Руханият 2019-11-22 (0) (24669)

ПАЙҒАМБАРДЫҢ (ﷺ) ҰЙЫҚТАУ ЖӘНЕ ҰЙҚЫДАН ТҰРУ ӘДЕБІ

ПАЙҒАМБАРДЫҢ (ﷺ) ҰЙЫҚТАУ ЖӘНЕ ҰЙҚЫДАН ТҰРУ ӘДЕБІ

 

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге көрсетпеген бірде-бір игілік жоқ. Ол Жәннат қақпасына жетелейтін ешбір жолды беймәлім қалдырмады. Бізді шақырмаған және бағыттамаған бақытқа, шаттыққа себеп болатын нәрсе жоқ. Және ол біздің ояу кезде де, ұйқыда да, намазда да, қызметте де Аллаға ұнамды амал жасауымызды тілеп, ең керемет әдептерді үйретіп кетті.

«Айт: «Шын мәнінде, намазым, құрбандығым, өмірім және өлімім әлемдердің Раббысы Алла үшін»(«Әнғам» сүресі, 162-аят). Тіршіліктің әрбір сәтін құлшылыққа айналдыруға болады. Ал құлшылық – өмірлік мақсат.

Ұйқы – Алланың ұлы мұғжизаларының бірі. Адам екі негізгі қалыпта болады: бірі – ұйқыда, бірі – ояу. Күн мен түн секілді алма-кезек. Ұйқы уақытымыз бен өмірімізге қожайындық жасайды. Пенде өмірінің үштен бір бөлігін ұйқымен өткізеді екен. Шектен тыс көп болса да, аз болса да ауруға шалдығамыз.

Сол себепті, ұйқыны да адамға пайдалы етуге, құлшылыққа айналдыруға себеп болатын сүннеттер бар. Бұл сүннетке еру – сауапқа жетелейді, яғни, ұйқы қанық болса намазымыз, оразамыз дұрыс атқарылады, түрлі дұғалар арқылы жаман түстер, шайтанның уәсуасынан қорғаламыз.

1.Ерте ұйықтау.

Әбу Барза (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың  (ﷺ) құптан намазға дейінгі ұйқыны және құптан намазынан кейінгі бос сөздерді ұнатпағандығын айтады. (Бұхари, Муслим)

2. Ұйқы алдында үтір намазын оқу (түннің соңғы бөлігінде тұра алмай қалудан қорыққандар үшін).

Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) баяндайды: «Сүйікті Пайғамбар  (ﷺ) маған үш нәрсені өсиет етті: әр айдың үш күнінде ораза ұстау, екі рәкат дұха намазын оқу, ұйықтамас бұрын үтір намазын оқу». (Муслим)

3. Отты сөндіру, ыдысты жабу, есікті құлттау.

Жәбирден (оған Алла разы болсын): «Ұйқыға жатарда шырақтарды сөндіріңдер, есіктерді бекітіңдер, мес пен торсықты бүркеңдер, ас пен сусынның бетін жабыңдар» (Бұхари, Муслим). Басқа хадистерде «ұйқыға жатарда үйлеріңде жағулы от қалдырмаңдар», «от сендердің жауларың, сондықтан, өздеріңді қорғау үшін ұйқы алдында сөндіріңдер» делінген.

4. Майлы ас жеген соң қолды, ауызды жуу.

Алла Елшісі  (ﷺ): «Кімде-кім майлы жуылмаған қолымен ұйықтап, қандайда бір ауруға шалдықса, өзін ғана айыптасын» деген. (Әбу Дәуд)

5. Дәрет алу.

Бара ибн Азибтан (оған Алла разы болсын): «Пайғамбар  (ﷺ) маған: «Ұйқыға жатар болсаң, намазға дәрет алғаныңдай дәрет алып, сосын оң жағыңмен жат та: «Уа, Алла! Жүзімді Саған бағыштадым, ісімді Өзіңе тапсырдым және (сауабыңды) үміт етіп әрі (азабыңнан) қорқып арқамды Саған сүйедім. Өзіңнен басқа сенен паналар, қашып құтылар мекен жоқ. Уа, Алла! Түсірген кітабың мен жіберген пайғамбарыңа иман келтірдім» (Аллаһуммә, инни әсләмту уәжһи иләйкә, уә фәууадту әмри иләйкә, уә әлжәту заһри иләйкә рағбәтән уә раһбәтән иләйкә. Лә мәлжә-ә уә лә мәнжә минкә иллә иләйкә! Аллаһуммә, әмәнту бикитәбикәл-ләзи әнзәлтә, уә бинәбийикәл-ләзи арсәлт) деп айт. Егер сол түні өлсең, туылғандағыңдай пәк қалпыңда боласың. Бұларды сөздеріңнің соңғысы ет» деп айтты» деген.

6. Оң жақ бүйіріне жату.

Алла Елшісі  (ﷺ)  ұйқыға жатқанда, оң жағына (бүйіріне) жатып, былай дейтін: Я, Алла! Өз нәпсімді Саған бойсұндырдым және ісімді Өзіңе тапсырдым. Әрі жүзімді саған қараттым және (сауабыңды) үміт етіп, әрі (азабыңнан) қорқып, Саған арқа сүйедім. Сенен қашып өзгеден пана табу мүмкін емес, тек Саған қашып Өзіңнен ғана пана тілейміз. Түсірген Кітабіңа әрі жіберген Пайғамбарыңа иман келтірдім» /Аллаһумма асламта нафси иләйк, уә фәу-уадту әмри иләйк(ә), уә уәж-жәһту уәжһий иләйк(ә), уә әлжәъту зоһрий иләйк(ә) рағбәтән уә раһбәтән иләйк(ә), ләә мәлжә-ә уә ләә мәнжәә минкә иләә иләйк(ә), әмәнту би китабикәл-ләзий әнзәлтә уә би нәбий-икәл-ләзий әрсәлт/. (Бұхари)

7. Бетті қолға қою.

Алла Елшісі  (ﷺ) түнде төсекке жатқанда бетін қолына қойып: «Я, Алла, Сенің есіміңмен өліп (ұйықтап), Сенің есіміңмен тірілемін (оянамын)” /Бисмикал-лаһумма амуту уа ахийа/ дейтін. (Бұхари)

8. Төсекті сілку және Алланы еске алу.

Әбу Һурайрадан: «Егер сендердің біреуің ұйқыға жатқыларың келсе, киімінің ішкі жағымен төсегін қағып-сілкісін де, «Бисмилләһ» деп айтсын, себебі, оған төсегінің ішінде не бар екендігі беймәлім». (Бұхари, Муслим)

9. Ұйқыдағылардың бөлек жатуы.

Пайғамбар ﷺ: «Балаларыңа жеті жастап бастап намаз оқуды бұйырыңдар, ал он жастан бастап оқымағаны үшін ұрыңдар және оларды төсекке бөлек жатқызыңдар» деген. (Ахмад, Әбу Дәуд). Айта кетейік, бұл жерде ұру – деген шектен тыс күш көрсету дегенді меңземейді. Және ата-ана баласына 7 жасында намаз оқуды бұйырмаса, 10 жасында да талап ете алмайды. Ал хадис, барлық ересектерге қатысты, яғни, екі ересек еркек немесе екі ересек әйелдің бір-біріне жақын, бір көрпенің астында ұйықтамағаны жөн.

10. Ішпен (етбетімен) жатпау.

Йаъиш бин Тихфа аль-Ғифари (оған Алла разы болсын) әкесінің былай деп айтқанын жеткізді: «Бірде мен етбетіммен мешітте жатқан кезімде, кенет бір адам мені аяғымен түртіп: «Расында, Алла бұлай жатқанды жек көреді!» деді. Мен жоғары қарасам ол адам Алла Елшісі  (ﷺ) екен. (Әбу Дәуд). Басқа хадисте «бұл тозақтықтардың жатысы» делінген.

11.  Зікірлерді, дұғаларды ұмытпау.

Себебі, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланы еске алмай ұйықтаған адамды Алла жазалауы мүмкін» деген болатын. (Әбу Дәуд)

 «Аятул-Күрсіні»: «Аллаһу лә иләһә иллә һууәл-хаййул-қаййуум» дегеннен аяттың аяғына дейін оқыған адамға Алла тарапынан бір қорғаушы қасында болып, таң атқанша шайтан еш жақындай алмайды. (Нәсаи). Сондай-ақ, Пайғамбар (ﷺ) жатар кезде «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерімен дем салған.  Хадсите: «Кім «Бақара» сүресінің соңғы екі аятын түнде оқыса, оған жеткілікті»(Бұхари), яғни, барлық жамандықтан сақтауға жеткілікті делінген. Басқа ғалымдар «Шайтанның жамандығынан сақтауға жеткілікті», «Адамдар мен жындардың жамандығынан сақтайды» деп тәпсірлеген.  Тіпті, сахабалар ақыл-есі бола тұра ұйқы алдында «Бақара» сүресінің соңғы 2 аятын оқып жатпаған адамды көрмедім деген екен.

Фатима анамыз (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінен (ﷺ) қол диірменге шағым айтып, қызметші сұраған кезде: «Мен сендерге сұрағандарыңнан да қайырлы нәрсені айтайын ба? Ұйқы алдында 33 рет «Субханаллаһ», 33 рет «Әлхамдулилләһ», 34 рет «Аллаһу акбар» деп айтсаңдар – бұл сұрағандарыңнан да қайырлы» деген (Бұхари, Муслим). (Ұйқы алдында оқылатын басқа да дұғаларды («Мұсылман қорғаны» кітапшасындағы 104 беттен бастап қараңыз).

 

Ұйқыдан тұру әдептері.

1.  Түнгі намазға тұрған кісінің дұғасы қабыл болуы үшін

Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген: «Кімде-кім түнде оянып: «Алла Тағаладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ол жалғыз, Оның серігі жоқ. Бүкіл билік Оған тән әрі барлық мақтау-мадақ Оған ғана лайық. Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді. Барлық мақтау-мадақ Аллаға тән, Алла пәк, Алладан басқа құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ, Алла ұлы, Алла Тағаланың күш қуатынан асатан ешқандай күш-қуат жоқ» (Лә иләһа-иллә-лләһу уәхдәһу лә шәрикә ләһу ләһул-мулку, уә ләһул-хамду, уә һууә ъалә кулли шәй-ин қадир. Әл-хамду лиллаһ, субханаллаһ, уа ләә иләәһа илләллаһ, уаллаһу акбар, уа лә хаулә уа лә қууата иллә билләһ»,- деп Алладан кешірім сұраса яки, дұға қылса, дұғасы қабыл болады. Егер дәрет алып, намаз оқыса, намазы қабыл болады» (Бұхари).

2.  Ұйқыдан тұрғанда айтылатын дұға

«Бізді өлтіргеннен соң қайта тірілткен Аллаға шүкір! Әрі біз Оған қайтушымыз» («Әлхәәмду лилләәһил ләзии ахъйәәнәә бәъд мәә әмәәтәнәә уә иләйһин-нущуур»). (Бұхари) Яғни, бұл жерде ұйқы – кіші өлімге теңеліп тұр.

3.   Мисуәк қолдану

Әбу Хузейфа (оған Алла разы болсын) былай деді:  «Алла Елшісі (ﷺ) ұйқысынан тұрғанда, ол әрдайым аузын тіс тазалағышпен тазалайтын. (Бұхари, Муслим). Айша (оған Алла разы болсын): Әдетте біз Алла Елшісіне (ﷺ) тіс тазалағыш пен дәрет алуға су дайындайтынбыз, ал Алла оны Өзінің қалаған уақытында ұйқысынан оятатын да, ол сол тіс тазалағышты қолданып тісін тазалап, дәрет алып намаз оқуға кірісетін. (Муслим)

4.   Дәрет алу.

«Қайсыбірің ұйқысынан оянса, қолын үш рет жумай тұрып, ыдысқа батырмасын. Өйткені ол қолының түнде қайда болғанын білмейді», «Сендерден біреу ұйқысынан тұрып дәрет алса, үш рет мұрнын қағып тастасын, өйткені шайтан түнді оның танауларында өткізеді». Тіл ғалымдары хадистің арабша мәтініндегі «хайшум» (танау) сөзінің мағынасы жайында түрлі пікірлер айтқан. Біреулері «бұл – мұрынның кеңсірігі» десе, тағы біреулері «ол мұрынның өзін білдіреді» деп санаған. Бұл хадиске қатысты «шайтан, шынымен де, мұрынның кеңсірігінде түнеп шығады» деген пікір бар. Ал өзге бір пікірге сүйенсек, «бұл – бейнелі сөз, оның негізі түнде мұрынға сіңбірік жиналып, адамға қиындық тудырғаны үшін шайтан бұған қуанады» дегенге саяды.

5.    Намазға асығу.

Сендерден кез келгенің ұйықтағанда шайтан оның желкесіне үш түйін түйіп, әр қайсысына: «Сенің түнің ұзақ болады, ұйықта!» деп түйген жеріне ұрады. Егер адам оянып, Алланы еске алса, онда бірінші түйін шешіледі. Ал егер дәрет алса, екінші түйін шешіледі. Ал егер намаз оқыса, онда үшінші түйіні шешіледі» деген.

24669 рет оқылды