Руханият 2020-01-23 (0) (15311)

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) НЕКЕЛЕСУГЕ ӨЗІ ҰСЫНЫС ЖАСАҒАН ӘЙЕЛ

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) НЕКЕЛЕСУГЕ ӨЗІ ҰСЫНЫС ЖАСАҒАН ӘЙЕЛ

«Адамдар маған қарсы келгенде (күпірлік танытқанда), (Хадиша) маған иман келтірді, адамдар мені жалғаншыға шығарғанда, ол мені растады, адамдар мені (мал-дүниеден) айырғанда, ол мені өз дәулетімен жұбатты және одан Алла маған әйелдердің басқасынан нәсіп етпеген бала берді».

ХАДИША ХУАЙЛИДҚЫЗЫ КІМ?

Хадиша, Хуайлид ибн Әсәдқызы. Ол құрайыш тайпасы әйелдерінің ең сыйлы да абыройлысы және құрметтісі болатын.

Оның анасы ақылды, парасатты Фатима ханым беделді де, сыйлы ел көсемінің отбасында дүниеге келіп, даңқ пен құрмет салтанат құрған үйде тәрбиеленген.

Хадишаның шежіресі әкесі жағынан Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) арғы атасы Қусайға, ал шешесі тарабынан Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аталарынан болып келетін Луәйға барып тіреледі.

Хадиша шамамен һижра жыл санауынан 68 жыл бұрын, мәшһүр «Піл жылынан» 15 жыл бұрын туылған. Ол етек-жеңін жауып бойжеткеннен соң, мәдениеттілігі мен жібектей сыпайы мінез-құлқы, салмақтылығы мен бірсөзділігі, байсалдылығы мен зеректігінің арқасында елге танылып, «Таһира» (пәк, таза) деген атқа ие, ақылды да парасатты әйел атанған. Күйеу болу дәмесімен оған барлық ер кісілердің назары түсетін.

Хадиша Әбу Хәлә ибн Зурара әт-Тәмимимен тұрмыс құрып, Әбу Хәләдан бір ұл және бір қыз көреді. Оның қазасынан кейін екінші рет Атиқ ибн Абид әл-Махзумиға күйеуге шығады. Бірақ көп кешікпей олар араларында бір қыз қалып, айырылысып кетеді. Құрайыш тайпасының ішінде оған күйеулікке үміткерлер көп болады, бірақ ол өзін бүтіндей балаларына және сауда істеріне бағыштайды. Ол өте дәулетті әйел еді. Оның жүргізген керуені бүкіл құрайыштардың шығарған сауда керуеніне тең келетін. Мал-дүние тауып, балаларын қамқорлығына бөлеген, оның өмірінде тыныш тіршілік белестері басталады. Бірақ көп ұзамай, бір күні ол тыныш тіршілігіне нүкте қойған түс көреді. Бұл түс Хадишаны беймаза күйге түсіріп, бойында үміт шоғын үрлейді. Ол түстің орындалуын тағатсыздана күтеді. Ол түсінде Мекке көгінен шыққан Күн шұғылалы сәулесімен жер-жаһанға нұр шашып тұрғанын көрген-ді. Ояна сала толғанысы мен жүрек дірілін басып, аздап өз-өзіне келген соң, немере ағасы Уарақа ибн Нәуфәлдың үйіне барады. Бұл кісі ақиқат жолын іздеушілерден болатын. Оның көзқарасы дұрыс әрі таза еді. Ол өзін сол кездегі құрайыштардың сиынып, табынатын пұт-мүсін тәріздес жалған құдайларынан аулақ ұстайтын. Ол Мәриямұлы Исаның дінін қабылдап, бірқұдайшылдықты ұстанатын.

ЕРЕКШЕ ТҮС

Хадиша оған өзінің түсін айтқанда, Уарақа:

«Сен көрген Күн мен оның сәулесінің шұғыласы, бұл – ең соңғы пайғамбардың дүниеге келуінің және оның сенің үйіңе кіретіндігінің белгісі, демек, сен оған тұрмысқа шығасың, ей, қарындасым!» – дейді.

Бұл сөздерді естігенде, Хадишаның тұла бойын тебірену мен толқыныс билеп алады. Абыржулы күйде ештеңе сезбей өз-өзіне: «Мен кезінде өзімді балаларымның тәрбиесі мен кәсібіме бағыштап, құрайыш тайпасының небір беделді де құрметті ерлерінің бетін қайтарған едім. Егер мені осы үмбеттің пайғамбарымен отау құру күтіп тұрған болса, бұл басқа мәселе! Бұл жоғарыдан жіберілген Тәңірімнің рақымы және мұның артында игілік бар», – дейді.

Осыны айтып, ол желбегейін жамылмастан жүгіріп қасиетті Қағбаға келіп, тауап ете жүріп, Алладан әдеттегіше саудасының берекесін емес, осы түстің орындалуын сұрады. Осыдан бастап оның көңілі алабұртып жай таппай, әлдебір нәрсені іздеп, бір жайтты күткендей аласұрады.

Күндер өте келе құрайыштардың арасындағы әңгімелерден қой бағуды кәсіп еткен, әрі көкесі Әбу Талибқа көпжанды отбасын асырауға қолғабыс жасайтын Мұхаммед деген жас жігіт жайлы жиі естиді. Адамдар оның ерекше аманатшылдығы мен шыншылдығына тамсанатын, оның есімін атағанда, «сенімді» деген мағынаны білдіретін «Әмин» деген жанама атты қоспай атамайтын. «Әмин келді», «Әмин өтті», «Әмин ананы істеді», «Әмин мынаны істеді»... десетін. Ол жөнінде естігендері Хадишаны іштей шаттыққа бөлейтін.

Мұхаммедтің шыншылдығы, аманатшылдығы, қарапайымдылығы, сенімділігі, қайырымдылығы, ақылдылығы, парасаттылығы мен жаман істерден қашықтығы оны төңірегіндегілер бой ұрған былықтардан алыс ұстады. Ол арақ ішпейтін, құмар ойнамайтын және дүниелік арзымастарға сатылмайтын. Хадиша осының барлығын естіп-біліп, сырттай оны қатты ұнатады. Оған «келуі күтіліп жүрген пайғамбар осы Мұхаммед болуы мүмкін» деген де ой келді.

НЕТКЕН АБЫРОЙ!

Бірде сауда істері үшін және керуеніне басшылық жасайтын сенімді де адал ер-азамат іздеген Хадиша Мұхаммедті өз көзімен көргісі келіп, оған адам жібереді.

Хадиша Мұхаммедті, шын мәнінде де, тамаша тыңдай білетін, көп сөзге жоқ адам ретінде таниды. Оның айтқан сөздері көркем де салиқалы шығатын. Ол үнсіздік сақтағанда – салмақты да әспетті күйге түсетін, ал сөйлегенде – сұлулық пен баурап алар тартымдылыққа ие болатын. Ал күлгенде – оның аппақ маржан тістері жалтырап күнге шағылысатын.

Ол екеуі оңай келісіп, болашақ елші Мұхаммед Хадишаның сауда істерімен Шамға аттанады. Бұл сапар барысында керуен істеріне жауапкер ретінде Майсара деген адам тағайындалады. Жол бойы Мұхаммед пен Майсара бір-біріне қолғабыс тигізіп жүреді. Керуен Меккеден Шамға дейін ұзақ та шөлді сахараны басып өтеді. Майсара мен оның жанындағы адамдар бүкіл жол бойы Мұхаммедке қатысты бой көрсеткен таңғажайып нәрселердің куәсі болады. Олар бұл жайттарға қалай түсінік беруді де білмейді. Мәселен, күн қатты ысып, күшіне мінген кезде Мұхаммедтің төбесінде екі бұлттың сая боп жүргенін олар түсіне алмайды. Сонымен қатар олар аздап әлденіп алу үшін Бусра сауда орталығына тоқтағанда, Мұхаммед бір ағаштың көлеңкесіне барып отырады. Сол сәтте Настура есімді монах келіп, оған мұқият зер салып, Майсарадан ол жайлы сұрастыра бастайды. Майсара оған Мұхаммедтің құрайыш тайпасынан, қасиетті Мекке шаһарынан екенін айтады. Сонда монах:

«Бұл ағаштың саясына пайғамбарлардан басқа ешкім отырмаған еді», – деп, сәл кідіріп: «Оның көзінде қызыл теңбіл дақ бар ма?» – деп сұрады. Оған Майсара: «Иә», – деп жауап берді.

Әкелген тауарларын сатып, мол пайда түсірген керуен Меккеге сәтті оралады.

Мұхаммед Хадишаның сауда-саттық істерін жүргізуде өзгеше бір тәсіл қолданды. Әдетте көп саудагер Меккеден тауар алып шығып, оны Йеменге, Шамға апарып сататын немесе Шамнан, Йеменнен зәру заттар алып келіп, бұл тауарларды Меккеде пұлдайтын. Мұхаммед болса Меккеден тауар артып шығып, оны Шамға апарып сатады да, сол жерде біраз аялдап, меккеліктерге қажет заттарды алып, бұларды Мекке базарына әкеліп өткізді. Нәтижесінде, керуен есепсіз пайдаға кенеледі. Мұхаммедтің сауда-саттық ісіндегі құтты қадамы мен кісі малына деген аманатшылдығы Хадишаның көңілінен шығып, болашақ пайғамбардың қадір-қасиеті оның алдында ұлғая түседі. Сондай-ақ үстеме қызметкері Майсарадан естіген әңгімелері оның (жүрексінсе де) бұл жас жігіттің өмірлік серігіне айналуына түбегейлі шешім қабылдауына түрткі болады.

Бірде Хадишаны жақын құрбысы Нафиса Мунияқызы зиярат етіп келеді. Ұзақ әңгімеден кейін Хадиша ешкімге тіс жармауына уәде алып, оған ішкі құпиясын ашады. Оны тыңдап болған Нафиса: «Құрайыш әйелдерінің арасында сұлулығы мен байлығы және мәртебесімен саған тең келер ешкім жоқ. Әрбір ер кісі саған үйленуді армандайды», – дейді. Осыны айтады да, ол Мұхаммедке барып:

– Саған үйленуге не кедергі жасайды? – деп сұрайды. Ол:

– Оған менің жағдайым келмейді, – деді. Нафиса оған күлімсіреп:

– Егер біреу сені ақылымен, сұлулығымен, байлығымен және құрметімен шақырса, жауап берер ме едің? – дейді. Мұхаммед:

– Ол кім еді? – деп сұрайды. Ол:

– Хадиша Хуайлидқызы, – дейді. Мұхаммед:

– Егер ол келіссе, мен қарсы болмас едім, – деп тіл қатады.

Нафиса бұл жаңалықты Хадишаға қуана хабарлайды. Тойға дайындық басталып, қой, түйелер сойылып, кедейлерге ет үлестіріледі. Бұл кезде Мұхаммедтің жасы жиырма бесте, ал Хадиша қырық жаста болатын.

Араларындағы жас алшақтығына қарамастан, Мұхаммед пен Хадиша жиырма бес жыл бақытты ғұмыр кешеді. Мұхаммед оны құрметтеп «Хадиша Кубра» (Үлкен Хадиша) деп атайтын.

Екеуі Қасым, Абдуллаһ атты екі ұл мен Зәйнәб, Руқайя, Умму Кулсум және Фатима есімді төрт қыз сүйеді.

ЕҢ АЛҒАШҚЫ МҰСЫЛМАН ӘЙЕЛ

Болашақ елші пұтқа табынушылардан бойын аулақ ұстап, жаратылыс пен Жаратушы жайында ойға шомып, пікір жүгіртетін.

Бұл жайлы Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былайша әңгімелейді: «Содан кейін оған оңашалық ұнамды боп қалды. Отбасын сағынғанға дейін жалғыз өзі Хира үңгірінде үздіксіз бірнеше түн (Аллаға) құлшылық-ғибадат жасайтын. Сол үшін өзімен бірге азық алып кететін. Сосын Хадишаға қайта соғып, тағы да сол үшін азық-ауқат қамдап алатын. Хира үңгірінде оған ақиқат келгенге дейін (осылай жалғасты). Оған періште келіп: «Оқы!» – дейді. (Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)): «Мен оқи білмеймін!» – деп жауап береді. (Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)): «Сол кезде ол мені ұстап, бұлқынғанымша тынысымды қысты. Сосын мені босатып: «Оқы!» – деді. Мен: «Оқи білмеймін!» – дедім. Ол мені екінші рет ұстап, тағы да бұлқынғанымша тынысымды қысты. Сосын босатып: «Оқы!» – деді. Мен: «Оқи білмеймін!» – дедім. Ол үшінші мәрте ұстап, бұлқынғанымша тынысымды қысты. Сосын қоя берді де: «Жаратқан Раббыңның есімімен (бастап) оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса Жомарт» («Ғалақ» сүресі 1-5 аяттар) – деді», – деп айтты» .

Айша анамыз сөзін жалғап: «Содан кейін Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жүрегі дірілдеп Хадиша Хуайлидқызының алдына кіре сала: «Мені орап тастаңдар, мені орап тастаңдар!» – дейді. Олар оны қорқынышы басылғанша орап қояды. Сонан соң Хадишаға: «Мен өзіме қатысты қорқып қалдым», – деп болған уақиғадан хабардар етеді. Сонда Хадиша: «Жоқ, олай емес. Алламен ант етемін! Алла сені ешқашан қор қылмайды, өйткені сен туыстармен жақсы қарым-қатынастасың, қорғансызды сүйейсің, жоқ-жітікке қарайласасың, қонақты сыйлайсың және өзгелердің құқығының сақталуына жәрдем етесің», – деп (жауап береді).

Бұдан соң Хадиша оны өзінің немере ағасы Уарақа ибн Нәуфәл ибн Әсәд ибн Абдулғұззаға ертіп барады. Ол жәһилият дәуірінде христиан дінін қабылдаған кісі еді. Көне еврей тілінде жаза алатын, Алла қалағанша Інжілден көне еврей тіліне жазатын. Қартайған, көз жанарынан айырылған шал еді. Хадиша оған: «Уа, көкемнің ұлы! Туысыңның баласын тыңда», – дейді. Уарақа: «Уа, туысымның ұлы! Не көрдің?» – дейді. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көргенін айтып береді. Сонда Уарақа: «Бұл – Алла Мұсаға (аләйһис-сәләм) жіберген періште Намус. Шіркін, жас болғанымда ғой! Қауымың сені (елден) қуып шығарар кезде тірі жүрсем!» – дейді. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Олар мені қуып шығара ма?» – деп сұрайды. (Уарақа): «Иә, қашанда сен әкелген секілді нәрсемен келген кісіге дұшпандық жасалған. Егер сол күнге дейін тірі болсам, саған зор жәрдем беремін», – депті. Бірақ уахи кешікті де, көп уақыт өтпей Уарақа дүние салды» (Әл-Бұхари, Бәд-ул-уахи: 3.)

Уарақамен болған сұхбаттан Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дағуат жолындағы қиындық Алланың пайғамбарлары мен елшілеріне орнатқан заңдылығы екенін түсінді.

Хадиша Аллаға және Оның пайғамбарына (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) иман келтіріп, Исламды таудай сенім, шынайы махаббатпен қабылдағандардың ең алғашқысы болды. Сонымен қатар оның бүкіл отбасы: ұлы – Һинд ибн Әбу Хәлә, қайнысы – Әли ибн Әбу Талиб, азат етілген құлы – Зәйд ибн Хариса және Зәйдтың әйелі, Усаманың анасы – Умму Аймандар (Алла оларға разы болсын) Исламға кірді.

Ол күйеуіне кәпірлер тартқызған тауқымет азабын иық тіресе көтерісті, ауыртпалығын жеңілдете жүріп, бар күш-жігерін сарқа қолдады.

ХАДИШАНЫҢ ІНЖУ САРАЙЫ

Исламға шақыру дағуаты қанат жайып, мұсылмандардың саны артқан сайын кәпірлер тарабынан зорлық-зомбылықтар да үдей түсті. Хадиша елшіні талмай қорғап, ылғи да оны сабырлылыққа шақырып, дем беріп отырды. Олар өздері уағыздап шақырып жүрген ақиқаттың сөзсіз жеңетініне сенетін. Екеуі балиғат жасына жетпеген ұлдары Қасым мен Абдуллаһтан айырылды. Бұл орны толмас қасірет болса да, өздерін сабырлы ұстап, қайғының меңдеуіне орын бермеді. Хадиша бұл ықыласы үшін көзі тірісінде-ақ жаннатпен сүйіншіленген болатын. Жәбірейіл Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, одан Хадишаға сәлем беруін сұрап:

«Шындығында, Алла оны (Хадишаны) жәннаттағы ың-шыңы жоқ, бейнетсіз, жақұтпен безендірілген інжу сараймен сүйіншілейді», – деген (Әл-Бұхари, Таухид: 35; Муслим, Фадаил әс-сахаба: 71, 72).

Хадиша Ясирдің әйелі, Аммардың анасы – Сумәйяның (Алла оларға разы болсын) азапты өлімге діні үшін басын тіккенін көзімен көрді. Бұл дін жолындағы алғашқы шәһидтік еді. Ол түбінде АллаДан келер жеңіске үміт етіп, мүшріктер келтірген зорлықтың зардабынан қорықпады. Кәпірлердің азабы күннен-күнге күшейе түсті. Кәпірлер Қағбаға олармен сауда-саттық, алыс-беріс жасамау турасында үнқағаз іліп қойды. Басқаша айтқанда, оларға экономикалық қоршау, қысым, шектеу жариялады.

Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен оған ергендер мүшріктердің зұлымдығынан бас сауғалап сахараға келіп күн кешті. Мұқтаждық пен аштық, әділетсіздік, өмірдің ащы тұздығы оларды қатты абыржытты.

Хадиша Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасынан әрдайым табылып, Исламның қанат жаюы мен әділдіктің жеңуі үшін қолынан келгенін аямады. Осы қиыншылық үш жылға созылды. Осы үш жыл ішінде мұсылмандар жантүршігерлік азап пен зұлымдықты басынан өткерді. Аштық оларды ағаштардың қабығы, аңдардың терісі сияқты заттармен азықтануға мәжбүрледі. Хадишаға ағасының ұлы Хаким ибн Хузам азық-түлік алып баратын. Мұны біліп қойған құрайыштар бұған да тыйым салған соң, Хаким оған ас-ауқатты ұрланып жасырын әкелетін. Хадиша бұл азықтың барлығын мұсылмандарға үлестіріп беретін. Осы күндердің ішінде Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі, демеушісі Әбу Талиб сексен жастан асып барып дүние салды. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Әбу Талиб дүниеден өткенше құрайыштардың маған қолы жеткен емес», – деп айтқан (Ибн әл-Әсир, әл-Кәмил: 91).

Үш күн өткен соң һижра жыл санауынан үш жыл бұрын алпыс бес жасында Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жан жары Хадиша дүниеден өтті.

Бұл пайғамбарлықтың 10-жылы Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) елу жасында болған оқиға еді. Пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) елшіліктен бұрын он бес жыл, одан кейін он жыл, барлығын қосқанда жиырма бес жыл – ширек ғасыр бірге өмір сүрді.

Сүйікті асыл жарының орны толмас қазасы Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жанына қатты батады. Әбу Талиб пен Хадиша дүние салған бұл жыл тарихта «Амул-хузн» (қайғы жылы, қаралы жыл) деген атпен қалған.

БЕЙНЕТІНІҢ ЖЕМІСІ ЖӘННАТ БОЛДЫ

Міне, осылайша Хадиша өзінің артынан дін жолындағы қасиетті, даңқты күрес пен Исламды дағуат етудің мәңгілік үлгісін қалдыра отырып, Жаратушысының алдына аттанды. Ол Алла елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жиырма бес жыл отандасып, ақылды да салиқалы жар атанған-ды және Алла Тағала мен Оның елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ашуына тиетін дәнеңе істеген емес. Осы бейнетінің жемісі оған жаннат болды. Бұл жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Жәннаттың ең жақсы әйелдері: Мәриям Имранқызы мен Хадиша Хуайлидқызы» (Әл-Бұхари, Манақиб әл-ансар: 20; Муслим: Фадаил әс-сахаба: 69.), – десе, тағы бір хадисінде: «Осы дүниеде де, ақыретте де сый-құрметке ие болған төрт әйел бар. Олар: Имранның қызы Мәриям, перғауынның әйелі Әсия, Хуайлидтың қызы Хадиша және Мұхаммедтің қызы Фатима», – деген (Әл-Хаким, Мустадрак: 3/185).

Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінің соңына дейін оны еске алумен өткен. Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін бірнеше жылдан соң әйелдерінің бірінің үйінде отырып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сыртта Хадишаның сіңлісі Халәның дауысын естіп, оны Хадишаның дауысына ұқсатып: «Тәңірім-ау, Халә!» – деп орнынан тыпыршып кеткені жайлы хабар етіледі (Әл-Бұхари, Манақиб әл-ансар: 20).

Айша (Алла оған разы болсын):

«Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны (Хадишаны) есіне жиі алатын, егер қой сойса: «Хадишаның дос әйелдеріне үлестіріңдер. Маған оның сүйіспеншілігі берілген», – дейтін» (Муслим, Фадаил әс-сахаба: 75, Ахмад, Муснад: 6/58, 202 және басқалар)

«Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Хадишадан қызғанғанымдай басқа әйелдерінен қызғанған емеспін. Оны әсте көрмегенмін де. Кейде мен Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

– Тура дүниеде Хадишадан басқа әйел болмағандай, – деп айтып қалатын едім. Сонда Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

Ол – ол еді ғой... Ол – ол еді ғой... одан мен перзент сүйдім, – дейтін (Әл-Бұхари, Манақиб әл-ансар: 20).

Оны әр күні еске алғанына мен бірде қызғаныш білдіріп:

– Неге сонша сол қызыл иек (кемпірді) айта бересің? Алла Тағала оны саған одан жақсы біреумен (Айша анамыз өзін меңзеп отыр) алмастырған жоқ па? – дедім.

Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ашуланып:

«Алланың атымен ант етемін! Алла маған одан жақсыны бермеді. Адамдар маған қарсы келгенде (күпірлік танытқанда), (Хадиша) маған иман келтірді, адамдар мені жалғаншыға шығарғанда, ол мені растады, адамдар мені (мал-дүниеден) айырғанда, ол мені өз дәулетімен жұбатты және одан Алла маған әйелдердің басқасынан нәсіп етпеген бала берді», – деп жауап қайтарды», – деген (Ахмад, Муснад: 6/117, 118).

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінің соңында күңі Мәрия Қыбтиядан көрген Ибраһим деген ұлынан басқа өзге әйелдерінен перзент сүйген емес.

Хадишаның денесі Мекке маңындағы Хажун деген жерде жерленген.

Мүміндердің анасы – Хадиша Хуайлидқызына Алла разы болсын!

 

"Асыл аналар" кітабынан

15311 рет оқылды