14:20 | Автопортрет

ИМАМ ӘБУ ХАНИФАНЫҢ АДАМДАРМЕН ЖӘНЕ АТА-АНАСЫМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

ИМАМ ӘБУ ХАНИФАНЫҢ АДАМДАРМЕН ЖӘНЕ АТА-АНАСЫМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

Имамның адамдармен қарым-қатынасы

Әбу Ханифаның, Алла оған рахым етсін, жомарттығы және кеңпейілдігі туралы былай деп жеткізіледі:

Имам әл-Халәби, Әхмәд әл-Аскари және әс-Саймари Мис‘ардың былай дегенін жеткізеді: «Әбу Ханифа, Алла Тағала оған рахым етсін, балаларына бір нәрселер сатып алып жатқан кезінде немесе оған ең алғашқы жемістерді алып келетін кезде, алдымен хадистанушы  мухаддистерден болған ғалымдарға да сатып алатын және оларға өзі мен балаларына жұмсағаннан көбірек қаражат жұмсайтын, сауда істерінде және адамдармен болған қарым-қатынасында ол үнемі кеңпейілділік танытатын».

Хафиз әс-Суләми былай деп айтқан: «Әбу Ханифа, Алла Тағала оған рахым етсін, саудамен айналысатын, ал жыл соңында пайда ретінде түскен ақшаны жинап, оған мухаддистер мұқтаж болған нәрселерді сатып алатын да, қалған дирхәмдарды тағы соларға беретін және кедейлерге былай деп айтатын: «Алла Тағалаға мадақтар айтыңдар, өйткені сендерге тиген нәрселер Оның мүлкінің сендерге сыйлаған бір бөлігі болып табылады және бұл – Алла сендерге мен арқылы жіберген сендердің тауарларыңнан түскен пайда».

Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Йусуф, Алла Тағала оған рахым етсін, былай деген: «Мен Әбу Ханифадан асқан жомарт ешкімді кездестірмеппін, мен оған жиі: «Сенен жомарт ешкімді көрмеппін», - деп айтатынмын, ал ол бұған: «Сен Хаммәдты (Әбу Ханифаның ұстазы) көргеніңде не айтар едің?» - деп жауап беретін. Әбу Ханифа мені және менің отбасымды он жыл бойы тамақтандырды және мен бойында осыншама ардақты сипаттар жиналған басқа ешкімді көрмеппін».

Адамдарға шынайы қарым-қатынас жасау оларға игілік тілеуде көрініс табады, ал имамның, Алла оған рахым етсін, бүкіл өмірі дәл осындай қарым-қатынастың үлгісі болды, өйткені, ол әркез баршаға игілік қалайтын.  Біз оның кедей шәкірттеріне қатысты ізгілік танытқанының мысалдарын келтірдік және оларға көп жылдар бойы өзінің қаражатын жұмсағаны, өзінің ұстаздарына, олардың ішіндегі хадис ғалымдарына құрмет көрсеткені және олардан тек Аллаға Ол оларға өзі арқылы жіберген нәрселеріне шүкіршілік айтуларын сұрайтыны туралы баяндап бердік.  Сондай-ақ біз оның барлық мәжілістері ғибадатқа, жаңа білім алуға және өткенді қайталауға арналғандығы туралы, сондай-ақ ол ешкім туралы ешқашан жаман нәрсе айтпағаны және біреу ол туралы жаман сөйлесе де, ол ешкімді ренжітпегені туралы баяндағанбыз.

Жоғарыда айтылғандарды ескерсек, жақсы ғұламалардың оны ерекше ізгі, игі ниетті және салиқалы адам ретінде сипаттағанына таң қалмаймыз. Ал мұның барлығы Алланың нығметі болып табылады және Ол оны қалағанына береді.

Са‘дан ибн Са‘идтың былай деп айтқаны жеткізіледі: «Әбу Ханифа бұл үмметтің дәрігері еді, өйткені надандық ең жаман ауру, ал білім ең жақсы дәрі болып табылады. Ал Әбу Ханифа бұл білімге түбегейлі түсіндірме берді және оның себебімен надандық жойылды».

Имамның сабырлығы және кішіпейілділігі туралы мыналарды айтуға болады:

Сабыр – өз нәпсіңді, оған бұл ұнамаса да, тыю болып табылады, ал имам Әбу Ханифа адамдарды оқытуда және оларға тура жол нұсқауда қанша көп сабырлық танытты десеңізші!

Өз кітабының Имам Әбу Ханифаға арналған бөлімінде имам әз-Захаби имам Абд әр-Раззақтың былай деп айтқанын жеткізеді:

- Мен Әбу Ханифадан кішіпейіл адам көрмеппін. Бірде, біз әл-Хайфа мешітінде онымен бірге болғанымызда, бір адам оған сұрақ қойды, ал ол оған жауап берді. Сонда әлгі адам: «әл-Хасан әл-Бәсри былай және былай деген», - деді. Содан соң имамға бір қызыл бетті адам келіп, ол әл-Хасанның қателігіне нұсқағаны үшін оны қатаң балағаттады. Адамдар осы үшін оның сазайын бергісі келгенде, Әбу Ханифа: «Мен: «әл-Хасан қателесті, ал ибн Мәсғуд дұрыс айтты» деп айттым» деді.

Мухаммад ибн Суләйм Уқай‘тың «Йазид бин Кумайт былай деп айтты» деп айтқанын жеткізген:

- Бірде мен Әбу Ханифаны тыңдап отырғанымда, бір адам имамды балағатай бастап: «Уа, кәпір. Уа, дінбұзар!» деп айтты, ал Әбу Ханифа оған: «Мен туралы сен айтып тұрғаннан мүлде басқа нәрсені білетін Алла сені кешірсін!» - деп жауап берді.

Имамның ата-анасына деген құрметі мен ілтипаты туралы

Имам Әбу Ханифаның өз ата-анасына ерекше ілтипат танытуына оның Аллаға олар үшін дұға етуі және ата-анасы мен Хаммәдқа Жаратушыдан кешірім тілеуінен, сондай-ақ олардың атынан ай сайын жиырма динар садақа беруінен көрінеді.

Әбу Ханифаның анасы оның әкесінен көбірек өмір сүрді, ал имамның оған құрметпен қарауы туралы әл-Кардаридің  Хаджәр бин Абд әл-Джаббар әл-Хадрамиден жеткізген мына сөздері растайды:

- Имам былай депті: «Біздің мешітіміздің жанында Зур‘а есімді бір қиссашы тұратын. Бірде менің шешем діннен бір нәрсе сұрағысы келді де, бұл жөнінде менен сұрады және мен оған жауап бердім, алайда ол: «Мені тек Зур‘а берген жауап ғана қанағаттандырады» деді. Сонда мен оны оған алып бардым да, оған: «Менің шешем пәлен мәселе бойынша сенің пікіріңді білгісі келеді», - дедім. Ол оған мен айтқан нәрсені айтты, ал ол разы болып қалды.

Әс-Саймәри әл-Хасанның имам былай деп айтты деген сөздерін жеткізген:

- Мен үшін, маған дүре соққан кездегі анамның шеккен қайғысынан ауыр ешнәрсе болмады. Сол кезде ол маған: «Уа, Нуғман, ақиқатында, сені осыған дейін жеткізген білім, ол одан қашуға лайықты», - деді, ал мен: «Мен бұл білімді бұл дүние үшін емес, Алла үшін алдым», - дедім».  

Ғұламаның анасы одан көбірек өмір сүрген тәрізді. Алла Тағала имамды, оның ата-анасын рахым етсін және оларға разы болсын.

 

5535 рет оқылды