Руханият 2019-12-28 (0) (126948)

НАМАЗҒА ҚАТЫСТЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

НАМАЗҒА ҚАТЫСТЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

Орнынан тұра алмай аурып жатқан адам намазды қалай оқиды?

С: Орнынан тұра алмайтын ауру кісі намазды қалай оқиды?

Ж: Отырған күйде рукуғ, сәжде жасап оқиды.

С: Егер рукуғ, сәжде жасай алмаса ше?

Ж: Рукуғ пен сәждеге ишаратпен оқиды. Сәждеге еңкейгенде рукуғтан гөрі көбірек еңкейеді. Сәжде жасау үшін маңдайына бір нәрсені көтеріп апаруына болмайды.

С: Егер отыра алмайтын болса не істейді?

Ж: Шалқасынан жатып, аяқтарын құбылаға беріп, басының астына жастық секілді нәрсе қояды. Осылайша шалқасынан жатып, жүзін құбылаға қаратып, рукуғ пен сәждені ишаратпен оқиды.

С: Бір жамбастап жатқан ауру қалай оқиды?

Ж: Бір жамбастап жатқан ауру кісі жүзін құбылаға қаратып, ишаратпен оқуына болады.

С: Егер басымен ишарат жасай алмаса көзімен, қасымен, жүрегімен ишарат етіп оқи ала ма?

Ж: Иә, егер басымен ишарат жасай алмаса көзімен, қасымен, жүрегімен ишарат етіп оқи алады.

С: Орнынан тұруға, яғни, қиямға әлі жетіп, рукуғ пен сәжде жасай алмайтын науқас қалай намаз оқиды?

Ж: Мұндай уақытта орнынан тұру шарт емес. Дұрысы – отырып ишаратпен оқу. Тік тұрып, ишаратпен оқыса да болады.

С: Намазды сау болып бастап, намаз үстінде ауырса әрі қарай қалай жалғастырады?

Ж: Рукуғ, сәжде жасап, отырып оқиды. Рукуғ пен сәждеге күші жетпесе ишаратпен оқиды. Оған шамасы жетпесе шалқасынан жатып ишаратпен оқиды.

С: Намазды отырып оқып жатқан науқас жазылып кетсе басынан қайта бастай ма?

Ж: басынан бастамайды. Қалғанын тұрып оқиды.

С: Намазын ишаратпен бастап, кейін рукуғ, сәжде жасауға шамасы жеткен науқас та намазын жалғастыра бере ме?

Ж: Намазын жалғастырмайды. Басынан бастап қайта оқиды.

С: Есінен танған кезінде өтіп кеткен намаздарын қалай оқиды?

Ж: Қаза болған намаздар бес не одан да аз болса сауыққан соң қазасын өтейді. Ал, егер одан көп болса қазаларын өтемейді.

 

Таң намазын күн шыққаннан кейін оқу (ұйықтап қалып) қазаға жата ма және қалай оқылады, толық па әлде парызы ғана ма?

Сұрақ: Таң намазын күн шыққаннан кейін оқу (ұйықтап қалып) қазаға жата ма және қалай оқылады, толық па әлде парызы ғана ма?

 

Жауап: Қай намаз болмасын уақытында өтелмегеннен кейін қаза етіледі. Яғни, парыз намаздар ғана қаза етіп оқылып, сүннеттері оқылмайды. Тек, таң намазын уақытында оқымаған кісі сол күні бесін намазынан бұрын парызын сүннетімен бірге қаза етіп оқиды.

 

Пойызда, ұшақта және қатынас көліктерінде қалай намаз оқимыз?

 

Әр намаз өз уақытында оқылуы тиіс. Құран Кәрімде: «Анығында, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда (өтелсін деп) парыз етілді», – делінген («Ниса» сүресі, 103-аят).

 

Намазды ешбір себепсіз қаза қылуға болмайды. Сондықтан пойызда, ұшақта, не автобуста болсын, парыз және уәжіп намаздарды қалдырмай оқу керек.  

Негізінде, намазды тұрып оқу парыз. Өйткені парыз намазды тік тұрып оқи алатын адамның отырып оқуы дұрыс емес. Құран Кәрімде:

«(Намазда) Аллаға бойұсынған түрде тұрыңдар», – делінген («Бақара» сүресі, 238-аят).

 

Имран ибн Хусайн риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намазды тік тұрып оқы. Шамаң келмесе, отырып оқы. Оған да шамаң келмесе, жамбастап жатып оқы», – деді (Сахих Бухари, 1/376, №1066).

Белгілі себептермен (ауру, бас айналу т.б.) тік тұрып намаз оқи алмаса, отырып оқиды. Отырған күйінде қолдарын байлап, аяттарды оқиды, тізесіне таянып, сәл иілген хәлде рукуғ жасайды. Сәждені әдеттегіндей орындайды.  

Отыруға шамасы жетіп, алайда иіліп рукуғ пен сәжде жасауға шамасы келмесе, отырған күйінде рукуғті сәл еңкейіп, сәждені төменірек иіліп орындайды («Әл-Һидая», Бурһануддин әл-Марғинани, 1/347).

 

Жолаушы намазды құбылаға қарап оқиды. Өйткені парыз намаздарда құбылаға қарау – шарт. Құбылаға қарауға мүмкіндік болмаса, оның оқасы жоқ. Ұшақта, автобуста орындығының отырған бағытына қарап оқиды. Ал пойызда мейлінше құбыла жаққа қарауға тырысады.   Құран Кәрімде: «(Алла Тағала) Сендерге дінде ешқандай ауыртпалық артқан емес» («Хаж» сүресі, 78-аят) және «Шамаларың келгенше Алладан қорқыңдар», – деп баяндалады(«Тәғабун» сүресі, 16-аят).

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жағфар ибн Әбу Тәліпті (одан Алла разы болсын) Эфиопияға жіберіп жатқан кезде: «Батып кетуден қорықпасаң, (кемеде) тұрып оқы», деп бұйырған («Мустадрак», 1/409, №1019). Ал тағы бір хадисте: «Ол сахабалармен намазды кемеде кілемнің үстінде отырып оқыды», – деп айтылған (Абдураззақ шығармасы, 2/582, №4554)

 

Әбу Ханифаның (Алла оны рақымына бөлесін) көзқарасы бойынша суда кетіп бара жатқан кемеде ешқандай себеп болмаса да, парыз және уәжіп намаздарды отырып оқуға рұқсат етіледі. Мүмкіндік болса, тік тұрып немесе кеме тоқтаған кезде су жағасындағы жерге түсіп намаз оқығаны абзал. Бірақ, жағалауда байланып тұрған кемеде намазды себепсізден себепсіз отырып оқу дұрыс емес («Марақи әл-фәлах», Хасан ибн Аммар аш-Шурунбулали, 346-348). 

 

Ұшақта, пойызда және сапарға шыққан автобуста намаздың қиям, рукуғ және сәжде парыздарын толық орындауға шамасы келмесе, отырып, ишарамен орындауға рұқсат етіледі. Ал құбылаға қарау мүмкіндігінше орындалады.

 

Суреті бар бөлмеде намаз оқуға бола ма?

 

Бөлмеде жануарлар бейнесіндегі ойыншықтар, көзі бар суреттер болса ол жерде намаз оқуға бола ма?

 

Жауап: Бұл мәселе жөнінде әйгілі имам, мулла Нұруддин Әли ибн Сұлтан,  имам Ұбайдулла ибн Масғұдтың «ән-Нуқая» атты еңбегіне жазған «Фатху-Бәбил-Ғиная» атты түсіндірмесінде намаздың мәкруһтері жайлы айтып келіп былай дейді (Фатху баби әл-иная бишархи китаби ән-ниқая 1/311-312): «Киімінде, сәжде орнында, асты мен артқы тарапынан басқа алды, оң жақ және сол жағында жануардың суреті болса мәкруһ. Егер (жануардың суреті) көзге көрінер-көрінбес өте кішкентай немесе басы жойылған болса мәкруһ емеc»

 

Киімінде, сәжде орнында, асты мен артқы тарапынан басқа алды, оң жақ және сол жағында жануар суретінің мәкруһ болу себебі суретке табынушыларға ұқсастығынан, бұл арты мен астынан басқа жерді қамтиды. Жануардың суреті деп шектеп қойғаны киім мен сәжде орнында жансыз зат пен ағаштардың суреті болса мәкруһ болмайтынын білдіреді.

 

«Жәмиғ» атты кітапта: «Егер сурет артқы жақ пен отыратын орында болса мәкруһ емес, өйткені осы екі орын оны (құрмет-теу емес) қорлауды білдіреді. Сол сияқты жастықтың суреті болса, егер жоғарыда ілініп тұрса мәкруһ, өйткені оны құрмет еткенмен тең, ал аяқ астында болса мәкруһ емес.

 

Көзге көрінер-көрінбес өте кішкентай сурет, яғни, алыстан үңіліп қарамаса, былайша мүлдем көрінбейді.

 

Айша (р.а.) анамыздан жеткен хабарда ол өзінің сөресіне суреті бар перде қойған еді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны алып тастады. Айша (р.а.)  анамыз: «Одан (пердеден) екі кішкентай жастық жасадым, ол екеуі үйдің ішінде тұрды әрі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол екеуіне отыратын еді» - дейді (Бұхари риуаяты).

 

Көзге көрінер-көрінбес кішкен-тай сурет пен басы кесілген бейнеге ешкім құлшылық етіп жатпайды. Негізгі мәкруһ болу себебі баяндап өткеніміздей суретке ғибадат етіп жатқандарға ұқсап қалу.

 

Әбу Һұрайрадан (р.а.) жеткен хабарда ол былай дейді:

 

«Жәбірейіл (а.с.) Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) (үйге кіруге) рұқсат сұрады, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кір» деді. Сонда Жәбірейіл (а.с.):

 

- Қалай кіремін, үйіңнің пердесінде сурет бар? Оның басын кесіп таста немесе аяқасты ететін жастық ет. Расында, біз періштелер тобы суреті бар үйге кірмейміз-деді» (Нәсәи, Ибн Хиббан риуаяты).

 

Айта кететіні Жәбрейілдің (а.с.): «Біз иті немесе суреті бар үйге кірмейміз» - деген хадистегі періштелердің мақсаты; уаһи немесе рахмет періштесі, ал қорғаушы періштелер адам баласынан ешқашан ажырамайды. Тек дәретханаға кіргенде және ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынасы кезінде ғана ажырайды.

 

 Қаза намаздар қалай өтеледі?

 

Парыз және уәжіп намаздарды өз уақытында орындау  «әдә», ал уақыты өтіп кеткен жағдайда өтеу  «қаза» деп аталады.  

 

Намазды ешбір негізсіз тәрк ету ауыр күнә. Алайда, оның қазасы оқылуы тиіс. Құран Кәрімде: «Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда (өтелсін деп) парыз етілді», – делінген ("Ниса" сүресі, 103-аят)

 

Ибн Масғұд (одан Алла разы болсын) мынандай мысал келтіреді: «Хандақ күні мүшріктер Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) төрт намазды оқуға кедергі жасады. Тіпті Алланың қалауымен түннің белгілі бір уақыты да өтті. Билалға (азан шақыруды) бұйырды. Ол азан айтты. Бесінді оқыды. Кейін қамат айтты. Екінтіні оқыды. Тағы қамат айтты. Ақшамды оқыды. Сосын тағы қамат айтты. Құптанды оқыды» (Тирмизи, Ахмад және Нәсаи риуаят еткен).

 

Өзінің бүкіл өмірінде төрт-бес уақыт намазды ғана қаза қылған адамға ең әуелі қаза намаздарын, содан соң уақыты кірген намазды оқу – парыз. Бұл адам сахибут-тартиб (тәртіп иесі) деп аталады. Мысалы, бесін намазын қаза қылған адам алдымен қазаны оқып, кейін уақыты кірген екінті намазын оқиды. Үтір намазын оқымаған адам таң атқанда әуелі үтірді, сосын таң намазын оқиды.  

 

Қаза намаздардың тәртібі анық болса, қазаны сол тәртіпте өтеу шарт. Мысалы, бір күннің бес уақыт намазы қаза болса, таң намазынан бастап реті бойынша кезекпен өтейді. Алайда мына үш жағдайда ада мен қаза намаздарды кезектілік ретімен оқу шарт емес:

1) Уақыт тығыз болып, қаза намазын оқығанда уақыт шығып кететін болса, бірінші кезекте уақыт намазы оқылады («Әл-Фәтауа әл-һиндия», 1/135).

 

2) Қаза намазы бар екенін ұмытып, ада намазды оқып алған жағдайда, оны қайта оқу шарт емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім намазды ұмытса, оны еске түсіргенде оқып алсын. Оның бұдан басқа кәффараты жоқ» деген (Бухари мен Муслим риуаят еткен).

Сондай-ақ бұрында бұл мәселенің үкімін білмеген адамға намаз оқу кезектілігін сақтау үкімі жүрмейді, оқыған барлық намаздары есептеледі, қайта оқылмайды. Хасан ибн Зияд: «Намаз оқу реттілігін сақтау оның үкімін білмейтін адамға уәжіп емес» деген («Әл-фәтауа ат-татархания», 1/476).

 

ҮКІМ: Бес парыз бен үтір арасында, олардың кейбірі немесе барлығы қаза болғанда, намазды рет-ретімен оқу уәжіп. Бірақ мына үш жағдайда намазды кезектілік ретімен оқу міндет емес:  

1.   уақыт тығыз болып, онда тек уақыты кірген намазды оқып үлгерсе;

2.   қаза намазы бар екенін ұмытып немесе оның үкімін білмей, уақыты кірген намазды оқыса;

 

Намазды бұзатын істер мен сөздер қандай?

 

  С: Намазды бұзатын істер мен сөздер қандай?

Ж: Намазды бұзатын істер төмендегідей:

Ұмытып тамақ жеу немесе ішу.

Амали кәсир – көп қозғалу.

Әдейі дәретін бұзатын іс істеу.

Үш және одан да көп қадам жасау.

Кеудесін құбыладан басқа жаққа бұру.

Есінен тану.

Жындану.

Жүніп болу.

Арада кедергі болмай, бір орында әйелмен қатар намаз оқу.

Намаздың бір парызын әуреті ашық күйінде не нәжіспен оқу.

Өзі еститіндей күлу.

 

Ал, намазды бұзатын сөздер төмендегідей:

Әдейі не қателесіп бір сөз сөйлеу.

Сырттағы біреуге сәлем беру.

Біреудің сәлеміне тілмен жауап қайтару.

Уһілеу.

Ыңырсу.

Аһылау.

Жәннат пен тозақты еске алудан емес, қатты аурудан немесе дүниелік тауқыметтен дауыс шығарып жылау.

Түшкірушіге «Ярхамукумаллаһ» деу.

 

126948 рет оқылды