09:45 | Ем болсын
Отбасы 2020-02-09 (0) (6146)

ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРҒА ЛАЙФХАК НЕМЕСЕ ЕР МЕН ӘЙЕЛГЕ ҚҰЛАҚҚАҒЫС

ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРҒА ЛАЙФХАК НЕМЕСЕ ЕР МЕН ӘЙЕЛГЕ ҚҰЛАҚҚАҒЫС

 

Көбінесе жаңа отау құрған ерлі-зайыптылар бір-бірімен түсінісе алмай жатады ғой. Соларға аз ғана лайфхак ұсынсақ қалай қарайсыздар?)
Енді, әрине, әркімнің жағдайы әртүрлі. Әркім өз жыртығын өзі жамағаны жақсы ғой. Дегенмен, мына нәрсе бір пайдаңызға жарап қалар.

ҚҰРМЕТТІ, АЗАМАТТАР!

 (оның ішінде әке, аға, іні, біреудің күйеуі, үйдің кенжесі - бәрі бар)

Әйел адамның табиғаты өзі сондай, біреуге бірдеңе жазып, ол оны оқымай қойса да, әйел оны уайымдап, ойынан бірдеңелерді құрастырып, қасындағылардан: «Саған жауап жазды ма?» «Маған неге жауап бермей жатыр?» «Неге?» «Неге?» деп күйгелектеніп кетеді. Сондықтан осы нәрсеге сәл түсіністікпен қараңыздаршы

Әйеліңіз сізге бірдеңе айтса, басындағы проблемасымен бөліссе, ол «сен оны шешіп бер», «осының шешімін айт» деген сөз емес. Еркектер өзі сондай ғой, бірдеңе айтылса, оны шешуге асығып тұрады. Себебі, Алла оны солай жаратқан. Ол - отбасының, әйел, бала-шағасының бақташысы. Бірақ дәл осындай ситуацияға келген кезде сіз жай ғана оны тыңдап, «Аа, солай ма? Қиын болыпты» немесе «ештеңе етпейді, өтеді де кетеді, мен сенің жаныңдамын ғой» деген сияқты сөздермен эмоцияңызды білдіріп, ортақтасуыңыз керек. Қолдауыңыз керек. Әйелге сол да жетіп жатыр)

Әйелдер сырласуды жақсы көретін халық қой. Шай ішсе, екі-үш сағат әңгіме айтып отыра беруден тайынбайды) Олар сол жерде әлгі проблемасын шешіп отыр дейсіз бе? Жоооға. Жай ғана бір-біріне айтып, ішіндегісін шығарып, эмоциясын ақтарып қана отыр. Басқа ештеңе емес. Сондықтан әйеліңіз, қарындасыңыз, жалпы, әйелдер қауымы бірдеңе айтса, тыңдап, қолдап дамытып жіберсеңіз болды, мәселе шешіледі. Біраздан кейін өзі-ақ бәрін ұмытып, күліп жүре береді.

Ал «мен саған айттым ғой?», «өзің ғой тыңдамай қойған» деп оны кінәлап ұрса бастасаңыз, түймедей нәрсе түйеге айналып жағдай ушығып кетеді. «Сосын осыған не жетпейді?» «Мынаған менен не керек өзі?» «Не қыл деп жүр?» деп бір-бірлеріңізді түсіне алмай үйдің екі бұрышында отырасыздар.

Сондықтан кінәлауға асықпаңыз. Ер адам көп нәрсені ішінде сақтай алады, ал әйел олай емес, ол бірден шығарып тастайды.

Ал ӘЙЕЛ АДАМДАРҒА айтарымыз:

Күйеуіңіз бір істі шеше алмай, мысалы, қаланың ішінде жол таба алмай адасып жүрген болса, оған «былай ғой», «анау осылай емес пе» деп үйретпеңіз. Ол ер адамға «сен түк білмейсің», «сенің қолыңнан ештеңе келмейді» деген сөзбен бірдей тиеді. Ер адамға «сен білмейсің бе?» немесе «картаны ашып қарашы» деп өзі көмек сұраған кезде ғана айту керек!

Негізі біз қанша жерден «ер мен әйелдің табиғаты басқа», «әйелдерді түсініп болмайсың» немесе «түүу, осы еркектерді ме?» деп күйініп, кіжініп, әзілдеп болса да, астарына шындық қосып тигізіп айтып жатсақ та, ерлі-зайыптылар Алла жаратқан жұптар ғой. Сондықтан олар бәрібір бір-бірімен түсініседі. Алла әйелді ерінің қабырғасынан жаратты. Олар - бір-бірін толықтырушы. Сол себепті, кей істерге жай ғана сабыр сақтап, ажырасып кетпей, соңын күту керек.

Алла отау құрған әр отбасының бақыттарын баянды етіп, шаңырақтарын шаттыққа толтырсын! Ақыл мен парасатты, имандылықты ту етіп ұстаған жастар көбейе берсе екен!

 

6146 рет оқылды