Отбасы 2020-02-21 (0) (23861)

ПЕРЗЕНТ СҮЙЕ АЛМАЙ ЖҮРСІЗ БЕ?

ПЕРЗЕНТ СҮЙЕ АЛМАЙ ЖҮРСІЗ БЕ?

Менің бір танысым 15 жыл бойы сәби күтіп, сабыр етті. Алла Тағала сол кісілердің сабырына сый ретінде бір ұл берді. Қандай керемет иә?

Қасиетті Құранда былай делінеді: «Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа – қыздар, кімге қаласа – ұлдар береді. Немесе ұлдар мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу қылады. Күдіксіз, Ол – Толық Білуші, Аса Күшті» («әш-Шура» сүресі, 49, 50 аяттар).

Егер сізге де әлі бала нәсіп болмай жатқан болса, қайғырмаңыз. Өйткені өмірде өткен салиқалы адамдарының да балалары болмағанын есіңізге алыңыз, мысалы, мүминдердің анасы Айшаның (Алла оған разы болсын), ал одан қалса, тіпті кейбір пайғамбарлардың да. Жоғарыда берілген аяттағы: «Сондай-ақ қалағанын бедеу қылады», - сөздеріне қатысты Имам әл-Бағауи: «Яхия және ‘Иса (оларға Алланың сәлемі болсын) балалары болмағаны секілді», - деп айтқан («Тафсир әл-Бағауи» 7/200).

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Әрине кез келген ата-ана артынан қалар ізгі ұрпағының болғанын қалайтыны белгілі. Ігәләп жылаған баланы жұбататын ана болғысы келетін, тәтті исін иіскеп қуат алатын әке болуды армандап жүрген жандар қаншама? Бірақ сөйте тұра Алла Тағала әлі бала дарытпаған жандар күйзелмеулері, керісінше, Алланың қалауымен, оларға ұрпақ нәсіп болуына септігін тигізер іс-амалдар қолданулары қажет. Ол амалдар қандай десеңіз, төменге зер салыңыз.

БІРІНШІ - КЕШІРІМ СҰРАУ

Балаңыз болмай жатса, ол да бір Алланың берген уақытша қиындығы мен сынағы деп қабылдаңыз. Ал қиындық туралы Қасиетті Құран Кәрімде былай баяндалған: «Олай болса, әр қиындықтың соңында бір жеңілдік келеді. Расында, әр қиындықтан кейін жеңілдік бар» («Инширах» сүресі, 5-6).

Жер бетін басқан түннің қара түнегінен кейін атқан таңның шуағымен айналаның нұрға бөленетіндігі қандай ақиқат болса, қайғы-мұңға батқан жанның да қайғысы сейіліп, артынан жеңілдік келері хақ. Бұл – Алла тағаланың жалпы жаратылысқа жазған заңы. Дегенмен ол жақсылыққа жетуге де әрекет ету керек емес пе? Сондықтан баласы болмай жатқан жан ең әуелі - Алла Тағаладан кешірім сұрауы тиіс.

Алла Тағалаға жалбарыну және Одан кешірім сұрау маңызды әрі қажетті болып табылады, өйткені тәубе – бұл пендеге ризық пен ұрпақ үлес етілуінің себептерінің бірі. Алла Тағала Өзінің пайғамбары Нұхтың (оған Алланың сәлемі болсын) өз қауымына былай деп айтатытын хабарлаған: «Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені Ол – Өте Жарылқаушы. Ол сендерге аспаннан мол-мол жаңбыр жібереді. Әрі өздеріңді малдар, балалармен қамдайды. Және сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады» («Нух» сүресі, 10-12 аяттар).

Хасан әл-Басриге бір адам жерінің өнімсіздігіне шағым айтып келгенде ол оған: «Алладан кешірім сұра», - деді. Басқа біреу келіп, жоқшылыққа шағымдана бастағанда, ол оған: «Алладан кешірім сұра», - деді. Басқа үшіншісі келіп, баласы жоқтығына шағым айта бастағанда, ол оған: «Алладан кешірім сұра», - деді. Осыдан кейін ол Құранның келесі аяттарын оқып берді: «Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені Ол – Өте Жарылқаушы. Ол сендерге аспаннан мол-мол жаңбыр жібереді. Әрі өздеріңді малдар, балалармен қамдайды. Және сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады» («Нұх» сүресі, 10-12 аяттар). «Фатхул-Бари» 11/98.)

ЕКІНШІ - ДҰҒА ЖАСАУ

Расында, адамзат тарихында ғұмыр кешкен талай игі жақсылар, тіпті, пайғамбарлардың өздері Алла Тағаладан салиқалы, ізетті ұрпақ сұраған: «...Шынында менің сүйегім қаусап, шашым ағарды. Сондықтан маған өз жаныңнан мұрагер бер және оны разылығыңа бөлей гөр» деп жалбарынған Зәкәрия пайғамбарды (а.с) Алла Тағала: «Біз сені Яхья деген ұлмен қуантамыз!» - деп сүйіншілеген. Ал Иса пайғамбарды (а.с) әкесіз тудырған. Ибраһим пайғамбарға (а.с) әбден қартайған шағында Исмаил мен Ысқақ (а.с) атты ұлдарды көруді нәсіп қылған. Бұл – Алла Тағаланың ризық-несібені, бақытты, нығметті себеппен де, себепсіз де бере алатынының, қалаған нәрсесін қалаған уақытта жарата алатынының айқын дәлелі. Демек, артынан қайырлы, өнегелі ұрпақ қалдырып кетуді армандаған адам Алла Тағаланың құдіретінің шексіз екендігін әсте естен шығармауы тиіс. Алла сіз бен бізге қайырлы, берекелі ұрпақ сыйлап, оның тек жақсылықтарын көруімізді нәсіп етсін!

ПАРАСАТТЫ ПЕРЗЕНТ СҰРАЙТЫН 5 ДҰҒА

1. «Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың алды ете гөр!» ("Фұрқан" сүресі, 74-аят)

«Раб-бә-нәә һәб-лә-нәә мин әз-уәә-джи-нәә уә зур-ри-иәә-ти-нәә қур-ро-тә әъ-иу-ниу уәдж-ъәл-нәә лил-мут-тә-қии-нәә-и-мәә-мәә»

2. «Раббым! Мені және ұрпағымды намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындаушы ет. Раббымыз! Тілегімді қабыл ал!» («Ибраһим» сүресі, 40-аят).

«Раб-бидж-ъал-нии му-қиимәс со-лә-тии уәмиңң зур-ри-иәтии раббәнә уә-тәқаббәл ду-ъәә-и»

3. "Раббым, маған Өз тарапыңнан бір игі ұрпақ сыйла! Анығында, сен тілекті Естушісің!"
("Əли Имран" сүресі, 38-аят)

"Рабби һәбли мил-лəдункə зурриəтəңң тойибəһ ин-нəкə сəмиъуд-ду-ъəə"

4. "Раббым! Маған ізгілерден тарту ет! ("Саффат" сүресі, 100-аят).

"Рабби һәбли минəссоолихиин"

5. "Раббымыз! Екеумізді де Өзіңе берілушілерден ет жəне ұрпағымыздан да берілуші үммет ете гөр. Бізге құлшылықтарымызды (амал, тəртіптерін) көрсетіп, күнəмізге шынайы өкініп, Өзіңе бойұсынуға қайтуымызды (тəубемізді) қабыл ет! Күмəнсіз, Сен – Тəубені қабыл етуші, ерекше Мейірімдісің" ("Бақара" сүресі, 128-аят)

"Раббəнəə уəжъəлнəə муслимəйни лəкə уə миң зуррииəтинəə уммəтəн муслимəтəн лəкə уə əринəə мəнəəсикəнəə уə туб ъəлəйнəə иннəкə əнтə əт-тəууəəбур-рахиим"
 

ҮШІНШІ - ДӘРІГЕР-МАМАНДАРҒА ҚАРАЛУ

Дәрігер-мамандарға қаралуың да маңызы жоғары, себебі бұл да шариғат тарапынан жазылып-емделудің заңдастырылған себебі. Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жарақаты болған адамды зиярат етеді де: «Оған осындай-да осындай тайпаның дәрігерін шақырыңдар», - деді. Оны шақырғанда, ол келіп: «Уа, Алланың Елшісі, дәрі-дәрмек әлденені шешеді ме?!», - деді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарсы сыңаймен: «Сүбхан-Аллаһ! Алла жерге әлдеқандай ауруды оның шипасын қоса жасамай, жіберіп пе еді?!», - деп жауап берді (Ахмад 5/371. Хадис сахих.)

ЖӘННАТТА БАЛАҢЫЗ БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙСЫЗ БА?

Сонымен, Алладан жиі кешірім сұраңдар, Оған дұғалармен жалынып-сұрап әрі емделу үшін барлық рұқсат етілген себептерді қолданыңыздар. Өйткені дәрігерлер «бедеулік» деп шешімін қойған, алайда одан кейін Алла ерлі-зайыптыларға сәби нәсіп еткен жағдайлар жиі болып тұрады.

Ал егер Алла әлдебіреуге, оның қолданған талпыныстарына қарамастан, бұл өмірде ұрпақ бермеген болса, күйзелмесін, әрі қалағанының барлығы орындалып-болатын, сондай-ақ бала да (болатын) Жәннатқа лайық болу үшін, Алланың салиқалы құлдары болып қалуға ұмтылуы қажет. Өйткені Абу Са’ид әл-Худридің (Алла оған разы болсын) сөздерінен, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Егер мүмин Жәннатта бала сүюді қаласа, онда оның көтерілуі, туылуы әрі өсуі бір сағат ішінде қалағанындай орын алады» (Ахмад 9/3, Әт-Тирмизи 2563, Ибн Мәжаһ 4338, Ибн Хиббан 16/417)

 

23861 рет оқылды