09:00 | Ой-талқы
Руханият 2014-12-10 (0) (15957)

«Ашуды жеңгім келеді...»

«Ашуды жеңгім келеді...»

Бүгінгі жазбаның көздеген нысанасы – өзгеге  насихат айту емес. Олай дейтініміз, таңдалған тақырып тым ауқымды, жауапкершілігі мол, амалға асыру әркімнің қолынан келе бермейді. Бұл – көркем мінездің шыңы, сауабы мол, жүгі ауыр құлшылық. Келісесіз ғой, ашуын дер кезінде ұстай білетін, лайықты орында ғана ашуға берілетін мұсылмандарды кездестіру қиын-ақ. Сондықтан да, ең алдымен өзімізге үгіт болсын деген ниетпен ашу туралы хадистерді, қанатты сөздерді топтастыруға ниет еттік. Расында, амал жасау білуден басталады емес пе?

*   «Солар (тақуалар) жеңілдікте де және қиындықта да (Алла разылығы үшін) жұмсайтындар, ашуын ұстайтындар және адамды кешіретіндер. Алла жақсылықты ықыласпен істеушілерді жақсы көреді». («Әли Имран» сүресі, 134-аят).

*   «Күрескенде жыққан адам мықты емес, ашуы келгенде өзін ұстай алған адам мықты» (Бұхари, Муслим).

*   «Алла Тағала, Ұлық. Ол Ақырет күні Өзінің жаратылыстарының ішінде, мүмкіншілігі бола тұра, сабыр сақтап, ашуын төкпегендерге: «Хор қыздарының ішінен қалағаныңды ал», - дейді».(Тирмизи, Әбу Дәуд).

*   «Бірде Әбу Дарда (оған Алла разы болсын): «Уа, Алла Елшісі, маған Жәннатқа жетелейтін бір амал көрсетші» дейді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ашуланба, сонда саған Жәннат болады» деген екен». (Табарани).

*   «Кім исламдағы бауырына деген ашуын ұстай білсе, Алла Тағала оның кемшіліктерін жасырады және кімде-кім ашуын төккісі келгенде өзін баса білсе, Алла Тағала Қияметте оның жүрегін ризалықпен толтырады». (Табарани).

*   «Бірде Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көзінше екі кісі керісіп қалды. Ашуға булыққаны соншалықты бірінің мұрыны жыртылып кетуге шақ қалып еді.  Алла Елшісі: «Мен бір сөз білемін, оны айтқан адамның ашуы тарқайды» деді. Олар: Бұл қандай сөзі, уа, Алла Елшісі?» деп таңғалысты. Ол: «Қуылған шайтанның азғыруынан Аллаға сыйынамын» деп жауап берді. (Бұхари, Муслим).

*   «Егер сендердің біреуің тұрған қалыпта ашуланса отырсын. Мұндайда ашу тарқаса жақсы. Олай болмағанда, жатсын» (Әбу Дәуд).

*   «Егер ашулансаң, үндеме. Егер ашулансаң, үндеме. Егер ашулансаң, үндеме» (Ахмад).

- Ибн Раджаб (оған Алланың рақымы болсын) осы хадиске байланысты: «Бұл ашуға қарсы ұлы дәрі. Себебі, мұндайда ашуланшақ адамның аузынан кейін өкінетін көптеген балағат сөздер шығып кетеді және оның зияны да өте қатерлі. Ал егер, ол ашу кезінде үнсіздік сақтаса, бұл зұлымдықтың бәрі оған жоламайды».

*   «Расында, ашу – шайтаннан, ал шайтан оттан жаратылған, отты сумен өшірмей ме, сондықтан, егер де араларыңызда біреуіңіз ашуланса, дәрет алсын» (Ахмад).

*     Бір адам Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

– Маған кеңес беріңіз – деп өтінеді.

Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

– Ашуланба – деп кеңес береді. Осыдан кейін әлгі адам (өз өтінішін) бірнеше рет қайталады. Бірақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әр жолы:

– Ашуланба – деуден танбады (Бұхари).

*    «Менің ең жақсы көретінім – пенденің өз ашу-ызасын тоқтатуы. Себебі, ол Алланың разылығы үшін ашуын тоқтатқан сайын Алла оның жанын міндетті түрде иманмен толтырады» (Ахмад).

 

................................................................................................................

*    «Кімде-кім құмарлықтан, ашудан, ашкөздіктен қорғалса, игілікке жетті». (Омар ибн Әбдул-Азиз).

*    «Кім өзінен осы төрт қасиетті тапса, Алла оны шайтаннан қорғайды және Тозақ отына харам етеді. Олар: ынтызарлығын, қорқынышын, құмарлығын, ашуын жеңе білу» (Хасан әл-Басри).

*    «Көркем мінез дегеніміз – ашуды баса білуің және кек сақтамауың, адамдардың қылықтарына сабыр етуің» (Ахмад).

*    «Расында, көптеген адам ашу кезінде не айтып, не қойғанына мән бермейді» (Ибн Раджаб).

*    Ғалымдар ашу қысқан адамға мына сөздерді еске түсіруге кеңес берген: «Алланың маған жүргізетін билігі менің мына адамға жүргізетін билгімінен аса жоғары. Егер, мен дәл қазір ашуыма ерік берсем, Құдіретті Алланың Қиямет күні маған ашуын төкпейтіндігінен қалай үміттенемін? Мен ол күні бәрінен де Алла Тағаланың кешірімі мен жұмсақтығына мұқтаж боламын».

*    Ашу бар жерде ақыл тұрмайды. (халық сөзі)

*    Ашу – дұшпан, ақыл – дос,

         Ақылыңа ақыл қос. (халық сөзі)                         

*    Ашу деген - ағын су, 
Алдын ашсаң, арқырар. 
Ақыл деген - дария, 
Алдын тоссаң, тоқырар.  (Әйтеке би).

*    Бірде журналистердің бірі Бекболат Тілеуханнан: «Ашуланғанда не істейсіз?» деп сұрақ қойған екен. Сонда ағамыз: «Шексіз ғаламда өзіңнің букашка екеніңді білгенде, көкірек қағып ашуланып не бітірмекшісің деген ой келеді» деп жауап беріпті.

 

 

 

15957 рет оқылды