Мұхаммед пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алланың дініне шақырудан тыю қадамдарында Әбу Талибпен еш ымыраға келе алмай, барлық келіссөздері нәтижесіз аяқталып, беттері қайтқан құрайыштар талаптарының орындалуынан біржола үміттерін үзді. Осыдан соң олардың жаңа дінге және оның жаршысына жауласулары одан әрі ушыға түсті. Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дағуатының соңынан, нәтижесінен қорыққан құрайыштар өзге бір жол таңдап, осы арқылы дін уағызын аластауға, алыстатуға әрекеттенбек болып шешті. Сөйтіп ендігі кезекте олар ашық түрде Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеке басына қастандық әрекеттерін ұйымдастыра бастады.
ТУЫСҚАН АҒАСЫНЫҢ ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА (ﷺ) ЖАСАҒАНЫ
Құрайыштар Ислам дағуаты пайда болғаннан бастап өздері ұлы санайтын, құрметтейтін пұт құдайларын қорғап бақты. Олардың ұлықтары мен дәукейлері Алла елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келеке-мазақ еткендерімен, масқаралағандарымен қоймай, дағуатқа бүлік, ылаң салуларымен, т.б. құйтырқылықтарымен шектелмей, бұларынан еш нәтиже шықпаған соң төзімдері таусылып, енді Алланың пайғамбарына (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тікелей қаскөйлік әрекеттер жасауға көшті. Олардың басында һашимилер әулетінің басшыларының бірі, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әкесінің бауыры Әбу Ләһәб тұрды. Әбу Ләһәб өзгелер аяқ тартатын істерден де тартынбастан, Ислам үшін де, оны қабылдаған мұсылмандар үшін де қас дұшпан, жасанған жау болып шүйлікті. Ол өзге құрайыш тумалары Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарсы көтерілмес бұрын, дағуаттың алғашқы күнінен-ақ жаңа дінді бесігінде тұншықтыруға, оның таратушысын аяғынан шалуға жанталасты. Әу бастан Алланың пайғамбарына (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жауыққан Әбу Ләһәб өшпенділігінің өршігендігі соншалық пайғамбарлықтан бұрын екі ұлы Ғұтба мен Ғұтайбаға үйлендіріп, келін қылған, Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қыздары Руқаййә мен Умму Кулсумді ұлдарына күштеп талақ еткізіп, екі отбасыны ажырастырып, бұзып тынды.
ПАЙҒАМБАРДЫ (ﷺ) ҚАЛАЙ КӨРМЕЙ ҚАЛҒАН?
Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екінші ұлы Абдуллаһ қайтыс болғанда, құрайыш мүшріктеріне барып: «Мұхаммед тұяқсыз, қубас болып қалды», – деп сүйінші сұраған да осы Әбу Ләһәб болатын.
Әбу Ләһәб қажылық маусымы кезінде және базарларда Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қыр соңынан қалмай еріп жүріп, оны өтірікші деп айыптап, жалпыға жар салынды. Ал Тариқ ибн Абдуллаһ әл-Мухариби жеткізген хабарда Әбу Ләһәбтің Алла елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өтірікші деп айыптаумен шектелмей, оны таспен атқылап, табандарын қанатып жібергені жайлы да дерек келтірілген.
Күйеуі сияқты имансыздықтың жетегіне ерген Әбу Ләһәбтің әйелі, Әбу Суфиянның әпкесі (немесе қарындасы) Умму Жәмил де Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұшпандық жасауда күйеуінен кем түспейтін. Бұл әйел ерінбестен тікен бұтақтарын тасып әкеліп, түнделетіп барып Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) есігінің алдына, оның жүретін жолдарына тастайтын. Умму Жәмил Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тілін безейтін, оның пәк тұлғасына өтірік, жала жабатын, бүлік отын көсейтін, ел-жұртты Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарсы айтақтап, айдап салатын шайпауыз, бетпақ әйел еді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жолына тастау үшін тікен таситындығы себепті Умму Жәмилді Құран «отын таситын әйел» деп сипаттаған.
Құранда Умму Жәмил мен күйеуі Әбу Ләһәбті лағынеттеп, бір сүре – «Мәсәд» сүресі түскен. Алла тағала: «Әбу Ләһәбтің екі қолы құрысын, оның өзі де құрыды! Оған дүниесі мен тапқандары еш пайда бермеді. Ол таяуда жалындаған отта жанады және оның отын таситын әйелі де. Ол әйелдің мойнында құрма талшықтарынан есілген отты арқан бар», – деген.
Өзін және күйеуін лағынеттеп түскен Құран аяттары жайлы естігенде, Умму Жәмил терісіне сыймай долданып, уысына қиыршық тастарды толтыра жинап алып, Алла елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) іздеп жүрді. Бұл кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Бәкір әс-Сыддықпен бірге мешітте Қағбаның түбінде отырған болатын. Бірақ Алла тағала Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бен Әбу Бәкірдің қасына келген Умму Жәмилді Алла елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көрмейтін етіп қойды. Олардың қасына келген Умму Жәмил Әбу Бәкірді ғана көріп, одан: «Ей, Әбу Бәкір! Жолдасың қайда сенің? Естуімше, ол мені әжуалап жүрген көрінеді. Алламен ант етейін, оны кездестірсем, мына тастармен аузына ұрар едім! Алламен ант етейін, мен – өлең шығаратын ақынмын», – деді де:
«Жамандалғанға біз бағынбаймыз,
Ісін қабылдамаймыз,
Дінінен де беземіз», – деп, өзінше өлең ұйқастырғандай сыңаймен әлденелерді шата жөнелді.
Құрайыштар Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «мақтаулы» деген мағынаны білдіретін Мұхаммед есімін кері бұрмалап, «жамандалған» (музәммәм) деп келемеждейтін.
Әйел кеткеннен кейін Әбу Бәкір: «Уа, Алланың елшісі! Қалай ойлайсың, ол сені көрді ме?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жоқ, ол мені көрмеді, Алла оны мені көрмейтін етіп қойды», – деп жауап берген.
Әл-Баззар жеткізген хабарда Умму Жәмил Әбу Бәкір әс-Сыддықтың алдына келіп: «Ей, Әбу Бәкір! Сенің жолдасың бізді өлеңмен ажуалапты ғой», – дейді. Әбу Бәкір оған: «Жоқ, мына ғимараттың (Қағбаның) Раббысымен ант етейін, ол өлеңмен сөйлемейді», – дейді. Сонда Умму Жәмил: «Сен сенгішсің ғой», – деген екен.
Әбу Ләһәб Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі әрі үйлері жапсарлас көршісі бола тұра әлгіндей айуандықтарды жасайтын. Ол Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзге де көршілері сияқты Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйінде отырса да азар беретін.
ТҮЙЕНІҢ ІШЕК-ҚАРНЫН ТӨККЕН КІМ?
Ибн Исхақ Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйінде отырса да оны жайына қалдырмай, кезінде әр түрлі азар берген көршілерінің тізімін көрсеткен. Олар: Әбу Ләһәб, Хакам ибн Әбул-Ас ибн Умәййә, Ғұқба ибн Әбу Муғайт, Ади ибн Хамра әс-Сақафи және Ибн Асда әл-Һузәлилер. Бұлардың барлығы Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көрші қонған қоңсылары болатын. Кейінірек олардан Хакам ибн Әбул-Ас қана Исламды қабылдаған, ал қалғандары Алланың елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жау болған күйлерінде өмірден өтті. Сол көршілерінің бірі қойдың туғаннан кейінгі шуын алып, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намаз оқып жатқанда, оның үстіне тастайтын, біреуі оны Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отта тұрған қазанына салып жіберетін. Олардың бұл істеріне налыған Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қойдың шуын таяққа іліп алып, есігінің алдына шығып: «Уа, Абдуманаф әулеті! Бұл не деген көршілер?!» – деп күйіне, қолындағысын сыртқа тастайтын. Тіпті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намаз оқыған кезінде көршілерінен тасаланатын қалқа жасап алуға мәжбүр болды.
Ғұқба ибн Әбу Муғайт та Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қаскөйлік жасауда ештеңеден тайынбайтын. Әл-Бұхари жеткізген хадисте Абдуллаһ ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қағбаның алдында намаз оқып жатқан-ды. Әбу Жәһл мен жолдастары (сол маңда) отырған, олар бір-біріне: «Қайсың пәлен әулеттің (сойған) түйесінің ішек-қарнын әкеліп, сәждеге барған кезінде Мұхаммедтің үстіне тастайды?» – десті. Сонда олардың ең сорлысы (Ғұқба ибн Әбу Муғайт) барып, (ішек-қарынды) әкелді де, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алла үшін сәждеге барғанын күтіп тұрып, оны арқасына екі жауырынының ортасына қойып қойды. Ал мен ештеңеге шамам келмей қарап тұрдым. Менде (оларға) тойтарыс берерлік күш-қуат болғанда еді!»;
(Абдуллаһ ибн Масғуд): «Сөйтіп олар бір-бірінің үстіне қисайып күле бастады, ал Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Фатима келіп арқасынан (ішек-қарынды) алып тастағанша сәждеден басын көтермеді. Сосын басын көтерді де үш рет: «Уа, Алла! Құрайыштардың көзін жой!» – деді. Оның қарсы дұға қылуы оларға ауыр тиді»;
(Абдуллаһ ибн Масғуд): «Олар бұл қалада (Меккеде) жасалған дұғаның қабыл болатынын білетін. Сосын (Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оларды жеке-жеке) атап: «Уа, Алла! Әбу Жәһлдің көзін құрт және Ғұтба ибн Рабиға мен Шәйбә ибн Рабиғаның, Уәлид ибн Ғұтбаның, Умәййә ибн Халаф пен Ғұқба ибн Әбу Муғайттың көзін жой!» – деді», – деген.
(Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жетінші (бір кісіні) атаған, (бірақ хадисті жеткізуші оны) есінде сақтай алмаған.
(Абдуллаһ ибн Масғуд): «Жаным қолында болған (Алла) мен ант етейін, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) атағандардың бәрін құдықта – Бәдір құдығында өлі күйлерінде көрдім!» – деп айтқан (Хадисті әл-Бұхари «Сахихының» (Дәрет кітабында «Намаз оқушының үстіне лас зат немесе өлексе тасталған жағдайда» деп аталатын тарауда, 1/38) келтірген) .
(Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) атаған) жетінші (кісі) Ғұмара ибн Уәлид болатын (Әл-Бұхаридің «Сахихының» (Намаз кітабындағы соңғы хадисті, 520).
Умәййә ибн Халаф Пайғамбарымызды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үнемі мазақтап, ғайбаттайтын. Ол жайлы «Әрбір мазақтаушыға, ғайбаттаушыға үлкен қасірет!» («Һумәзә» сүресі, 1-аят) деген Құран аяты түскен.
БЕТІНЕ ТҮКІРГЕН...
Умәййәның бауыры Убәй ибн Халаф пен Ғұқба ибн Әбу Муғайт бір-бірімен ауыз жаласқан сыбайластар еді. Бір күні Ғұқба ибн Әбу Муғайт Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасына отырып, оның сөздерін тыңдайды. Бұл әңгімені естіген Убәй сыбайласы Ғұқбаны жерден алып, жерге салып, айыптап, одан Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бетіне түкіріп жіберуін талап етеді. Ғұқба оның талабын орындап, осылай жасайды. Убәй ибн Халафтың өзі бірде әбден қурап, шіріген сүйекті майдалап уатып, оны Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бетіне үрлеп шашып жіберген.
Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күн бермей түртпектеушілердің қатарында Ахнас ибн Шарих әс-Сақафи деген кісі де болған. Алла тағала Құранда оның бойындағы тоғыз бірдей жаман сипатты баяндап: «Әрбір көп ант ішкішке, жексұрынға бағынба; мін таққышқа, өсек тасығышқа; жақсылықты тосушыға, шектен шығушыға, күнәкарға; дөрекіге әрі тегі белгісізге (бағынба)», – деген («Қалам» сүресі, 10-13 аяттар).
Мұндай қаскөйлер кез-келген оңтайлы сәтті қалт жіберместен, жатса да, тұрса да, Алла елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аңдып, оны үнемі сөге жамандап, жек көріп, оған азар беріп, қиянат көрсететін.
Әбу Жәһл кей-кейде Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, одан Құран тыңдайтын, бірақ иман келтірместен, мойынсұнбай, ешбір тәлім-тәрбие алмай, қорықпастан кете баратын және тек жүрмей Алла елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) балағаттап, тілін безейтін, адамдарды Алланың жолынан тосатын. Содан кейін ол мақтаулы іс жасағандай, жасаған ісіне масаттанып, істеген жамандығына мақтанып жүретін. Әбу Жәһл туралы «Ол растамады да, намаз да оқымады. Бірақ, өтірік санап, бет бұрды. Сосын ол кердең басып, үйіне кетті» («Қиямет» сүресі, 31-33 аяттар) деген Құран аяттары түскен.
Ол Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әл-Харам мешітінде намаз оқуға кіріскен алғашқы күннен бастап-ақ оның намазына кедергі жасайтын. Бірде ол Ибраһимнің мақамы жанында намаз оқып тұрған Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасынан өтіп бара жатып: «Ей, Мұхаммед! Сені бұдан тыймап па едім», – деп, Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қоқан-лоққы жасайды. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) де оған дауысын көтеріп, бетін қайтарып тастайды. Мұндайды күтпеген Әбу Жәһл сасқалақтап: «Ей, Мұхаммед! Сен мені неңмен қорқытасың?! Алламен ант етейін, ақиқатында, мен мына жазықтағы (Меккедегі) жақтастары ең көп адаммын», – дейді. Сонда Алла тағала «Ендеше, ол өз жақтастарын шақырсын. Біз де тозақтың сақшыларын (азаптаушы періштелерді) шақырамыз» («Ғалақ» сүресі, 17-18 аяттар) деген аяттарын түсірген.
Өзге бір риуаятта Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оның алқымынан алып, сілкілеп: «Қасірет болсын саған, қасірет болсын! Сосын тағы қасірет болсын саған, қасірет болсын!» («Қиямет» сүресінің 34-35-аяттарын қараңыз) – дегені айтылған. Сонда Алланың абдырап қалған жауы: «Сен маған сес көрсетіп жатырсың ба, ей, Мұхаммед?! Алламен ант етейін, сен де, сенің Раббың да маған ештеңе істей алмайсыңдар. Ақиқатында, мен (Меккенің) екі тауының арасында жүргендердің ең күштісімін», – депті.
"ПАЙҒАМБАРДЫҢ (ﷺ) ЖҮЗІН ТОПЫРАҚҚА ЖАПСЫРАМЫН"
Осы оқиғадан кейін Әбу Жәһілдің жауыздығы арта түсті. Муслим жеткізген хадисте Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «(Бірде) Әбу Жәһл: «Сендердің орталарыңда Мұхаммед жүзін жерге жапсырады ма?» – деп (сұрады. Оған): «Иә», – делінді. Сонда (Әбу Жәһл): «Лат және Ғұззамен ант етейін, егер оның осылай жасап жатқанын көрсем, міндетті түрде оның желкесінен басамын немесе жүзін топыраққа жапсырамын», – деді. Сөйтіп ол намаз оқып жатқан Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) барып, оның желкесінен басамын деп ойлады. Кенет олар күтпеген жағдай болып, (Әбу Жәһл) қолдарымен (әлденеден) қорғана артына шегінді. Одан: «Саған не болды?» – деп (сұрағанда), ол: «Екеуміздің ортамызда отты ор, қорқыныш(ты көрініс) және қанаттар (пайда болды)», – деді. Кейіннен Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер де ол маған жақындағанда, періштелер оны бөлшек-бөлшек етіп жұлып әкетер еді», – деді», – деп айтқан.
Осы айтылғандардың барлығы Исламды тарату жолында Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен мұсылмандардың шектен шыққан құрайыш мүшріктерінен көрген тауқыметінің, зұлымдығы мен қорлығының кішкене бір үзіндісі ғана. Шын мәнінде Исламның жаршысы мен оған ерушілерге олардың небір сорақы азаптар мен түрлі жәбірлер көрсеткені жайлы хабарлар өте көп.
Бұрынғы пайғамбарлардың барлығы да ақиқатты жеткізгенде халық оларды қабылдамай, қуғын-сүргінге ұшыратқан. Дінге шақыру жолында қиындық көру барлық пайғамбарлардың да, ақиқатқа үндеуші мұсылмандардың да басынан өтетін құбылыс. Алла тағаланың шариғат тұрғысында орнатқан жүйесі бойынша ақиқатты жеткізген кез-келген адам қарсылассыз қалмайды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен кәпірлердің арасында орын алған қарсылық бүгінгі күнде де дін таратушылар мен дінсіздер арасында жалғасын тауып отыр. Алланың дінін таратушылар қашанда қиындыққа кездеседі.