Руханият 2020-04-19 (0) (1543)

ҒАЛЫМДАР ОРАЗА ИММУНИТЕТТІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРЕТІНІН ДӘЛЕЛДЕДІ

ҒАЛЫМДАР ОРАЗА ИММУНИТЕТТІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРЕТІНІН ДӘЛЕЛДЕДІ

Әсіресе, соңғы кездері иммунитет туралы жиі ойлап жүрсіз, солай ма?

Иә, ол өте дұрыс. Себебі, кез келген ауруға төтеп беретін ең бірінші қару - ол антибиотик емес, адамның өз иммунитеті. Иммунитеті мықты адам кез келген вирусқа қарсы тұра алады, соның арқасында ауруды жеңіп шығады. Ешқандай заманауи техника, дамыған дәрі-дәрмек ең алдымен Құдай жаратқан осы "иммунитет" атты таңғажайып нәрсені аттап өтіп, оның алдына шыға алмайды екен.

Осы ретте сіз  "Ораза иммунитетті төмендетеді. Сондықтан биыл ораза ұстауға болмайды" деген секілді пікірлерді естіп қалып жүрген жоқсыз ба?
Иә, көп болмаса да ел арасында бірен-сараң осындай пікірлер бар екен.
Сондықтан біз бұл ақпараттың қаншалықты рас-өтірігін білу мақсатында бірнеше ғылыми тұжырымдамаларды ақтарып, ізденіп көрдік.
Бүгін сіздерге орыс тіліндегі бірқатар ғылыми материалдардың қазақша аудармасын әрі ықшамдалған үлгісін ұсынамыз:

 "ОРАЗА - ИММУНДЫҚ ЖҮЙЕНІ ЖАҢАРТАДЫ"

Бұл деректі Оңтүстік Калифорния университетінің ғалымдары келтірді. Олардың зерттеуінше, ораза жас адам түгілі, қарт адамдардың да иммундық жүйесін қалпына келтіреді екен. "Ол ағза жасушаларына жаңа ақ қан клеткаларын шығара бастайды. Ал ақ қан клеткаларының негізгі қызметі - инфекциямен күресу екені белгілі. Ораза кезінде ағзадағы лейкоциттер, яғни ақ қан түйіршіктері жаңарады. Сондықтан да кейбір дәрігерлер химиотерапия қабылдаған адамға ораза ұстауға кеңес береді", - дейді геронтология және биология ғылымдарының докторы, профессор Вальтер Лонго.
"Ораза кезінде адам жаңадан энергия, күш-қуат жинайды. Себебі, бұған дейінгі зақымданған, қажетсіз клеткалар қайтадан қалпына келеді", - дейді ғалым.
(Дереккөз: Daily Health Post)

Иә, нақты ғылыми деректерге жүгінсек, ораза ұстаған адам алдағы бір жылына жететін заряд, яғни қарқын алады екен. Сонымен қатар ораза қанның құрамындағы қанттың құрамын ретке келтіріп, диабет ауруына ұшыраудың алдын алады. Тіпті ерте қартаюды да болдырмайды деген дәлелдер бар. 
Ораза кезінде адам тамақ пен сусыннан белгілі бір уақытқа дейін бас тартады. Соның нәтижесінде сырттан тамақ келмегендіктен, ішкі ресурстар жұмылдырылып, іштегі артық майдың қоры азаяды.

 "ОРАЗА - АҒЗАНЫ АРТЫҚ ТОКСИННЕН ТАЗАЛАЙДЫ, МИКРОБ ПЕН АУРУЛАРДЫ ЖОЯДЫ"

Осы ретте "Неге кейбір ораза ұстаған адамдар алғашқы күндері әлсіздікті сезініп, басы айналып, көзі қарауытып жатады?" деген сұрақ туады.
Біз көбіне мұны қарапайым логикаға салып, тамақ бармаған соң иммунитет әлсіреп кеткендіктен шығар деп ойлаймыз. Алайда олай емес екен
Кембридж ауруханасында анестезия және қарқынды терапия бойынша кеңесші болып қызмет атқаратын доктор Разин Маруф:
"Ораза кезінде ағзадағы артық токсиндер, артық май жойылады. Ішекке жиналған вирустар, әртүрлі микробтар өзін-өзі жеуі арқылы жойыла бастайды. Ағза толығымен өзін-өзі тазалау процесіне көшеді. Майлар ыдырайды, әсіресе, тоқ ішек, бауыр, бүйрек, өкпе, лимфа бездері мен тері токсиндерден тазарады. Міне, осының салдарынан адамда алғашқы күндері әлсіздік болады", - дейді.

Медициналық зерттеулер кейбір патологиялық аурулардан, өз бетімен пайда болған ісіктен ораза арқылы арылуға болатынын көрсетті. Ораза кезінде ағзадағы ауру өзін-өзі "тамақтандырады", өзін-өзі "жейді", өзін-өзі "сорады",  соның арқасында жарылады не мүлде өзгеріп, сыртқа шығып кетеді.
Міне, сондықтан да кей ғалымдар өздерінің де жиі ораза ұстап тұратынын және жақындарына да түсіндіріп келе жатқанын айтады.

Әрине оразаның бұдан өзге де көптеген пайдалы жақтары бар. Ораза кейбір қабынған ауруларды кетіреді және аллергияны азайтады. Артрит, псориаз секілді ауруларды жояды.
Оразаның ішек жарасы ауруын да кетіретіні дәлелденген.
Ораза адамның терісін тазартады. 
Егер адамның қан қысымы жоғары болса, оразадан кейін ол қалыпты жағдайға оралады. Ораза ұстайтын денеде қан қысымы төмендейді.
Бір жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін ас қорыту мүшелерінің де жұмысы азайып, сәл болса да дем алады. Соның арқасында асқазан-ішек жолдары қайта қалпына келеді. (восстановление)

Міне, бұл оразаның адам денсаулығына келер пайдалы тұстары.
Біз мұнымен не айтқымыз келді? Яғни "ораза иммуниетті әлсіретеді" деу - ешқандай дәлел-дерегі жоқ жалған топшылау. Бір қарағанда бұл шынымен де солай секілді көрінуі мүмкін, алайда, ғылымның аты - ғылым. Біз қателесу мүмкіндігі өте жоғары логикамызға емес, нақты ғылыми зерттеуге, дәлелге жүгінсек, ұтылмайтынымыз анық. 

Алайда, мына нәрсені біліңіз, құрметті оқырман! Ғылым дәлелдеп тұрғандай, шынымен де оразаның денсаулыққа тигізер пайдасы ұшан-теңіз екені анық, бірақ біз оны ауруымды кетірейін немесе ағзамды тазалап алайын, арықтайын деп емес, бір Алланың разылығы үшін, Алла Тағала бұйырғаны үшін ғана ұстайтынымызды ұмытпауымыз керек!
Егер оразаны денсаулығыңызды реттеу үшін не арықтау, артық салмақтан арылу деген секілді басқа бір нәрселерді ниет етіп ұстасаңыз, мақсатыңызға жетуіңіз мүмкін, алайда "сауап" деп аталатын ең бағалы, ең ұлы сыйдан құр қаласыз.
Адамның кез келген істі жасар алдындағы ниеті, ықыласы таза болмаса, ол ісі түптің түбінде зая кетеді. 

Сондықтан уақытша сынақтан, аурудан қашамыз деп жүріп Алланың бұйрығына қарсы шығып, керісінше Оның жазасына ұшырап қалмайық...

Алла қасиетті айға бізді ауру-сырқау, бәле-жаладан аман күйде жеткізіп, басымызды аман, төрт көзімізді түгел етсін!
Қасиетті айда күнәдан арылып, сауапқа кенелуімізді, Алланың ықыласты құлдарының қатарынан болуымызды нәсіп етсін. Әмин!

1543 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*