Руханият 2014-12-10 (0) (6966)

АЛЛАНЫ СҮЙСІНДІРГЕН ТҰЛҒА

АЛЛАНЫ СҮЙСІНДІРГЕН ТҰЛҒА

«Аштықтан әбден қалжыраған бір кісі Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  келгенде,  Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағам бар-жоғын біліп келу үшін біреуді әйелдеріне жібереді. Олар: «Бізде судан басқа ештеңе жоқ»,—депті. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім бұл (адамды) өзімен әкетеді не қонақ етеді?»—дейді. Ансарлардан бір кісі: «Мен»,—деді. Оны әйеліне ертіп барып: «Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қонағына құрмет көрсет!»—деп тапсырды. (Әйелі): «Бізде балаларымыздың тамағынан басқа (ештеңе) жоқ»,—деп жауап қатты. Сонда ансарлық сахаба: «Тамағыңды әзірлеп, шырақ жақ және балалар кешкі ас ішкісі келген жағдайда ұйықтатып таста»,—дейді. Қонақ үйге кірген соң әйелі тамағын әзірлеп, шырақ жағып, балаларын ұйқыға жатқызады. Кейін орнынан тұрып шырақты түзеген кейіп танытады да, оны өшіріп қояды. Күйеуі екеуі қараңғы бөлмеде тамақ жеп жатқандай сыңай көрсете бастайды. Осылайша, мейман тамақтанып, өздері аш құрсақ түнеп шығады. Таңертең үй иесі ертемен Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келгенде одан: «Түнде Алла екеуіңнің іс-әрекеттеріңе сүйсінді» деген сүйінші сөз естиді (бұл жерде Алла Тағаланың бұл іске разы болғаны туралы айтылған).

Осыдан кейін Алла Тағала: «... Әрі өздерінде мұқтаждық болса да, оларды өздерінен артық көреді. Кім өзінің сараңдығынан сақталған болса, міне, солар – табысқа жетушілер» деген аятты түсіріпті. («Хашр» сүресі, 9-аят). (Бұхари).

 

P.S.  Қазақтың қазыналы сөздік қорында: «Қонақ ақысы – Тәңір ақысы» деген сөз бар. Қонақты сыйлауды – Құдайдың бұйрығы деп қабылдаған бабалардан қалған даналық болар бұл. ««Кім Аллаға, Ақырет күніне иман келтірсе, қонағына құрмет көрсетсін» (Бұхари) деген хадистен қонақты жақсы күтуде Алланың разылығын табу мен зор сауаптың бар екендігін түсінеміз. Себебі, Аллаға және Ақырет күніне сенген адам ғана ‒ сауап іздеуші, Алланың разылығын көздеуші әрі Алланың жазасынан қорқушы болып табылады».

Жоғарыдағы ерлі-зайыптылардың бойындағы қасиет көркем мінезді, Раббысын өз құмарлықтары мен уақытша рахаттардан артық көретін жандарға ғана тән. Мұндай мәртікке қарама-қарсы ұғымдар – өзімшілдік пен қанағатсыздық, сараңдық пен дүниеқоңыздық. Кім жомартыққа ие болса дүниеқоңыздықтан құтылды, ал ол адам міндетті түрде табысқа жетеді.

 

 

6966 рет оқылды