Руханият 2019-12-20 (0) (24331)

ЖАЛҚАУЛЫҚ ПЕН ШАРШАҢҚЫЛЫҚ СЕЗІНГЕН АДАМҒА 11 КЕҢЕС

ЖАЛҚАУЛЫҚ ПЕН ШАРШАҢҚЫЛЫҚ СЕЗІНГЕН АДАМҒА 11 КЕҢЕС

 

Адам жанын аздыратын, адамдық затын тоздыратын кесапатты кеселдің бірі – еріншектік пен жалқаулық. Халқымыз: «Жалқаулық – жаман ауру», – дейді. Абай атамыз өзінің қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі  надандық, екіншісі  еріншектік, үшінші  залымдық деп білесің. Еріншектік  күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық,  кедейлік  бәрі осыдан шығады», – деп, еріншектіктің адамды қор қылатындығын, игілік пен табысқа жеткізетін өнер атаулының дұшпаны екендігін баса айтады.

Рас, еріншектік – адамға зияннан басқа нәрсе әкелмейтін, абырой әпермейтін жаман қасиет. «Диқаншы нанын жейді, еріншек арын жейді» демекші, жалқаулық –жүректің тынышын, тәннің тынысын бұзатын дерт.

Әсілі, адамның жаратылысы демалуға, ұйықтап тынығуға мұқтаж. Бірақ белгілі мөлшерде ғана. Егер сол қажеттіліктер белгілі мөлшерден асса, еріншектік пен жалқаулық дертіне алып келуі мүмкін.

«Түске дейін ұйықтап, кешке дейін есінейтін» дәрежедегі еріну – құлшылықтан жерінуге, шайтанға жегілуге жеткізеді. Соның нәтижесінде ғибадатқа деген салғырттық, намазға деген немқұрайлылық күшейеді және намаз үстінде шаршап тұру жиілейді. Осыдан соң уақыты кеп тұрса да намазды кейінге қалдыру, оның орнына нәпсі тартқан (мысалы: ұйықтау, сериал көру, қыдыру секілді) пайдасыз істермен шұғылдану құп көріле бастайды. Ақыр соңында, намаз ондай адамдарды тастап кетеді. Расында, кейбір бауырларымыз, еріну мен жалқаулықтың ығына әбден берілудің кесірінен қайта надандық деңгейге, намазсыз халге түсуде. Ал, намазды тастап қою Аллаға серік қосудан кейінгі үлкен күнә саналады. Алла Тағала намаздарына салғырттық танытушылар жайында: «Намаз оқушыларға қандай қасірет, ‒ солар намаздарына немқұрайлылар.Солар (амалдарын) өзгелерге көрсету (рия) үшін істейтіндер» («Маъун» сүресі, 4-6-аяттар), – деп баяндаған.

Осы аятқа түсіндірме берген ғалымдар:

«Яғни, олар өз намаздарын уақытында оқымау арқылы және намаздың міндетті рүкін-уәжіптерін дұрыс орындамау арқылы жояды» А.Саъди;  

«Олар намаздарын уақытында оқымайды, не шарт, не талаптарын ұстанбайды, не болмаса намаздарында жан-тәнімен берілмей, әйтеуір оқи салады. Ибн Аббас (р.а.): «Бұлар ‒ мұнафиқтар», ‒ деген» И.Кәсир;

«Олар Аллаһтың әмірлеріне ықыластылық танытпайды. Әйтпесе, құлшылықтың ең маңыздысы болып саналатын намазды зая кетіруге олар жол бермес еді. Намаздарына немқұрайлы, салғырт қарайтындардың жүректері қатыгездік пен мейірімсіздікке толып, риякерлікке бейім келеді. Яғни, олар амалдарын адамдарға көрсету үшін ғана жасайды» А.Саъди, – деп тәпсірлейді.

Демек, жалқаулық – ықыластылықты жойып, адамдарға көрсету үшін ғана амал жасауға алып келетін, нифақтың (екіжүзділіктің) жүрекке орнығып алуына себеп болатын аса ауыр дерт болып табылады.

Жалқаулығы басым адамның рухы сынғыш келеді. Еріншек адам пайдалы іске қол сілтегіш келеді. Ақыл иесі адам үшін мұндай деңгейге түсу хайуандық деңгейге түсумен бірдей. Жалқаулық – жақсылық атаулыдан мақрұм қалу мен сәтсіздіктің басты себебі. Жалқау адам игілік пен қадір-құрметке жете алмайды және дін мен дүние пайдасынан да құр қалады.

Құранда Алла Тағала: «Асрмен ант етемін. Анығында, адам баласы сөзсіз, зиянда, тек иманға келген әрі ізгі амал жасаған және бір-біріне ақиқатты насихат етіп, өсиеттеген әрі бір-біріне сабырды насихат етіп, өсиеттегендерден (үгіттескендерден) басқалары», – деген. («Аср» сүресі, 1-3) Сахабалар осы аятты оқымай тарқамайтын болған екен. (И.Кәсир) Осыны ескере келе, жалқаулық пен шаршаңқылықтан арылуға аз да болса көмегі тиер деген үмітпен бірер кеңес жазып, біз де осы аятқа амал етуді ниет қылдық:

1) Өзіңізді «әлсізбін» деп сендірмеңіз. Өйткені, адам өзінің сенген нәрсесінің құлына айналады. Керісінше: «Жоқ. Мен шаршап тұрған жоқпын. Мен әлсіздерден болуға тиісті емеспін», – деген секілді сергектік сыйлайтын ойларға санаңызды жеңдіріңіз!

2) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ия, Алла! Менің қауымыма таңертеңгі уақытта береке бер!», – деген сөзін өз өміріңізде басшылыққа алыңыз. Күннің берекесі сол күннің таң намазынан басталатынын ұмытпаңыз. Егер, осы уақытта ұйқыдан оянып, жақсылап дәрет алып, төрт рәкағат таң намазын тиісінше орындайтын болсаңыз, онда Ұлы Алла Тағаланың: «Ей, Адам ұрпағы! Мен үшін күннің басында төрт рәкағат намаз оқы, (сонда) Мен сені күннің қалған бөлігінде (зұлымдықтан, бәле-жаладан...) қорғаймын!» – деген Уәдесіне, Мейіріміне бөленесіз!

3) Таң намазынан кейін, күн шыққанша ұйықтамаңыз! Өйткені, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ия, Алла! Менің қауымыма таңертеңгі уақытта береке бер!» – деген дұғасы, күн шыққанша Алланы еске алумен және Алладан кешірім тілеумен өткізген адамдарға, яғни Құранда бұйырылғанға амал етушілерге көбірек қатысты болса керек. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші, күн шыққанша тіліңіз зікірде, қолыңыз шаруада болса, сол күннің сіз үшін берекеге толы болатынына шүбә жоқ. Сондықтан таң намазынан кейін ұйықтамауға бар күшіңізді салғаныңыз өзіңізге жақсы. Себебі, таңғы уақыттағы сергектік сізге сол күннің қалған уақытында белсенділік пен қосымша күш-қуат (энергия) сыйлайды. Ал, егер ұйықтау қажет болса, күн шыққаннан кейін ұйықтағаныңыз абзалырақ. Анығында, таң намазы мен күн шыққанға дейінгі аралықтағы ұйқы сізді босаңдыққа, бейжайлылыққа апаратын ауру сияқты.

4) «Ақылсыз адам жетім», – деп Жанқұтты шешен айтпақшы, өзіңізді-өзіңіз жетімдік күйге салмаңыз! Өзіңізді қолға алып, амалдарыңызды ақылмен таразылап, арыңыз алдында есеп беріңіз. Ертеңгі баратын жеріңіз туралы ойланыңыз! Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Нағыз ақылды – әрдайым өз-өзін есепке тартып, ізгі амалдар жасап, өлімнен кейінгі өмірге қамданған адам. Ал, нағыз бейшара – нәпсі қалауына еріп жүріп, Аллаһқа тілектерін айтатын адам (о дүниеде ізгілермен болармын деп) Алланың мейірімінен үміт еткен адам)», – деген. (Тирмизи, ибн Мәжәһ, Ахмад) Сондықтан, шамаңыз келе тұра шаршаңқылыққа салынам деп, бейшара халге шын түсіп қалудан қорқыңыз.   

5) Алладан күшті мүминдердің қатарынан болуды сұрап, дұға етіңіз! Ақиқатында, зеректік те, әлсіздік те тағдырдан.

Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Күшті мүмин әлсіз мүминнен жақсы және Аллаға сүйіктірек, дегенмен әрқайсысында игілік бар. (Яғни, мұнда рухани мықтылық және Ақырет істеріндегі күштілік меңзелген. Осындай сипатқа ие болған адам құлшылықта озат, адамдарды жақсылыққа бұйыруда және теріске шығарылғаннан қайтаруда батылырақ, Алланың жолындағы қиындықтарға сабырлырақ, намазға, оразаға т.б. ғибадаттарға көбірек ден қоятын, оларды құлшыныспен әрі үзбей орындайтын болады. Иман амалдарын тиісті дәрежеде орындап, өзін пайдалы білім және ізгі амалдардың көмегімен жетілдіруші, сондай-ақ ақиқат пен сабырды насихаттау арқылы басқаларды да кемелдікке жетелеуші адам иманның жоғарғы сатысына жеткен күшті мүмин санатына жатады. Егер пенде мұндай дәрежеге жете алмаса, оның әлсіз мүмин болғаны. Алайда күшті мүмин де, әлсіз мүмин де иманда ортақ болғандықтан, екеуінде де игілік бар).

Өзіңе пайда келтіретінге ұмтыл, Алладан жәрдем тіле және дәрменсіздік танытпа. (Яғни, бақыт пен сәттіліктің негізі ‒ Алла Тағаладан жәрдем тілей отырып, пайдалы істерге ұмтылуда және оларға күш-жігер жұмсауда. Пенде қашан пайдалы істерге ұмтылып, күш-жігер жұмсаса, сол істердің барлық себептерін жасап, оларға қол жеткізу үшін және оларды орындау үшін Раббысынан жәрдем тілесе, ол табысқа жетеді. Ал, кімде-кім жалқаулығы себепті пайдалы істерге ұмтылмаса, ештеңеге қол жеткізе алмайды. Ал, істердің ең пайдалысы – Алла Тағалаға бойсұну және Оның алдындағыға ұмтылу. Ең бастысы – пенде осы үшін Алла Тағаладан жәрдем тілеп, дәрменсіздік танытпауы, бойсұну мен Алладан жәрдем тілеуде жалқаулыққа бой алдырмауы керек.)

Ал, егер, бір жағдайға ұшырасаң: «Егер былай еткенімде, былай, былай болар еді», – деме, керісінше: «Алланың тағдыр еткені, Ол қалағанын істеді», – деп айт. Өйткені «егер де» (деу) шайтанның істеріне (жол) ашады», – деген. (Хадистің соңында Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрбір адамды, бар күш-жігерін жұмсап, пайдалы нәрсеге ұмтылғаннан кейін Алла Тағаланың тағдыр еткеніне риза болуға үндеген. Яғни пенде өзіне жағымсыз бір жағдайға ұшыраса, оны өзі істемеген, бірақ «істеген жағдайда пайда әкелуі мүмкін еді» деп ойлаған әрекеттермен байланыстырмауы керек. Керісінше, иманы арта түсуі және жүрегі тынышталып, жаны жай табуы үшін Алланың тағдыр еткеніне ризашылық танытқаны жөн. Өйткені мұндай жағдайларда «егер де» деп өкініш білдіру оның тағдырға қатысты иманын кемітіп, жазмышқа қарсылық білдіруге апаратын шайтанның ісіне және жүректі әлсірететін уайым-қайғыға жол ашады. Ал мұндай жағдайға қатысты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) нұсқаған кеңес жүрек тыныштығы әрі қанағатты сезіну мен жайлы өмір сүру үшін ең жақсы тәсіл болып табылады. Бұл тәсіл – пайдалы істерге ұмтылу, оларға қол жеткізу үшін күш-жігер жұмсау, бұл істерге Алла Тағаладан жәрдем тілеу және Оған сол істерден өзіне жеңіл еткендері үшін шүкіршілік білдіріп, қолы жетпей, нәсіп болмағандарына өкініш білдірмеу...) (хадис Әбу Һурайрадан (р.а.) Муслим)

6)  Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткен мына дұғаны: «Ия, Алла! Әлсіздіктен, жалқаулықтан Өзіңе сиынамын!» («Аллаһуммә инни әъузу бикә минәл-ъаджзи уәл-кәсәл») жиі айтыңыз! Қағыла берген есіктің әйтеуір бір ашылатыны секілді, көп ұзамай, дұғаңыздың әл-Мужиб (дұғаларға жауап Беруші) Алла тарапынан қабыл етілгеніне көз жеткізесіз.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғаларының ішінде осы дұға өте жиі кездеседі. Бұл – өз кезегінде әлсіздік пен жалқаулықтың дүние және ақиретімізге қаншалықты зор қауіп төндіретін сипат екендігін көрсетеді.

7) Тамақты мөлшерден тыс көп жеуден сақтаныңыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласы асқазаннан жаман ыдыс толтырған емес», ‒ деген. Адам тамақты неғұрлым көп жесе, жалқаулық та соғұрлым желкесінен баса түседі. Тамақты көп жесеңіз, сіз оны көтересіз, аз жесеңіз, ол сізді көтеретінін ұмытпаңыз!

8) Біреуді жұмсауды әдетке айналдырмаңыз! Сахабалар ат үстінде отырып, қамшысын түсіріп алса да оны көтеріп беруін ешкімнен сұрамайтын болған. (Муслим)

9) Бүгінгі істі ертеңге қалдырмаңыз! Әр күннің өз ісі бар. «Еріншектің ертеңі бітпейді» демекші, еріншекке бүгіннен ертең оңай көрініп тұрады. Ал, өз уақытында жасалмаған жұмыс көбейе келе, еңсеңізді басып, уайымыңызды, шаршаңқылығыңызды одан әрі күшейтеді. Сондықтан, қолыңыз жұмыстан босамай қалатын уақыттан бұрын, бос уақыттың қадірін біліңіз!

10) Қолыңыз босай қалса, басқа бір пайдалы іспен шұғылдануға ден қойғаныңыз абзал. Себебі, адамның қабілеті мидың жұмыс істетуімен, бойдағы қанның жүрісі тән қозғалысымен жақсара түседі де санаңызда, бойыңызда тағы жұмыс істеуге деген белсенділік артады. Алла Тағала: «Босай қалсаң және тырыс, Раббыңа ғана бел байла», («Шарх» сүресі, 7-8) ‒ деп бұйырған. Себебі, пенденің өз ойларымен, жұмыссыздықта қалып қоюы, нәпсі мен шайтанның жетегінде кетуге итермелеп, оны опатқа ұшыратуы мүмкін. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ия, Алла! Мені, өзіммен-өзімді бір қас-қағым сәтке де қалдырма!..» (Әбу Дауд, Ахмад) ‒ деп дұға қылуды үйреткен.

11) Пайдалы кітаптан қол үзбеуге тырысыңыз. Немесе үн таспаларға жазылған уағыздар не сахабалардың өмірін тыңдаңыз. Себебі ілім иманды күшейтеді, тақуалыққа бастайды, ықыласты оятады, зейініңізді ашады. Ғұламалар: «Ислам ілімсіз өмір сүре алмайды», ‒ деген. Осыны ескеріңіз!

Жұртымызда «Талаптыға нұр жауады» деген жақсы сөз бар. Ниетті түзеп, алға ұмтылып, талаптансақ болғаны, қалғанын Алланың өзі реттейді. Алла Тағала шын мәнінде, күшті мүминдермен қатар, Өзіне тәуекел етушілерді жақсы көреді. Және біліңіз, істерді ретке келтіріп, жақсартушы, жолыңызды оңғарып, берекет беруші тек Алла ғана. Қандай да бір табысқа жетсеңіз, өз-өзіңізге сүйсінуден сақ болыңыз. Себебі кім қандай жетістікке жетсе де өзінің мықтылығынан жетпейді. Сіз жеткен жетістіктің бәрі де «талабыңызға нұр жаудырған» Алланың мейірімі екендігін естен шығармаңыз.

24331 рет оқылды