Отбасы 2020-03-02 (0) (8543)

БАҚЫТҚА ЖЕТКІЗЕТІН БІРІНШІ ҚАҒИДА

БАҚЫТҚА ЖЕТКІЗЕТІН БІРІНШІ ҚАҒИДА

 

Елдің бәрі бақыт іздеп жүр. Солай ма?

Мұны жазып отырған біз де, оқып отырған сіз де әйтеуір бақытты болғымыз келеді. Өміріміздің тыныш, тұрмысымыздың түзу болғанын қалаймыз. Бүгін сол бақытқа жетудің қарапайым ғана қағидаларына тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз.

БІРІНШІ: адамды бақытқа жеткізетін бір себеп - дүние ісінде өзіңнен төменге, ал дінде жоғарыға қарау.

Ғұламалар: «Кім бақытты болғысы келсе, дінде өзінен жоғарыға, ал дүниеде төменге қарасын» деген. Яғни ақша, байлық, атақ, даңқ секілді бұл дүниелік мәселелерге адам ешқашан тоймақ емес.

Жаяу жүрген кезіңде ең болмағанда велосипед алсам деп армандайсың. Велосипедке қол жеткізсең, енді бір көлік алсам дейсің. Көлік алғанда одан да қымбатына көзің түседі. Біреудің ақшасына қызығасың, біреудің қымбат мүлкіне тамсанасың. Біреудің үйі әдемі екен, екіншісінің киімдері қымбат екен... Өстіп жүргенде өзіңе білінбей «Менде неге жоқ? Мен нағыз бағы ашылмаған сорлымын» деген ой ішіңде ақырын-ақырын тамырын жайып, өсе береді.

Бір күні бүршігін жарғанда...

Сол кезде өз барыңды бағалай алмайтын халге түсесің. Сөйтесің де өз-өзіңнен жерініп, баз кешіп кетесің. Ал мұның соңы...

Мұның соңы айтпаса да түсінікті.

Ашкөздік пен көрсеқызарлық адамды бақытты етпейтіні айдан анық.
*
Сондықтан!

Көлігің жоқ болса, аяғы жоқ адамдардың да ешкімнен қалыспай шатшадыман өмір сүріп, бала-шағасын асырап отырғанын біл!

Жұмысың ұнамай жүрсе, жұмысқа шыға алмай төсек тартып жатқан жандардың да бар екенін есіңе түсір.

Бір күн тамақ іше алмай қалсаң, кей адамдардың жоқтықтан не ауруының себебінен бірнеше апта бойы ашқұрсақ жүретінін ойла.

Сөйт те, дәл өзіңнің қалпыңа қара. Сен қандай екенсің? Жағдайың қаншалықты қиын екен?

*

Ал содан кейін дінде, білім игеруде өзіңнен жоғарыдағыларға, озып алға шыққандарға назар сал.

Мысалы, сен әлі намаз оқымайтын болсаң, досың намаз оқып жүр. Сен бір сүре білсең, көршің үш сүре жаттап алыпты. Сен ашуға беріліп, қатты сөйлеп қоятын болсаң, ағаң үнемі көркем мінез танытады...

Міне, соларға қызық, солардың дәрежесіне көтерілуге талпын.

Адам қызметте, кәсіпте өсуді қалағанындай, иманының да күшеюіне мүдделі болса, бақытқа қарай жақындай түсетіні анық!

8543 рет оқылды