07:50 | Тәпсір тұнығы
Руханият 2020-02-12 (0) (9794)

ЖАБЫЛҒАН ЖАЛА

ЖАБЫЛҒАН ЖАЛА

Мүміндердің анасы – Айша Әбу Бәкірқызы

(Алла әкесі екеуіне разы болсын)

Айша – Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жан досының қызы, шыншылының шыншыл қызы, сүйіктісінің сүйікті қызы, жанашыр дос, қамқор әйел, Алланың Кітабында күнәлардан және жүректердің шүбә-күдігінен арылған мүміндердің пәк анасы. Ол күш-жігері сарқылғанша ораза ұстайтын.

Бұл әйел шыншыл да шарапатты ханым әрі Исламдағы ұлы сүйіспеншіліктің – Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) махаббатының иесі, бұл өмірдегі ең сүйікті адамы. Сахих хадисте келгендей, Амр ибн Ас (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

– Уа, Алланың елшісі! Ең жақсы көретін адамың кім? – деп сұрайды.

Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

– Айша, – деп жауап береді. Амр:

– Ал ер кісілерден ше? – дегенде, ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

– Оның әкесі, – деген (Әл-Бұхари).

Сондай-ақ Пайғамбарымыз (ﷺ) Айшаны «Хумәйра» деп еркелетіп, адамдарға: «Діндеріңнің жартысын осы Хумәйрадан үйреніңдер», – деп айтқан (Ибн Ғимад).

"ЕЙ, ҚЫЗЫМ, СЕН МЕН СҮЙГЕНДІ СҮЙЕСІҢ БЕ?"

Пайғамбарымыз (ﷺ) Айшаны артық жақсы көрсе де, әйелдерінің арасындағы теңдікті сақтап: «Аллам, мына менің иелігімдегі тиесім, иелігімде болмаған нәрседе мені сұраққа ала көрме», – дейтін. (Әт-Тирмизи)

Яғни Айша анамызға бәрібір жүрегі бұрып тұрушы еді. Мұны білетін адамдар Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айшаның үйіне түсетін күні оларға арнап тарту-таралғылар, сыйлықтар әкелетін.

Бір күні анамыз Умму Сәләма (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, Айшаға қатысты қызғанышын білдіргенде, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған:

«Уа, Умму Сәләма! Мені Айшаға қатысты нәрселерде қинама. Алланың атымен ант етемін! Сендердің араларыңда Айшамен ғана бір көрпенің астында жатқанымызда маған уахи келген», – деп жауап береді. (Әл-Бұхари)

Тағы бір хадисте Пайғамбар (ﷺ) қызы Фатимадан (Алла оған разы болсын):

– Ей, қызым, сен мен сүйгенді сүйесің бе? – деп сұрайды.

Фатима:

– Әрине, Алланың пайғамбары сүйгенді қалайша сүймейін, – дейді.

Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ):

– Онда мынаны сүй, – деп Айшаны көрсеткен екен. (Әл-Бұхари)

Умму Сәләмаға (Алла оған разы болсын) Айшаның дүние салғаны жайлы хабар жеткенде, ол: «Алланың атымен ант етемін! Ол әкесін есептемегенде, Пайғамбарымызға (ﷺ) ең сүйікті адам еді», – деген. (Әл-Хаким)

Айша анамыз Пайғамбарымызбен (ﷺ) бірге шынайы Ислам отбасының, отбасылық мөлдір махаббаттың үлгісін көрсетті.

Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ) Айшаға:

– Мен сенің маған ашуланғаныңды білемін, – дейді. Айша:

– Қалай білесің, уа, Алланың елшісі? – дейді.

Пайғамбарымыз (ﷺ):

– Басқа уақытта: «Мұхаммедтің Раббысымен ант етемін», – десең, маған ашуланған кезіңде: «Ибраһимнің Раббысымен ант етемін», – дейсің, – деп жымиған. Айша:

– Рас айтасың, уа, Алланың елшісі! Алланың атымен ант етемін! Мен саған ашуланғанымда осылай есіміңнен басқа еш нәрсені кері қақпаймын, – деп жауап берген (Әл-Бұхари).

Алла елшісі (ﷺ) отбасына өте жұмсақ болатын.

Айша: «Алла елшісі (ﷺ) жиһадта болмаса, жайшылықта ешқашан ешкімге қол жұмсаған емес», – деген (Муслим).

Айша анамыз Пайғамбарымыздың (ﷺ) қыздай алған жалғыз әйелі еді. Бірде ол Пайғамбарымыздан (ﷺ):

– Уа, Алланың елшісі! Бір жазыққа түсіп, ол жерде бірі желінген, ал бірі желінбеген екі ағаш көрсең, түйеңді қай ағашқа жаяр едің? – деп сұрайды.

Пайғамбарымыз (ﷺ):

– Желінбеген ағашқа, – деп тіл қатқан (Әл-Бұхари).

Айша анамыз сонда масаттанған сезім білдірген. Яғни өзін «желінбеген ағашқа» теңеген.

Айша өзіне берілген қасиеттерді мақтан тұтып:

«Маған Имранқызы Мәриямнан кейін ешбір әйелге нәсіп етілмеген (қасиеттер) берілді: Жәбірейіл қолына менің бейнемді ұстап түсіп, Алла елшісі (ﷺ) маған үйленуге бұйырылған, (Пайғамбар (ﷺ)) мені қыздай алды және менен басқа қызға үйленген жоқ, ол менің құшағымда жатып көз жұмды, оның қабірі менің үйімде, менің үйімді періштелер қоршаған, мен онымен бір көрпенің ішінде жатқанда, оған уахи түскен, мен – оның халифасы мен шыншыл досының қызымын, мені ақтап көктен (Құран) аяты түсті, мен Жақсының алдында жақсы боп жаратылдым және маған кешірім мен игі ризық уәде етілді», – дейтін (Әз-Зәһәби).

ЖӘННАТПЕН СҮЙІНШІЛЕНГЕН АТА-АНА

Бұл шынайы да адал, ақылды да парасатты ханым – мүміндердің анасы, Әбу Бәкір Сыддықтың қызы Айша (Алла ол екеуіне разы болсын). Әкесі – Әбу Бәкір Абдуллаһ ибн Осман ибн Амир ибн Луәй әл-Қурайши, әт-Тәмими. Ол жайлы:

«Пайғамбарлардан басқа жер бетін Әбу Бәкірден абзал ешкім басқан емес», – деп айтылған.

Ал Айшаның анасы – Умму Руман Ғуәймирқызы. Тегі – кинандық, тақуа, құрметті сахаба әйел. Оны Пайғамбар (ﷺ) өз заманында Жәннатпен сүйіншілеген.

Айша анамыз осы үлгілі отбасында, Меккеде, Алла елшісіне (ﷺ) пайғамбарлық міндет жүктелгеннен кейін туылған. Айша: «Ата-анам мұсылман болғаннан кейін дүниеге келгенмін», – деген.

Осылайша Айша шыр етіп дүниеге келгеннен ислами отбасында тәрбиеленген. Пайғамбарымыз (ﷺ) бұл үйді өте көп зиярат ететін.

Айша Пайғамбарымыздың (ﷺ) имандылық мектебінің шәкірті болып, Алла елшісінің (ﷺ) тәлім-тәрбиесінен өткен. Бұл дарынды шәкірт Құран мен Сүннетке сүйеніп, өз тұсындағылар мен келер буынға тәлімгер ұстаз атанған.

Ғалым Зуһри Айша жайлы: «Барлық адамдар мен мүміндердің аналарының ілімдерін топтаса да, олардан Айшаның ілімі асып түсер еді», – деп айтқан.

Айшаның әпкесі Әсмәнің ұлы Ғұруа ибн Зубәйр: «Шын мәнінде, мен әрбір келіп түскен уахи, әрбір аят жайлы дәл, анық мәліметі болып, қысқа да нұсқа түсіндіре білетін, мирас ілімі мен сүннет, тіпті поэзия мен арабтардың шешендік сөздерін, қазылық мәселелер мен емдеу істерін Айшадан гөрі жақсырақ білетін ешкімді көрген емеспін. Мен одан, әсіресе, емдеу істерін қайдан үйренгенін сұрағанымда, ол: «Өзім бірде сырқаттандым, біреу келіп менің сырқатымды анықтап, оның шипасын айтты және біреу сырқаттанса, басқа біреу келіп сырқатын анықтап, оның шипасын айтатын. Мен солардың айтқандарын естіп, көріп тұрып үйрендім», – деді», – деген.

Кейбір табиғиндер Айшадан (р.а) Исламның қағидалары жайлы қайдан жақсы білетіндігін сұрағанда, ол:

«Шынында, мен Алла елшісінен (ﷺ) Ислам қағидалары жайлы сұрап келетін көп сахабаларды көретінмін», – деп жауап берген.

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА (ﷺ) ТҰРМЫСҚА ШЫҒУЫ

Алланың елшісі (ﷺ) Айшаға Хадишаның қазасынан соң, Сәудә Зумғақызынан кейін һижра жыл санауымен 2-жылы, шәууәл айында үйленеді. Пайғамбарымыз (ﷺ) Айшаға үйленгенде, ол бар-жоғы тоғыз жаста болатын. Айша үйлену тойларын есіне алып: «Алла елшісі (ﷺ) біздікіне келгенде, оның келісіне ерлер мен әйелдер жиналды. Сәудә менің жаныма келіп, ойнап отырған әткеншегімнен түсіріп, басымнан сипап, жүзімді сумен сүртті, бетімнен сүйіп, жетектеп бөлмеге кіргізді, Алла елшісі (ﷺ) отырған біздің үйдегі кереуеттің қасына әкеліп, мені оның жанына отырғызып: «Енді бұлар – сенің жақындарың, Алла сені бұлармен, бұларды сенімен берекеттендірсін», – деді. Қой, түйе сойылмақ түгіл, жейтін ештеңе болмады. Сәудә бізге ішіп-жемге жарар бір кесе сүт әкелді, одан бірінші Алла елшісі (ﷺ) ішті де, сосын мен іштім», – дейтін.

Бұдан кейін Айша ұзатылып, өзінің жаңа үйіне көшеді. Олардың үйлері мешітке жапсарлас, қам кірпіштен, құрманың шыбықтарынан өріліп тұрғызылған, еденінде жұқа топырақ пен өсімдіктердің сабақтары және мал терісі төселген бір бөлме еді. Ал есіктің орнында жүннен жасалған перде тұратын.

Жас болғанына қарамастан, алғаш келген күннен бастап-ақ Айша отбасындағы әйелдік орнын біліп, міндетін абыроймен алып жүрген. Сол бір қарапайым ғана бір бөлмеде отырып, Айша ханым бүкіл әлем әйелдеріне үлгі танытты. Мінеки, он төрт ғасыр өтсе де, оған тең келер ешкімнің шықпауы – осының дәлелі.

Айша үйінің мешітке жапсарлас салынғандығынан жамағат намаздарында бөлмесінде тұрып, Пайғамбарымызға (ﷺ) ұйып намаз оқитын. Ол таһажжуд (Түнгі нәпіл намаздар) намазына қатты көңіл бөлетін. «Таһажжудты тұрып оқуға шаршасаң, отырып оқы» деген сөздер айтқан.

Айша үлкен көзді, нәзік денелі, толқын шашты, қызыл шырайлы, аппақ жүзді сұлу әйел болатын.

Ол Алла елшісін (ﷺ) ештеңеге айырбастаған емес. Пайғамбарымыз (ﷺ) әйелдеріне өзі мен дүние сән-салтанатының арасына таңдау тастаған кезде бірінші Айшадан бастап:

«Мен саған бір істі айтамын. Әке-шешеңмен ақылдаспайынша, шешім шығаруға асықпа», – деп:

«Ей, пайғамбар! Әйелдеріңе айт: «Егер сендер дүние тіршілігі мен оның сән-салтанатын қалайтын болсаңдар, онда бері келіңдер, сендерге біраз дүние берейін де, көркем түрде қоя берейін. Ал егер Алланы, Оның елшісін және Ақырет мекенін қалайтын болсаңдар, расында, Алла сендердің араларыңдағы жақсылық істеушілерге үлкен сауап әзірлеген»  («Ахзаб» сүресі) деген аятты оқығанда, Айша анамыз: «Осыған бола әке-шешеммен ақылдасамын ба?! Мен Алла пен Оның елшісін және Ақырет мекенін қалаймын», – деп бірден жауап берген (Әл-Бұхари).

АЙША (Р.А) ӨЗІН ҰМЫТЫП КЕТЕТІН...

Алла елшісі (ﷺ) ақиқат пен Аллаға шақыру жолында түздегі кәпірлер мен мүшріктердің көрсеткен зұлымдығы мен надандығынан ашуға булығып үйіне келгенде, ашуын сейілтетін, жүрегіне қуаныш ұялататын ең жақсы да сүйікті әйелі Айша еді. Алла оған разы болсын!

Ол көңілі дарқан, жүрегі кең әйел еді. Алла елшісі (ﷺ) сияқты ол да өте сабырлы, төзімді-тұғын. Екеуі бірге екі қараны: құрма мен суды қанағат етіп, кедейшілік пен аштыққа сабыр ететін. Кейде Айшада ақша пайда болса, дереу кедейлер мен мұқтаждарға тарататын. Бірде халифа Муғауия оған сый-сияпат ретінде жүз дирһам жібереді. Сонда Айша өз үйінде жейтін ештеңе болмаса да, бұл қаражаттың барлығын мұқтаждарға таратып жібереді. «Өзіңе әлдене сатып алып, жүрек жалғауға бір дирһам болса да қалдырдың ба?» – деп сұраған қызметкер әйелге:

«Есіме салғандарыңда, қалдырар едім», – деп жауап берген.

Яғни садақа таратуға жан-тәнімен берілгені сондай, ол тіпті өзін ұмытып кететін.

Бірде Айша анамыздың үйіне екі қызын жетектеген бір әйел қайыр сұрап келеді. Анамыз үйінен берерге ештеңе іздеп таппайды. Бір кезде бір кішкентай құрма тауып алып, екі қызға бөліп берген.

Сондай-ақ бір күні оның есігін әлдебір қайыршы қағады. Есікті ашқан Айша бір түйір жүзімнен басқа ештеңе таппай, ол жүзімнің түйірін қайыршының қолына ұстатады. Сонда әлгі кісі:

– Мұны қайтемін, уа, мүміндердің анасы?! – дейді. Анамыз:

– Мұнда қаншама тозаңның салмағы бар ғой, – деп, Алла Тағаланың: «Кімде-кім тозаңның салмағындай жақсылық жасаса, оны (Ақыретте сауабын) көреді. Ал енді кім тозаңның салмағындай жамандық жасаса, оны да (Ақыретте жазасын) көреді», – деген сөздеріне ишара жасайды («Зілзәлә» сүресі, 7-8 аяттар).

АЙША АНАМЫЗҒА (Р.А) ЖАБЫЛҒАН ЖАЛА

Міне, осындай жомарт та кішіпейіл Айша кедейлікке жасымаған, байлығым жоқ деп қабақ шытпаған. Ол өте қайратты болған, әрқилы басқа түскен жағдайлардан шығуға дұрыс жол таба білген. Бірде Айшаның тазалығы мен адалдығын дәлелдейтін тағы бір оқиға орын алды. Бұл оқиға Ислам тарихында «Михнәтул-ифк» (Жаламен сыналу) деген атпен айшықталған.

Айшаға бірде өзі істемеген масқара жала жабылады. Бұл жайт һижра жыл санауымен 5-жылы көрініс тапқан.

Пайғамбарымыз (ﷺ) сапарға шығар алдында жұбайларына жеребе тастап, жеребе түскен әйелін өзімен бірге жорыққа алып шығатын. Бәну Мусталиқ тайпасына қарсы шайқасқа аттанарда жеребе Айшаға түсіп, ол сол жорықта Пайғамбарымызға (ﷺ) ереді. Олар жеңіске жетіп, Мәдинаға қайтып келе жатқанда, күн батып, ымырт үйірілер шақта жол азабынан тынығу үшін біраз аялдайды. Сол жерде Айша қажеттілік туып, түзге шығады. Оның мойнында Йемен моншағынан тізілген алқасы бар еді. Қапелімде сол алқасының үзіліп, сусып түсіп шашылғанын өзі де аңғармай қалады. Шешесі Умму Руман тойына сыйға тартқандықтан, алқаны аса қымбат көретін Айша оны іздеп тауып, теріп-жинап күймесіне келсе, күйме орнында жоқ. Әскер жиналып, жүріп кеткен. Айша анамыз өте жеңіл болатын. Сахабалар күймені көтеріп түйеге артқан кезде оның бар-жоғы білінбейтін.

Менің күймеде жоқ екенімді байқап, қайтып келер деген оймен жамылғысын оранып алып жол бойына шығып тұрады. Сафуан ибн Муғаттил (Алла оған разы болсын) деген кісі әскердің соңында жүріп отырып, көштің ұмыт қалдырып, түсіп қалған заттарын жинап жүретін. Көш орнына келген Сафуан айналаны көзімен бір шолып өткенде, сонадайдан біреудің қарасын байқайды. Жақындап келгенде, оның Айша екенін таниды. Ол Айшаны хижаб парыз болудан бұрын көрген-ді. Екеуі басы артық сөзге де бармастан, Сафуан түйесін шөктіреді де, өзі алысырақ барып теріс бұрылып тұрады. Айша түйеге мінгеннен кейін, түйенің бұйдасын жаяу жетектеп, таң атқан соң ғана демалып жатқан әскерді қуып жетеді. Ол екеуін көрген бойда бір топ адамның ішінде отырған мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ ибн Убәй: «Айша Сафуанмен келе ме?.. Алланың атымен ант етемін! Бұл жүрістері тегін емес шығар?..» – деген мағынадағы пасық сөздерді айта бастайды. Әйтсе де өтірікші Абдуллаһ ибн Убәй өлер жерін білетін. Сондықтан да ойындағысын екіұшты жымысқы сөзбен жеткізеді. Оның бұл жымысқы ойы іске асып, адамдар Айша мен Сафуан туралы қаңқу сөз тарата бастайды. Оның ішінде, әсіресе, Абдуллаһ ибн Убәй бастаған мұнафықтар жандарын салып-ақ кіріседі. Іздегенге сұраған, мұнафықтар тіпті болмаған түймедей жайттан түйедей өсек шығарып, екеуіне күйе жағып, жала жабады. Бір өкініштісі, өсектің қауға тиген өрттей лаулағаны сондай, Хассан ибн Сәбит, Мистах ибн Әбу Мистах, Хамнә Жахшқызы сияқты мұсылман ер-әйелдер де пасық мұнафықтардың алдауына түсіп, Айшаны ашық зина жасады деп айыптаған сөздер айтады. Алла Тағала олардың күнәларын кешірсін!

Желсөзге құмар адамдар оларға жала жабады. Бұл өсектен өрілген жала Алла елшісіне де (ﷺ) жетеді, ал мұны Әбу Бәкір мен Умму Руман (Алла Тағала бұл отбасыға разы болсын) естігенде, төбелерінен жай түскендей хал кешеді. Жолдан сырқаттанып келген Айша Пайғамбарымыздың (ﷺ) өзіне салқын қарап жүргенін сезіп, рұқсат сұрап, ата-анасының үйіне кетеді. Бірнеше күн өтер-өтпестен ауырып төсек тартып, бір ай жатып тұрады. Сосын ғана ол жұрттың өзі жайлы не деп жүргенін біледі. Айша бұл жайында өзі:

«Мәдинаға келгенімізге көп болмаған, мен қатты сырқаттандым. Ұстамалы безгекпен бір ай төсекке таңылдым. Сол аралықта жұрт арасында маған жабылған өсек-аяң тарапты. Мен болған жайлардан мүлдем хабарсыз едім. Тек сырқаттанып жатқанымда Алла елшісінен (ﷺ) салқындық сездім. Атымды атамай, «Қалайсың?» дейтін де қоятын», – деген.

Айша анамыз өзіне жабылған жаланы алғаш Умму Мистах деген әйелден естиді. Түнде Айшамен бірге тысқа шыққан Умму Мистах етегіне шалынып кетеді де, ұлы Мистахты жазғырып, тілдеп қалады. «Бәдірге қатысқан сахабаны неге тілдейсің?» – деген Айшаға Умму Мистах бар жайтты ашып салады. Мұны естіген Айша түзге шығуға шамасы келместен кері қайтады да, сол сәттен бастап күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Көзі жастан құрғамайды. Алла елшісі (ﷺ) мен адал да пәк әйелі арасындағы жағдай мүмін-мұсылмандардың жүректерін жаралайды. Бұл Аус пен Хазраж сияқты екі рудың ара-қатынасының ушығуына алып келеді. Өйткені мұнафық Абдулла ибн Убәй хазраж руынан еді. Аустықтар оны өлтірмекке ұмтылғанда, Исламды қабылдағанмен, имандары орнықпаған жақтаушылар оны қорғайды. Екі рудың арасында қырғиқабақтық орнайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) араларына түспегенде, бір-бірімен қырқысатын-ды. Пайғамбарымыз (ﷺ) мінберге шығып:

– Уа, адамдар! Маған отбасыма қатысты зиян беріп жатқан адамдарға не деуге болады? Алланың атымен ант етемін! Одан (Айшаны меңзеп тұр) жақсылықтан басқа ештеңе көрген емес­пін... – деген сөздер айтады.

Сонда Аус көсемдерінің бірі Усәйд ибн Худайр (Алла оған разы болсын) орнынан тұрып:

– Кім ол, уа, Алланың елшісі? Айт бізге, егер Аустан болса, өзіміз жауап береміз, ал егер Хазраждан болса, онда бізге қалағаныңды бұйыр, – дейді.

Сол кезде Сағд ибн Убада (Алла оған разы болсын) орнынан көтеріліп:

– Өтірік айтасың, – дейді. Усәйд оған:

– Сен мұнафықсың, мұнафықтарды қорғап тұрсың, – деп айқайлайды.

Осы жерде Пайғамбарымыз (ﷺ) араға түсіп, оларға басу айтып тоқтатады.

Сахабалардың (Алла оларға разы болсын)

бұл жалаға қатысты білдірген ойлары

Әбу Айюб әл-Ансариден (Алла оған разы болсын) әйелі бұл өсек-аяңға қатысты ойын сұрағанда, ол:

– Сен сондай істер ме едің? – деп сұрақ қояды.

– Алла сақтасын, ешқашан, – деп жауап берген әйеліне:

– Айша тақуалықта сенен әлдеқайда артық, – дейді Әбу Айюб.

Пайғамбарымыз (ﷺ) пікірін сұрағанда Зәйнәб Жахшқызы (Алла оған разы болсын): «Алланың атымен ант етемін! Мен естімегенімді естідім деуден құлағымды, көрмегенімді көрдім деуден көзімді сақтаймын. Мен Айша туралы жақсылықтан басқа ештеңе білмеймін», – деген-ді.

Усама ибн Зәйд (Алла әкесі екеуіне разы болсын) Алла елшісіне (ﷺ) келіп, онымен ақылдаса отырып: «Уа, Алланың елшісі! Сенің жақын-туғандарың Айшадан ешқандай жамандық көрген емес және ол жайлы айтылып жүргендердің бәрі жалған», – дейді.

Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың елшісі! Шын мәнінде, әйелдер көп, ал сен оларды айыра білесің. Қаласаң, қызметкер әйелден сұрап көр, ол мұны (Айшаның адалдығын) растайды», – деген.

Пайғамбарымыз (ﷺ) қызметкер әйел Бәрирадан сұрағанда, ол Айша жайлы тек жақсы нәрсе айтады. Бәрираның Айшаға қатысты бар келтірген кемшілігі «Бірде қамыр илеп қойып, оны ұмытып кетті де, қамырын ешкі жеп кетті» деген сөзі болды.

Бұл ұлы тұлғалы әйелдің осы уақытқа дейінгі жалғыз кемшілігі еді.

"МЕН ҮШІН АЯТ ТҮСЕДІ ДЕП ОЙЛАҒАН ЕМЕСПІН"

Алла елшісі (ﷺ) Әбу Бәкірдің үйіне барғанда, Айшаны кездестіреді. Ол көз жасын көлдетіп жылаумен отырса, ата-анасы түнерген тау секілді үн қатпайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) Айшаның жанына келіп, егер күнәкар болса, Алладан кешірім сұрауын, шынында, Алла Тағала Кешірімшіл екенін айтады. Бұл сөздерді естіп, қорқып кеткен Айша, кенет өңі сұрланып, көз жасының тыйылғанын сезеді. Әлдене дегісі келіп еді, тілі жансызданғандай боп, дәнеңе деуге икемге келмейді. Ыза кернеп, булыққан Айша қайтадан көз жасына ерік беріп, қарақаттай жанары жасқа малынып, әке-шешесіне қарап: «Алла елшісіне жауап беріңдер», – дейді.

Ата-анасы айтарға сөз таппайды. Содан соң өзі ширығып:

«Алламен ант етейін! Істемеген нәрсем үшін Алладан кешірім сұрамаймын. Менің пәк екенімді Алла біледі. Мен өзім бармаған күнәдан хабардар болдым, ал сендер жабылған жалаға иландыңдар. Мұндай жағдайда мен өзіме де, сендерге де Юсуфтың әкесінің (Айша анамыздың күйінгені сондай, Яғқуб пайғамбардың (аләйһис-сәләм) атын ұмытып қалған): «Көркем сабыр. Сендер сипаттаған (нәрседе) Алла (Өзі) Жәрдемші» («Юсуф» сүресі, 18-аят), – дегенінен басқа айтарым жоқ», – дейді.

Осымен сөзін доғарып, сырттай жыласа да, іштей Алла Тағаладан жәрдем сұрап жатады. Алла елшісі де (ﷺ) үнсіз қалпын сақтап отыра береді. Айшаның ата-анасы да ауыз ашпайды. Бір кезде Алла Тағаладан елшісіне (ﷺ) уахи түсіп, Пайғамбарымыз (ﷺ) терлей бастайды. Оның басына жастық қойып, көрпеге орап жатқызады. Бәрі айналасына жиналып, Алладан қандай уахи келерін күтіп, жандарын шүберекке түйіп отырады. Күнәдан пәк екеніне сенімді Айша ғана Алланың өзіне зұлымдық істемейтініне нанып, сабырлық танытты. Біршама уақыттан соң Алла елшісі (ﷺ): «Айша, Алла сенің күнәдан пәк екеніңді уахи етіп түсірді», – дейді.

Сосын Пайғамбарымыз (ﷺ) тысқа шығып, келген аяттардан адамдарды хабардар етеді.

«Сол жаланы келтіргендер сендердің іштеріңдегі бір топ. Оны өздерің үшін жаман деп ойламаңдар. Керісінше ол сендер үшін жақсы. Олардан әрбір кісіге тапқан күнәсі бұйырады. Ал олардан оның үлкенін иеленгенге (Абдуллаһ ибн Убайға) үлкен азап болады. Сендер оны естіген кездеріңде, иман келтірген ерлер мен иман келтірген әйелдер өздеріне жақсылық ойлап: «Бұл – анық жала» десе еді. Олар бұған төрт куә келтірмеді ме? Егер куәлар келтіре алмаса, солар – Алланың алдында өтірікшілер. Алланың осы дүниеде және ақыретте сендерге деген кеңшілігі мен мейірімі болмағанда, берілген (өсектеріңнің) үшін сендерге үлкен азап тиер еді. Сол кезде сендер оны тілдеріңмен қағып алып, өздеріңде ол жайлы білім болмаған нәрсені ауыздарыңмен айтуда және оны жеңіл деп есептеуде едіңдер, бірақ ол Алланың алдында өте үлкен. Оны естіген кездеріңде: «Бізге бұны сөйлеуге болмайды. Сен (барлық кемшіліктен) пәксің. Бұл – үлкен жала» десеңдер еді. Алла сендерге, иман келтірген болсаңдар, мұндайды ешқашан қайталамауларыңды насихат етеді. Алла сендерге белгілерді түсіндіреді. Алла – бәрін Білуші, өте Дана. Иман келтіргендердің арасында арсыздықтың таралуын ұнататындарға дүниеде және ақыретте күйзелтуші азап бар. Алла біледі, ал сендер білмейсіңдер. Алланың сендерге деген кеңшілігі мен мейірімі және Алла өте Жанашыр, ерекше Рақымды болмағанда еді (әміріне қарсы шыққандарды қатаң жазалар еді)» «Нур» сүресі, 11-20 аяттар.

Мінекей, Айшаға қатысты бұл уақиға осылайша аяқталды. Бұл жайт мұсылмандардың сыналуына себеп болды. Ал бұл сынақ Алла елшісі Мұхаммед (ﷺ) шақырған діннің әділдігі мен хақиқилығын және Айшаның күнәдан тазалығын тағы бір дәлелдеді. Жаланың таралуына себепкер адамдар «Сондай адал әйелдерді (зинада) айыптап, сосын төрт куә алып келмегендер: оларға сексен дүре соғыңдар және олардың куәлігін ешқашан қабылдамаңдар» («Нур» сүресі, 4-аят) деген Алла Тағаланың бұйрығына сәйкес, сексен дүреден тиісті жазаларын алды. Міне, бұл ауыр сынақтың сыйы ретінде түскен аят, ойлап табылған азғындық мақсаттың астында біріккен адамдардың өтірігінің жауабы болған еді. Әумесер мұнафықтар тобырының бетке тұтары Абдуллаһ ибн Убәй да өтірікті өрбіте жүріп, жеме-жемге келгенде, Ислам алдында әлсіз, бейшара болып шығады. Мұнафықтар дін шымылдығы артында жасырынып, зұлымдық ойлайды. Айшаға қатысты уақиға олардың жапқан жалалары, жаққан күйелері, ойлап тапқан өтіріктерінің бірі еді. Ал бұл өтірік Алла Тағаланың аяттарымен аяқталды. Айша анамыздың кішіпейілділігі сондай:

«Алланың атымен ант етемін! Мен үшін аят түседі деп ойлаған емеспін», – деген.

"ОЛ ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЖАҚСЫ АНА ЕДІ"

Сөйтіп, күндер зымырап өтіп жатты. Алла елшісі (ﷺ) қоштасу қажылығын (хажжатул-уадағ) өтеп, Меккеден оралған еді. Мәдинаға келгеннен кейін бірнеше күннен соң ауырып, Айшаның үйінде емделді. Айша оған барынша қамқорлығын көрсетті, бәйек болып жүгірді. Пайғамбарымыз (ﷺ) басын оның көкірегіне қойып жатты. Бұл ұлы елшілік иесінің өмірдегі соңғы күндері еді. Аллаһ елшісінің (ﷺ) жаны Жаратушының алдына аттанғанда, оны Айшаның үйіне жерледі.

Ең ұлы адам баласымен сегіз жыл бес ай бірге тұрған он сегіз жасар Айша Алла елшісінің (ﷺ) қазасынан кейін, жалғыз өмір кешті, көңіліне меңіреу тыныштық кіріп, жан дүниесі қаңырады. Себебі алданыш тұтар балалары да жоқ еді. Дегенмен әпкесі Әсмәнің (Алла оған разы болсын) балаларына қарап, олардан жылуын аямайды. Сөйтіп, әпкесінің баласы Абдуллаһ ибн Зубәйрді (Алла әкесі екеуіне разы болсын) бауырына басады. Кейін жұрт Айшаны «Умму Абдуллаһ» (Абдуллаһтың анасы) деп атап кетеді. Ағасы Абдур-Рахман қайтыс болғанда, оның қызын және ұлы Қасымды асырап алады. Айша жайлы Қасымның өзі: «Ол әлемдегі ең жақсы ана еді», – деген болатын.

Пайғамбарымыз (ﷺ) дүние салған соң, араға екі жыл салып Айша тағы бір ең сүйікті адамы – әкесі Әбу Бәкірмен (Алла оған разы болсын) қош айтысады. Әкесі қайтыс болғанда, Айша анамыздың жасы жиырмада еді. Оған әл үстінде жатқан Әбу Бәкір:

«Уа, қызым! Артымда қалдырып бара жатқан ең сүйкімді байлығым – сенсің», – деген.

Ол мұсылман құқығы саласында бірінші білгір адам және хадис пен сүннетті таратудың бірінші қайнар көзіне айналады. Кейбір талас тудырған мәселелерде сахабалар оның төрелігіне жүгінетін.

Әбу Мұса әл-Ашғари (Алла оған разы болсын): «Біз, Пайғамбардың (ﷺ) сахабалары, бір хадистің сырын ұға алмағанда, Айшадан сұрайтынбыз. Айшаның міндетті түрде ол хадис жайлы мәліметі бар болып шығатын», – деп оның хадис іліміндегі дәрежесін айшықтап көрсеткен.

Әбу Духа: «Мен Пайғамбардың (ﷺ) үлкен сахабаларының Айшадан мирас ілімі жайлы сұрап жатқанын көрдім», – деген.

Һишам ибн Ғұруа ибн Зубәйр: «Айша Құран мен Исламның шарттарын, ненің болатынын, ненің болмайтынын бәрінен жақсы білетін еді», – деп айтқан.

Ғұруа Айшадан:

– Уа, мүміндердің анасы! Мейлі Құранда, мейлі шариғатта, халал мен харамда, поэзияда, шешендік сөзде, мейлі емшілік істерінде болсын сенің біліміңе таңғаламын... Ал емшілік істерін қайдан үйрендің? – деп сұрайды. Айша анамыз:

– Ей, Ғұруа! Алла елшісі (ﷺ) өмірінің соңында көп сырқаттанды, оған шипагер емшілер келіп, ауруын анықтап, емінің дауасын айтатын. Мен солардан естіп-үйрендім, – деп жауап береді.

Міне, осылайша Алла елшісінің (ﷺ) қазасынан кейін бұл ақылды да парасатты әйел қалған ғұмырын, бар білімін адамдарға үйретумен өткізеді. Сахих кітаптарда одан риуаят етілген барлығы сенімді 2210 хадис енгізілген. Бұл нәтижемен Айша хадис риуаят етуде Әбу Һурайра мен Абдуллаһ ибн Омардан (Алла оларға разы болсын) кейінгі үшінші орында тұрады.

Сонымен қатар Айша өте шешентілді кісі болған. Халифа сайланғаннан кейін онымен тілдесіп шыққан Муғауия (Алла оған разы болсын): «Алланың атымен ант етемін! Алла елшісін (ﷺ) есептемегенде, мұнан өткен шешентілді ешкімді көрген емеспін», – деп қайран қалған.

Ахнаф ибн Қайс (Алла оған разы болсын): «Мен Әбу Бәкірдің, Омардың, Осман мен Әлидің және олардан кейінгі осы күніме дейінгі халифалардың құтпаларын тыңдағанмын, бірақ Айшадай шешентілді, көркемсөзді ешбір жанды кездестірген емеспін», – деген.

Айша Муғауияның кезінде һижра жыл санауымен 58-жылы рамазан айының 17-жұлдызына қараған түні алпыс алты жасында дүние салады. Оның жаназасын Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) шығарады. Намазға бұған дейін Пайғамбарымыздың (ﷺ) қаласы куә болмаған қарақұрым халық қатысып, олар жаназа намазын зәйтүн майына малынған, жүннен жасалған шамның жарығымен оқиды. Оның асыл денесі басқа мүміндердің аналарымен қатар Бақиғ зиратына қойылды. Алла оған разы болсын!

Ол дүние салғанда, Амр ибн Убәйд: «Айшаның қазасына анасы болмағандар ғана қайғырмады», – деген.

Осылайша салиқалы әйел Айша артында өзі тәрбиелеген, өзін есіне алатын буын қалдырып, Жаратушы Иенің алдына аттанады. Осы уақытқа дейін Ислам әлемі оған тең келер әйел жанын білмеген және Айша бүкіл әлем әйелдеріне мәңгілік үлгі болып қалады. Алла оған разы болсын!

 

9794 рет оқылды