Руханият 2020-01-14 (0) (1187)

ҚҰРАН ОҚУҒА ҚҰЛШЫНДЫРАТЫН 5 ҚАҒИДА

ҚҰРАН ОҚУҒА ҚҰЛШЫНДЫРАТЫН 5 ҚАҒИДА

          1-ҚАҒИДА

ҚҰРАН ОҚУ - ӨТЕ ОҢАЙ!

Иә, сіз «Құранды белгілі бір адамдар ғана оқып, жаттауы керек, маған ондай болу қайдааа...» дейтін шығарсыз. «Араб әріптерін білмеймін ғой, оның үстіне тілім келмейді», «Құран үйреніп отыратын уақыт қайда? Жұмыстан қолым босамайды» дейтін де шығарсыз... Алайда, осы 5 қағидамыздан кейін, Алла қаласа, сіздің ойыңыз 180 градусқа өзгереді! Себебі, Құран оқу және оны жаттау сіз бен біз ойлағандай аса қатты қиын шаруа емес екен!

Сонымен, егер сіздің «Алланың сөзін оқып, көкейіме түйемін» деген ізгі ниетіңіз болса, қазірден бастап-ақ іске кірісудің сәті келіп тұрған сияқты! Себебі, Құран үйренуге кез келген жаста кіріссеңіз де кеш емес.

Ең алдымен, Құран оқылған үйге періштелердің келетінін, көкірегіңіз Құранмен нұрланып, өміріңізге, тұрмысыңызға береке кіретінін ұмытпағайсыз. Жомарт Алла Құранда: «Ер немесе әйелден кім иманды болған күйде ізгі амал істесе, онда оны жақсы өмірмен жандандырамыз (оларға игілікке толы өмір сыйлаймыз) әрі олардың сыйын істеген амалдарынан да артық етіп қайтарамыз», - деген. («Нахл» сүресі, 97-аят)
Егер сіз күніне ең болмағанда 1 немесе 2 аяттан оқып, амал жасап тұрар болсаңыз, ең үлкен табысқа ие боласыз. Себебі, Алла: «Ақиқатында, Алланың кітабын оқитын, намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындайтын және Біз ризық етіп бергеннен жасырын әрі ашық түрде жұмсайтындар ұтылмайтын саудадан үміт етеді. Алла оларға сыйларын толық береді әрі Өз кеңшілігімен арттырып береді», - дейді. («Фатыр» сүресі, 29-30-аяттар)

Біліңіз, мешітте Құран үйрететін ұстаздар, имамдар немесе әлемге танымал небір қарилардың бәрі де кезінде Құранның бірде-бір әрпін танымайтын, олар Құрандағы мағынаны түсінбек түгілі, таңбалардың атауын да білмейтін. Олар да сіз бен біз секілді адамдар, олар да ұстаздардың алдына барды, аптасына 1-2 сағатын қиып, әріп таныды, мағыналық аудармасын оқып, мәнін түсінді. Нәтижесінде, Құранға деген құрметтері артып, махаббаттары оянды, абыройлары артты.

Кез келген Құран оқитын адамнан сұрасаңыз, оның ешқандай қиындығы жоқ екенін айтады. Себебі, Құран оқу – өте оңай. Алла: «Біз Құранды еске алуға (сөзін, мағынасын түсінуге) ЖЕҢІЛ еттік. Ендеше, еске алушы бар ма?» - дейді («Қамар» сүресі, 17-аят).

Сондықтан еш қиналмай-ақ дәл қазір алғашқы қадамды жасаңыз. Құран үйрететін дәріске жазылып, сауатыңызды ашыңыз. Алдыңызға бүкіл адамзатқа жолбасшы болған, бар ғылымның атасы Құранды оқимын деген биік мақсат қойыңыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құраннан бір әріп оқыған адамға бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылықтың сауабы он еселенеді», - дейді. Ендеше, сәттілік! Сансыз сауап толы теңізге күмп етіп қойып кетуіңізге не кедергі?

2-ҚАҒИДА

НИЕТІҢІЗ НАҚТЫ, ЫҚЫЛАСЫҢЫЗ ҚАТТЫ БОЛСЫН!

Бәрімізге белгілі хадистердің бірінде «Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты және расында, әрбір адамға ниет еткені тиесілі», - делінген. Иә, кез келген істің артында «мен осыны қалайда жасаймын», «менің қолымнан келеді» деген биік мақсат, ыстық ықылас, жалынды жігер тұрмаса, оның нәтижелі болуы екіталай. Мысалы, егер сіз дәрігер болуды армандасаңыз, оның ұзақ уақытқа созылатындығына қарамастан сол оқуға міндетті түрде түсетініңіз, қиналып жүріп оқитыныңыз, ақыры күндердің бір күнінде мақсатыңызға жетіп, жеті, я тоғыз жылдан кейін ақ халат киіп, ауруларды емдеу мәртебесіне ие болатыныңыз анық. Құран оқу да дәл сол секілді, өз жемісін міндетті түрде береді!

Ендеше, алдыңызға айқын мақсат қойып, соған жетуге талпыныңыз. Алдағы бір аптаға жоспар құрып, Құран үйренуге белгілі бір уақыттарды бөліңіз.
Мынаны есіңізде ұстаңыз! Егер Алла сізді Құран оқумен айналыстырып қойған болса, онда қуаныңыз! Себебі, сіз - Алланың сөзін оқуға лайық болған құлдардың қатарындасыз! Ақын Қалқаман Сарин айтпақшы, Көшеде адасып көп кісі, Мешіттің есігін таппай жүр. Адамзат баласы, шүкір ет, Басқаға бермеген БАҚ қой бұл!!!

3-ҚАҒИДА

ҮЙІҢЕ ҚҰРАН АТМОСФЕРАСЫН ОРНАТ!

Құран – Жәбірейіл періште (а.с) арқылы адамзаттың абзалы болған Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түсірілген Алланың сөзі! Адамдар кез келген туындының қатесін табуы мүмкін. Алайда, Құраннан ешкім осы уақытқа дейін қате түгілі, күдік, күмән тауып көрген емес. Керісінше, ғылым енді ашып, дәлелдеп жатқан жаңалықтардың Құранда баяғыда-ақ жазылып қойғанын көріп таңдай қағуда. Құранда сіз жауабын таба алмай жүрген талай проблемалардың жауабы бар. Су ішпеген адам шөлдейтіні секілді адам жаны да Құраннан қуат алып тұрмаса, азып, құлазып кетеді. Жаңбыр жерді қалай бусандырса, Құран да жүрегіңізге қуат, жүзіңізге нұр, өміріңізге шаттық сыйлайды!

Мынаны есіңізде ұстаңыз, егер сіз Алланың сөзіне мойын бұрамын, оны түсініп, өзіме жолбасшы етемін деп анық ниет еткен болсаңыз, онда сізге бұл жолда барлық күш-қуат қолында болған Алланың Өзі көмектеседі! Иә, Құран оқып үйрену кезінде біраз қиындықтар болуы мүмкін. Уақытыңыз кетеді, кейде жалқаулығыңыз ұстайды дегендей... алайда, бұл белесті бағындырғаннан кейін сіз Аллаға ең ұнамды амал жасап, Оның және барша адамдардың алдында абыройлы боласыз! Бүкіл әлемнің Раббысы сізді жақсы көретін болады!

Алла Тағала құдси хадисте: «Мен құлымды жақсы көрген сәттен бастап, оның еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы боламын. Егер ол Менен бір нәрсе сұраса, Мен оны міндетті түрде беремін. Егер Менен пана сұраса, оны сақтаймын және жасырамын», - деген.

Құран үйренуге байланысты айтатын 3-қағидамыз үйіңізге Құран атмосферасын орнату жайында болмақ. Көлікте, жолда, үйде, тамақ істеп жатып, шай ішіп отырып, т.т кез келген жағдайда Құранның аудио нұсқасын қосып қойып, тыңдай жүріңіз. Біраз уақыттан кейін әлгі сөздер миыңызда жатталып, тіліңіз де үйреніп кететін болады. Әрі құлағыңыз жаман сөздерді емес, қасиетті Құранды еститін болса, бұл да нұр үстіне нұр емес пе?

4-ҚАҒИДА

ҚҰРАННЫҢ 13 ПАРАСЫН ЖАТҚА БІЛГЕН АҚЫН

Кешегі келмеске кеткен Кеңес үкіметінің кезінде еліміздегі мешіттер қиратылып, дін таратушы «қожа-молдаларды қойдай қыру» принципінің жүзеге асқаны баршаға мәлім. Бірақ солай бола тұрса да, біздің ата-бабаларымыз қорасынан қазып алған үңгірінде намазын оқып, жейдесінің төс қалтасында жүріп әбден ескірген Құранын парақтап отырып, өз діні мен дәстүрін сақтап қалған. Мәселен, сіз ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 19 жасына дейін Құранның 13 парасын жатқа білгені туралы білесіз бе? Иә, бұл туралы Ж.Аймауытов өзінің «С.Торайғыров» атты ғылыми-зерттеу мақаласында былай деген:

«Махмұтта қандай бейнет шексе де, жолында қандай бөгет тұрса да, көздеген мақсатына жетпей тынбайтын бір мінез бар. Махмұт тақуа болды. Аузында зікір, күн шықпай оқығаны – намаз, заулатқаны – Жасын (яғни «Ясин» сүресі). Ол дәретсіз жер баспайтын, қари болам деп Құранның 13 парасына дейін жаттап алды» (Аймауытов Ж. Алты томдық шығармалар жинағы, 307-б.)

Иә, шынында да Құран адамды өзгертеді. Құран жаныңызға тыныштық сыйлайды, жан мен тәніңізге шипа береді. Алла Тағала Құранда күллі адамзатқа: "Әй, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат, жүректеріңдегі дерттеріңе дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау ретінде Құран келді" ("Юнус" сүресі, 57-аят), "Біз Құраннан имандылар үшін шипа және мейірім түсіреміз" ("Исра" сүресі, 82-аят) деп сүйіншілеген.

Сізге бұл жолы айтар кеңесіміз сол, егер Құран үйренуді, оқуды бастап кеткен болсаңыз, бұл амалды аз болса да, үзбей жалғастыра беріңіз. Тіпті, күніне екі-ақ аят оқысаңыз да. Себебі, Аллаға амалдың аз да болса, жүйелі түрде орындалғаны ұнайды. Ал Құран оқып үйренуді бастамағандарға әлі де болса кеш емес дегіміз келеді. Тіпті, 80-90-ға келген ата-әжелеріміздің де мешітке барып, Құран үйрететін ұстаз іздеп жүргенін талай көргенбіз. Ендеше, дәл қазір бастап кетіңіз.

5-ҚАҒИДА

ДОСТАРЫҢА КӨҢІЛ БӨЛ!

Кез келген адам күнделікті араласатын жолдастары мен өз ортасына қатты көңіл бөлуі керек. Себебі, «адам өзінің досының дінінде», «маған досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтамын» деген сөздер бекерден-бекер айтылмаған. Ортаңды бүгін өзгертпесең, олар ертең сені өзгертеді. Сондықтан өз айналаңа Алланы еске алушыларды топтастыр. Олармен көбірек аралас. Дәмдес, дастархандас бол. Себебі, жақсы дос әтір сатушы секілді, одан әтір сатып аласың немесе өзі сыйға тартады, ең болмағанда, үстіңде әтірдің хош исі қалады. Ендеше, «Құран оқып үйрену қиын ғой...», «Құран оқып отыратын қайда?..», «Әй, біздің қолымыздан келе қоймас...» дейтін пессимистерден барынша аулақ бол. Құранмен дос болғандарды өзіңе жолдас ет! Олардың жақсы қасиеттерін үйреніп қалуға тырыс.

Шын мәнінде, Алла қандай Ұлы болса, Оның сөздері де сондай ұлы! Егер сен Құранды мықтап ұстансаң, адаспайсың. Алла Құранда: «Барлығың Алланың арқанынан айырылмай ұстаңдар да бөлінбеңдер», - деген. («Әли Имран» сүресі, 103-аят) Мұндағы арқан (жіп) деген сөзді ғалымдар: «Бұл – Алланың діні мен кітабы, яғни Құран», - деп түсіндірген.

Сен біреуді қатты жақсы көрсең, оның сөздерін мұқият тыңдар ең. Әр айтқанына ерекше назар салып, дәптеріңе жазып алар ең. Ендеше, Алланы жақсы көрсең, Оның да сөздеріне құлақ ас. Алла Құранда: "Олар Құранға зер салып қарамай ма? Әлде олардың жүректері құлыптаулы ма?» («Мұхаммад» сүресі, 24-аят) – дейді. Ендеше, жарлығы күшті Жаратқанның сөздеріне зер салып қара!

«Негізінде, бұл Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүміндер үшін әрине зор сыйлық бар екендігін сүйіншілейді!» («Исра» сүресі, 9-аят).

 

1187 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*