08:30 | По душам
Руханият 2014-12-10 (0) (25644)

Алла оларды еске алатын адамдар...

Алла оларды еске алатын адамдар...

Бұл бақытты адамдар кімдер? Әрине, олар Жаратушысын еске алушылар: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын. Әрі шүкір етіңдер және күпірлік етпеңдер» («Бақара» сүресі, 152-аят).

Аса ұлы Алла құлдарына Өзін еске алуды бұйырды әрі ол үшін қымбат сый уәде етті. Бұл сый – Алла Тағаланы еске алғанның әрбірін Алланың Өзі еске алуы.

 

Алланы еске алу (зікір) уақыт, жағдай, орын таңдамайды.  Жаратушыға жағымды әрбір амалға өлшем мен шектеу қойылған, тек Алланы еске алудың ғана шегі жоқ. Адамдар жағдайларына қарай құлшылықтардан босатылады. Мысалы сапардағы адам оразаны кейіннен өтесе болады, ал қаражаты арнайы өлшемге жетпеген адам зекеттен босатылады. Алайда, әрдайым Алланы еске алмаған адамның айыбын ешнәрсе ақтай алмайды. Адам тәні су мен тамақсыз қалай өлсе,  Алланы лайықты түрде еске алмаудан жан да дәл солай өлім татады.

Сол себептен кез келген уақытта осы бір жеңіл ғибадатты азсынбай, сауабынан үміт ете отырып Алланы еске алудан аузымыз шаршамауы керек. Әсіресе, Алматының кептелістерінде тұрғанда, жаяу жүріп бара жатқанда, дәрет алуға бара жатқандағы уақытты зікірмен толтырған орынды. Бос уақытта әр нәрсені ойға алып, баға жетпес уақытымызды аялап, екі дүниеде бақытқа жеткізетін зікірді (Алланы еске алу сөздерді) айтуды ұмытпайық. Ықыласты, құлшынысты күшейту үшін зікірдің артықшылықтарын біліп алған абзал.

 

  1. Алланы еске алған адамданан шайтан алыс болады.
  2. Зікір – Алланың разылығына жеткізеді.
  3. Зікір – адамның жүрегінен уайым қайғыны кетіреді.
  4. Зікір – Жүрекке қуаныш енгізеді.
  5. Зікір – жүрек пен денеге күш береді.
  6. Зікір– жүрек пен бетті нұрландырады.
  7. Зікір ету – ризықты келтіреді.
  8. Зікір ету – адамды айбаттандырады.
  9. Зікір ету – иман ләззатын сездіреді.
  10.  Зікір – тілді ғайбат, өсек, өтіріктен қорғайды.
  11. Алланы зікір еткен жерде періштелер, ал зікір етілмеген жерде шайтандар болады.
  12. Зікір адамды қияметтегі үлкен өкініштен аман алып қалады.
  13. Алла зікір етушіге сұраушыдан артық, абзал сый береді.
  14.  Алланы еске алу – тілге ең жеңіл ғибадат.
  15. Зікір үшін берілетін сый-сияпат басқа амалдарға берілмейді.
  16.  Әрдайым зікір ету құлға Алланы ұмыттырмайды.
  17.  Зікір ету – адамды екі дүниеде де бақытқа жеткізеді.
  18. Алланы зікір ету секілді бүкіл уақыттарды және бүкіл жағдайларды қамти алатын амал жоқ.
  19. Зікір адамға нұр береді, жүзіне нұр ұялатады және қабыры мен сират көпірінде нұр болады.
  20. Зікір уақыт, жағдай, орын таңдамайды.
  21. Зікір ету адамдарды басқаларға қарағанда Аллаға жақын етеді.
  22. Зікір ету адамға түсінік есіктерін ашады. (Бұрын көп нәрседен бейхабарлық басым болса ендігі уақытта адам өзінің бойында даналық пен туралықтың ұшқынын сезеді). «Алла кімге жақсылық қаласа дін туралы түсінік береді» делінген хадисте.
  23. Зікір ету – адамның жүрегінде Алланың айбаты мен ұлылығын оятады. (Әрбір адам Алла Тағаланың кешіруші, тәубелерді қабыл етуші, мейірімділік сипаттарымен қатар қаһарының да бар екенін, қалағанын жазалай алатын күш-қуатқа ие екенін ой елегінен өткізуі керек).
  24. Зікір еткен адамды Алла еске алады. (Шариғат бойынша біз жағдайымыз жақсы кездері Алланы көп еске алатын болсақ, басымызға бір сынақ келген кезде Алланның жәрдемі тез жетеді). Алла Тағала Құдси хадисте: «Кім мені көпшіліктің ортасында еске алса, мені оны одан да жақсы көпшіліктің арасында еске аламын» дейді. «Мені еске алыңдар, мен де сендерді еске аламын» («Бақара» сүресі 152-аят).
  25. Зікір ету – жүректің тірі болуына ықпал етеді. (Әйтпесе күнәмен толысқан жүрек не ауру күй кешуі мүмкін не өлі жүрекке айналуы мүмкін. Ал зікір жүрегімізді өліп қалудан сақтайды).
  26. Зікір – жүрек пен рухтың азығы. (Тәніміз жерден өсіп шыққан заттармен қоректенгенімен, жанымыздың да қорегінің барын естен шығармайық. Ол әлбетте – зікір).
  27. Зікір – жүректі таттан тазартады. Құрани Кәрімнің «Мұтафиффин» сүресінде: «Олардың істеген әрекеттерінен жүректері тот басты» - делінген.
  28. Зікір күнәларды өшіреді. (Хадис: «Әр жамандықтың соңынан оны кетіретін жақсылық жаса». Ал жақсылықтың ең абзалы – зікір. )
  29. Зікір адамның рухын жалғыздықтан құтқарады. (Яғни, зікір етуші Алла әрдайым онымен бірге екенін сезінеді. Қорғанды, пананы, жәрдемді жаратылыстардан емес Жаратқаннан іздейді).
  30. Жай уақытта Алланы зікір ету қиындық кезінде Алланың көмегіне себеп болады.
  31. Зікір – Алланың азабынан құтқарады. (Жүрек азабынан, рухани құлазудан. Ең бастысы Ақыреттегі үлкен азаптан аман алып қалады).
  32. Зікір – жүрекке тыныштық сыйлайды.
  33. Адамды Алланың мейірімі орайды.
  34. Зікір етушіні періштелер қоршайды.  Хадис: «Қандай да бір қауым Алланың кітабын оқыса оларға Алланың тыныштығы түседі, олардың үстін мейірім жабады, жан-жағын періштелер қоршайды».
  35. Зікір – бүкіл істің басы. Яғни ісімізді оңтайландырушы, жеңілдетуші.
  36. Жүректі ұйқыдан оятушы. (Қазақта: тамақ, ұйқы, күлкі арсыз – деген аталы сөз бар. Күнделікті көп ұйқыдан көрі жүректің ұйқыға кеткені қауіптірек. Себебі адамда бейқамдық пайда болып, ол өзіне келіп-кетер пайда мен зиянды ажырата алмай қалады).
  37. Зікір – Аллаға ең қатты жақындататын нәрсе.
  38. Зікір – құлды азат ету, Алла жолында мал беріп, соғысумен қатар тұратын ғибадат.
  39. Зікір – шүкіршіліктің ең абзал көрінісі.
  40. Зікір етуші – Алланың алдындағы ең құрметті адам.
  41. Зікірден артық жүректің қаттылығын ешнәрсе жұмсартпайды.
  42. Зікір – жүректің шипасы, емі, дәрісі іспетті.
  43. Зікір – нығыметтерді келтіреді және арттырады.
  44. Зікір етуші жер бетінде Жәннәт бағында болғандай күй кешеді. Хадис: «Бұл дүниеде бір Жәннәт бар. Оған кірмеген адам Ақыретте Жәннатқа кірмейді» - деген. Мұнда иман ләззаты туралы айталыды.
  45. Алланы зікір ететін мәжіліс – періштелерді мәжілісі.
  46. Алла Тағала періштелерге зікір етуші адамдармен мақтанады.
  47. Алланы зікір ету Аллаға құлшылық жасауға үлкен жәрдемші болады. (Яғни адам намаз оқу, ораза ұстау, жақсылық жасау кезінде үлкен жеңілдік, жәрдемнің келгенін аңғарады).
  48. Зікір ету – бүкіл нәпіл амалдардың орнын алады.
  49. Зікір ету пенденің жүрегінен бүкіл жаратылыстан қорқынышты кетіреді. (Мәселен адам болмашы себептерге байланысты өзгеден жасқанып, қаймығып, үркіп немесе оның бай болғанынан, әйгілі немесе басшы болғанынан оған жалтақтап, жүрегін қорқыныш сезімі баурауы мүмкін. Ал зікір Алладан ғана қорқуға шақырады)
  50. Зікір – пендеге күш береді. Рухани ғана емес физикалық тұрғыдан да қуатты етеді.
  51. Зікір етушінің Жәннаттағы сарайының немесе үйінің қабаттары зікірге байланысты болады. (Неғұрлым көп болса, соғұрлым биік).
  52. Зікір – пенде мен Жаһәннам арасындағы бөгет.
  53. Зікір – қиындықты жеңілдетеді, машахатты кетіреді.
  54. Зікір – періштелердің пенде үшін кешірім сұрауына алып келеді.
  55. Алланы көп зікір ету пендені екіжүзділіктен сақтайды.
  56. Зікір пендегі бұл дүниедег ең үлкен ләззатты сыйлады. (Расында да бақыт тамақтың тоқтығы, көйлектің көктігімен емес, Аллаға қаншалықты жақындығымызды зерделеу арқылы өлшенеді).
25644 рет оқылды