11:10 | «Маңызды мәселе» для женщин
Ғибратты әңгіме 2020-06-10 (0) (20722)

ӨЗГЕРГЕН БЕЙНЕ

ӨЗГЕРГЕН БЕЙНЕ

 

       Ежелде Италия императорларының бірі елге белгілі, атақты мүсіншіні шақырып алып оған бір-біріне мүлдем кереғар екі бейне сомдауды бұйырыпты. Оның бірі пәкизатты меңзеп, екіншісі құбыжықты бейнелейтін болсын деген шарт қойған екен. Ондағы мақсаты жақсылық пен жамандықтың бейнелі көшірмесін жасатып, елдің есіне салып тұру. Сол себептен ол екеуін қаладағы ең үлкен ғибадатхананың алдына орнатпақшы болыпты.

     Мүсінші ел арасынан жұмысына үлгі болатын адам іздей бастайды. Біраз уақыттан соң сұлу жүзді, өте көрікті сәбиді жолықтырады. Оның дөңгелек келген ақ жүзіне тыныштық сәулесі ұялап, қос жанарынан бақыт нұры ұшқын атып тұрғандай еді. Іздегені осы болып нағыз пәкизатты тапқан ол қуанып, рұқсат сұрау үшін баланың әке-шешесіне барады. Олармен белгілі бағаға баланы күнделікті алдына алып келуге келіседі. Бір ай өткенде бұрын-соңды болмаған өнер туындысы дүниеге келеді. Енді мүсінші құбыжықтың бейнесін сомдау үшін лайықты адам іздей бастайды. Елдегі барлық түрмелерді, жүйке ауруханаларын, мүгедектер үйлерін аралап шығады. Тіпті кір-қоқысты мекен еткен адамдар мен қарақшылар орталықтарын да кезіп шығады. Шебердің екінші еңбегін көрмей дүниеден өтіп кетуден қорыққан патша қыруар қаржы жұмсап албастылар конкурсын да ұйымдастырады. Алайда олардың барлығы құбыжық емес адамзат баласына ұқсас болып шығады. Осылайша арада жиырма жыл өтеді. Күндердің бір күнінде мүсінші нағыз албастыны табады. Ол қаланың қуыс көшелерінің бірінде орналасқан лас шарапхананың жертөлесін мекендейді екен. Араққа әбден салынғандықтан жасы жиырманың үстінде болса да бірде-бір тісі қалмай, қызылиек болған, беті қарайып қыртыс-қыртыс әжімге айналған. Басындағы бір уыс қана төбе шашынан басқа шашының барлығы түсіп қалған. Киімі мен денесі барынша ластанып, иістеніп кетіпті. Онымен қоса тұрпайы мінезді, дөрекі дауысты. Мүсінші оны көріп қатты қуанады. Оған жақындап келіп мақсатын түсіндіреді де, қомақты қаржыға көмек көрсетуін өтінеді. Құбыжық келісімін береді.

     Ертеңіне мүсінші құбыжықты алдына отырғызып, көптен тоқтап қалған жұмысын бастайды. Бір күні мүсінші жұмыс барысында албастының жанарынан домалап бара жатқан бір тамшы жасқа көзі түседі. Таң-тамаша қалған ол мұның себебін сұрайды. Сонда құбыжық өксік тығылған дауыспен: «Мырзам, сен жиырма жыл бұрын пәкизаттың бейнесін қарап салған бейкүнә сәби мен болатынмын!», - деп мүсіншінің иығына өкіре құлайды. Уақыт өте адамның өз болмысына қарама-қайшы кейіпке өтіп, қатты өзгергеніне таңғалған мүсінші оған қосыла жылайды.

     Бұл мысалдан алатын ғибрат мынау:

     Адам баласы анадан туғанда күнәдан пәк болып туылады. Яғни ол шынайы шын мұсылман күйінде дүниеге келеді. Бірақ, сол күнәсіз нәресте ержетіп, есейе келе өскен ортасы мен алған тәрбиесіне байланысты адамдардың ең азғынына айналып кетуі мүмкін. Сондықтан адам өзінің табиғи қалпын сақтап қалу үшін оны сәби кезінен имандылыққа тәрбиелеу керек екен. Халқымыз ертеден-ақ «баланы жастан ... » деп бекер айтпаса керек.

 

20722 рет оқылды