08:30 | Өнегелі өмір
Руханият 2014-12-10 (0) (40104)

Көркем мінездің иесі болғыңыз келсе...

Көркем мінездің иесі болғыңыз келсе...

 

Адам баласын өзі секілді қос аяқты, жұмыр басты өзге пенделерден ерекшелеп тұратын бір қасиет – оның мінезі. Мінез – адам бойындағы алтын мен жауһардан да артық жылтырап, көзге ұрып тұратын әшекей. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, мінез, ар деген нәрселермен озады. Бұдан өзге нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақшылық» деген Абай атамыз он сегізінші қара сөзінде. Жақсы мінез – жан көркі. Адамды кең пейіл, көпшіл ететін де, я болмаса қытымыр, кекшіл ететін де – бойға біткен мінез. Осыны ескерген Бұхар жырау: «Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда?» деп, ұрпақ өрбітіп, бесік тербететін болашақ аналарға ең алдымен көркем мінезді болуды насихаттаған. Көркем мінез дегеніміз не? Ол қандай қасиеттерден танылады? Енді осы мәселеге көз жүгіртсек.

Ғалымдар адам бойындағы көркем мінезді Имам Науауидің жинағында келетін 4 хадистің төңірегіне  негіздеген:

1.    «Кім Аллаға және Ақырет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» (Бұхари);

2.    «Сендерден ешқайсың өзіне қалағанды бауырына да қаламайынша (толық) иман келтірмейді» (Бұхари, Муслим);

3.    «Өзіне қатысы жоқ нәрсені тастау адамның дінінің кемелдігін көрсетеді» (Тирмизи);

4.    Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте бір адам Пайғамбарымызға (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған кеңес бер» деп өтінеді. Ол (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ашуланба!», - деді. Осыдан кейін әлгі адам өз сұрағын бірнеше рет қайталады. (Бірақ Пайғамбарымыз әр жолы): «Ашуланба», - деуден танбады (Бұхари).

Біз де өз мақаламызды сүннетте келетін осы 4 қасиеттің айналасына құрмақпыз.

 

1.   «Бұрын сөйлеген емес,  мығым сөйлеген ұтады»

         Қазақ әрқашан «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсының өзі өлсе де - сөзі өлмейді», «Сөздің де шоқтайы бар, мұздайы бар - алсаң сол қызулысын, қыздайын ал» деп ауыздан шыққан әрбір сөзге сақтықпен, байыппен қараған. Тіпті, артық сөзді абыройсыздыққа санаған халқымыз «Жындының айтқаны келмейді, сандырағы келеді», «Атасыздың аузы үлкен», «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады», «Аталы сөзге арсыз ғана таласады», «Ұялмас бетке талмас жақ береді» деп, «көп сөздің көмір» екендігін айрықша ескертіп, ғайбатты әйбат қып көрсеткен ібілістің ілмегіне түсуден бойын барынша аулақ ұстаған. «Сөз қуған пәлеге жолығады». Кейде айтқан сөзіміз үшін бармақ тістеп, сан соғып жататынымыз өтірік емес. Біреуді сыртынан ғайбаттау (яғни оны оған ұнамайтын қасиеттерімен еске алу), керексіз жерге тұмсық тығып, тіміскілену – айналып келгенде, адамның өз өміріне, алтыннан да қымбат уақытына жасайтын қиянаты ғана. Шынында біздің әр сөзімізді, ойымызды, әрекетімізді жазушы «құрметті жазушылар» бар. Қасиетті Құранның «Қаф» сүресінде: «Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы дайын»(18-аят) делінген. Осыны терең түсінген ілгергі ғұламалар аузына тас салып жүруге дейін де барған. Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) тілін қолымен ұстап: «Менің түбіме жеткен осы!» - деген екен. Ал Абдуллаһ ибн Мәсъуд (оған Алла разы болсын): «Алламен ант етейін! Дүние жүзінде тілден артық түрмеге ештеңе лайық болған емес» деген. Мұзафар ағамыздың «Тозған сөзде тозаң көп» деуі, ұлы ақын Абайдың «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады» (отыз жетінші қара сөз) – деп сөзге сынай қарауы – осыған дәлел. Бұхар бабамыздың бір Аллаға ғана құлшылық қылудан кейінгі екінші тілегін

            Екінші тілек тілеңіз,

            Ер шұғыл пасық, залымның,

            Тіліне еріп азбасқа, -

 деп бірден сөз мәселесіне арнауы да тегіннен-тегін болмаса керек.

«...Көрмей-ақ қойсам екен кемшілігін»

 

Қазақ «Жақсы сөзге жан семірер» деген. Өтірік пен ғайбаттың, біреудің мінін теріп, айыбын ашудың ешкімге опа бермесі анық. Бұл туралы зар заман әдебиетінің өкілі Шортанбай ақын да:

          ... Сырттан ғайбат қылғанша

        Айт көзі мен өзіне.

        Құдайдан қорыққан мұсылман

        Қарауыл қояр сөзіне, -  

деп жырлап, адамдарды өсек, ғайбат айтудан тыйса, Жұмекен ағамыз:

      Мен көлденең тұрар едім тас болсам,

      Ауыздарға өсек, ғайбат түтеген, -

деп, Құранда айтылған «лумәзәнің» (тілімен келемеждеуші адамның) сипаттарына жиіркенішпен жауап қатқан. Жалпы, Құдайдан қорыққан кез келген мұсылманның, ең алдымен, сөзіне, одан кейін көзіне ие болуға тырысатыны анық. Жақсы сөз сөйлеу де – адамның иманының, ақыл-парасатының көрсеткіші. Сондықтан да Шортанбай Қанайұлы:

          Иманы бардың белгісі –

          Тілінен тамар шырасы, -

деп тілдің шырайлы болмағы ойдың құнарлылығынан екенін дөп басып айтқан. Айтыскер ақын М.Тазабек ағамыздың да бір кездері:

        Ақын намаз оқыса Хақты танып,

        Алдымен аузындағы сөз түзелер.

       «Он күнәнің тоғызы – тілден» екен,

       Сөз түзелсе, ин ша Алла, ел түзелер,-

деп ел боп ұйысудың бірден-бір жолын тілмен байланыстыруы да осыны көрсетсе керек. Ал ақын С.Қалиев ағамыздың:

       Жамандаман ешкімді ешқашан да,

       Иттігін мейлі он жерден еске алсам да!

      Аузыма тастар салып алсам ба екен,

      Достармен, бауырлармен бас  қосарда? –

деп сөз мәселесіне қатты алаңдап,

                          Мұсылман бауырлардың ешбірінің,

                          Көрмей-ақ қойсам екен кемшілігін, -

деп барлық адамдарды кінәсіз, пәк күйінде көруге ұмтылуы жоғарыдағы Алланың аяттары мен Пайғамбардың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне, қазақтың сөзге қатысты қатаң талабына мойынсұнғаны деп түсінеміз.

         Иә, қазақ қашаннан екі ауыз сөзімен екі еліктің баласын телітіп, жан дүниесін еріткен, уәжге тоқтап, сөзге ұйыған халық. Үмітіңді өшіріп жасытатын да, я болмаса, мерейіңді өсіріп тасытатын да – екі-ақ ауыз сөз. Сөзі түзелген елдің өзі де өнегелі қауым болатыны анық. Ендеше, «Кей жаманның сөзі бар – ызғары қатты ащы удай, кей жақсының сөзі бар – лебі кәусар бал судай», - деп Базар жырау жырлағандай, жақсының сөзін әлемге ортақ санаған халықты Алла тіл мен жағынан сүріндіріп, артық сөзге жүгіндірмесе екен дейміз. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, жүйелі сөз, сарайыңды ашып, шаттыққа бөлейтін сүбелі сөз – адам бойындағы көркем мінездің көрінісі.

 

2.   «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...»

 

Абайдың осы бір өлеңін білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Иә, адам бойындағы көркем мінез-құлықтың тағы бір көрінісі оның бауырларымен, айналадағы адамдармен болған қарым-қатынасынан байқалады. «Ізеттінің інісі көп» демекші, қоғамға мейірімді, жұмсақ болған адам ғана айналасына шынайы достарды топтастыра алады. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла Елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың құлдары! Өзара тату, бауырмал болыңдар! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оған мұрын шүйіре қарап, өзінен кем көрмейді», - деген (Муслим). Шаңырақты құлатпай, керегені ұстап тұратын уық пен бақан секілді дінді де ұстап тұратын екі нәрсе бар. Бірі – иманның, сенімнің дұрыстығы, екіншісі – иман иелерінің өзара татулығы, бауырмалдығы. Қазақ мұны «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп қысқа қайырған. «Ағайынның азары болса да, безері болмайды». Ырысының кілтін ынтымақтан іздеген халқымыз ешкімнен безініп, кек қуып кетпеген. «Өкпеге қиса да, өлімге қимаған» дейтін өнегелі сипаттың қазақ жұртына қатысты айтылуы да соны айғақтаса керек. Иә,

                Өлетұғын тай үшін,

                 Көшетұғын сай үшін

                Желке терің құрысып,

                Әркімменен ұрыспауды (Асан Қайғы)

өсиет етіп қалдырған ел қашаннан «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адасуды» өмірлік ұстанымына айналдырып, саяқ жүргеннің таяқ жейтінін дөп басып айтып кеткен. Адамның өзгелерге мейіріммен қарап, өзіне қалағанды бауырына да қалауы – оның тақуалығының көрсеткіші. Себебі, ғалымдар Құдайдан қорқу мен мұсылмандарға деген жек көрушіліктің бір жүректе болмайтынын айтқан. Демек, иманның тәтті дәмі бауырларға деген махаббатпен, мейірбандылықпен келеді. Қол астыңда қызмет етіп жүрген бауырыңның бір күні сенің әріптесің, серіктесің болғанын қалау, сол үшін дұға ету міне, осы – кәміл иманның көрінісі. Қазақ әрқашан

            Есті көрсең кем деме,

            Бәрі тұйғын табылмас.

            Қарындасыңды жамандап

            Өзіңе туған табылмас, -

деп алтауды атыстырып қойғаннан гөрі төртеуді табыстырып жүруді артық санаған. Қазақтың бір-біріне деген реніші мен өкпесі шай орамал кепкенше ғана. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» (Бұхар жырау) деген бабаларымыз торқалы той, топырақты өлімде кешегісін ұмытып, бүгінгісімен өмір сүруді хош көрген. Судан елінің мұсылмандары арасында жүздескенде біршама уақыт бір-бірі үшін дұға тілейтін әдеттері бар екен. Кең пейіл қазақтың да жүз көріскенде «Түсі игіден түңілме»  деп бала-шаға, үрім-бұтақ, көрші-қолаң, тіпті, қорадағы мал-жан, бота-тайлағына дейін есен-амандық сұрасуы бір-бірі үшін алаңдаған бауырластықты, қимас жолдастықты аңғартады. Иә, «Біріңді – қазақ, бірің – дос, көрмесең істің бәрі бос» екенін білген халқымыз бір-бірін кемітіп, келеке қылудан бойын аулақ ұстаған, бірден себеп, үзір іздеген. Біздің әр намазда әттәһият дұғасын оқыған кезімізде алдымен Алла елшісіне, содан кейін барлық салиқалы құлдар мен періштелерге  бейбітшілік тілеуіміз соны білдіреді.

         Бір күні Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымызға (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп жылайды. Себебін сұрағанда Омар екеуінің бір мәселе төңірегінде келіспей қалғандарын, оның кешірмей, кетіп қалғанын алға тартады. Қарап отырсаңыз, Әбу Бәкірдің жылауына себеп болған бұл оқиға татулықтың адам өміріндегі қаншалықты маңызды екендігін айшықтап тұрған жоқ па?

         Қорыта келгенде, халқымыздың

                 Аса кеш те қоя бер,

                 Бұрынғыны қуыспа, -

деп кешірімшіл болуға үндеуі – жұдырығына емес, жүрегіне жүгінген, ашуын сабырына жеңдіріп, шариғатқа үңілген адами қасиетінің жарқын көрінісі. Қазақтың керісіп қалған қауыммен қыз алып, қыз берісіп, мың жылдық құда атануы да ел ынтымағына сызат түсірмеуге тырысуының амалы екен. Қасиетті Құранның Хижр сүресінде: «Мүміндерге өте мейірлі, кішіпейіл бол!» (88-аят) – деген аят бар. Ендеше, біздің де бір-біріне түйіле емес, иіле қарайтын қазақ болуға асығуымыз ләзім.

 

3.   «Өспейтін бала өнбейтін дауды қуады»

 

Пайғамбарымыздан (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадисте: «Өзіне қатысы жоқ нәрсені тастау адамның дінінің кемелдігін көрсетеді» (Тирмизи), - делінген. Иә, өзіңе қатысы жоқ дүниенің қайтарымы мен қайыры да жоқ. Бұл хадистің мағынасы Абай айтқандай, «Сыпайы жүр де, шаруа ойла, даңғойланып қақтықпа» - дегенге саяды. Хасан Бәсри: «Адамды өзіне қатысы жоқ нәрсемен алдандырып қою – Аллаһ Тағаланың оны тастап қойғандығының белгісі», - деген. Көп нәрсеге әуес болу адамды иманнан айыруы мүмкін. Жүрекке тыныштық әкелетін себептердің бірі – адамның өзіне қатысы жоқ көз тастау мен сөздерді, адамдармен араласуды, пайда әкелмейтін нәрселерді тыңдауды, артық тағам мен ұйқыны тастауы. Ұлы ақын Абайдың:

           Тамағы тоқтық,

           Жұмысы жоқтық –

           Аздырар адам баласын, - 

деуі осыны білдіреді. Дау қуып, дала кезу – адамды өкініп, бармақ тістеуге, ең қиыны қайтып келмес уақытыңды сарп қылып, өміріңді ысырап етуге алып келетін қасиет. Сол себепті де бейқамдықтан бойын барынша аулақ ұстауға тырысқан ақын: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», - деп өткеніне көз жүгірте отырып, болашағына зор алаңдаушылықпен қараған. Уақытты мәнді, өмірді сәнді өткізуге тырысқан халқымыз бұл мәселенің түйінін «Өспейтін бала өнбейтін дауды қуады» деп бір-ақ ауыз сөзбен шешіп кеткен.

 

4.   «Ашу – пышақ болғанда, ақыл – таяқ...»

Халқымыз әу бастан-ақ «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа», «Сабыр түбі – сары алтын», «Ашу – дұшпан ақыл - дос, ақылыңа ақыл қос» - деп ашуды ақылға, күйгелектікті сабырға жеңдіруді өсиет еткен. Бұхар бабамыздың

                     Ашу - дұшпан, артынан

                     Түсіп кетсең қайтесің,

                     Түбі терең қуысқа? –

деп ел бастаған Абылай ханға жол көрсетіп, сабырға шақыруы орынсыз ашудың ойпаң жерде омақаса құлатып, опық жегізетінін көрсетсе керек. Жөнсіз ашу шақырып, ағайынға азар беретін қытымыр жанды ел де жұғымсыз санаған. Әйгілі «Қан мен тер» романындағы Ақбаланың әкесінің «Сүйеу - ел ішіне сыйымсыз, тікбақай, тентек шал. Өз үйінде да жыландай ысқырып отырады…» - деп өзге типтік образдардан бөлек, даралай суреттелуі – осыған дәдел. Иә, ашуға бой ұрған адамның ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айырып, шамалап жата алмасы анық. Сондықтан дінімізде ашуланып тұрған адамның әлдебір шешім шығаруына, үкім айтуына рұқсат етілмеген. Қызуқандылықты құп көрмеген Абай да: «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім, сабыр түбі – сары алтын», - деп өзін байыпқа шақырса, XIX ғасыр ақыны Ақмолла ақын:

           Ақыл – таяқ болғанда, ашу – пышақ,

           Кемиді сол таяғың жонғаннан соң, -

деп ұстамдылықтың мәнін одан сайын айшықтай түскен. Ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Нағыз сабыр – соққының алғашқы сәтінде болған сабыр», - деген (Бұхари).  Осыны меңзеген қазақ:

             Азамат ердің баласы,

             Жабыққанын білдірмес,

             Жамандар мазақ қылар деп, -

деп күйзелістің қайраңына малтығып, ұйығына батуды намыс көрген, азаматтығына түскен сын деп қабылдаған.

             Нар түйеге оқ тисе,

             Жай түйедей бақырмас,

             Артқы аяғын бір сілтер, -

деп Құлияз ақын айтқандай, табиғатынан сабаз халық төзімділік пен сабырлылықты тектіліктің бір көрінісі деп қараған. Халық мәтелінде айтылғандай, «Орынсыз ашу – от шашу» ғана. Сондықтан, сөзіміздің тоқетері ретінде «еркегі ашу айтса, әйелі басу айтатын» елдің ертеңі ретінде біздің де сабырлы, болған іске қажырлы болу – міндетіміз.

Жоғарыдағы барлық ой, пікірлерімізді қорытындылай келе мынадай түйін шығаруға болады:

Мінез – адамның сыртқы тұлғасын да, ішкі жан дүниесін де көріктендіріп, жұпар шашып тұратын әтір іспеттес. Қазақ «Түсі игіден түңілме» деген. Көркем мінез иесінің бұл өмірден де, мәңгілік өмірден де алатын үлесі орасан зор. Сондықтан «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп Абай атамыз айтқандай, жақсылыққа асық болмағы да, я болмаса, түкке тұрмас жасық болмағы да – адамның өзінен. Ендеше, мына қағидаларды дәйім есте ұстап, іске асырып жүруге кеңес береміз:

1.    Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле! Сөзіңді сүзгіден өткізіп, өлшей біл!

2.    «Әр қазақ – менің жалғызым!» (С.Адай) Дос тұт, кеңес құр, жолдас бол!

3.    Өзіңе қатысы жоққа шырмалып, шатаспа!

4.    Алладан – тағдыр, пендеден – сабыр. Әрбір істе болаттай берік, бекем бол!

5.    Мінезі жайлы, сөзі де, өзі де елге жұғымды жандармен дос болуға тырыс.

6.    Жақсыларды жағалап, асыл уақытты бағалап өмір сүр!

7.    Ал, ең бастысы, айнаға қараған сайын «Түрімді әдемі еткенің секілді мінезімді де көркем ет» деп Жаратушыңа дұға қылуды әдетке айналдыр.

Алла сіз бен бізді өзі қалаған сипаттағы көркем мінездің иелері етсін!

40104 рет оқылды