Дәстүр 2016-08-08 (0) (12151)

«Күліп берген қара су балдан да тәтті»

«Күліп берген қара су балдан да тәтті»

«Күліп берген қара су балдан да тәтті»

 

(салтқа сіңген қонақ күту ерекшеліктері)

 

Демалыс шығысымен екі өкпемді қолыма алып ауылдағы үйге қарай тартам. Қыз бала қашаннан да туған үйіне қонақ. Қаладағы тірліктен жалығып, туған жердің түтінін сағынып келетін бізді бауырларымыз бен туған-туыстарымыз төбелері көкке жеткендей қуана қарсы алады. Әсіресе,  бес жасқа енді толған сіңілімнің қалай қуанатынын көрсеңіз ғой. Балаға қызық керек, үйге біреу келсе тәтті-дәмдіні ағыл-тегіл жейтінін, күнделікті тірліктеріне бір өзгерістің енетінін сезетін болулары керек.

         Біздің үй қара шаңырақ болғандықтан, кішкентай кезімде әжеме амандасуға келетіндердің қарасы үзілмейтін. Бір қызығы, әжемнің атын атап, түсін түстеп әрқайсысына арнап сақтап  отыратын дәмдері де болушы еді. Біреуі – алысқа оқуға кеткен ұлының сыбағасы, екіншісі – бірнеше жыл көріспеген  құдасының сыбағасы. Сонымен бірге ешкімге тигізбей сақтайтын қарындағы майы мен сүрленген еті де болатын. Мұның бәрі – cыйлап кеп, сынап кететін қонақтың қамы. Қарап отырсаңыз, келген мейманының қарнымен қоса көңілін де тоқ етіп, марқайтып жіберу, сапардан келген адамды шаршатпай, қабағын бағу, көңілін табу дейтін қазақтың осы бір көркем ғұрпы шариғатпен қатар өрілген екен. Тіпті, көшпенділер өмірін зерттеуге келген орыс миссионерлерінің де халқымыздың дәл осы бір қонақжай қасиетін аса зор бағалап, таңдай қағып кеткендіктерін оқып, біліп жүрміз.

 

«Би түсетін үй бол...»

 

Кезінде атағы жер жарған Малайсары батырдың уәжіне Сырымның: «Әкем би болмаса да, би түсетін үй болыпты»,- деп ұтымды әрі тапқыр түрде жауап беретіні бар еді ғой. Иә, сол би түсетін үй дегеніңіздің астарында үлкен мән бар екен. Қазақта «Өзіңе емес, сөзіңе қонақ бола келдім», - дейтін сөз бар. Құнды сөз құнарлы ойдан ғана туады. Есті сөз айтып, қонағының қадіріне жете білген адам ғана ақылымен елді ұйытып, мейманының мейманасын тасыра алады. Ал қашаннан уәжге тоқтап, сөз қадірін өз қадірім деп ұғатын қазақтың қонақ күткенде де осы бір жайға аса қатты маңыз беруі тегіннен-тегін болмаса керек. «Абай жолы» романындағы өзі де, сөзі де сыйлы Байкөкше мен Барлас ақынның Зере отырған шаңыраққа келіп, айлап жатып, небір қисса-дастандарды таңнан-таңға ұрып жатқа оқып, кәрі көңілді де, бала жүректі де марқайтып кететіні осыны көрсетеді.

 

«Күліп берген қара су балдан да тәтті» 

         Сәби кезімнен есімде қалып қойған тағы бір дүние – анамыздың «Тимеңдер, қонақ келеді» деп жылы-жұмсақ, тәтті-тәпсектің бәрін қолымыз жетпейтін биік бір жерге жасырып қоятыны. Сол үшін де үйге қонақтың келуі біз үшін алтыны бар сандықты ақтарғаннан да артық қуаныш сыйлайтын. Енді қарап отырсаңыз,  өзінің, туған балаларының аузынан жырып, бары мен нәрін мейманының алдына тосатын осы бір аппақ пейіл, даладай дархан көңіл – есепсіз сауапқа кенелудің әрі берекенің артып, ырыс пен құтқа қол жеткізудің амалы екен. Себебі Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын жақсылап күтсін», (Бұхари, Муслим) - деген. Жасы үлкен аналарымыз бен жеңгелеріміздің: «сізден аяғанымды ит жесін!»  деп қара су болса да қолдағысын бар пейілімен қонағына ұсынатыны – теңдесі жоқ тәрбие. Дәл осы жайды меңзеген  Қобылан Бөрібайұлы:

                                Қонақ-ау, өзің – жақсы, бабың – қатты,

                                Күліп берген қара су балдан тәтті, -

деп жырлаған.

 

«Алыстан алты жасар бала келсе...»

 

         «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді». Осы мақалдың түп астары мейлі кім болсын, қонақ атаулының қазақ үшін өте сыйлы адам екендігін анық көрсетеді. Бөлтірік шешеннің  кейінгі ұрпаққа өсиет боп қалған мына бір өлеңі соны меңзесе керек:

                                 Қонақ келсе есікке,

                                 Жүгіріп шық, кешікпе.

                                 Қарсы алмасаң қонақты,

                                 Кесір болар несіпке!

Иә, ешқашан есігіне құлып салмайтын қазақ қашанда ет асып, сыбаға тартып қонағының қамын жасайтын болған. Тіпті, сапар шеккен мүсәпір халдегі жан жолай ауыл үйлерге соғып, ас ішіп, әлденіп алған соң өз атын қораға байлап, сол үйдің таң асырып, ащы терін алған жарау жылқысын мініп кете беретін болған. Бұл үшін қонаққа сөгіс жоқ. Бұдан бөлек халқымыздың пейілі түскен адамына жасайтын  сый-сыяпаты тағы бар. Әркім көрпесіне қарай көсіледі. «Абай жолы» романында Ұлжандай текті, ақылды ананың «Келген сапарларыңа сыртта азырақ ырым байлаттым» деп қонағын разы, хош аттандыруы – осыған дәлел. Бүгінде екінің бірі жорға мініп қайтпайтыны анық, алайда сарқыт күтіп ұйықтамай отыратын кездеріміздің болатынын  жасыра алмаймыз.

     Иә, қорыта келгенде біздің бабаларымыз өз несібесін қонағының хақысымен өлшейтін, шариғаттан аттамаған дана халық болған. «Қуыс үйден құр шықпа» деп ескерткен бабалар дәм ауыз тигізбей ешкімді үйінен шығармайтын еді. Тіпті, қорадағы қойы егіз туып қалса да соны қонағының құты, несібесі деп санаған. Сондықтан қонаққа құрмет жасап, көңілін табу – сауапқа кенелудің бірден-бір жолы әрі бабаларымыздың қашаннан бергі сақтап келе жатқан ұстыны деп түсінгеніміз абзал.

 

 

12151 рет оқылды