Бизнес 2019-11-15 (0) (1193)

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ КЕЛСЕ НЕ ІСТЕЙМІЗ?

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ КЕЛСЕ НЕ ІСТЕЙМІЗ?

 

Жасыратыны жоқ, бүгінде екі адамның басы қосылса, қымбатшылық мәселесі сөз болады. Қоғамдық орындар, әлеуметтік желілер, тіпті жаңалықтар да келісіп алғандай осы әңгімені өрбітеді. Бірі шынымен алаңдаушылық білдіріп әңгімелессе, екіншісі жай ғана хайп шығарып көрермен, атақ жинап алу үшін, адам санасына қорқыныш салады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, бұл жағдай бірінші рет орын алып тұр ма? Біз ел болғалы жоқшылықты да, қаржы тапшылығын да, қымбатшылықты да бастан өткіздік емес пе?! Аллаға шүкір, әлі аш қалып, өзегі талған ешкім жоқ. Бұрын нанды 35 теңгеге алсақ, қазір ол 75 теңге тұрады. Бұның сырына үңіліп көрдіңіз бе?

Ілгерідегі ғалымның басынан өткен мына бір оқиға біздің осы сұрағымызға жауап беріп тұрғандай:

Бірде Әбу Хазим Салямат ибн Динарға (Алла оған разы болсын) бір кісі келіп: «Бағалардың көтеріліп елдің басына қымбатшылық келгенін көрдің бе?», - деп сұрады. Ол: «Ал сен неге мұнша қайғырасың? Шынында бізді баға арзан кезде асыраған Алла Тағала, баға қымбаттаған уақытта да ризық-несібе береді ғой»,- деген екен («Хилджат әл-Әулие» 3/239, Абу Нухайм).

 

«Алла Тағала кемшіліктен пәк және Ол өзінің құлдарын асырауды Өз мойнына алды. Оларды бұл дүниенің ризығымен қамтамассыз ету - Алланың міндеті. Жер бетінде Алла ризық бермейтін, асырамайтын бірде бір тірі мақұлық жоқ. Сол себепті адам өзінің ісін Аллаға тапсырсын, ризық нәтижесін Алладан күтсін дейді. Біліп қойыңдар, ешкім де пешенесіне жазылған ризық таусылмайынша дүниеден оза алмайды. Дәл сол сияқты тағдырыңа жазылмаған ризықты ешқашан қуып жете алмайсың».

 

Тіпті сенің үйіңе бір мысық келсе, Алла ол мысықтың ризығын сенің айлығыңа қосады. Қазақта «Қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады» сөз деген осыдан қалған.

 

Баяғыда бір кісі ғұламаға келіп: «Мен ашпын. Отбасыма берер түгім жоқ. Өзегіміз үзіліп өлетін болдық» деп шағымын айта келгенде әлгі ғұлама: «Сенің үйіңде Алланың асырауынан тыс адам бар ма?» - деп сұрақпен жауап берген екен.

 

Оған Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен мына бір хадис дәлел: "Егер Алла Тағалаға шынайы түрде тəуекел ете алсаңдар, таңертең ұясынан аш шығып, кешке қарай тоқ оралған  құстардың ризықтандырылғаны сияқты, Алла сендерге ризық берер еді"

(Термизи)

Демек, басыңызға қандай қиыншылық түссе де, қоғамда қымбатшылық орын алып жатса да, Алла Тағала сізді тастап қоймайтынын еске түсіріңіз. Көп дұға жасаңыз. Алла Тағала жайылған алақанды бос қайтармайды. Сыйын не осы өмірде, не ахиретте береді.

 

1193 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*