Бизнес 2020-02-05 (0) (300)

ТАБЫСТЫ КӘСІП БАСТАУДЫҢ ҚҰПИЯЛАРЫ

ТАБЫСТЫ КӘСІП БАСТАУДЫҢ ҚҰПИЯЛАРЫ

-1-

РИЗЫҚТЫ АЛЛА БЕРЕ МЕ, АДАМ ТАБА МА?

Ертеректе алғашқы мұсылмандардың бірі шаруасын бітіріп келу үшін астындағы түйесін жалшылық қызмет атқаратын адамға ұстай тұруды  өтінеді. Барып келсе, түйе орнында тұр, алайда ноқта мен оны ұстап қалған адам ұшты-күйлі жоқ. Ұрлықтың орын алғанын түсінген данышпан 2 дирхам беріп, баласын жаңа ноқта әкелу үшін жұмсайды. Сөйтсе, баласы базардан дәл сол ноқтаны сатып әкелген екен. Әлгі кісі:

–       Алла пәк! Мен ноқта ұстатқан кісінің қызметі үшін 2 дирхам беруді ойлаған едім, алайда, ол бұл ризықты харам жолмен табуды таңдады!» деген екен.

Баршаға мәшһүр хадисте: «Расында, сендердің әрқайсысың әуелі өзінің анасының құрсағында қырық күн ішінде тамшы болып қалыптасады, одан кейін соншама аралықта ұйыған қан ретінде және соншама – кесек ет ретінде, ал содан оған кейін жан үрлеу үшін Алла періштені жіберіп оған төрт нәрсені жазуға әмір береді:

1)    оның ризығын

2)    оның ажалын,

3)    оның амалдарын,

4)    және бақытты не бақытсыз болатындығын...» делінген (Бұхари, Муслим).

Иә, әркім Алланың пешенесіне жазған ризығынан артық та, не кем де ала алмайды. Ол таңертең үйінен шықса ризық келейін деп тұр. Алайда, оны қандай жолмен (арам не адал) табуды адамның өзі таңдайды және сол үшін де сұралатын болады. Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) бір сөзінде: «Біреулерің «Я, Алла, маған ризық бер!» деп дұға етіп, кәсіп жасамай, ризық іздемей отырмасын. Сендер аспаннан алтын не күміс жауады деп ойлайсыңдар ма?» деген екен («Ихяя улумуд-дин).

 

-2-

АДАЛ КӘСІП ДЕГЕН НЕ?

Адам бұл дүниеде мал-дүниеден мұқтажсыздықта өмір сүре алмайды. Себебі, ол  тәнін азықтандыруы, мүшелері сау бола тұра өзгелерден қол жайып ештеңе сұрамауы қажет. Оның алдында бір ғана дұрыс таңдау тұр – Алла адал еткен жолмен кәсіп жасау. Ешбір зұлымдық араласпаған, өзгелерге зиян келтірмейтін кәсіп түрі – адал кәсіп деп аталады.

Ислам о бастан-ақ өмірдің барлық саласын қамтитын, тіршілікте кездесетін барлық сауалдарға жауап беретін дін. Дүние, мал-мүлік, ақша қарым-қатынастарына байланысты үкімдерді де үйретеді. Сондықтан, әрбір мұсылман қайсыбір кәсіпті не қызметті бастайтын болса, оның Алланың ашуын тудырмайтын, рұқсат етілген, өзгеге зиян келтірмейтін, дүниесі мен Ақыретіне береке әкелетін іс екендігіне көз жеткізіп, өлшеп алғаны абзал.

«Біреулерің қолына арқан ұстап, бір бума отын әкеліп, сатып, адамдардан ешнәрсе сұрамауларың, адамдардан сұрап, олар не беріп, не бермегеннен жақсырақ» деген хадис адал кәсіп жасауға жол нұсқайды.

Шариғат адал кәсіптің: егіншілік, диқаншылық, сауда саттық, ұста, қолөнер, құс, білім беру сынды алуан түрін көрсеткен. Асылында, кәсіптің ең абзалы – өзінің мұқтажын өтеп, өзгелерге пайда тигізетін кәсіп. Дана Абай қара сөзінде: «Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйікті құлының бірі боласың» демей ме?

-3-

АДАЛ КӘСІПТІҢ ПАЙДАСЫ

Адамдар кәсіп жасауда, оны таңдауда әр түрлі деңгейде: біреулер табысына харамнан бір тиын қосылмауды қадағалайды, Аллаға ұнамай қалатын жолға жолықпауды уайымына айналдырады.

Бір адамдардың кірісі аралас келеді. Ал енді басқа адамдарға қолына түскен барлық ақша адал, қайдан келгені уайымдатпайды.

Негізінде, зорлықпен тартып алу, жасырып, алдап алу, қулық-сұмдықты пайдалану, Алла мен Оның Елшісі тыйған дүниелермен табыс табу адамның екі дүниесіне береке әкелмейтін істерден. Бұл оның тән және рухани саулығына кері әсерін береді. Иә, кейбір адамдар харам жолмен де байлыққа батып, шалқып өмір сүруі мүмкін. Алайда, мұның нәтижесі ешқашан да жақсылықпен аяқталған емес. Өйткені, Алла – Әділ.

Сондай-ақ, дұғам қабыл болсын деген адам Алла тыйым салғаннан аулақ болып, бұйырғанды орындауға асығуы қажет. Себебі, хадисте: «Кісі ұзақ сапар жүріп, үсті-басы тозып, денесі шаң болады да, екі қолын көкке көтеріп: «Раббым, Раббым», – деп дұға жасайды. Алайда, жеген асы харам, ішкен сусыны харам, киген киімі харам, хараммен қоректенеді. Ондай адамның дұғасы қалай қабыл болсын?!», – делінген (Муслим).

Данышпандардың бірі өз баласына мынандай өсиет қалдырған екен:

«Ұлым, адал кәсіп етіп жоқшылықтан өзіңді сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады:

Біріншіден, дінін әлсіретеді: яғни, сеніміне кір келтіреді. Өйткені, кедейлік адамды жаман ниетке жетелейді.

Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені, мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады.

Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді. Адамдарға жек көрінішті болады», – деген екен. 

Адал кәсіп қылушы адам  ең алдымен Алла Тағаланың бұйрығына бағынушы. Ал құлшылық деген – Аллаға ұнамды болатын істер мен сөздер.

Алла Тағала Құранда: «Жұма» сүресінің 10-аятында: «Ал, намаз аяқталғанда жер бетіне (баратын жерлеріңе) тарқалыңдар да Алланың кеңшілігін іздеңдер әрі мұраттарыңа жетулерің үшін Алланы көп еске алыңдар» деу арқылы құлшылықтан босағанда кәсіп жасау керектігін білдіреді. Мұндай аят «Шарх» сүресінде де кездеседі: «Ал, енді босай қалсаң, тырыс (әрекет ет)...» («Шарх» сүресі, 7-аят).

Тіпті адамға қажылық амалын жасаған кезде де кәсіп жасап, ризық табуға рұқсат етілген: «Раббыңыздың кеңшілігін (ризық-несібелеріңді) іздеулеріңде сендерге күнә жоқ» («Бақара» сүресі, 198-аят).

«Нұр» сүресінің 37-аятында адамның кәсібі оны құлшылықтан тоспау керектігі айтылады: «... адамдарды Алланы еске алудан, намазды толық орындаудан және зекет беруден сауда да, сату да алаңдатпайды».

-4-

КӘСІП ҚЫЛУШЫ АДАМ АЛЛА ТАҒАЛАҒА СҮЙІКТІРЕК...

Ислам мұсылманды мықты, қажырлы жұмысшы болуға тәрбиелейді. Дүниенің бір кірпіші болып қалануға жетектейді. Олардың пақыр, әлсіз емес, бай әрі қабілетті, күшті болғанын қалайды. Мықты мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда Аллаға сүйіктірек және қоғамға пайдалы...

Әнас ибн Мәликтен жеткен хадиске ансарлардан болған бір сахабаға Пайғамбардан ﷺ көмек сұрайды. Пайғамбар

: «Үйіңде не бар?- деп сұрады. Ол: «Кейбір бөлігін жамылатын, кейбір бөлігін астымызға төсейтін төсеніш және су ішетін ыдыс бар» деп жауап берді. Алла Елшісі ﷺ екеуін де алып келуді бұйырады. Сахаба заттарын әкеліп бергенде Пайғамбар ﷺ адамдардан: «Мынаны кім алады?» - деп сұрады. Ар жақтан «Екеуін бір дирхамға аламын» деген дауыс шықты. Пайғамбар ﷺ: «Дирхамға кім қосады?» деп сұрайды. Сонда екі дирхамға сатып алатын кісі табылып, Пайғамбар ﷺ ол адамға мүлікті береді. Екі дирхамды ансарлық сахабаға беріп, біріне жанұяңа тамақ сатып алып бер, екіншісіне балта әкел дейді. Сахаба тура солай жасайды. Пайғамбар ﷺ балтаға ағаштан сап жасап: «Мынаны ал да, отын жинап, сат, сөйтіп, маған 15 күннен кейін кел дейді. 15 күннен кейін келген сахабаның 10 дирхам тауып, оның жартысына азық-түлік, жартысына киім сатып алғанын көреді. Сонда Пайғамбар ﷺ: «Бұл ісің адамдардан сұрап, сол сұрағаның себепті бетіңе Қиямет күні қара нүкте болғаннан гөрі, осы ісің қайырлы» дейді (Әбу Дәуд)

Ал сахаба Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын): «Мен бір адамды көремін, оны сыртынан ұнатамын. Ол жайлы «оның мамандығы, кәсібі бар ма» деп сұрастырамын. «Жоқ» деген жауапты естісем, сол сәтте оның менің алдымдағы құрметі жоғалады» деген болатын. Ол тағы басқа сөзінде: «Көзге оғаш болып көрінетін кәсіп адамдардан сұрағаннан жақсырақ» деген даналық айтқан.

«Ешкім ешқашан өз қол еңбегі арқылы жегенінен жақсырақ тағам жемепті, расында Алланың пайғамбары Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) өз қол еңбегі арқылы жейтін» делінген хадисте (Бұхари).

Отбасын адал жолмен асырау мақсатында еңбек еткен адамның мерейі тасып, ырысы көбейетіні белгілі. Пайғамбар ﷺ: «Отбасында жас балалары болып, тапқанын соларға жұмсаған адам. Сауапты одан артық алатын кім бар? Алла Тағала сол адамның тапқанымен балаларын игілікке бастап, оларға береке береді» деген болатын (Муслим).

300 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*