Руханият 2019-10-25 (1) (1769)

ҚАРҒЫСҚА ҰШЫРАТҚАН БАЛЫҚ

ҚАРҒЫСҚА ҰШЫРАТҚАН БАЛЫҚ

Күндердің бір күнінде базар ортасында қолы иығына дейін кесілген бір адам пайда болады. Ол күнде айналадағы халыққа: «Кім мені көрген болса, ешқашан әлімжеттік жасамасын!» деп бар даусымен айқайлауды әдетке айналдырады. Бір күні оған біреу жақындап келіп бұлай жар салуының себебі неде екенін сұрайды.

Сонда ол былай деп жауап береді: «Менің басымнан өткен оқиға сендер үшін үлкен ғибрат болса екен деймін. Мен бұған дейін әркімге әлімжеттік жасайтын зұлымдығы асқан адам болатынмын. Адамдарға зорлық-зомбылықтың сан түрін жасайтынмын. Бір күні балық аулап келе жатқан балықшыны көрдім. Қармағына өте үлкен балық түсіріпті. Бұрын-соңды ондай балық көрмеген едім, қатты қызықтым. Мен оған балықты нұсқап: «Мынаны маған бер!» деп бұйырдым. Ал ол болса бала-шағасына азық-түлік алу үшін осы балықты сатуға алып бара жатқанын айтты. Мен оған дөрекілене: «Балықты бермесең соққыға жығыласың», - дедім. Ол жалынышты үнмен аяушылық танытуымды өтінді. Мен оның сөздерін құлағыма да қыстырмадым. Оны ұрып-соқтым да, қолындағы балықты күшпен тартып алып кете бардым. Ол жылап-еңіреп қала берді. Жолда әлгі балық менің бас бармағымнан тістеп алды. Содан саусағым түні бойы сыздап, ұйықтатпай шықты. Таң ата салысымен саусағымды дәрігерге көрсеттім. Қолымды тексерген ол маған: Саусағымды кеспесе қолымнан айырылатынымды айтты. Мен амал жоқ айтқанындай жасадым. Бірақ та қолымның ауырғаны сонда да басылмады. Мен екінші күні де жан шыдатпас ауырудан ұйықтай алмай шықтым. Сонда дәрігер маған қолымды білезігіне дейін кесу керектігін айтты. Мен шарасыздықтан оны да жасаттым. Алайда, ауру басылмай шынтағыма дейін сырқырап ауырып, күндіз-түні мазамды алды. Жаным қиналып, көз жасым көл болды. Содан мен қолымды шынтаққа дейін кестірттім. Бірақ ол да ауруымның басылуына көмектесе алмады. Қайта сыздауы одан әрі үдей түсті. Дәрігер маған: Қолымды иыққа дейін кеспейтін болсам бұл дерт бүкіл денеме тарайтынын айтты. Менің көнбеске шарам қалған жоқ. Ақыры тұтас қолымнан айрылдым. Ауру енді бүкіл денеме көшті, қақсауы мен сыздауы одан сайын өрши түсті... Осы жан қиналысымды көрген бір адам келіп осы дертке қалай шалдыққанымды сұрады. Мен оған болған жайды айтып бердім. Сонда әлгі кісі: «Сен бойыңда аурудың белгісі алғаш сезілгенде-ақ балықтың егесіне барып кешірім сұрағаныңда қолыңнан айырылмас едің. Денеңнен жаның шықпай тұрғанда, балықшыны іздеп тап!», - деді. Мен балықшыны жанұшыра іздей бастадым. Әрең дегенде тауып алдым да, аяғына жығыла еңіреп отырып кешірім сұрадым. Ол маған: «Сен кімсің?», – деп таңқалды. Мен жылап отырып: «Бұрын сенің балығыңды зорлықпен тартып алып кеткен адаммын», - деп, оған басымнан өткен бар жайымды айтып бердім. Ол менің қолымнан айырылғанымды көріп жылап жіберді. Сосын мені кешіретінінін айтты. Сол-ақ екен, бойымды дендеген мазасыз ауру сап тиылды. Қатты қуанғаннан тағы да жылап жібердім.  Мен одан: «Алла разылығы үшін айтшы, мен сенен балықты тартып алғанымда сен маған қарғыс тіледің бе?», - дедім. Ол: «Иә! Мен Алладан: «Ия, Алла! Бұл кісі өзінің күшіне сеніп, әрі менің әлсіздігімді пайдаланып маған Өзің берген ризықты зорлықпен тартып алды. Ендеше оған Өз құдіретіңді көрсетші!», - дедім», - деді.

Уа! Мұсылмандар! Ешкімге әділетсіздік жасап, әлімжеттік көрсетпеңдер! Олардың қарғыстарынан қорқыңдар! Шындығында, жәбір көрген адамның саған қарсы жасаған дұғасы мен Алланың арасында ешқандай перде жоқ!

1769 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*