Сұхбат 2020-01-22 (0) (429)

Асхат ЕРКІМБАЙ: "БЛОГЕР ЖУРНАЛИСТ БОЛА АЛАДЫ, ЕГЕР

Асхат ЕРКІМБАЙ:

Бүгінгі кейіпкеріміз туралы көп айтуға болар. Жаңа медиа маманы, АҚШ-тың Майоми университетін коммуникация мамандығы бойынша бітірген. Сүлеймен Демирел университетінің оқытушысы, журналист, блогер, «Profi Asia» оқу орталығының ағылшын тілі оқытушысы Асхат Еркімбай.

ҚАЛАММЕН ДОС БОЛЫП, БОЛАШАҒЫМДЫ ӘСЕМДЕДІМ

Асыл арна: - Асхат аға, сіз Қарағанды облысында дүниеге келдіңіз. Әкеңіз кенші болды. Шахтада ойнап өстіңіз. Журналист болуды бала күніңізден армандадыңыз ба?

Асхат ЕРКІМБАЙ: - Біз отбасымызда төрт ағайынды болдық. Әке-шешеміз арманымызға ешқашан тыйым салған емес. Содан да болар, қазір әрқайсымыз әртүрлі салада жүрміз. Тек үлкен ағам қазір әкеміздің жолын қуып шахтада жұмыс істейді. Ал бауырым IT технология саласында қызмет етеді. Мен көбіне медиа оқытушылық саласында жүрмін.

"Журналистикаға қызығушылығымның оянуына ерекше оқиға себеп болды"

Жасөспірімдік кезім 90-шы жылдары аумалы-төкпелі, жарық жоқ, су жоқ "бәрі солай болуы керек, одан асқан жақсы күн жоқ" деген сенімдегі кезеңде өтті. Және әке-шешеміз бізге еш қиындық көрсетпей өсірді. Тек маған қалаға көшіп келгенімізде ауылдың баласы деп қабылдағысы келмеген мектеп қатты әсер етті. Сол ойымды аптасына бір рет пошташы апай алып келетін "Ұлан" газетіне бергенмін. Ол мақала газеттің бірінші бетіне шықты. Сол кезде мен қаламмен өзімді, болашағымды өзгертуге болатынын түсіндім. Себебі мен "г" сыныбында оқып жүрген едім. Ал мақала шыққаннан кейін мектеп директоры келіп “сен неге “г” сыныбында оқып жүрсің?! Бүгіннен бастап “а” сыныбында оқисың" - деп, “а” сыныбына ауыстырды. Сол сәттен бастап маған: "Егер қалам менің болашағымды өзгертуге себепші болса, онда қоғамдағы басқа адамдарға да көмектесе алады екенмін ғой” деген  ой келді. Осылайша 8-9 сыныптан бастап қаламмен серік болып, әртүрлі  газеттерде жұмыс істей бастадым. Менің қызығушылығым сол кезде басталды...

 

"Блогпен Америкада таныстым"

Бірте-бірте қаламның орнына компютер келді. Сөйтіп жүріп Америкаға жолым түсті. Ол жақта 2006, 2007 жылдары алғаш блогинкпен таныстым. Колумбия университетінде дәріс алып жүргендегі басты ниетім блогты қазақстанға көрсету, таныстыру болды. Себебі журналистер ең алдымен блог жүргізуді меңгерсе, қазақ тіліндегі сауатты онлайн журналистиканы қалыптастыратын мүмкіндік туар еді. Аллаға шүкір, ниетімізге жеттік десек те болады. Нәтижесінде блогты меңгерген қазақ журналистерінің арасында жаңа лек пайда болды. Олар блогосфера арқылы жаңа форматты, жаңа медианың қыр-сырын тез меңгеріп алды.

Содан бастап блог насихаты басталды. Мәселе блогер болуда емес. Блог арқылы онлайн журналистиканың қыр-сырын тезірек үйретуде.

"АМЕРИКАҒА БАРУ ШАРТ ЕМЕС"

Асыл арна: - Өз жұмысыңның жетік маманы, білікті журналист болу үшін міндетті түрде шетелде білім алу қажет пе?

Асхат ЕРКІМБАЙ: - Басқа мамандық түрлеріне қарағанда өте жылдам өзгеріске ұшырап жатқан - осы журналистика. Себебі журналистика технологияға тікелей тәуелді. Ақапараттың жылдам таралуы технологияға тәуелді болғаннан кейін журналистика осы өзгерісті бірінші кезекте басынан өткізеді. Журналистикадағы ең маңызды компонент, ол - жариялау. Осы жариялаудың формалары, түрлері өзгергеннен кейін журналистер соны тезірек меңгеріп отыруы керек. Ол үшін, әрине, Америкаға бару шарт емес. Бірақ шетелде болып жатқан өзгерістерді бірінші болып қабылдап, түсініп алу маңыздырақ. Ол Еуропа бола ма, Америка бола ма, мәселе онда емес.

Журналист болу үшін қазір тек тіл білу жеткіліксіз. Ағылшын тілін білу -қажеттілік. Екінші қажеттілік - IT, медиа сауаттылығы. Сонымен қатар журналист сауатты жазу, көркем сөйлеу, көркем ойлау, оқиғаны жылдам жеткізу дағдыларының үстіне бағдарламаның тілдерін, жариялау кодтарын, технологияны меңгеру қажеттілігі туындап отырады. Анығын айтқанда, әр екі жыл сайын жаңадан дағды қосылып отыр. Бүгінгі журналистика сол дағдыны меңгеріп, соған ілесіп отыру керек болып тұр. Егер оған ілесіп отырмасақ, онда бізде ақпарат кешігіп жетеді және журналистер фактыны тексеріп үлгере алмай қалады.

Егер ағылшын тілін білсең, IT дағдың болса, қазір онлайн да білім алуға болады. Сен Стэнфордтың курсын онлайн оқи аласың. Бірақ егер сенде ол дағды жоқ болса, онда сен әлемнің беріліп тұрған мүмкіндігін түсіне алмай отырасың. Сол себепті журналистің бірінші кезекте ағылшын тілін білуі маңызды.

"ЕЛ-ЖҰРТҚА ҚАЛАЙ ЖАҒАМ?"

Асыл арна: - Ағылшын тілін үйретудегі мақсатыңыз?

Асхат ЕРКІМБАЙ: - Мақсатым - айналамдағы ағылшын тілін білмейтін жақындарыма көмектесу. Біріншіден, ағылшын тілін білмейтін адамдар ғылыми ойларды меңгеріп алса екен деген мақсат. Екіншіден, қазақша ғылыми ойларды басқа тілге аудару арқылы ары қарай жетілдіруге атсалысу. Үшіншіден, қазақ тілінің ғылыми негіздерін қалыптастыру. Қазақ тілін әлемдік ғылыми ойларды айтатын тіл ретінде қалыптастыруға үлес қосу және ғылыми ойларға ғашық адамдардың, қоғамда проблеманы емес, мәселенің шешімін іздеуге талпынатындардың ортасын қалыптастыру. Абай атамыз “Өз өзіңді күзеткен шырағым” деп айтады ғой. Сондықтан, біріншіден, өз-өзімізді түсіну, өз-өзімізге көмектесу маңызды. Ел-жұртқа қалай жағам, көпшілікті аузыма қалай қаратамын деген мақсат емес.

Асыл арна: - Шетелде оқыған журналистер қазақ журналистикасына жаңа леп әкеліп жатыр ма?

Асхат ЕРКІМБАЙ: - Леп әкеліп жатыр. Бірақ ол лепті кім сезеді, кім сезбейді деген мәселе бар. Себебі біздің елдегі журналистика мен өзге елдегі журналистика сәл өзгешелеу. Біріншіден, Қазақстандағы журналистика көбінде басқарылмалы, яғни бақылауда тұрған журналистика. Мемлекет тарапынан бізде заңдар өте көп. Сондықтан шетелдегі үйренген білімнің барлығын Қазақстанға алып келіп сіңдіру мүмкін бола бермейді. Себебі біздің қоғам, көрген тарихымыз, геосаяси жағдайымыз сәл өзгешелеу және біздегі журналистика нарық жағынан дамып жатқан жоқ. Мәселен, Еуропада өнімді өнім тұрғысынан қарастырады. Жаңалық – ол бір өнім, тауар. Ол жаңалық сапалы болса, адамдар сатып алады. Ал бізде тауарды өнім ретінде қарастыру сәл өзгеше қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда шетелде көрген- білгеннің барлығын бірдей сіңіре беру қолдан келмейді.

"СІЗ ДЕ ЖУРНАЛИССІЗ"

Асыл арна: - Қазір «журналист болу үшін журналистканы оқу керек емес» деген пікір бар. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

Асхат ЕРКІМБАЙ: - Осы орайда екі нәрсені түсініп алайық. Журналист деген сөзге біздің елдегі БАҚ қандай түсінік береді және біз өзіміз қандай түсінік береміз. Кеңестік түсінікпен қарайтын болсақ, журналист - кәдімгі оқыған дипломы бар маман. Ал негізгі медиа ортада ақпаратты жинақтап, сараптап дер кезінде қажетті адамға ұсыналатын адамды журналист деп есептейміз. Яғни сізде сол дағдылар болса, онда сізге оқудың қажеті жоқ. Өйткені, түсінік бойынша, журналистика ғылым емес.

Қазақстанда заң бойынша ақпарат тарата алатын адам журналистің категориясына кіреді. Сіздің блогыңыз, уатсабыңыз болса сіз журналиссіз. Ол әлеуметтік желіге бір ақпарат таратса, журналист секілді заң бойынша жауап береді. Бірақ ол сараптап, тексеріп жатқан жоқ. Ал енді сіз кәсіби журналист болу үшін сізге осы ақпараттарды сараптап, майдан қыл суырғандай керек ақпараттарды талдай білу керек. Осы дағдыларды ұштасаңыз, сіз жақсы журналист бола аласыз деген сөз. Мен де журналистиканы оқыған жоқпын. Қазақ тілі және әдебиет пәнінің маманымын. Яғни онда тұрған ештеңе жоқ.

Бізде бір түсінік бар, бір адам белгілі бір мамандықты бітірсе, міндетті түрде сол салада жұмыс істеу керек деген. Жоқ, олай емес. Дүние жүзінде тренд ондай емес, тек Қазақстанда ғана басқаша. Көп студенттер бір мамандықты оқиды, бірақ басқа мамандықта жұмыс істейді. Одан ешқандай ғаламдық қауіп-қатер көрудің қажеті жоқ. Ол қалыпты нәрсе. Адам, ең бастысы, қоғамда өз орнын тапса болғаны. Жазушы болу үшін сізге талант керек шығар, бірақ журналист болу үшін сізге дағдылар қажет болады.

"НАҚТЫ ЖАУАБЫМ ЖОҚ"

Асыл арна: - Қазіргі журналистерге көңіліңіз тола ма?

Асхат ЕРКІМБАЙ: - Бұл сұраққа "мынадай" деп жауап бере алмаймын. Себебі мәселе журналисте емес, мәселе журналистикада және қазіргі журналистердің қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын білемін. Осыдан 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда белгілі бір нәрсені еркін айтуға мүмкіндік жоқ. Дегенмен өзінің мамандығына барынша адал, әділетті түрде қызмет етіп жатқан журналистер бар. Оларға құрметпен қараймын.

Асыл арна: - Әлеуметтік желі белсендісін, блогы бар адамды қоғам блогер деп біледі? Ал сіздің ойыңызша, блогер деген кім?

Асхат ЕРКІМБАЙ: -  Негізі екі түрлі түсінік бар. Ғылыми ортада блогер деп біз көзқарасы тұрақты түрде  бір платформада жеткізетін адамды айтамыз. Ал келесі бір түсінік белсенді әлеуметтік желі қолданушысын блогер деп атап жүр. Егер ютубта белгілі бір контент жасайтын болса, оны виблогер деп атайды немесе вайнер дейді. Қазақстанның заңнамасы бойынша егер ол адамның миллион аудиториясы болса, ол журналист ол медиа боп есептеледі. Ғылыми тұрғыда біз оны медиа деп қарастырамыз. Себебі ол белгілі бір аудиторияға контентін шығарып, оны жариялап отыр. Мәселе - оны тексеріп, жариялап отыруда. Журналистік стандартқа сай ма, сай емес пе, ол бөлек әңгіме. Сол себепті біз оны журналист деп атай алмаймыз. Біз оны медиатұлға немесе ықпалы бар медиатұлға деп қана айта аламыз.

"ТАҢДАЙ БІЛУ МАҢЫЗДЫ"

Асыл арна: - Соңғы жылдары қатты дамыған блогерлік дәстүрлі журналистиканың бәсекелесі ме?

Асхат ЕРКІМБАЙ: - Аудитория тұрғысынан қарасақ, әрине. Бүгінгі дәстүрлі журналистика аудиторияның талабын қанағаттандыра алмаса, аудитория өздерінің талаптарына сәйкес медиа іздей бастайды. Мәселен, бүгінде аудитория мемлекеттік медианың берген ақпаратына көңілі толмаса, онда ол интернеттен шындықты өзі іздеуге тырысады. Сөйтіп аудитория шындықтың не екенін түсіне алмайды да, әртүрлі шындық беріп отырмын деп есептейтін тырнақшаның ішіндегі каналдардың арбауына түсіп қалуы мүмкін. Осы тұрғыдан бәсекелес болып отыр. Яғни дәстүрлі медиа ақпаратты тезірек беріп, жылдамырақ беруді жіті меңгере алмаса, оны шала-шарпы ұсынып отырған каналдар бірінші береді де, аудиторияның талабына төтеп бере алмай қалуы мүмкін. Журналистиканың күші - ақпаратты тексеріп бере алатындығында. Ал жаңа медианың күші жылдамдығында ғана. Сондықтан бүгінгі журналистика неғұрлым жаңа медианы сауатты меңгере алса ғана аудиторияны өзіне қарата алады. 

Асыл арна: - Жас журналист қандай кітап оқуы тиіс?

Асхат ЕРКІМБАЙ: - Өз бойыңда қандай құндылық қалыптастырғың келсе, соған сәйкес кітап оқыған дұрыс. Кәсіби тұрғыдан маман болам десең, онда сол кәсіптің қыр-сырын үйрететін үздік кітаптарды оқы.

ЖАЗА АЛАТЫНДАР КӨБЕЙГЕН САЙЫН ҚОҒАМ СҰРЫПТАЛА БАСТАЙДЫ

Асыл арна: - Бір сұхбатыңызда «кітап оқығандар емес, кітап жазғандар әлеуметтік желіде отырғандарды басқарады» деп айттыңыз! Ал сіздің болашақта кітап жазуға ниетіңіз бар ма?

Асхат ЕРКІМБАЙ: - Сіздің барлық әлемге қатысты көзқарасыңыз, ұстанымыңыз қалай қалыптасты? Әрине, мектепте, университетте. Мектепте оқулықтар болды. Сол оқулықтарды кім жазса, біз сол адамның ойымен сусындап өстік немесе сізге мұғаліміңіз сабақ берді, мұғаліміңіз қай кітапты оқыды, сол кітапта оқыған көзқарасты сіздерге жеткізді. Немесе біз кофе іштік. Кофенің рецептін біреу жазды. Ол рецептіні кім ойлап тапты? Яғни сол адамның барлығы бір адамның жазған мәтіні нәтижесінде осы өнімді жасады. Сөйтіп біз сол өнімді тұтынып отырмыз. Сол сияқты кім мәтінді жазды, қалғанымыз сол мәтінді орындаушылар боп отырмыз. Белгілі бір кітапты мәселен бір ғалым жазды. Сол ғалымның жазған кітабын бойға сіңіреміз де, әрі қарай біз онымен өмір сүреміз. Мұсылмандар үшін ең қасиетті кітап бар – Құран. Бұл – Алланың жазғаны. Сондықтан біз Құран  мұсылманның темірқазығы дейміз. Яғни сен Құранды оқысаң, мінезің Құран дейміз. Яғни кім жазды, соның жазғаны бойынша қоғамға көзқарасымыз қалыптасады деген сөз. Не себепті Кеңес одағында жазушыларға деген ілтипат жоғары болды.  Өйткені жазушылар арқылы қоғамға құндылық насихатталды. Жазушыларды басқара алса, қоғамды басқара алатынын түсінді. Мысалы, мен жәй ғана «құрметті үй тұрғындары, қоқыс шашпаңыздар» деп жазып қойсам, басқалар сол жазуды оқиды да, сол бойынша әрекет етеді. Мен көрінбей тұрмын. Бірақ бүкіл тұрғындарды мен басқарып отырмын. Яғни мәселе - жазушыларда.

Жаңа медиа заманында мәселе тек жазуда емес. Біз қазір фейсбук, т.б әлеуметтік желілерді қолданамыз. Оның бәрін программистер жазды. Яғни олар код жазды. Программист қандай код, алгоритм жазды, біз сол алгоритм бойынша әлеуметтік желіні қолданамыз. Киноны сен көресің, әсерленесің. Сол киноның кейіпкеріне еліктейсің. Ал ол киноны сценарист жазды. Яғни бұл жерде күш - сценарий жазған адамда. Қоғамда неғұрлым жақсы сценарий жазатындар көбейсе, авторлар көбейсе, программистер, жазу машығын меңгергендер көбейген сайын біз өзімізді жақсы түсінеміз. Бұған дейін кітапты тек қана жазушылар ғана жазу керек деген түсінік болды. Біз сол түсінікпен қала беретін болсақ, дамымаймыз. Жаза алатындар көбейген сайын қоғам сұрыптала бастайды. Сол үшін әркім шамасы келгенше жазу керек деп ойлаймын.  Қазір мен мультимедия мен жаңа медиа бойынша жазып жатырмын. Өйткені біздің қоғамдағы жаңа медиа бөлек. Мен оны түсіндіруім керек. Мәселе, оны тек ақ қағазға ғана жазуда емес, әлеуметтік желіге жазасың ба, код қып жазасың ба, әйтеуір, жазылуы керек. Себебі жазылғаннан кейін ереже түсінік ретінде қалыптаса бастайды.

"БІРЕУДІҢ АРМАНЫМЕН ӨМІР СҮРМЕ"

Асыл арна: - Аға, жасыңыз қырыққа жақындап қалды. Жиырма жастағы өзіңізге қандай ақыл айтар едіңіз?

Асхат ЕРКІМБАЙ: - Адамды мінез тәрбиелейді. Мінез ортада шыңдалады. Есті адамдардың ортасында көбірек болып, олардың әңгімесін дұрыстап тыңдауға тырыс. Одан кейін жақсы дос тап деп айтар едім. Егер дос таба білсең, содан айырылмауға тырыс. Өзіңді танудан қорықпа! Басқа саланы меңгеруге тырыстың ба, меңгеріп көр. Мысалы аспаз болғың келді ме, соны істеп көр. Біреудің арманымен өмір сүрмеу маңызды дер едім.

"МЕН ТӘЖІРИБЕ ЖАСАП КӨРДІМ"

Асыл арна: - Бір сұхбатыңызда «Мен үйретуші емеспін, тәжірибе бөлісушімін» деп айттыңыз, не себепті?

Асхан ЕРКІНБАЙ: - Бұрын мектеп, кітапхана шынымен де білім алатын орындар болатын. Біз «Мектеп – білім қазынасы, білім ордасы» деп айтатынбыз. Бүгінгі мектеп, бүгінгі кітапхана ондай функция атқара алмайды. Себебі мектептің беретін ақпаратын немесе кітапхана беретін ақпаратты немесе университеттегі мұғалім беретін ақпаратты кез келген студент бүгінде интернеттен таба алады. Тіпті одан зорын таба алады. Мәселен, мен университетке барамын. Менің студенттерім ағылшыншаға судай. Олар менен де көп ақпаратты интернеттен таба алады. Сондықтан оны үйретудің маған қажеті жоқ. Менің артықшылығым - сол ақпаратты олардан ертерек тәжірибеге асырып көру.

Журналистиканың жаңа технологиясын, жаңа трендін көрдім, оқыдым, сөйтіп оны істеп көрдім. Бірақ олар оны жасай алмады. Сол кезде тәжірибемді ұсындым. Ал тәжірибені бөліскен сайын олар біз жасаған қателікті азырақ жасайтын болады. Сол себепті бүгінгі мектеп, бүгінгі мұғалім, бүгінгі оқытушыда "мен білімнің қазынасымын", "білімнің егесімін" деген түсінік болмауы керек деп ойлаймын. Өйткені сауатты бала, сауатты оқушы ол білімді басқа жерден, яғни интернеттен таба алады. Біздің жұмыс сол ақпаратты білімді дұрыс сұрыптай алу, елеп-екшей алу. «Байқа, мынау дұрыс пікір емес, мынау факт емес» деген нәрсені түсіндіре алу және оны бүгінгі қоғамға дұрыс пайдалана алуға көмектесу. Себебі біз бір көйлекті ерте тоздырдық. Сондықтан үйретуден гөрі мен үшін тәжірибемен бөлісу маңыздырақ. Құранда білім иесі деп емес, «Ақыл-ой иесі» деп айтады. Яғни бізде ақыл бар. Бірақ сен өзіңді соңғы инстанция ретінде көрмеуің керек. «Мен белгілі бір білім иесімін деп емес, мен тәжірибенің иесімін» деп өзіңді ұсынсаң, саған да жеңілірек болады деп есептеймін.  

Асыл арна: - Риясыз әңгімеңізге, арнайы уақыт бөлгеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 

Үміт ҚОНЫСБЕК

 

429 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*