Руханият 2019-11-09 (0) (8591)

БҮКІЛ ӨМІРІМНІҢ ӨЗГЕРУІНЕ СЕБЕП БОЛҒАН ОҚИҒА...

БҮКІЛ ӨМІРІМНІҢ ӨЗГЕРУІНЕ СЕБЕП БОЛҒАН ОҚИҒА...

Мына шағын бір әңгіме менің дүниетанымымның өзгеруіне себепкер болған өте әсерлі оқиға болды. Бұған дейін басымнан кешкен кедергілер мен сынақтарға деген қарым-қатынасым қате болып келгенін түсіндім. Сол себептен қалың көпшілікке өз пайдасын тигізер деген мақсатта осы қиссаны алдарыңызға ұсынып отырмын.

    Атақты табиғиндердің бірі Уруа ибн Зубайр (Алла оған разы болсын) аяғы жарақаттанып, жазылмай шіри бастаған соң кескізуге тура келеді. Сол күні жеті баласының ең сүйіктісін жылқы таптап кетіп, дүниеден өтеді. Сонда Уруа: «Раббым, барлық мақтау саған тән! Бәріміз Алланікіміз және Оған қарай қайтушымыз. Ол маған жеті бала беріп, біреуін алды. Төрт бұтақ (екі аяқ пен екі қол) беріп біреуін алды. Сынақ жіберсе артынша есендік береді, алып қойса қайтып береді. Алған нәрсесін Жәннатта қайтып беруін өтініп, Аллаға дұға етемін!», - дейді.

      Арада біраз күндер өткен соң Уруа халифаның мәжілісіне кіреді. Мәжілісте екі көзі су қараңғы, бет терісі жыртылған қария кісіні көреді. Халифа Уруаға қарттың басынан кешкені жайлы сұрауды бұйырады. Уруа өтініп еді, ол кісі әңгімесін былай деп бастады:  

     «Мен бір үлкен сайдың егесі едім. Сол төңіректе менен асқан бай адам жоқ еді. Балаларым да көп еді. Бір күні түн ішінде сайдың ішін сел шайып бүкіл дүние-мүлкім мен бала-шағам тасқын астында қалды. Таң атқанда қарасам кішкентай ұлым мен бір ғана түйе аман қалыпты. Баланы биіктеу жерге отырғызып, түйені ұстауға ұмтылып едім, ол қаша жөнелді. Артынан тұра қудым. Аз ғана ұзағаным сол-ақ еді баламның жан ұшыра шырқыраған даусы шықты. Жалт бұрылдым. Сөйтсем ентелеп келіп аш бөрі ауыз сала бастапты. Жетіп үлгермедім, парша-паршасын шығарды. Қатты күйзелдім. Сосын ұзап кеткен түйенің артынан үміттене қайта қудым. Қол жетер жер қалғанда артқы аяғымен бір теуіп бетімді жыртты. Содан екі көзім су қараңғы болып қалды. Ажал келмесе адам өлмейді екен. Өлместің күнін көріп жүрген жайым бар», - деп қария әңгімесін аяқтады.

     Уруа одан: «Осының барлығынан кейін Раббыңа деген қарым-қатынасың қалай?», - деп сұрады.

     Сонда әлгі қарт: «Мен Раббыма үздіксіз мақтау-мадақ айтамын. Ол маған иманға толы жүрек қалдырды. Шүкірлік етер тіл сыйлады», - деген екен.

     Міне, нағыз сабырлық деген осы! Олар Алла тағаланың Өз кітабында мақтап өткен шынайы сабыр етушілер.«Шын мәнінде сабыр етушілерге (Алладан) берілетін сыйлары – есепсіз». (Зүмәр сүресі, 10-аят)

     Біздің қайғы-қасіретіміз қай деңгейде?

     Олардың қиыншылықтарымен салыстыруға келе ме?

     Олар қиындық көрді, сабыр етті. Алла тағала оларды сүйіншілеп, қуантты. Біз болмайтын нәрсеге ұялмай, қамығып-қапалансақ не берілмек?

     Раббымыз! Қай уақытта, қай жерде болмасын сынағыңа сабыр етіп, Саған шүкірлік етуден жаңылдыра көрме!

 

8591 рет оқылды