Отбасы 2020-03-01 (0) (5082)

БАЛАҢЫЗҒА МЫНА СӨЗДЕРДІ АЙТУДАН САҚ БОЛЫҢЫЗ!

БАЛАҢЫЗҒА МЫНА СӨЗДЕРДІ АЙТУДАН САҚ БОЛЫҢЫЗ!

"Жаман айтпай - жақсы жоқ" деген, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеген балаңыз өскенде бетіңізден алып, сөзіңізді тыңдамаса немесе әлжуаз, шешім қабылдай алмайтын қорқақ болса не істей аласыз? Салыңыз суға кетіп, күніңізді тек күрсінумен өткізбесіңізге кім кепіл? Бұл да басқа келген бір пәле ғой. Осы орайда «Он пәленің тоғызы – тілден» деген аталы сөзді талай рет естіген боларсыз. Бүгін осы тұрғыда әңгіме өрбітсек дейміз.

Оой, біз баламызға не айтпай жүрміз?

Кейде қатты ашумен «жарым ес, миғұла, оңбаған» деген сөздерді де айтып қалатынымыз жасырын емес. Алайда, ата-ананың балаға айтқан сөзі дұға, тілек есебінде кетіп, қабыл болып кетуі әбден мүмкін екенін білесіз бе?

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Өздеріңе де, балаларыңа да, мал-мүліктеріңе де лағынет шақырмаңдар,  әрі бұл Алладан сый тілейтін уақыт мезгілімен сәйкес келіп қалмасын.  Өйткені Алла  сендердің дұғаларыңды қабылдауы мүмкін» (Муслим).

Иә, ата-ананың сөзі баланың болашағына әсер етуі мүмкін. Балаңызды қандай нәрсемен сипаттасаңыз, ол соған бейім болады. Өзіңіз "су ми", "топас", "нақұрыс" деп ұрсып алып, ертең ештеңе түсінбейтін адам алдыңызда тұрса, оған "неге сондайсың?" деп ренжуге хақыңыз жоқ. Себебі, сіздің сөзіңіз, өз-өзіңізді ұстауыңыз оның өміріне әсер етеді. Сондықтан біз сізге мамандардың сараптамасынан өткен балаға айтуға болмайтын сөздер тізімін жасадық.

1. "Сенің қолыңнан түк келмейді, әкел, өзім жасаймын!"

Мамандардың айтуынша, бұл баланың бетін қайтарып, үнемі сәтсіздікке ұшыратады. Ол өзін ақылсыз және икемсіз сезінеді. Және алдағы уақытта үлкендер тағы ұрсады деп өзі біліп жаңа іс бастай алмайтын болады. Сол себепті оның жасаған әр ісі, мейлі қате, тіпті мүлдем пайдалануға жарамайтын болса да, оны үнемі қолдап отыру керек. Өйткені сізге түкке тұрмайтын болып көрінген сол заттың артында балаңыздың қаншама еңбегі мен ынты-жігері жатыр. Ал еңбек бағалануы тиіс, солай емес пе? Сондықтан "Жарайсың, балам! Сенің қолыңнан келеді! Тек мына жерін келесі жолы былай жасасақ болады екен!" - деп жол көрсетіп жіберуіңіз керек.  

2. "Ұста, тек тынышталшы!"

Кішкентай баланың қызықпайтын дүниесі жоқ. Ол дәл қазір сізге 25-машинасын немесе қуыршағын алып бер деп жылап тұр. Сіздің шешіміңіз қандай болмақ?

Кей ата-ана «берші, алып берші» деген өткінші еркелікті көтере алмай: "Осы жыламасын! Құлағым тыныш болса болды",- деп оның қалауын өте тез орындайды. Әрине, оны сатып алып бергеннен сіздің қалтаңызға ауырлық түсе қоймас. Бірақ бұл баланың санасында: "Мен жыласам болды, қалауымды тез орындайды екен" деген теріс түсінік қалыптастырады.  Ал бәріне қол жеткізіп үйренген бала үлкен өмірге қадам басқанда қолы жетпей қалған жерден морт сынып кетуі мүмкін.

Сондықтан сіз оның ойын басқа бір арнаға бұрып әкетуіңіз керек. Әрине, ол оңайға соқпасы анық. Тіпті бір күн бойы есінен шықпауы да мүмкін. Бірақ сіз балаңыздың болашағы үшін шыдайсыз!  

3. "Тағы да мұндайды байқасам, таяқ жейсің!"

Қалыптасқан дағдыға сай, барлығы осы құр қоқан-лоққымен шектеледі. Не әкесі, не анасы жазаны жүзеге асырмайды, ал бала босқа қорқақ болып өседі. Мұндай сөздер баланы ренжітіп, түсініспеушілік туғызады. Өз сәбиіңізді қорқытпаңыз. Бала белгілі жағдайда нені күтуге болатынын анық білу керек. Ал үлкендердің кенеттен кеюі еш нәтиже бермейді. Кей мамандар баланы өзі түсінетін деңгейде шара қолданып тұрған да дұрыс дейді. Бірақ бұл қол жұмсау деген сөз емес. Кейде балаңыздың өз қателігін түсінуіне қабақ түйіп бір қарағаныңыз да жеткілікті болуы мүмкін.

4. "Мен саған дереу доғар дедім!"

Баламен бұлай дөрекі сөйлесуге болмайды! Бұл сіздің балаңыз ғой! Егер байқамай ашуыңызды көрсетсеңіз, кешірім сұраңыз. Бала өзін еш құқықсыз сезініп, ренжиді. Сондықтан «доғарудың» орнына қарсы шығып, кішкентайлары жылап, жасөспірімдері үнсіз өз жайына кетіп, тұйықталып қалады. Қысқасы, қалай болғанда да, бұл сөз қалауыңызға жеткізбейді.

Сондықтан адам ешқашан өзінің ақылдылығына, көп білетініне немесе «менің жасым үлкен ғой» деп тәжірибелілігіне сеніп қалмауы керек. Кейде сіздің ойыңызға келмеген тың идеяны ол оңай табуы әбден мүмкін. Жоғарыдағы сөздің орнына: "Балам, сен бұл туралы не ойлайсың?" деп оның да ойын біліңіз. Ақылы орынды болса іске асырарсыз, ал өз ойыңызбен сәйкес келмей жатса, сабыр сақтап, аяғына дейін тыңдауыңыз керек.

5. "Сен мынаны түсінуге тиіссің…"

Бала мұндай ақыл айтуды түсінбейді, сондықтан сізді тыңдамай, ойын басқаға ауыстырады. Ал бала сол сәтте беймаза, ренжулі не ашулы болса, сіздің сөздеріңіз тіпті қабылданбайды. Оның да адам екенін, белгілі бір уайымы, ойлап жүрген өз мәселелері бар екенін ұмытпаңыз, сондықтан сіздің ең дұрыс деген ақылыңызды да ол сол сәтте түсіне алмайды.

6. "Балалар (қыздар) бұлай жасамайды!"

Мұндайды жиі қайталайтын ата-ана балада белгілі бір стереотип қалыптастырады. Кейін ересек өмірінде есейген жігіт өз сезімін, іс-әрекетін лайықсыз деп ойлайды, ал қыздар өзін «ерлерге арналған» кәсіппен айналысамын не «ұқыпсызбын» деп, үнемі бір нәрсеге көңілі толмай, өзін кінәлі сезініп жүреді. Сондықтан бұл ақылды жалпылама түрде емес, өз балаңыздың  бойындағы қасиеттерімен байланыстыра отырып айтыңыз. "Балам, сенің бойыңда батылдық қасиет бар, сондықтан мына ісің саған сай келмей жүрген сияқты. Сен одан гөрі мына салада бағыңды сынап көрсең қайтеді. Мен сенімен біргемін! Әрдайым қолдаймын!"

7. "Бекерге уайым-қайғыға салынба!"

Мүмкін, балаңыз үшін бұл бекер нәрсе емес шығар! Өзіңіздің балалық шағыңызды есіңізге түсіріңіз! Иә, балаңыз машинасыз қалғаны үшін не шаршылардан жасалған үйшігі бұзылғаны үшін ашуланып, ренжуі мүмкін. Оның кішкентай әлемінде дәл машина мен үйшік ең маңызды нәрсе болар! Баланың мәселелеріне селқостығыңызды көрсете отырып, сіз оның сенімін жоғалтып ала аласыз және болашақта өз балаңыздың күрделі мәселелері туралы білмей қалуыңыз мүмкін. Мұндай жағдайда балаңыздың деңгейімен ойланып, ол уайымдап отырған мәселеге сіз де селсоқ қарамайтыныңызды көрсетіп, шешу жолын бірге іздестіріп көріңіз. Мысалы, машинасының дөңгелегі сынып қалса, жаңасын сатып алып бере саламын деп емес, оны қалпына қалай келтірсек екен деп ойлану керек. 

8. "Менің денсаулығымды ойлашы!"

Аналар бұл сөзді балаларына жиі айтады. Бірақ айтыла берген сөздің қадірі кетіп, шынында жағдайыңыз нашарласа, бала сіздің сөзіңізді әдетінше қабылдамайды. Ол анасының бұл сөзін тек оның тентек болмауы үшін айтып отыр деп ойлайды.

9. "Жоқ, біз мұны сатып алмаймыз – ақша жоқ (қымбат)!"

Балаға бәрін қатар сатып алуға болмайтынын түсіндіру қиын. Бірақ сіздің мұндай сөзіңізден егер ата-анасында ақша болса, дүкенді толығымен сатып алуға болады деген мағына шығады! Бала бұл сөзді дәл солай түсінеді. Одан да «мұндай ойыншық сенде бар», «көп тәтті жеген зиян» деу жақсырақ шығар. Иә, түсіндіру әрқашан қиын! Бірақ бала ата-анасының неліктен мұны сатып алып бермейтінін түсіну керек.

10. "Жұрттың баласы…"

Біздің бір әдетіміз бар ғой. Баламыз тілімізді алмай, көңілімізді қалдырса, «ана өзің секілді Сәлиманың баласын қарашы, қандай ақылды», «ана Еркіннің ұлын қарашы, жазуы маржандай» деп өзге балалармен салыстыра кетеміз.

Жұрттың баласы шынымен де ақылды шығар. Бірақ ол біздің баламыз емес қой. Біздің баламыз алдымызда отыр. Және ең жаманы не екенін білесіз бе? Мұндай сөздерді естіген балаңыз дәл қазір өзін ең ақылсыз, ең жаман балаға балап отыр. Бала санасында «мен жаманмын», «ата-анам маған разы емес», «мен нашармын», «мен төменмін», «мен ондай бола алмаймын» деген ойлар қалыптасып үлгерді.

Жігері жасыды, талабы мұқалды. Ол өсіп емес, іштей өшіп отыр...

5082 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*