш бағатыны — қора маңы. Одан қалса кешкілік добын құшақтап, мектепте волейбол ойнауға тартып бара жатады. Анда-санда дастарқан басында отырғанда әкесі туралы сөз бастаса, ұлы ілесіп те жарытпайды. Үнсіз тыңдайды да, басын салбыратып отырып-отырып тұрып кетеді. Бірақ Гүлсім ұлының бұл қылығына ренжіген емес. Оның да соңғы кездері жиі ойланатынын байқап қалып жүр. Сырттай оқуға түскелі өзі кітап оқығыш болып алды. Сессия басталуына әлі жарты ай уақыт бар болса да, «киінемін», «әпкелерімнің үйінде жатып ағарамын» деп сылтау айтып, Алматыға алып-ұшып жөнелген. Анасының жалғыз қала беретініне әбден еті өліп кеткендей.

Қора тазалап болған соң Гүлсім үй іргесіндегі күншуаққа отырып алып, кір жууға кірісті. Үп еткен жел қалмапты, жайнаған жаз күні дерсің. Ешкім келетін хабарын айтпаса да, Гүлсім қолымен күнді көлегейлеп, көше жаққа ауық-ауық қарап қояды. Отағасы о дүниелік болғалы бері осындай әдет тапқан. Әзірде бұл үйге Темірбек бардағыдай қонақ та жиі келмейді.

Гүлсімнің ойын көрші үйден жеткен ән сазы бөліп жіберді. Қабырғасының жартысы әйнектелген Ақылбай көршінің үйінің шыға беріс есігі ашық қалыпты, ауыз бөлмеден әдемі әуен жетіп тұр. Бұл үйдің мектеп бітіретін Бану есімді қызы бар. Әлгінде ғана сабақтан қайтқанын көрген. Магнитофонды қосып, саз ойнатып жатқан сол болды ғой. Ал әуен бүртүрлі... адамды елітіп барады. Гүлсім бұл әнді қайдан естігенін есіне түсіре алмай көп тұрды. Қолының сабыны кебе бастағанда ғана:

— Ойбұй, ән тыңдап немді алған? Шымылдығы желпілдеп тұрған жасқа ұқсап... — деп өзін жазғырып алып, шаруасына қайта кірісе берді. Бәрібір әуенге елтуін қоя алар емес. Мұның тілегін естіп қойған жанша, ауыз үйден бұрымы жалт етіп көрінген Бану магнитофонның дауысын зорайтты. Енді әуен еркін естіледі.

«Тағдырға бағындың ба?

Жібек мұң жамылдың ба?

Мені аңсап, аяулым-ау,

Сен мені сағындың ба?

Мені аңсап, аяулым-а-ау,

Сен мені сағындың ба?

Са-а-ғындың ба?

Са-а-ғындың ба?»

Гүлсімнің тұла бойы түгел ұйып кетті. Көзін жас ашытып барады. Ол қалт тұра қалып, қолынан тамшылаған суды да сілкіместен тыңдай қалды. Мейрамбектің қоңыр даусы жүрегін тілгілеп, жанын қозғайды. Әннің сөзін білмесе де, ернін жыбырлатып қосылған болады. Жеңімен шарасына тұнып қалған жасты сүртіп тұрып та, құлағын ән жеткен жаққа төсеуден танбады. Әуен сорғалап барып кілт үзілгенде Гүлсімнің іші де солқ етті. Әрі-сәрі болып біраз тұрды. Өзіне-өзі келе алар емес. Отыра қалып, жуып жатқан кірін әрі-бері аударыстырды. Қолы да икемге келмей қалыпты.

«Бануға барып, осы әнді қайта қоюын өтінсем бе екен?» деп ойлады. Орамалын түзеп қойып, келесі әнді күтті. Алдындағы шаруасын да ұмытқан. Жалғыз адамда қайбір жуылмай жатқан кір болсын, кіршідегісі — көрпенің сейсебі ғана. Гүлсім әлгі әсерден айыға алар емес. Енді ойнақтаған бөтен әуен естілер болса, әсерінің быт-шыт боларын сезіп үйіне асыққан. Табалдырықтан аттай бере тосылды. Тағы да сол ән. «Са-ағындың ба?» деп қолқаны үзердей шымырлатып, төгілтіп барады. «Бану басынан қайта қойды ма екен?» деп көрші үйге бір қарап қойып, Гүлсім кірін сыға бастады. Қолы дір-дір етіп, икемге келер емес. Кірді сілкіп-сілкіп алып кермеге жайып тұрып, Гүлсім көз жасына ерік берді.

«Тағдырға бағындым ғой мен, Темірбек! Бағынбасқа шарам қайсы? Жанымыз бір демеп пе едік? Дүниенің тар соқпағын даңғыл жолға енді айналдырдық деген тұста жалғыз тастап кете бергенің не? Сен кеткелі мына дүниеге ұрлықы ниетпен қарап қалғандаймын. Езу тартып күлсем де, біреу қарап, бағып, аңдып тұрғандай қуыстанам. Жұмысымда да бұрынғыдай белсене, бел шеше қимылдау жоқ. «Темірбектің әйелі күйеуі өлгелі белсеніп кетіпті, барлық шаруаға араласатын болыпты» деген қаңқу сөзден қорқамын. Елі іші болған соң, ондай әңгіме айтылмай тұрмайды екен. Ал мен сенің атыңа күйе жаққым келмейді, селкеу түсіргім келмейді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Есберген қайтыс болғанда, шиеттей бала-шағасына зейнетақы жаздырып алуға жүгіріп жүрген Наз жайлы ел не демеп еді? Сол Наздың жанын түсінген жан болды ма?»

Кірқыстырғышты қыса ұстап, көзінен жасы сорғалап тұрғанын бір-ақ аңғарды. Апыл-ғұпыл жан-жағына қарап, ешкімнің көріп тұрмағанына көзі жетіп, тез басып үйге кірді. Көңіліне алаң кіргені анық еді. Сыртқа қайта шыққан. «Сағындың ба?» әні әлі төгіліп тұр екен. Гүлсім Банудың бұл әнді бір таспаға түгел жазып қойғанын ұқты.

Ақылбай көршінің үйі мен өз үйі арасында шағын бақша бар. Гүлсім бақша өсіру мәселесінде кәнігі маман бола бастаған. Жылда түрлі жеміс-көкөніс ұрығын әкеліп, өсіріп көріп жүреді. Күн сайын бақшаның арам шөбін тазалап, суарып жүрсе де, Гүлсім дәл қазір таспа түгел айналып біткенше сонда түртінектеп жүре тұру жөн болатынын шамалады. Сырт қараған адам да бөтен ешнәрсе байқай қоймайды, Гүлсімнің арам шөп жұлып отырғанын ғана көреді.

Гүлсім жаратылысынан қайратты әйел-ді. Жан-жары о дүниелік болып, ақтық сапарға аттандырып салған соң тарс бекінген. Содан бері көз жасын жан адамға көрсеткен емес. Анда-санда көңіл айтып келгендер болса, олардың да жақын-алыстығына немесе шын жылап тұрған-тұрмағанына қарайлайтын болған. Ондайда іштей егіліп, сосын бойын тез жиып, қатайып алады. Әлгі адамдар Темірбек туралы айта түссе екен деп тілейді. Әзірше көңіліне жалғыз медеу — Темірбек туралы жылы сөздер. Жиырма жеті жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешсе де, ерінің өзі сезіп-білмеген адамшылық қасиеті көп болғанын енді ғана түсініп жүр. Дегенмен әйелдің аты әйел емес пе, ешкім жоқта өз-өзінен босап, айқайлап тұрып жылап алғысы келеді. Бұл күнге дейін өзінің көңіліне қарайтын, ашуын көтеретін адамы барда ештеңе ойламаған сияқты. Енді жан-дүниесін кімге ақтарарын білмей сансырайтын күндері көп. Жалғыз ұлдың тіршілік қызығын енді татып келе жатқанын түсінеді, сондықтан да оның санасына жүк артуға аса пейілді емес. Уақыт өте келе ұлының әкесі жайлы көбірек білуге құштары оянар. Оның үстіне, бесікте қалған бала емес, білдей студент.

Гүлсім онсыз да жүйегі айнадай болып жатқан сәбіз өскіндерінің тұсында шұқынып біраз отырды. Мұнда жұла қоятын арам шөп жоқ. Кеше ғана тазартып, суарған. Құлпынай отырғызған тұсқа қарады. Онда да бейсауат тамыр байлаған сабақтар аз екен. Әннен құлағын алмаған күйде сонда барды. Жүйектен шашыраған бірді-екілі сабақты бырт-бырт үзді.

«Сені өледі деп ойласам неғыл де, Темірбек... Әр таңда сенің аяқ-қолың семе бастағанын сезіп оянсам да, жазылып, сауығып кететініңе сеніп жүрдім. Көңіл сұрай келген кісілерді жақтырмайтын мінезің бірте-бірте маған ауысты. Олардың бәрі сені табалайтындай, сенің дәрменсіздігіңнен ләззат алатындай, өз-өзімнен қорынып, іштей шытынап жүретін болдым. Бірақ сенің алдыңда ондай әлсіздігімді көрсетуге қақым жоқ-ты. Сен өз қолыңмен қасық көтере алмайтын жағдайға жеткенде де, сол күйіңді әзілге айналдырып, балалар сыртқа шыға салысымен аузыңа тамақты еркелей салатыным ше? Сенің құлазыған көңілің бір серпілсін деп, студент кезімізді еске алатынмын. Ол кезде сен кітаптан бас алмайтын едің ғой. Сонда «суып қалады» деп аузыңа тамақты қасықпен құятынмын. Сен бәрібір көзіңді кітаптан алмайтынсың. Мен бейбақ сол шақта күндердің күні сенің қасық көтеруге шамаң болмайтынын, тамақты жас балаша аузыңа тосарымды ойладым дейсің бе?»

«Сағынғаным-ай...» деп егілді Гүлсім. Басын еңкейте түсті. Саусақтары жүйек-жүйектің арасын тінтіп, құр бекер түртінектеп жүр. Іліне қояр арам шөп жоқ. Бір сәт әнші аялдап, иірімі терең саз шалқығанда, Гүлсім қайтадан өз-өзімен сөйлесіп кетті.

«Мен сені өлімге қимадым, Темірбек. Миыма қайдан орнап қалғанын қайдам, күндердің күні сен құлан-таза айығып, тең басып кететіндей көріндің де тұрдың. Тұла бойыңды әбден меңдеген ауру шығып бітуі үшін сенің ағзаң толық әлсіреп, сосын барып қана күш алуға тиіс сияқтанып тұрды. Жазған басым, сол әлсіреу — мәңгі айырылысудың басы екенін түсінбеппін-ау...

Сенің науқасқа душар болғаныңа кінәлі — менмін. Азаматым деп арқаланып жүруді ғана біліппін. Батпандап кірген дертті мысқалдап шығаруға түк істемегенім-ай... Бір күні қасыңа шақырып, қалам-қағаз сұрап, айтқаныңды жазып отыруымды өтінгеніңде де өлім туралы түк ойлаған жоқпын. «Жылдардың түрдім желкенін» дедің.

— Жылдардың түрдім желкенін,

Тентектеу едім, ерке едім.

Түнек боп төніп тұр қарап,

Келмейтін мәңгі ертеңім.

Тірліктің тылсым аралы,

Барады тастап жағаны.

Жалғанның нұрын қия алмай,

Жанарым сөніп барады,

— деп жазғыздың. Сенің қоштасып жатқаныңды сонда да сезген жоқпын. Екі ауыз өлеңді ары оқып, бері оқып түсіне алмадым. Түсініп-ақ тұрдым, бірақ сенгім келмеді. Елудің есігіне келіп тұрып, жарық дүниені кім қиып кетуші еді? Бұрын сен өлең жазбайтынсың. «Күні бойы әрекетсіз жатқан соң, бұл да ермек шығар» деп ойладым да қойдым. Келесіде үмітті өлең жазбасаң, қағазға түсірмей қоятынымды айтып қорқыттым. «Жаз, жазып қал. Көкірегімнен жаным қош деп ұшар күн маған да таяды» дедің сен сұп-суық.

Ертеңіне ортаншы қыздың шошыған даусынан селк етіп оянып кеттім. Сенің жанарың ештеңеге тұрақтай алмай, шарасынан шыға алайып жатыр екен. Тілсізсің. Көрші үйден молда да келе қалды. Балалардың бәрін сыртқа шығарып жіберді. Ернін жыбырлатып, кәлима қайырды. Су алдырып, басыңды сүйеп отырып ұрттатты. «Қарағым, берік бол. Азаматың мәңгілік мекенге аттанып барады» деді маған. «А-а?» деппін. Ештеңе түсініп тұрғаным жоқ. Басым дуылдап барады. «Қосағыңның жанын қинама. Қидым деп айт. Қидым де» деді молда. Қалай қиямын мен?

Гүлсім жұдырығының ауырғанына қарамастан, кесек топырақты салып-салып қалды. Сулығымен көзін басып алып, тағы ұзақ отырды. Бұл кезде өксік жан-жүйеден бір-ақ шығып, екі иықты селкілдетіп барып қана көмейден ақтарылатын болған. Гүлсім ұзақ өксіді.

Орнынан әзер көтеріліп, үйге беттеді. Қадамы қалт-құлт етіп, теңселе басып барады. Үйге кіре бетін жумаққа еңкейе беріп еді, қолжуғыштың айнасындағы өз бейнесіне көзі түсті. Екі көзі бұлаудай болып ісіп кетіпті. Өзін-өзі қинай жымиды.

Іші босап қалыпты.

Өксігі әбден тыйылып, көзінің ісігі басылыңқырағанда, Гүлсім Ақылбай көршінің үйіне аяңдады. Мана әуен үзіліп, тыншығандай болып еді. Енді тағы төгіліп тұр. Гүлсім енгенде, өспірім қыз Бану ауыз үйдегі төр көрпеде шалқасынан жатқан-ды. Көзін жұмған күйде әнге қосылып, ыңылдап, «Са-ағындың ба?» деп құбылта созып, басын саз ырғағымен билетіп қояды. Аяқ дыбысынан көзін шалт ашқанда, Гүлсім алға ұмсына беріп, Банудың қолынан ұстап:

— Банужан-ай, рахмет саған! Бір жеңілдеп қалдым-ау, — деді.

Бану түк те түсінген жоқ. Көрші апайының сәл ісіңкі көзіне бір қарады, өзіне бір қарады...

Есей Жеңісұлы

2086 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*