Бір байдың сарайына кедей кісі қайыр сұрап келеді. Бай «не істер екен?» деп оның қолына бұзылған тамақ толған себет ұстата салады. Әлгі кедей үйіне барып ішін ашса жеуге жарамсыз тамақ қалдықтарын көреді. Байдың ісіне жымиып күледі. Сосын себетті тазалап, ішін алуан түрлі, жұпар иістері аңқыған гүлдермен толтырады да байдың сарайына қарай беттейді. Қайта келмес деген кедейдің себет толы гүлмен келгенін көрген бай қатты таңырқайды. Сосын: «Бұл не үшін?» - деп сұрайды. Сонда әлгі кедей: «Әркім өз жүрегінде не жатқанын ісімен көрсетеді» - деп сарайдан шығып кетіпті.
Күндердің күнінде шашына ақ түскен жігіт ағасы шаштаразға келеді. Әдетке сай, шаштараздар қолымен жұмыс жасап, аузымен әңгіме-дүкен құрғанды, өмір туралы ой жарыстырғанды ұнатады емес пе? Бұл шаштараз да сол қатардан болып шықты. «Құдай жоқ!» деді ол нық сеніммен. – Айналаңа қарашы, қаншама ауру-сырқат, қаншама бақытсыз адамдар бар. Қайғы-мұң және соғыс, ұрлық-қарлық және күйзеліс... Кәне, қайда Құдай? Әрине, Ол жоқ. Егер Құдай бар болса, бәрін ретке келтіріп, әділетсіздіктерді қалпына келтірер еді...».
Келуші өте парасатты, пайымы мол кісі болатын, сондықтан, сөз таластырып жатпады. Шағын ғана шаштараздың орындығында отырып, терең ой құшағына батты. Оның шаштаразға Алла Тағаланың ұлылығы мен өзінің ойын қарабайыр сөзбен түсіндіріп бере алмайтындығына көзі жетті. Шаштараз өз жұмысын аяқтады, ал кісі көшеге шықты. Бұл көше жағдайы төмен ауданда орналасқан екен, айналада қоқыстар үйіліп жатты. «Іздегенің алдыңнан тілемей-ақ табылар» демекші, кенет алдынан өте жұпыны киімді, адам жиіркенерлік түк басқан, лас, мұрты аузына түскен, ұйпа-тұйпа шашы бар адам шыға келді. Қарсы келе жатқан адаммен кездесуге бар болғаны отыз метр жол қалған еді. Ақылды кісі дереу кері бұрылып, қолында темекісі мен кофесі бар шаштараздың алдына қайта келді де: «Бұл дүниеде шаштараздар жоқ! Мен саған қазір осыны дәлелдеймін!». Шаштараз әлгіні есі ауысқан екен деп ойлады. Ол мүдірген жоқ, шаштаразды қолынан ұстады да, әйнекті есікті ашып, көшеге шықты. Он метр жердегі қаңғыбасты нұсқады да: «Мына адамға қарашы. Жер бетінде шаштараздар болса, көше бойында осындай күзелмеген адамдар жүрер ме еді?». Шаштараз таңғалған кейіппен былай деп жауап қатады: «Ол менің алдыма келмеді ғой. Ал мен оның артынан жүгіріп жүрмеймін. Егер ол алдыма келген болса, бәрін ретке келтіріп берер едім».
Ақылды адам жай ғана күлімсіреді де: «Сенің құлағың тіліңнің айтқанын естіді ме? Құдай, әрине, бар! Дәл солай, әлемде зұлымдық пен қайғы да бар, мұның бәрі де адамдардың Оның алдына келмейтіндігінен болады. Адамдар өздерінің өмірін қалауларымен таңдап алады да, нәтижесінде Құдайды айыптайды. Немесе Одан: «Мұның бәрі не үшін?» деп өкпесін айтады. Жауап біреу ғана: адамдар Алланың емес, өздерінің айтқандарымен жүреді де, жандары қанағаттанбайтын нәтижеге жетеді. Егер, Алланың тыйғанынан тыйылып, бұйырғанына құлақ асса, Алладан қол жайып сұраса, Ол пендесінің қолын бос қайтаруға ұялады.
Қандай ғибратты оқиға! Арамызда қаншама пенде өз таңдауының жемісі үшін Аллаға наз айтып жүр. Рас, тағдыр да, үкім де бар. Сол секілді, адамда таңдау да бар. Адам ата Жәнаттан қуылғанда, бұл тағдырдың жазуы немесе Ібілістің азғыруы деп Жаратушысы алдында тәкәппарланбады. Өз таңдауы болғандықтан, сәжде жасап, кешірім сұрады. Таңдауды Оның бұйрығына, Оның Кітабына, Оның Пайғамбарының сөзіне сәйкес жасауға талпыныс жасап көрейікші. Өйткені Мейірімді Алла: ««Мен пендемнің ой-қиялындамын, пендем Мен жайында қалай ойласа сондаймын. Егер ол Мені жалғыз еске алса, Мен де оны жалғыз еске аламын, егер ол Мені көпшіліктің арасында еске алса, Мен де оны ол Мені арасында еске алған жамағаттан құрметтірек жамағат ішінде еске аламын. Ол Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір кез жақындаймын. Егер ол Маған бір кез жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын. Пендем Маған қарай жүріп келсе, Мен оған жүгіріп келемін» деп уәде берді. (Бұхари, Муслим).
Оған қарай асығыңызшы, Ол да сізге қарай тез жүгіретін болады...
Жасы сексеннен асып, қартайған бір ата бар еді. Сол кісі аяқ астынан зәр шығара алмай қатты қиналды. Балалары дереу жедел-жәрдем шақыртып, ауруханаға жеткізді. Тәжірибелі дәрігер ойланбастан іске кірісті. Сәлден соң жан қинаған зәр сыртқа шығып, атаның хәлі бірден жеңілдеп сала берді. Балалары дәрігерді жан-жағынан қаумалап, алғыстарын жаудырып, мақтап жатты. Сосын әкелеріне назар аударып еді, ол кісі егіл-тегіл жылап жатыр екен. Олар әкелерінің көңілін аулап: «Бәрі жақсы болды, бәрі артта қалды, енді неге жылап жатырсыз?» - деп сұрасты. Сонда ата жылауын тоқтатып былай деді: «Мына дәрігер бала маған бір рет көмек көрсетіп еді, оған алғыс жаудырып, құрметке бөледік. Оның қадірі мен орнын түсініп қалдық. Ал Аллаһ тағаланың маған сексен жыл бойы жеңілдік жасап келгеніне ойланбаппын. Осыншама уақыт бойы Өзінің жомарттығы мен кеңшілігіне сай, ешқандай операцияға мұқтаж қылмай, өз қажетімді өтеуге мүмкіндік беріп келіпті. Аллаһтың қадірін осы уақытқа дейін сезінбей келіппін» - деді.
Расында, Аллаһтың нығметтеріне бойымыз үйреніп кеткені соншалықты, егер бізден біреу халымызды сұрай қалса: «Жаңа ешнәрсе жоқ», - деп жауап қатамыз. Нығметтерді үздіксіз пайдалана отыра есен-саулықтың жаңарып отыратынын сезінбейді екенбіз.
Я, Раббымыз! Саған ауырмаған күндеріміздің баршасы үшін, есепсіз нығметтерің үшін шүкірлік әрі мақтау-мадақ арнаймыз!
Бұл оқиға шағын қалашықты мекен ететін құрылыс басшысының (прораб) басынан өткен. Ол өмір бойы биік ғимараттар тұрғызумен айналысты. Егде жасқа келгенде зейнетке шықпаққа бекінеді де жұмыс берушіге келіп:
– Мен жұмысымды тоқтатқым келеді. Зейнетке шығар уақытым таяды. Қалған өмірімді кемпіріммен, немерелеріммен бірге өткізбек ниетім бар,-дейді.
Сонда оның сөзін үнсіз тыңдаған қожайын қимастықпен соңғы өтінішін айтады:
– Тыңдаңызшы, сіз еңбекке толы жылдарыңызды соңғы бір үймен қорытындылаңыз. Сонымен біз сізді қуана зейнетке шығарып саламыз. Және өте жақсы сый жасаймыз!
Құрылыс басшысы келісті. Жаңа жоба бойынша шағын отбасына үй соғу керек болатын. Қиыстыру, сызу, материал іздеу, тексеріс жұмыстары басталып та кетті. Ол әлдеқашан өзін зейнетте елестетіп қойғандықтан қатты асығыстық танытты. Бірін шала істесе, екіншісін қысқартты, арзан материалдарды пайдаланды, себебі, басты мақсат – тез-тез бітіру еді. Ол бәрін дұрыс жасамай жатқандығын жақсы білді, алайда, түрлі сылтаулармен өзін ақтап алды. Ақыры жұмысын аяқтап, қожайынды шақырды. Ол үйді бастан-аяқ шолып шықты да:
– Білесіз бе, енді бұл сіздің үйіңіз! Мінеки, кілтті алыңыз да, отбасыңызбен тату-тәтті өмір сүріңіздер! Барлық құжаттар рәсімделіп те қойды. Бұл – біздің фирманың атынан сізге марапат болсын,-деп ыстық лебізін білдірді.
Дәл осы сәттегі құрылыс басшысының жағдайын ешкім түсінген жоқ. Ұяттан қызарған күйі бір орында тұрып қалды. Ал маңайындағылар мәз-мейрам, құттықтасып жатты. Оның қызарған ажарын ұялшақтығына балай бастады. Ал ол өз ісі үшін жанын жегідей жеуде еді. Асығыстықпен жасалған қателіктері мен кемшіліктер – қалған өмірінің басты проблемасына айналып, өмірін қиындататынын ойына алғанда онан сайын өзін сөгумен болды. Алайда, бәрі кеш еді...
Мораль:
Оқырман, сіз бұл оқиғадан қандай ғибрат алдыңыз?! Тағы да бір ой жүгіртуге қалай қарайсыз?
Білесіз бе, біз де – «құрылыс» басшысы саналамыз. Өз өміріміздің негізгі құрушысы әрі Қияметте қолымызға берілетін кітаптың негізгі авторымыз. Ерте ме, кеш пе мәңгілік зейнетке кетеміз. Зейнеткер – ұзақ жылдар бойғы еңбек нәтижесін көруші, істеген ісіне тиісінше ақы алушы емес пе? Ал адам арғы дүниеде де фәниде жасаған жақсылықтарының сауабын алушы, жамандықтарының зиянын татушы...
құлшылығымыз қаншалықты дұрыс әрі қабыл болып жатыр екен? Білімсіздіктен, асығыстықпен қателіктерге ұрынып жатқан жоқпыз ба? Бұл – әрбір мұсылманды мазалайтын сұрақ. Жоғарыдағы құрылыс басшысы секілді шала құлшылықтар жасап, өлімнен кейінгі өмірге «үлкен проблеманы» өз қолымызбен жасап жатсақ нендей өкініш?! «Істеп тапқаны (жақсылығы) оған, ал өзі үшін істеп тапқаны (жамандығы) – оның өзіне қарсы болады». («Бақара» сүресі, 286-аят). Ол күні Алла Тағаланың: «Өткен күндерде істеген амалдарың себепті рахаттана жеңдер әрі ішіңдер!» («Хаққа» сүресі, 24-аят) дегенін есту үшін қандай амалдар жасау керекпіз? Осы туралы бірге ойланып көрейікші....
Адамзаттың алдына қойылған ұлы парыздардың бірі – Жаратушысын тану, тек Алласын таныған адам ғана оның бұйрықтарына бойұсынып, заңымен жүретін болады. Төмендегі ғибратты әңгіме әрбір адамның ойындағы күдік пен күмәнға нүкте қоя алады деп сенеміз.
Күндердің күнінде Құдай жоқ деп таныған атеистердің бірі имам Әбу Ханифаға (р.х) келіп Жаратушы жайлы сөз таластырмаққа бел буады. Оның сондағы қойған бірінші сауалы мынау екен:
- Сенің Раббың қай уақытта, қай жылы пайда болған? Сонда имам:
- Алла уақыт пен заманнан бұрын бар болған. Болуының басы жоқ, - дейді. Атеист:
- Сонда қалай? Мысал келтірші! - дейді. Әбу Ханифа:
- Төрттің алдында не бар? - деп сұрайды. Ол:
- Үш - деп жауап береді. Имам:
- Үштің алдында не бар? - деп сұрайды. Ол:
- Екі - дейді. Имам:
- Олай болса, екінің алдында не бар? - деп сұрайды. Ол:
- Бір - дейді. Имам:
- Ал, бірдің алдында не бар? - деп сұрайды. Ол:
- Ештеңе жоқ - деп жауап береді. Сонда Әбу Ханифа:
- Егер біз білетін қарапайым бірдің алдында ештеңе жоқ болса, әуелден бар, ақиқи жалғыз, дара, бір болған Алла жайлы не ойлай алмақсың?! - дейді.
Атеист сонда да қанағаттанбастан:
- Ал Раббың қай жаққа қарап тұр? - деп сұрайды. Әбу Ханифа:
- Қараңғы жерде жағылған шамның нұры қай тарапқа қарайды? - деп, қарсы сұрақ қояды. Ол:
- Оның нұры барлық жаққа тарайды, - дейді. Сонда имам:
- Бұл адам қолымен жасалған нұрдың жағдайы, ал ешқандай ұқсасы жоқ, бақылауы мен білімі барлық нәрсені қалт жібермей қамтып тұрушы, аспандар мен жердің Нұры болған Алла жайлы не ойлай алмақсың?! - дейді.
Сонда әлгі құдайсыз тағы да өңмеңдеп:
- Онда Раббыңның болмысы жайлы әңгімелеп берші. Ол темір секілді қатты ма? Әлде су секілді сұйық па? Не түтін, ауа секілді газ ба? - дейді. Сонда имам еш саспастан:
- Жан тәсілім етейін деп жатқан адамның қасында болып па едің? - дейді. Ол:
- Иә, болдым, - деп жауап қатады. Имам:
- Ол қайтыс болғаннан кейін сөйлеп, қозғала ала ма? - деп сұрайды. Ол:
- Жоқ, - дейді. Имам оған:
- Неге олай? - дейді. Ол:
- Оның жаны шығып кетеді ғой! - дейді таңдана. Сонда имам осы жерден шап беріп:
- Маған сол шыққан жанды сипаттап берші. Ол темір секілді қатты ма? Әлде су секілді сұйық па? Не түтін, ауа секілді газ ба? - дейді. Атеист:
- Ол жайында еш нәрсе білмеймін, - деген екен. Сонда имам:
- Жаратылған рух жайлы білімің жоқ, Жаратушы Ұлы Алланың заты жайлы қалай сұрап отырсың? Мен оған қалай жауап бермекпін?! - деген ұтқыр жауабын айтады.
Расымен де, көмес пен көрнеуді Білуші, көктер мен жердің Жаратушысы, барлық нәрселердің Раббысы әрі Патшасы болған Алланың заты, болмысы, сипаттары туралы қорытынды шығаруға біздің санамыз жетпейді, алайда, біздің қолымыздан оған алғыс айту, құлшылық ету келеді. Қайырымды құл болуға асығайық!
Ілгеріде өте ақылды әрі дана бір патша өмір сүріпті. Ол ажалы жақындап, өмірден өтетініне көзі жеткен шағында балалары мен уәзірлеріне мынадай үш өсиет қалдырыпты:
1. Мені жерлеуге алып шыққанда денемді қабір басына дейін тек дәрігерлерім ғана көтеріп апарсын;
2. Денемді алып шыққанда мына жатқан жерімнен көріме дейін алтын-күміс теңгелер шашып отырыңдар;
3. Екі қолымды кебіннен шығарып, салбыратып, ашылған күйде қалдырыңдар.
Патша өсиетін мұқият тыңдаған бас уәзір оған барлық өтініштерінің орындалатынын жеткізіп, олардың мәнін түсіндіруін өтінеді. Сонда патша терең күрсініп: «Осы күндері бір нәрсеге көзім толық жетуде. Артымда қалғандарға соны сабақ ретінде қалдырып кеткім келеді!
Бірінші өсиетім - адамға өлім нақты келетін болса, тіпті қасындағы мықты дәрігерлердің өзі одан құтқарып қала алмайтынын әрі өмір мен денсаулық ешбір адамның қолында емес екенін түсіндіру еді.
Екіншісі – мал-дүние жинап шаршаған уақыттарымыз бекерге кет кен екен, сүйіп өткен алтын-күмісімізге дейін артымызда шашылып қалады екен деген шындықты ұғындыру.
Үшіншісі – өмірге келгенде қолымыз бос болып еді, кетіп бара жатканда да дәл солай бос күйі аттанады деген ақиқатты еске салу" деген екен.
Ертеде егіншілікпен айналысатын екі бауыр өмір сүріпті. Үлкені үйленген, балалы-шағалы болса, кішісі жалғызбасты бойдақ екен. Алайда олар соған қарамастан жыл сайынғы егін өнімін өзара тең бөлісіп отырады екен. Күндердің бір күнінде кіші бауыр: «Мен осы не істеп жүрмін? Ағам болса жанұялы, балалары көп. Ал мен жалғызбын. Ішіп-жеміме көп кетпейді. Онымен өнімді бұлайша тең бөліп жүргенім еш әділдікке жатпайды ғой», - деп, сол түні қамбасынан бір қап дән әкеліп, ағасының ұрасына білдірмей төгіп кетеді. Осы әдет бірнеше күнге жалғасады.
Осы күндері ағасы да інісің жайын уайымдап, ойға кетеді. «Мен осы не істеп жүрмін? Менің сүйеу болар әйелім мен жәрдемдесетін балаларым бар. Ал інім жалғыз. Оған болашағын реттеп, жағдайын жасау үшін көбірек өнім керек емес пе?!», - деп, ол да әр түні білдірмей інісінің қамбасына бір қап дәннен таси бастайды.
Осы сарынмен арада біраз уақыт өтеді. Алайда екеуі де қанша күн өтсе де өз ұраларындағы дәннің ортая қоймайтынын байқайды. Сол күні түнде екеуі де өз қамбаларын тексеруге шыққанда кенеттен бір-біріне жолығып қалады. Жағдайды бірден түсінген олар қолдарындағы қаптарын тастай салып, көздеріне жас алған күйі құшақтаса кетеді.
Кеңпейілдік деген – бұл өмірде хош иісті әтірдің ыдысы секілді болу. Ол ішіндегісінің барлығын өзгелерге сыйлап, босап қалған күйде де жағымды иісінен ажырамай тұрады.
Ас үйде тамақ әзірлеумен әбігерге түсіп жатқан анасының жанына ұлы жүгіріп келді. Ештеңе деместен, бір жапырақ қағазды қалтасына салып кетті. Анасы жай ғана жымиды да, қолдарын алжапқышқа сүрте бастады. Бұрыштағы орындыққа отырып, қағазды ашты. Жоғары жағына: «Анасының ұлына қарызы» деп жазылған екен, оның астында мынадай тізім болды:
Ауладағы жапырақтарды тазаладым – 100 теңге
Бөлмемді жинадым – 80 теңге
Дүкенге бардым – 200 теңге
Қоқыс шығардым – 50 теңге
Үй тапсырмасын орындадым – 150 теңге
Көршінің затын апарып бердім – 90 теңге
БАРЛЫҒЫ: 670 теңге
Осы сәтте баласы анасын аңдып отырған болатын. Қағазды оқып болған соң, ақша бере ме деп күтті. Алайда, анасының терең ойға батып кеткенін байқайды.
Ана көп ұзамай қолына қаламсап алды да, парақты теріс айналдырып мынаны жазуға кірісті:
Тоғыз ай бойы барлық ауырлықтарға шыдап, толғақтың қиындығын бастан өткердім: ТЕГІН
Түні бойы жылағаныңда ұйықтамадым, ауырғаныңда дәрігерге апардым, үнемі жаныңда болдым: ТЕГІН
Сені жуындырып, нәжісіңді тазаладым, киімдеріңді үтіктедім: ТЕГІН
Ойыншықтар, тамақ, киім, тіпті мұрныңды сүрткенім де: ТЕГІН
Сені жығылып қала ма деп уайымдаған және әлі де уайымдайтын сәттерім: ТЕГІН
Балапаным, менің саған деген жүрек толы махаббатым да : ТЕГІН
Жазылғандарды оқып біткен баланың жанары жасқа толып, анасына қарады да: «Анашым, мен сені қатты, қатты жақсы көремін!» деп, қапсыра құшақтады. Аз уақыттан кейін, қолына қаламсап алып, былай деп жазып қойды: БАРЛЫҒЫ ТӨЛЕНДІ.
Бір күні есектің қодығы аяқ астынан ауруға шалдығады. Ұзын құлақтары салбырап, жем-судан қалады. Күні бойы басын тұқыртады да, тұнжырап, ақыр соңында жатып қалады. Қодығының жағдайына мазасызданған әке есек қасына келіп не болғанын сұрайды. Баласы: «Бәріне кінәлі адамдар» - дейді басын көтеріп. «Адамдар не істеп қойды?» - дейді әкесі таңдана.
Олар бір ұнамсыз әрекет көрсе бір-біріне: «Есек!» - дейді. Араларындағы ақымақтарын есекке теңейді. Біз ондай емеспіз ғой, әке! Айтыңызшы! Еңбек етеміз, жалықпаймыз. Бізде де түйсік бар, сезім бар. Түсінеміз.
Күтпеген сөздерге әкесі алғашында не дерін білмеді. Сосын қос құлағын оңды-солды қайшылап, аз-кем ойланды да сабырмен жауап бере бастады.
- Қарашы, балам! Оларға Алла Тағалам ақыл беріп, жаратылыстардың ішіндегі ең артығы етіп жаратты. Соған қарамай олар бізден бұрын өздеріне көп зиян тигізуде. Мысалы, сен өміріңде өз бауырының дүниесін ұрлаған есекті көріп пе едің?! Ең құрымаса естіп көріп пе ең?! Есектердің арасында біреудің ақшасын тартып алған, ұрсысып, ренжісіп, бір-бірін ғайбаттаған жағдайларды көзің шалды ма?! Балалары мен әйелін, әке-шешесін ұрып немесе қараусыз тастап кететін есекті көріп пе едің?! Жем-шөп пен жайылым себепті бір-бірінің иелігіне басып кірген есектер жайлы естідің бе?! Өз «қорасын» сатып, өзгенің пайдасы үшін жұмыс жасайтын «сатқын есек» жайлы естіп пе едің?! Арамызда бірлікке сына қағып, «топқа», «ру-тайпаға» бөлетін есектер бар ма?! Үйір айғырын беталды жамандап, бағынбай, еңбегін адал атқармайтын, кержалқау есектер бар ма?! Олардың сөздерін көңіліңе алма! Басыңды көтер, денеңді тік ұста! Қораласымызды өлтірмеу, ештеңесін ұрламау, ғайбаттап өсектемеу біздің артықшылығымыз бен мақтанышымыз емес пе?! – деп сөзін бітірді «үлкен есек».
Әкесінің өткір сөздері бала есекті дүр сілкіндірді. Лезде көңілі көтеріліп, арпаға тәбеті шабады да: «Әке! Онда абыроймен өмір бойы «Есек қодығы!» болып қала беремін!» - деді.
Мен өз түріме қарап, жағдайы менен нашар адам жоқ шығар деп ойлайтынмын. (Себебі ол басынан өзге ешбір жері қозғалмайтын мүгедек болатын). Бір жанашыр ағам маған: «Қаласаң, сенен де қиын жағдайда жатқан бір адамға алып барайын» - деді.
Сөйтсем ол да денесін қозғалта алмайтын, жарымжан жан болып шықты. Оның үстіне есту мен сөйлеуден қалған екен.
Бір күні әлгі кісінің басынан жүректі жылатар оқиға өтіпті. Туыстары халін білуге кірсе киіміне жағылған қанды байқайды. Жүзіне қараса жасы бұрқырап, егіліп жылап жатыр екен. Не болған деп тексеріп қараса, бір қолының қос саусағы ортан белден жоқ! Әлдекім пышақпен шорт кесіп алғандай! Сөйтсе ешкім жоқта тамақ іздеген атжалман екі саусақты кеміріп, бөліп алып кетіпті. Қимылсыз жатқан денені мәйіт секілді көріп, тірі адамды әбден басынған көрінеді. Мүгедек қатты ауырсынып, жаны қиналса да түк істей алмайды. Көмекке шақыруға да қауқарсыз. Қолынан бар келгені көз жасын үнсіз төгу ғана болған екен.
Осы оқиғаны естігеннен кейін көзімді жұмып, кеудемді кере терең дем алдым да: «Аллаға мыңда бір шүкір! Мыңда бір шүкір!» - дедім күбірлеп.
Біз сау денемізбен, балғадай аяқ-қолымызбен не атқарып жүрміз? Құлақпен еркін естіп, дауыстап сөйлей алудың қадірін білдік пе? Бір сәт ойланып көріп, шүкірлік етер нығмет емес пе?!
Бір патша ең жақсы әрі көркем сөз айтқан адамға 400 динар берем деп жарлық шығарыпты. Келесі күні нөкерлерімен сапарға шығады. Жолда жас зәйтүн ағашының шыбығын көшеттеп жатқан тоқсандағы қарияны жолықтырады. Патша оған: «Мына көшетіңіз жеміс бергенше жоқ дегенде жиырма жыл керек. Төріңізден көріңіз жақын қалғанда жемісін көрмейтін іске неге арамтер болып жатырсыз?» - дейді. Сонда қария: «Бұрынғылар еккен ағаштың жемісін біз теріп жеген болатынбыз, енді біз еккен ағаштан кейінгілер жемей ме?!» - дейді. Патша: «Неткен әдемі сөз!» - дейді де, қарияға 400 динар бергізеді. Ақшаны алған қарт күлімсірейді. Сонда патша: «Неге күлдіңіз?» - деп сұрайды. Қария: «Зәйтүн ағашы жиырма жылдан кейін жеміс берсе, менің ағашым қолма-қол жеміс берді!» - дейді. Патша бұл сөзге одан әрі таңғалып, тағы да 400 динар бергізеді. Қария тағы да күлімсірей түседі. Патша себебін сұрағанда: «Зәйтүн ағашы жылына бір-ақ рет жеміс берсе, менікі екі рет жеміс беріп тұр емес пе?» - дейді. Бұл жауапқа қайран қалған патша тағы да 400 динар бергізеді. Сосын атын тебініп, қарияның қасынан жылдам қозғалып кетеді. «Неге асықтыңыз?» - деп таңырқаған уәзіріне: «Мына қарияның қасында тұра берсек, сөздері таусылғанша қазынамызды тауысып бітетін түрі бар» - деген екен.
Осылайша, жақсылық та еш таусылмай, әрдайым өз жемісін үздіксіз бере бермек!
Анасы бөлменің жарығын сөндіріп, кішкентай баласын ұйықтатуға ыңғайланды. Бала бөлме қараңғылығынан қорқып, елегізіп ұйықтай қоймады. Сәлден соң бұлт арасынан жарқ етіп шыққан ай нұры терезе арқылы үй ішінің қараңғылығын сейілте бастады. Бала анасынан: "Бұл не?" - деп сұрады. Анасы: "Ол аспандағы ай ғой" - деп жауап берді. "Ай аспанның шамы ма?" - деп сұрады бала. Анасы: "Иә!" - деді. "Алла Тағала аспанның жарығын өшіріп ұйықтай ма?" - деді бала тағы да. Анасы: "Жоқ! Алла аспанның жарығын сөндірмейді және қорықпа, ол ешуақытта ұйықтамайды, тіпті қалғымайды"- деді.
Анасының сөздері жүрегіне тыныштық ұялатқандай болған бала бәсең дауыспен: "Алла Тағала ұйықтамай, ояу тұратын болса, ештеңеден қорықпай ұйықтай берейік, иә!?" - деді.
Әкесі баласына:
–Балам білесің бе, негізінде Жәннатқа адам тегін кіреді. Ал Тозаққа кіру – ақылы, тіптен, үстеме ақымен деседе болады. Таңғалған баласы:
– Бұл қалай, әке?
– Иә балам, Тозақ оты тегін емес. Мәселен, кім құмар ойнаса төлейді, арақ ішсе төлейді. Зина да тегін емес, насыбай да теңге тұрады, түнгі клубтарда қыдырсаң да төлейсің. Ал Жәннат – тегін. Намаз оқу – тегін, ораза – тегін, Алланы зікір ету – тегін. Алладан қорқып, харамға көз салмау – тегін, тіптен мешітке кіру де – тегін. Ендеше тегін Жәннат тұрғанда, неге Тозаққа төлеп кіреміз?
Ел таныған ғұламаға бір кісі келіп: «Сіз бір шәкіртіңіздің не деп жүргенін білесіз бе?" - дейді. Сонда ғұлама: "Біреудің айтқан сөзін жеткізбес бұрын оны мынадай үш қабат сүзгіден өткізіп алғаның жөн: Алғашқысы - шындық. Соған салар болсақ, айтпақ сөзіңнің рас екеніне көзің толық жете ме?» - дейді.
Әлгі кісі: «Шынымды айтсам, өз аузынан естімедім» - дейді.
- Онда екінші сүзгіден өткізейік. Ол - жақсы сөз деп аталады. Айтатын хабарың жақсы сөз бе еді? - деп сұрайды.
Ол кісі: «Жоқ, керісінше болатын» - дейді күмілжіп.
- Онда үшінші сүзгіден өткізіп көрелік. Мүмкін бұл сынақтан өтерсің!? Ол - пайдалылық деп аталады. Ал енді мына хабарыңның маған қаншалықты пайдасы бар? - деп сұрайды.
Әлгі кісі қатты қысылып: «Пайда бермейтін әңгіме еді» - дейді жерге қараған күйі.
Сонда ғұлама: «Өзі сенімсіз болса, әрі жағымсыз әңгіме болып, маған түк пайда келтірмесе оны маған қай жақсылық ойлап жеткізгің келді?!» - деген екен.
Бұл бәрімізге керек сүзгі екен!!!
Бір күні мешітке бір кісі намаз оқуға кіреді. Үстінен жұпар иіс шығып, әдеміленгені көрініп тұр. Екі ракағат намазын оқуға кірісіп, алдыңғы қатарға тұрады. Сонда артқы жақтан:
- Мынау әлгі бұзақы емес пе? Намаз оқып қапты ғой өзі, - десе, енді біреуі:
- Қайбір намаз оқып жатыр дейсің, ел көрсін деп, елдің көзіне жағымпазданып оқып жатқаны да, - деген ойды айтады.
Намазын ұзартып, барынша байыппен оқуға тырысып, күнәларына кешірім сұрап жатқаны көрнеді, сәждеде біраз уақыт болады. Әлгі арттағылардан тағы да:
- Мынаның сәждеде көп жатуын қарашы, - дейді. Парыз намазға қамат айтыла бастаса да әлгі жігіт сәждеден тұрмайды. Жамағаттың ішінен бір кісі келіп:
- Тұрсаңшы енді, намаз басталды, бұлай өтірік намаз оқыма!, – деп қолынан ұстап тұрғызса, бұл жігіт сәждеде жатып жан тапсырған екен.
Иә, адам туралы асығыс шешім шығару дұрыс емес, әрине. Адамның соңғы амалы фәниде қалай өмір сүргендігінің белгісі, Ақыретегі жағдайының көрінісі. Сол үшін үнемі: «Я, Алла, амалдарымыздың соңын қайырлы ет!», - деп дұға етейік!
Адамда ақыл бар, ал ақыл бар жерде сауалға да, күдікке де орын табылады. Әсіресе, жаратылыс, оның Жаратушысы туралы ой жүгірткенде санамызды тұманды пікірлер билеп алады. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз де осы қатардағы пенделер еді. Алайда, олар өз күмәндарынан айықты.
Кім білсін, сіздің көкейіңізде де осы сұрақтар бар шығар, ә?
«Бірде үш адам әйгілі ғұламаға келіп жүгінеді. Біріншісі: «Сендер, мұсылмандар, шайтанды оттан жаралған, ақыретте тозақта азапталады. Ал тозақ – Алла жаратқан ең жойқын от дейсіңдер. Сонда оттан жаралған шайтан қалай отқа жанбақшы?» деп сұрады.
Екіншісі араға уақыт салмастан былай деді: «Мен көзіммен көрген нәрсеге ғана сенемін, ал көрінбейтінге мүлде сенбеймін». Осылайша ешқашан көрмегендіктен, Аллаға сенбейтіндігін жеткізеді.
Имам үнсіз тыңдады да, үшіншіге қарады. Ол: «Сендер адамның барлық әрекеті – Алладан деп айтасыңдар. Мен бұл сөзге иланбаймын, себебі, мен кез келген әрекетімді өзім жасаймын» деді.
Үш сұрақты мұқият тыңдаған ғұлама жерден бір уыс топырақ алды да, үшеуінің көзіне шашып жіберді. Олардың жан дауыстары шығып, көздерін ұстаумен болды. Ал имам жай ғана: «Міне, бұл сендердің сұрақтарыңа жауап болды» деген екен.
Бұл әрекеттің байыбына бара алмаған үшеу ғұламадан түсінік сұрайды.
Біріншіге қарап:
– Сен менен оттан жаралған қалайша отқа жанады деп сұрадың. Адамның топырақтан жаралғаны баршаға мәлім. Солай бола тұра, сен көзіңе түскен топырақтан зардап шектің.
Екіншіге бұрылып:
– Сен өзің көретін нәрсеге ғана сенетініңді мәлімдедің. Топырақ сенің көзіңе түскенде, ауруды сездің, олай болса, ауру деген нәрсенің бар екендігіне сенесің. Алла да бар, бірақ сен оны көре алмайсың.
Үшіншіге:
– Сен өз әрекеттеріңнің иесі екендігіңді айттың. Олай болса, неге бұл ауруды қайтаратын, ауырсынуды басатын әрекет жасай алмадың?,-деген екен.
Осыдан кейін үшеуінің де күдіктері сейіліп, Аллаға құлшылық етуге кіріседі.
Мешітті тек бай адамдар салуы тиіс, солар ғана сала алады деп ойлайтындар үшін ғибратты әңгіме.
Түрік елінде бір кедей әрі иманды кісі өмір сүріпті. Оның мешіт салдырсам ғой деген арманы болады. Алайда, кертартпа кедейлігі оған мүмкіндік туғызбай жүреді. Күндердің күнінде кедей ақша жинаймын деген ойға келеді. Үйіндегі жалғыз сандығына тапқан табысының тұрмысынан артылғанын салып, жинай бастайды. Жақсы тамақ, жаңа киім алғысы келген кезде де, тіпті исі мұрын жаратын тағам жасайтын дәмханалардың қасынан өтіп бара жатқанда өзінің нәпсісін тежеп, "Ішпесем де ішкендей, кимесем де кигендеймін" дейді екен. Жылдар жылжып, жаңағы кісі қартайған кезінде сандығы толып, Алланың қалауымен мешіт тұрғызады. Алланың разылығын іздеп, ізгілікті армандаған жан мешітке қандай ат қойды деп ойлайсыздар? Нәпсісін тыйып, аузынан жырып жинаған ақшасына салған мешітті "Ішпесемде ішкендеймін" деп атайды. Бүгінде ол мешітке бірнеше мыңдаған адам келіп құлшылық жасауда...
PS: Міне, көрдіңізбе? Алланың разылығын іздесеңіз, ниетіңіз түзу болса, сіз бағындырмайтын белес жоқ! Шал ақынша «Ақыл - қойшы, иман - қой, нәпсі - бөрі, бөріге қой алдырмас ердің ері» дегендей, нәпсінің жетегінде жүрмей, құрдымға итермелейтін құмарлығымызды құрықтап, мұсылман қауым арасында нағыз ер болуымыз ләзім. Бүгіннен бастап бір ыдыс алыңыз да, Алланың разылығы үшін "донер, кәуәп, тәтті" нәрселерге бөлген ақшаңызды салып отырыңыз. Және оны қысылып тұрсаңыз да алмаңыз. Бір ай осылай жинаңыз да, мешіттің құрылысына өткізіңіз. Бір кірпішін қалауға себепкер болсаңыз да, әйтеуір Ақыретке қамданыңыз. Хадиске сай сүннетке амал етіп, сауап жинауда өзара жарысайық. Ендеше, іске сәт бауырлар!
Орта ғасырда Мысыр шаhарында бір тақуа момын өмір сүріпті. Көп амалымен, тақуалығы, адалығымен бүкіл Мысыр шаhaрына танымал болыпты. Бірде әлгі тақуа намазына асығып мешітке келе жатады. Жол бойында отырған адамдардың бірі:
– Осы тақуаны бүкіл шаhaр әсірелеп мақтайды, тегінде дүниеге қызықпайды,қашан қарасаң мешітке асығып бара жатқанын көресің. Бұл дүниеге қызыға ма екен, осы шарап, ақша мен кәнизактар осы тақуаның ойына келер ме екен,-деді. Келесісі:
– Дүниеге, сұлу қызға қызықпас жан болушы ма еді, қызығады ғой,- деп іліп әкетті. Тағы бірі:
– Жоқ, бұл адам Аллаға шын берілген, дүниеге қызығуы мүмкін емес,- деген пікір айтады. Осылайша әлгі адамдар дауласып кетеді.
Сонда бірі:
– Келіндер бәстесейік, мен шаhарда бір айлакер әйелді танимын, ол әйелдің сұлулығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын, қараған жан есінен адасады және айлакерлігінде шек жоқ, ешқандай еркек оның құрығынан құтылған емес. Сол әйелге мың динар жинап апарып берсек мына тақуаны да құрығына түсіреді,-де дейді.
Отырғандар бірауыздан келісіп, ақшаны алып әйелге келеді. Келген мақсаттарын айтып әйелдің қолына мың динар ұстатады. Әлгі әйел күліп :
– Бар болғаны осы ма бес жүз динар да жетер еді, менің бір жымиғанымнан ешқандай еркек атаулы құтылған емес, сол да сөз болыпты ма?-деп үстіне ең әдемі киімін киіп, иіс суын сеуіп мешіт алдына барып тақуаның келуін күтіп тұрды. Тақуа мешітке жақындағанда әйел алдынан шығып:
– Әй , пәленше сенімен сөйлесе аламын ба?- деп, әлгі кісіні өзіне қаратып, бар білетін әдемі сөздерін айтып, алдап-арбай бастайды. Тақуа әйелдің бетіне қарап тұрып, аздан кейін еңкілдеп жылайды. Таң қалған әйел бұның себебін сұрайды. Ол кісі әйелге қарап:
– Осындай сұлулықтың ертең Тозақта қалай жанатынын ойлап жылап тұрмын,-депті.
Бұл жағдайдың әйелге әсер еткені соншалықты сол жерде тәубесіне келіп, кейіннен сол шаhардың ең тақуа әйелдердің біріне айналыпты.
Баяғыда ит пен мысықтай арбасқан ене мен келін бір үйде тұрады екен. Бір-бірін көргенде кірпідей жиырылып, түрпідей тиіседі екен. Келіннің берген асы мен сөйлеген сөзін былай қойғанда отырып-тұрғаны да кемпірдің жүйкесіне әбден тиіп болыпты. Отырса – опақ, тұрса – сопақ. Қысқасы, кең дүние тарының қауызындай тарылып, қажаса-қажаса екеуі де титықтап, тығырыққа тіреліпті. Күндердің күнінде құлағының құртын терген енесінен жауыр аттай қажыған келіннің ойына жамандық түсіпті. Күншілік жердегі елге танымал бір емшіге барып, кемпірден көрген қорлығын көз жасын сарқып отырып айтып, кемпірді өлтіретін дәрі жасап беруін өтініпті.
Көпті көрген қарт емші келіншекке бір құты дәрі жасап беріпті де, мынадай кеңес айтыпты: «Бірден өліп қалса бала-шағасы, туыс-туғандары сенен көрері анық. Сондықтан, бұл дәріні күнде аздап беріп отырасың. Үш ай өткенде кемпірдің шаруасы бітеді. Қатаң ескертер бір жайт – ол кісіге бұрынғыдай сөз қайтарма, не десе де «сіздікі жөн» дей бер. Дәрінің өнімі сонда жақсы болады, ашуланса дәрінің қуаты әлсірей береді. Енді онсыз да үш ай ғана ғұмыры қалды ғой» – дейді. Келіншек үйге келіп, емшінің айтқанын айнытпай істеуге кіріседі. Алғашында біраз қиналады. Кемпірдің ерні қыбырлай бастаса, келіннің де тілі жыбырлай бастайды. Көкірегінен лап етіп көтерілген қызыл жалын жұтқыншағына келгенде, емшінің айтқан сөзі есіне түсіп, қылғынып тұрып қалады. «Сөйлеп қал қақбас, үш ай ғана ғұмырың қалды ғой» деп іштен тынады. Солай да солай апта өтеді, ай өтеді. Кемпір болса аң-таң. Баяғыдай арсылдап тұрған келін жоқ, «әй, әкел ананы… тарт мынаны!» деп қолды бір сілтесе болғаны, келін байғұс жерге салмақ түсірмей желеді. Қимылы да, сөзі де мамықтай. «Міне, апа… тағы не керек?.. Айтқаныңыз болсын...» деп қиылып тұрғаны. Сөйтіп жүріп өзі де сөз қайтармағанға үйреніп, бұрынғыдай емес бойы кеңіп қалғандай күй кешеді. Енді кемпір отырып ап ал ойлансын. «Мына сорлыға неге ұрса берем? Сонша не жазып еді?..» деп, өзін кінәлай бастайды. Дауысы бәсеңдеп, сөзі де жұмсара бастайды. Бұрынғы әдетінше қатқыл бастап қалған кей сөздерінің аяғын міңгірлеп өзі бәсейтеді.
Бір күні кемпір келінін еркелете шақырып алады да, аузында өмірбақи баданадай қара құлып тұратын сандығын ақтарып: «Мынау білезік, мынау жүзік..., бәрі сенікі, мен оны көрге алып кетеді ғой дейсің бе, тағып ал, көркейіп жүр қарғам…» деп, елжірейді.
Міне қызық, енесінің қылығына көңілі бордай босап қоя берген келіншек ауызғы бөлмеге атып шығып, қос білегін тізесіне қойып отыра кетеді. «Қайран енем-ай, өлеріңді білгенің бе, бұл не еткенің, қадіріңді ғұмырыңның соңында бірақ білдім-ау… бір-ақ ай қалғанда, бір-ақ ай…» деп бетін басып ағыл-тегіл жылайды. Содан кейін өкпесін қолына алып, өткендегі емшіге жүгіреді. Өзінің оңбай қателескенін айтып: «әлгі ішіртікіңіздің күшін қайтарып, енемді аман қалып қалатын дәрі жасап беріңізші…» деп, жылап-еңіреп, етегіне оралады.Тартысы мол өмірде талай көйлек тоздырған әлгі емші келіншікті шынтағынан сүйеп орындыққа отырғызып қойып, былай дейді: «Мен берген дәрі кәдімгі су болатын, адамға ешқандай зияны жоқ, менің мақсатым орындалды, енең Алланың берген жасын жасайды, әзір өлмейді, бара ғой…» депті. Есі шыға қуанған келіншек бал-бұл жанып үйіне қарай асығыпты.
Бірінші сыныпта оқитын бала әлем картасын қызықтап қарап отырды. Ондағы ірілеу әріптермен жазылған мемлекеттер мен жер-су аттарын ежіктеп оқи бастады. Бір кезде "Өлі теңіз" деген жазуды көзі шалды. «Ө-лі те-ңіз» деп буынға бөліп-бөліп оқыды да, сосын "Өлі теңіз?" деп таңдана қайта қайталады. Сосын дереу қасында отырған әкесіне: "Әке, Өлі теңіз қалай өлген? Оны кім өлтірген?" - деп сұрақ қойды. Әкесі баласының сөзіне мейірлене жымиды. Сосын: "Өлі теңіз жердің ең төменгі жерінде орналасқан. Барлық қар, жаңбыр сулары, өзендер оған келіп құйылады. Одан ешқандай өзен ағып шыға алмайды. Суын ешкімге бермейді. Сол себептен суы әбден тұзданып ішіндегі тірі нәрсенің барлығын өлтіріп тынған. Онда балық та, балдыр да өмір сүре алмайды, суын адам да іше алмайды. Ол өзі алуды біледі де, беруді білмейді. Сондықтан оны өлтірген ешкім де емес, өзінің өзімшілдігі мен сараңдығы" - деп жауап берді.
Кішкентай бала ас үйде, жақсы көретін «пирогын» дайындап жатқан анасының қасында отыр. Ерігіп үстел үстіндегі заттарды ауызға салып, дәмін көре бастады. Алдымен ұннан бастады. Жаратпады. Ашытқыны (дрожь) көріп еді, дәмі денесін түршіктіріп жіберді. Сосын анасына:
–Анашым! Пирогымыз бұрынғыдай тәтті болмайтын сияқты. Мына нәрселердің бәрі ащы екен? - үстелдің үстін нұсқап. Анасы:
–Алдымен пирогты дайындайық, сосын жауабын өзің бересің, - дейді. Аздан соң тағам дайын болды. Ауыз тиген бала пирогтың әдеттегідей дәмді екенін байқады. Анасы баласына пирогтың ұнағанын байқап:
– Иә, жағымсыз нәрселердің басын ептілікпен қоса білсең, ұнамды нәрсе дүниеге келуі мүмкін, - дейді.
Дәл сол секілді біздің өміріміз де ащы-тұщы, қатты-жұмсақ, қышқыл, дәмді нәрселерден тұрып, бақытты-бақытсыз кездерден құралады. Алайда барлығы бірлесіп жақсылық үшін жұмыс жасайды. Біз үшін ауыр әрі қайғылы көрінген істер тұлғалық сипаттарымызды қалыптастырып, өзгенің қайғысын түсінуге жәрдемдеседі.
Алыс бір елде әділ қазы өмір сүріпті. Бір күні сот мәжілісінде алдына күлше ұрлаған кедей келтіріледі. Байғұс кінәсын мойындап: «Аштан өліп бара жатқаннан кейін амалсыз ұрладым» - дейді мойны салбырап. Қазы: «Ұрлыққа барып, қылмыс жасағаның үшін бәрібір саған үкім шығаруым керек» - дейді де: «Жағдайыңа байланысты саған 10 дирхам айыппұл салынады. Алайда айыппұлды төлей алмайтының себепті айппұлды сенің атыңнан мен төлеймін» - дейді. Жиналған қауым таңданыс толы жанарлармен қазыға көз тігеді. Қазы шынымен-ақ қалтасынан 10 дирхам шығарып, қазынаға өткізуге бұйырады. Сосын көпшілікке бұрылып: «Арамызда аштықтан нан ұрлауға мәжбүр болған адам жүргендіктен осы отырған әрқайсысыңызға 10 дирхамнан айыппұл салынады» - дейді.
Лезде мәжілістен 450 дирхам жиналады. Қазы ақшаны әлгі кедейге береді.
Қарапайым диханшы жыл сайын күзге салым болатын «жүгері конкурсына» қатысып, ылғи да бас жүлдені жеңіп алатын. Кезекті жеңісінен соң алған олжасын қолтығына қыстырып есікке беттегенде алдын бір жас журналист кес-кестеді.
- Кешіріңіз! Сіз өз жүгеріңіздің жақсы тұқымдарын көршілеріңізбен бөліседі екенсіз. Бұның сыры неде? Олар сіздің бәсекелестеріңіз емес пе?, - дейді бірден сұраққа көшіп.
Сонда дихан: «Сіз егін ұрықтанатын уақытта жел оның тозаңдарын алып, бір алқаптан екінші алқапқа ұшырып апаратынын білмейтін бе едіңіз? Егер менің көршілерім нашар дән егетін болса, оның әсері менің жүгеріме де тиетін еді ғой! Сол себептен, жақсы өнім алу үшін көршілеріме ең жақсы тұқым беремін», - дейді.
Қарапайым диханшы қарақан басын ғана ойламай, қасындағыларға да қайырымдылық жасау – өзін жетістікке де, жеңіске де жеткізетінін қалай білген десеңізші!?
Ерлі-зайыпты бір кісілер жаңа пәтерге қоныс аударады. Келесі күні таңертең таңғы асты ішіп отырғанда әйелі терезені нұсқап: «Қымбаттым! Көрші әйелдің жуып жайған киімдеріне қарашы. Кірі ашылмаған, нашар жуылыпты. Шамасы арзан ұнтақ пайдалатын болса керек», - дейді. Әйелі көршінің керілген арқанына жайылған кір киімдерді күн сайын бақылап жүреді. Бір күні таңертең байқаса көршінің киімдері тап-таза! Таңданысын жасыра алмай жаңалықты күйеуіне асыға хабарлайды. Шамасы көршінің әйелі кір жууды үйренген секілді, дейді. Сонда жолдасы: «Мен бүгін сәл ертерек тұрып көптен бері тазаланбаған терезені сүртіп қойғанмын», -дейді байсалды қалпын бұзбай.
Осылайша өз бойына қате түсініктерді байқамай қалыптастырып алатын адамдар да бар. Негізі адам өзгелердің іс-әрекеттеріне әділ баға беруі үшін өзінің көңіл терезесін таза ұстау қажет. Әйтпесе шындықты шынайы бейнесінде көре алмай қателеседі.
Бір жігіт әйелін сыйлық дүкеніне алып кірді. Сосын әйеліне: "Маған анама деп бір жақсы сыйлық таңдап берші" - деді. Әйелінің қызғанышы оянып, дүкендегі ең арзан дүниені таңдайды. Күйеуі оның сыртын әдемілеп қаптатып үйіне алып кетеді. Кешке сол сыйлықты әйеліне ұсынады. Сонда күйеуі таңданған әйеліне: "Өзгеге нені қаласаң, өзің үшін солай таңдау жасағаныңды қаладым" - деген екен. Әйел өкініште қалады. Себебі ол өзге үшін, өзіне қалағандай таңдау жасаса, сыйлығы әдемірек болар еді. Сол себептен адамдар ниеттеріне қарай ризықтандырылады.
Бірде 7 жасар Мәриям анасымен Құран жаттап отырады. Кітапқа қарап, аятты қайталатып отырған анасы басын көтеріп қалса, қызының жанарынан моншақ-моншақ жастар тамып отыр екен. Бірден уайымға түскен ана: "Қызым, не болды? деп сұрады.
Сондағы Мәриямның берген жауабы: "Анашым,"Құран оқығанда жылаңдар, егер жылай алмасаңдар, жылай алмағандықтарың үшін жылаңдар" деген ғой. Мен Алланың сөзін оқып, жылай алмадым, сондықтан жылай алмағаным үшін жылап отырмын" деген екен.
Бiр жiгiт жұмысынан кеш шығып, үйiне асығып келе жатқанда, алдынан бiрнеше бұзақы тап болады. Әлгілердің жанынан өте бергенде, ішінен атаман біреуі шығып, бүйiрiне пышақ тақап тұрып:
-Қалтаңда не бар, барлығын шығар, - дейдi. Сонда жiгiт аспай-саспай оған:
-Дос, иә бiлемін, шығармасам оңбай таяқ жеймiн, бәлкiм жараланып, тіпті осы жерде жан тапсыратын да шығармын. Бiрақ, саған үш қана сұрақ қояйыншы. Егер жауабыңа риза болатын болсам, қалтамдағы "айфоным" мен ақшаға толы әмиянымды да еш өкiнбестен саған сыйлаймын, бауырым, - дейді. Бұндай сөзді күтпеген күтпеген бұзақылардың атаманы:
-Қой сұрағыңды, - дейдi таңырқай.
-Шыныңды айтшы, жiгiтсiң бе?
- Иә, жiгiтпiн.
-Қазақсың ба?
-Әрине, қазақпын.
-Мұсылмансың ба?
-Иә, мұсылманмын, - деп жауап бередi. Сонда батыр сымақ жiгiтке тапқырлықпен:
-Егер жiгiт болсаң, әлсiздерге көмектесiп, бұзақылармен неге алыспайсың? Топ құрып, жалғыз-жарым жүргендерді түндегенің жiгiттiкке жатады ма? Қазақпын дедің. Ендеше өз бауырыңа зұлымдық еткенің қалай? Қазағыңды тонап күн көрiп, қазақпын деуге ұялмайсың ба? Мұсылманмын дейсiң, онда мұсылманға тән сипатың қане? Өз бауырыңа қауіп төндіріп, ұрлық-тонаумен күн көру, біреудің денсаулығына зиян келтiру мұсылмандыққа жата ма? Мен де өзің сияқты адаммын ғой, - деп қатты ашумен дауыс көтерiп жiбередi. Сол кезде бұзақылар тым-тырыс болып қалады. Жiгiттерде үн жоқ... Бүйiрде тақалып тұрған пышақ «тырс» етіп жерге түседі... Сүйектен өткен бұл өткір сөздер бұзық жігіттің көзіне жас салады да, сол жерде бауырын құшақтап, "кешiршi, кешірші бауырым" - деп жылап жібереді. «Қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіреді» демекші, айналасындағы топ боп жиналған жігіттердің бәрі осы сөзден ке йін сөзге сынып, әлгі жігітті кезек-кезек кеп құшақтай берді.
Дана қарт өзен жағасында отырған еді. Айналасын қоршаған әсем дүниеге ойлы көзбен қарап отыр. Әлденені күбірлеп, сөйлеп қояды. Кенет, суға құлап түскен шаянды көзі шалды. Ол суға батпауға тырысып, жанын сақтауға жанталасып жатыр екен. Қария оны құтқармақшы болып, қолын созып еді оңдырмай шағып алды. Ол ауырсына айқайлап қолын тартып алды. Аздан соң қолын қайта созды. Шаян тағы да шақты. Ол қолын екінші рет тартып алды да, қиналып айқайлап жіберді. Соған қарамай сәлден кейін құтқармақ болып қолын үшінші рет созды.
Тура сол кезде жағалауда бір кісі отырған-ды. Ол осы көріністі манадан бері бақылап тұрған болатын. Ақыры шыдамай: «Ақсақал-ау! Қатарынан екі рет оңбай шағылдыңыз ғой! Соған қарамай тағы да құтқарғыңыз келіп жатыр ма?!», - деп дауыстайды.
Қария оның сөзіне көңіл аудармады. Шаянның үздіксіз айбат шеккеніне қарамастан ақыры оны құрғаққа алып шықты. Сосын әлгі кісіге қарай аяңдады. Қасына жақындап келді де: «Өзгелерді шағу шаянның табиғатынан, ал басқаларға мейірімді болып, үнемі жақсылық жасау менің табиғатымнан. Оның табиғи болмысы менің болмысымнан үстем болғанын қаламадым», - деген екен.
Адамдармен қарым-қатынаста жақсы сипаттарыңды барынша әдемі пайдалан. Іс-әрекеттері қанша жерден жаныңды жарақаттап, жүрегіңді ауыртса да таспен ұрғанды аспен ұр. Бұл жолда өзгелердің «жанашырлығы» жақсылығыңа кедергі болмасын.
Бірде бір шәкірт ұстазымен егін алқабын аралап келе жатады. Кенет жол шетінде жатқан тозығы жеткен бір аяқ киімге көздері түседі. Шәкірт ұстазына:
- Шамасы, мынау егінші шаруаның аяқ киімі сияқты. Тығып қойсақ қайтеді. Сосын бір жерге жасырынып қалай абдырап сасқанын қызықтайық, - дейді. Сонда ақылды ұстазы:
- Кедейлерді әбігерге салуды қызық көріп, олардың есебінен көңіл көтергеніміз адамдыққа жатпайды. Өзіңе бақыт пен шаттық сыйлағың келе ме? Онда оны мазаққа айналдырмай керісінше аяқ киіміне ақша салып қояйық. Сосын не қызық болатынын тамашалайық, - дейді. Ұстазының ұсынысы бірден көңіліне қонған шәкірт айтқанын орындайды. Сосын екеуі жақын тұрған ағаштың артынан барып жасырынады.
Сәлден соң жүзі күн көзіне әбден тотыққан, жұпыны киімді бір шаруа келеді. Аяғын аяқ киіміне сұққаны сол еді, ішіндегі затты сезіп дереу қайта суырып алады. Қолымен алып еді, ақша екен. Екінші сыңарынан де сондай ақша шықты. Ақшаға бір, жан-жағына бір қарап, таң-тамаша болып біраз тұрды. Көз жетер жерде ешкім байқалмады. Ақшаны қалтасына салды да екі тізесін жерге тигізе жүгініп отыра кетті. Жүзін аспанға көтеріп жасаураған күйі дауыстап сөйлей бастады: «Я, Раббым! Сен менің хәлімді өзімнен артық Білушісің. Әйелімнің ауру екенінен, балаларымның аш-жалаңаш екенінінен хабардар болдың. Бәрімізді басқа түскен нәубеттен құтқардың. Шүкір, шүкір», - деп ұзақ уақыт жасын төккен күйі Жаратушысына алғыс айтып, шүкірлігін білдіріп отырды.
Манадан бері одан көз жазбай қарап отырған шәкірт қос жанары жасқа толып, қатты әсерге бөленді. Шәкіртінің бойындағы өзгерісті байқап отырған ұстазы:
- Қазір бұрынғы хәліңнен бақыттырақ екеніңді сезіп отырған сияқтысың. Алғашқы ойыңыңды іске асырғанда қандай күйде болар едің?! – дейді. Шәкірті:
- Иә, ұстаз! Өмір бойы ұмытпастай дәріс алдым. Сізге алғысым шексіз! «Берген кездегі қуаныш алған кездегі қуаныштан көп артық болады» деген сөздің мағынасын енді түсіндім – дейді.
Екі дос сахарада сапар шегіп келе жатып әлденеге келісе алмай, ерегісіп қалады. Бірі ашуланып екіншісінің бетінен ұрып жібереді. Досының соққысы жанына батса да ол жақ ашпайды. Бірақ, құм бетіне: «Бүгін менің жан досым бетімнен ұрды» - деп жазады. Содан соң сапарларын ары қарай жалғастырады. Көп ұзамай алдарынан үлкен көл кездеседі. Екеуі суға түсіп, салқындап алуға бекінеді. Суға түскені сол-ақ екен таяқ жеген жігіттің аяғына балдыр оратылып, тұншыға бастайды. Серігі жалма-жан көмекке ұмтылып, өлім қатерінен оны құтқарып қалады. Бір ажалдан аман қалған жігіт өз-өзіне келгесін орнынан тұрып, тасқа ойып мынадай сөздер жазады: «Бүгін менің жан досым өмірімді сақтап қалды». Жолдасының ісіне аздап таңырқаған досы: «Алғашқы ісімді құмға жазып едің, соңғысын тасқа жазып жатырсың. Мұның мәнісін түсіндірші!» - деп сұрайды. Сонда: «Бізге біреу зиян тигізсе істеген ісін құмға жазуымыз керек. Кешірім желі суырып, оны өшіріп жіберуге жеңіл болады. Ал біреу бізге жақсылық жасаса оны тасқа жазғанымыз ләзім. Қандай дауыл, борандар болса да, оны ешқашан өшіре алмайды» - деген екен ақылды дос.