Дәстүр 2019-10-31 (0) (27625)

ҚАРАЛЫ ХАБАРДЫ ҚАЛАЙ ЕСТІРТЕМІЗ?

ҚАРАЛЫ ХАБАРДЫ ҚАЛАЙ ЕСТІРТЕМІЗ?

 

Тура бір жыл бұрын мен Алматыда, жақындарым ауылда, ес білгелі әулетімізде қаза атаулы болмаған кез еді. Әдеттегідей университеттен қайтып келе жатқанмын. Оқу орны мен тұратын үйімнің арасы едәуір алыс жер. Сол себепті туыстарыммен сөйлесіп баруды әдетке айналдырғанмын. Бұл жолы анашыма қоңырау шалдым, тұтқаны кіші інім көтерді. Сөйлесуіміз ұзаққа созылмайтынын бірден білдім. Өйткені інімнің телефондағы ойнын үзіп жібергенімді сезіп тұрмын. Ол асығыс-үсігіс: "Әкем мен анам үйде жоқ. А, атам өліп қалыпты, соған кетті",- деді де, тұтқаны қоя салды. Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей дел-сал күйге түсіп, сілейдім де қалдым. Ғалымдардың анықтамасын алға тартсақ, жақынының қазасын естіген сәттегі кенет пайда болған осындай өзгеше сезімнің салдарынан ауру тудыратын бактериялардың ояну қаупі өте жоғары екен. Ал менің өміріме қаншалықты қауіп төнгені бір Аллаға аян. Жарайды, өткен іс өтті, "Баланың ісі шала" дедік... Дәл осылай кенет естіген суық хабардан жүрегі қысылып, табан астында қайтыс болып кеткен қаншама адам бар. Ал біз осы тұста  қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрінен мүлде алыс кетіп, ол қандай жақыны, жанында адам бар ма, жоқ па, ескермей, салмағы таудай қазаны солқ еткізіп айта салатын, тіпті баруға ерініп, ұялы телефон арқылы жазып жіберетін болғанбыз. Өкінішті. Өзекті өртеп жіберердей өкінішті!

"ӘКЕСІ ӨЛГЕНДІ ДЕ ЕСТІРТЕДІ"

Қазақ қазаны ешқашан тіке айтпаған. естірту жолымен жеткізген. Біреудің туысы қайтыс болса, не болмаса жақыны өмірден өтсе, ең алдымен, сол үйдің маңайындағы үлкендерге хабар береді емес пе? Ауыл адамдары бас қосып, адамы қайтқан үйге барып, орнығып отырып, әңгімені алыстан орағытып әкеліп, тікелей айтпай, астарлы түрде жеткізген. Бұл – қазақтың «естірту» салты. Бұған қазақ даласында мысал да көп. «Қатын өлді, қамшының сабы сынды» деп тараған Қарашаш сұлудың қазасын Жиреншеге естірту, одан бергі кезеңдегі естіртудің үздік үлгілері ретінде Үмбетей жыраудың: «Ей, «Абылай, Абылай, Абылай ханым, бұл қалай? Бұл қалайдан сескеніп, Сөзімді қойма тындамай» деп басталатын атақты Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту жырын, Қазбасты шешеннің Байшуақ өлгенде баласы Байғараға: «Алып арыстан құласа, жан беруші бар ма екен. Аққан дария құрыса, су беруші бар ма екен» деп сұраулай естіртуін, сондай-ақ, Абыл (Тілеуұлы) ақынның Сүйінқараның қазасын өлеңді толғау арқылы естіртуін білеміз. Ал Бабаларымыз Шоқанның өлімін Шыңғысқа қалай жеткізіп еді? Келдібек Жандосұлы Шоқан өлімін Шыңғысқа: «Ұлы өлмеген руда жоқ, қызы өлмеген Қырымда жоқ. Қатыны өлмеген халықта жоқ, ағасы өлмеген аймақта жоқ. Інісі өлмеген елде жоқ, әкесі өлмеген әлемде жоқ. Шешесі өлмеген пенде жоқ. Аққу ұшып көлге кетті, дуадақ ұшып шөлге кетті. Құдай бізге бір гауһар тас беріп еді, оны иесі өзі әкетті. Шоқан деген балаңыз бәріміз баратын жерге кетті» дейтін тағы қаншама естіртудің тамаша үлгілерін атауға болады.

 

Қазір естірту дерліктей ұмытылғаны рас. Дейтұрғанмен, тарихымызды түгендеп, салтымызды саралап жатқан тұста, бұл дәстүрді қайта жаңғыртуға не кедергі?! "Жаман айтпай, жақсы жоқ", өмір болғасын бәрі болады, ажал тұтқиылдан келіп қалғанда не айла, не шара?! Қол қусырып қарап отырмайтынымыз тағы анық. Ендеше, бүгін біз сіздің: "Естіртуде нені ескеруім керек?" деген сұрағыңызға жауап іздеп көрейік.

 

ҮЛКЕНДЕРГЕ ХАБАР БЕРІҢІЗ

 

Қаза - айтпай, аяқ-асты келе салады ғой. Сен дайынсың ба, жоқсың ба, қуанып отырсың ба әлде қайғырып отырсың ба?! деп жатпайды. Жақында ғана өзімізбен қатарлас құрбымыздың ұзату тойы болып, ақ босағаны аттап үлгермей, жолда көлік апатынан тіл тартпастан қайтыс болып кеткенін естіп, "ах" деп қалдық. Қолымыздан келер қайран жоқ. Дәл осылай көршіңіздің, жақын араласатын досыңыз не ауылдасыңыздың жақыны қайтыс болды делік. Енді не істейсіз? Ең әуелі көпті көрген, орта жасқа келген, сөзі мірдің оғындай ақсақалдарға хабар беріп, естіртуін өтініңіз. Қазақ "өмір көрген" деп жатады ғой. Бұдан да қиын жағдайларды бастан өткізген үлкендер ақылмен, сабырмен, жанамалап жеткізудің жолдарын айтар не өздері келіп естіртер.

 

Ел ауызындағы әңгімелерге қарағанда, белгілі ағартушы әрі саяхатшы Шоқан Уәлиханов қайтыс болғанда Тезек төре оны Шыңғыс сұлтанға елдің басты адамдары арқылы естірткен деседі.

Аталған оқыс оқиға «Бабалар сөзі» жинағында былай суреттеліпті: «Тезектің суыт хабарлауы бойынша, Атығай Келдібек би мен Әділбек батыр көп нөкер ертіп, Шыңғыс сұлтанның үйіне келіп түседі. Келсе, сұлтан іштей сескеніп отыр екен. Келдібек би ойлы пішінмен жадырай сөйлеп:

– Төре, дүниеде не қымбат? – дейді.

– Адам қымбат, – депті Шыңғыс.

– Адамға не қымбат?

– Бала қымбат, егер сүйеніш болар перзент туса.

 – Жансызда не қымбат екен?

– Жансызда қымбат гауһар деуші еді...

– Теңіз тұңғиығында жатқан сол гауһардың да иесі бола ма?

– Е, иесіз дүние бар дейсің бе, әр нәрсенің екі иесі бар ғой.

 – Егер осы жанды-жансыз ең қымбаттыға сол екі иесі таласса, қайсысы алар еді, – дегенде, Шыңғыс төре: «Ең күштісі, күштісі алады» деп өз санын бір соғыпты да:

– Менің гауһарым Мұхаммед Қанапияға Тәңірдің оғы тиген екен ғой», – деген екен.

Келдібек би тоқтау айтып: – Уа, Сұлтан, бала сіздікі еді, бақыты халықтікі еді. Пұлсыз берді, құнсыз алды, не шара! – деген екен.

 

"ТІКЕЛЕЙ ХАБАРЛАСПАУ"

 

Заманауи хабарласу құралдары, ондағы интернет көп жағдайда алысты - жақын, баяуды - тез ететіні рас. Бірақ жақыны қаза тапқан адамға  хабарласып, "Осы туысың қайтыс болды" деп, сүйінші сұрағандай асығыс жеткізудің қажеті жоқ. Өйткені оның да сол жерде жүрегі тоқтап не есінен айырылып қалуы мүмкін. Сол себепті, жақын жерде болса, екі-үш адаммен барып естіртіп, ал алыста болса (Басқа қалада тұратын жақындары, оқуда жүрген баласы, тұрмысқа шыққан қызы, т.б), алдымен ол араласатын жанындағы адамдарға хабар беріп, солар арқылы естіртуі керек.

 

Тақырыпқа тұздық ретінде жаза кетсем. Екібастұздық "Отарқа" газетінде тікелей естіртудің осындай зардабы жөнінде жазылған мынадай ақпаратты көзіміз шалды: "Бұрынғыдай хат-хабар алысу қиын уақыт емес, сондықтан бүгінде бұл салт өзінің түпкі мақсатынан ажырай бастағандай. Кейбір ауылдық жерлерде болмаса, қазаны әдейілеп естірту дәстүрі қалып барады. Алыс жерде тұратын туыстарға қаза туралы ұялы телефон хабарламасын жіберіп естірту не қоңырау шалып айту әдетке айналды. Астарлап жеткізу былай тұрсын, уақыттың асығыстығынан бір ауыз сөзбен пышақкесті хабарлай салады. Өткенде осындай қаралы хабарды естіген жігітағасы жүрегі шыдамай, сол күні қайтыс болып кетіпті" делінген хабарламада.

 

"МЕН ҚАЛАЙ ЕСТІРТЕМІН?"

 

Егер сіз алыста (іс сапарда, оқуда, шет елде, т.б) жүргенде жаныңыздағы досыңыздың жақыны қайтыс болып, оның өзге туыстары сізге хабарласып, суық хабарды оған жеткізуіңізді өтінді делік. Өлім кез келген адамға оңай емес, естіген сәтте сіз де есеңгіреп, өз әрекетіңізге жауап бере алмай, оған бірден тарс еткізіп айта салуыңыз не түріңіз бұзылып жылап та жіберуіңіз мүмкін. Бірақ шын қайғыға ортақтасу, жан ашу бұлай көрініс таппайды. Әуелі оның жанында отырсаңыз, сыр білдірмей тұрып кетіңіз. Оңашада эмоцияңызды шығарып та алыңыз. Сосын оған қалай естіртуге болатын жолдарын іздеңіз. Мейлі сөзге шешен жан болсаңыз да, ойыңызды жинақтап алу артықтық етпейді. Өзіңіздің батылыңыз бармаса, көпті көрген, тәжірибесі бар адамның көмегіне жүгініңіз (Сабақ беретін ұстазы, ақыл айтар ағасы, т.б.).

 

"ҚАНДАЙ СӨЗДЕР АЙТУ КЕРЕК?"

 

Кейде өзіңізден басқа естіртетін адам таппай да қалуыңыз мүмкін. Ондай кезде, амал жоқ, сіздің жеткізуіңізге тура келеді. Бұл үлкен жауапкершілік екенін тағы ескертеміз. Сондықтан азды-көпті ізденіңіз, үлкендерден қалай естіртуге болатынын сұраңыз, ата-бабаларымыздың естіртулерін де бір қарап алу артықтық етпейді. Сонымен қоса, суық хабар жеткізгелі отырған адамға тағдыр мәселесі туралы хабар беріңіз. Әрине тікелей айтсаңыз, жүрегі бір нәрсені сезіп, қабылдай алмай қалуы мүмкін. Естіртуден біраз уақыт бұрын әлеуметтік желілер арқылы, тағдырға сену, иман келтіру, өлім мен өмір мәселесі туралы ұстаздардың уағызын өзіңіз тыңдап отырғандай ол да еститіндей етіп, қосып қойыңыз немесе соған сай мәлімет оқыңыз. Ол адам бұрын да оны оқыған не естіген болуы әбден мүмкін, бірақ әр естіген сайын жаңа бір ой түйіп, ойланады. Хабарды есту де қатты ауыр болмайды не тағдырға қарсы сөз айтпайды.

 

Сіз мына сөздерді айтсаңыз болады...

 

1. ҚАЙҒЫЛЫ ІС ОРЫН АЛҒАНДА НЕМЕСЕ ШАРАСЫЗ ХАЛГЕ ТАП БОЛҒАНДА ОҚЫЛАТЫН ДҰҒА

 

Қайғылы хабар естігенде адам өзін ұстай алмай Алланың ашуын туғызар сөздер айтып, ерсі қылық жасауы, тіпті Алланың ашуының нәтижесінде шайтанға жол ашып, тұңғиық депрессияға түсіп, арты өз-өзіне қол жұмсауға да алып келуі неғайбыл. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін шариғатта Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осындай дұғаны айтуды бұйырған.

 

«Қадару-Ллаһу уә мә шә-ә фә’әлә»

 

Аудармасы: «Бұл – Алланың тағдырға жазғаны, әрі Ол қалағанын істеді».

 

Қашан оларға бip қайғы жетсе: “Олар шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әpi Оған қайтушымыз” деді ("Бақара" сүресі, 156-аят).       

 

2. ТАҒДЫРҒА СЕНУ ДЕГЕН НЕ?

 

Тағдырға иман келтіру, яғни тағдырға сену – иман шарттарының бірі.

Тағдырға иман келтіру дегеніміз – барлық жақсылық та, жамандық та Алла тарапынан екендігіне сену, анық илану, барлық нәрселер Алланың ғана қалауымен жүзеге асатынына зәредей де шәк келтірмеу.

Алла Тағала бұл туралы Құранда былай деген: «Алланың аспан мен жердегінің барлығын білетінін сен білмейсің бе? Ақиқатында бұл - Кітапта бар. Шын мәнінде бұл - Аллаға жеңіл» («Хаж» сүресі, 70-аят).

«Сондай-ақ, Ол әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін белгіледі» («Фұрқан» сүресі, 2-аят)

Алла Тағаланың шексіз ілімі – өткенді, қазіргіні және келешекті де бірдей қамтиды. Сондықтан Жаратушының назарынан еш нәрсе тыс қалмайды. Құранда Алла Тағала:

«Алла олардың істегендерінің бәрін толық біледі» («Нұр» сүресі, 41-аят);

«Алла олардың өткенін, келешегін біледі. Өзгелер оны толық білмейді» («Та Һа» сүресі, 110-аят), - деген.

Яғни, әлемдегі болып кеткен, болып жатқан және болатын барлық нәрсе Алланың тағдыры мен қалауына сәйкес жүзеге асады. Ешқандай тіршілік иесі Алланың Ләуһу Махфузында (кітабында) жазылған тағдырының шеңберінен тыс әрекет ете алмайды.

Әбу Дәуд келтірген хадисте сахабалардың бірі Убаданың (р.а) баласына былай дегені айтылады:

«Балам, тағдырға иман келтірмейінше сен еш уақытта діннің (тәтті) дәмін тата алмайсың. Мен Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын естідім: «Алланың ең бірінші жаратқаны қалам болды. Сосын Ол оған: «Жаз!» - деп әмір берді. Қалам: «Не жазайын?» - деп сұрады. Алла Тағала: «Ақырет күніне дейін бәрін жаз», - деді»

Балам, мен сондай-ақ Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім осындай сеніммен (яғни тағдырға иман келтірумен) өлмесе, ол менен емес», - дегенін естідім, - деген.

Тағдыр - негізі біз үшін ғайып нәрсе. Оны адам баласы зерттеп түбіне жете алмайды. Сондықтан тағдырға иман келтіру мәселесінде мұсылман баласы үшін екі нәрсе ауадай қажет. Олар:

1. Болған іске өкінбеу, яғни ол болды, оның болмай қалуы мүмкін емес еді.

2. Болашақ үшін уайымдамау. Яғни болатын нәрсе сен қаласаң да, қаламасаң да болады. Алла қаласа, мүмкін емес нәрсе де жүзеге асады.

Міне, осы екеуін жақсы түсінген адам адасушылыққа, қателікке ұрынбайды, жүрегі тыныштықта болады.

 

"Кім тағдырдан қашса, тағдыр оны қашқан жағынан күтіп алады" ,- делінген Исламда. Дәл сол сияқты өлім де - Алланың тағдыры. Біз одан қанша қашсақ та құтыла алмаймыз. Тұз қанша ащы болса да, тамақтың дәмін кіргізетіні сиякты, өлім қанша ащы болса да, өмірдің мәнін кіргізеді. Себебі өлімін ойлаған адам Алланың алдына баратын күнге дайындық жасай бастайды. Құлшылығын сайлап, өзін есепке алады. "Өлімнің барын білмеген өмірдің мәнін түсінбес" деген бабаларымыз.

 

3. САХАБАЛАР ҚАЛАЙ ЕСТІРТКЕН?

 

Сахаба Әбу Талханың жалғыз баласы сырқаттанып, ол түзде жүргенде қайтыс болады. Оның әйелі Үмма Сүлейм өлген баласын жуындырып, кебіндеп, оң жаққа жатқызып қояды. Кейін көршілерге қарап: - Әзірге әкесіне хабар бермеңдер! - деп қатаң табыстады. Әкесі Әбу Талха кеш бата үйге келіп, ауырып жатқан баласының жағдайын сұрайды. «Сен кетердегіден әлдеқайда тәуір» - деп жауап берді әйелі. Ол тамағын ішіп-жеп болған соң, әйелі оның алдында өзін әдемілеп, жанына жатты. Әйелі күйеуінің қарны тойып, көңілі көншігеннен кейін оған:

- Қарызға алған нәрсені қайтарған жөн бе, жөн емес пе?

- О не дегенің? Әрине, қарызды міндетті түрде қайтару қажет.

- Олай болса, Алла Тағала саған аманаттаған ұлын өзі қайтарып алды.

Бұл сөзді естіп күрсінген Әбу-Талха бар-жоғы: Бәріміз Алла Тағала үшін жаратылдық. Ерте ме, кеш пе, түбінде соған қайтамыз, - деп Жаратушының ісіне ризашылықпен мойынұсынып, көнгеннен басқа артық қылық жасамады. Таң атқанда мән-жайды Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) барып баяндады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қолын жайып:  - Уа, Жаратқан! Әбу Талханың осы бір өнегелі ісін оған екі есе ғып қайтара гөр! – деп дұға етті.

Айтқандай-ақ, тоғыз ай он күн өткенде Әбу Талханың үйі шаттыққа бөленіп, әйелі шекесі торсықтай ұл тапты. Атын «Абдуллаһ» деп қойды.

 

4. ЕСТІРТУДЕ АЙТЫЛАТЫН ҚАЗАҚТЫҢ СӨЗДЕРІ

 

Қанаты бүтiн сұңқар жоқ,

Тұяғы бүтiн тұлпар жоқ.

Тозбасты ұста соқпайды.

Өлместi Тәңiр жаратпайды...

 

Жас – қартаймақ, жоқ – тумақ, туған – өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек. (Абай)

 

Ең маңызды үш сұраққа жауап ізде. Келдің қайдан, нетсең пайда, өлгеннен соң не болам?( Шәкәрім )

 

Уақытты тоқтатар адам бар ма?

Бәрі өтеді дәуірлер, замандар да.

Менің жаным ашиды мына өмірді

Өтпейтіндей көретін адамдарға. (Әзілхан Нұршайықов)

 

Адамзат бүгін адам, ертең топырақ, 

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең қайда екенсің білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойлан, шырақ. (Абай)

 

5. АЛЫСТА - НЕ АЛЫС!

Байдалы қартайып үйден шықпай күндіз-түні төсекте жататын болды дегенді естіп Мұса мырза іздеп келіпті. Байдалы шешен қараша үйінің ішінде бөстекке оранып жатыр екен. Мұсаның қолын алып, жөнін сұрап амандасыпты да, кәріліктің жайын айта беріпті.

-    Ой, кәрілік-ай, сөздің өзі бала, тербетсе оянады, тербетпесе оянбайды, заманым өтті ғой!—дей беріпті.

Мұса қонып, қонақасын жеп, таңертең жүрмек болады.

-   Е, шырағым, еліңе не айтып барасың? - депті Байдалы.

-   Мен не айтайын, ел ағасы болған Байдалы еді, енді кәрілікпен алысып жатыр екен деймін-дағы, - депті Мұса.

-    Шырағым, оның рас. Үш ауыз сөз сұрайын, соны шешіп беріп кетші! -дейді қарт. Мұса «айтыңыз» деп тыңдайды. Байдалы қарт сонда:

-   Алыста не алыс? Жақында не жақын? Тәттіде не тәтті? - дейді. Мұса ойланып отырып: -    Жер мен көктің арасы алыс, Кісіге туыс жақын, Бала тәтті, депті. Сонда Байдалы қарт басын көтеріп:

-    Балам, ақылың әлі алқымыңнан асқан жоқ екен. Білімді мен білімсіздің арасынан алыс жоқ, жаннан тәтті жоқ. Бала қанша жақсы болса да, жан шығарда адамның өз жанынан тәтті жоқ. Жақында - ажал жақын,- депті.

Міне, жоғарыда берген мәліметтерді пайдалана отырып, ақырындап жеткізе білсеңіз, досыңызға жасаған үлкен жақсылығыңыз, шын жанашырлығыңыз болмақ. Ал қазаны естірткеннен кейін, оның мына дұғаларды айтуына себепкер болсаңыз, тіпті керемет.

 

PS: Естіртудің соңы қайғылы хабарға ортақтасып, жұбату мен көңіл айтуға ауысады. Ал көңіл айта білеміз бе? Жақын араласатын адамның туысы қайтса, - не айтатын еді,- деп сұрастырып кетеміз. Көбіміз "Арты қайырлы болсын" деген сөзден ары аса алмай, ал кейде артық айтып, қайғы үстіне қайғы жамайтынымыз тағы бар. Алла қаласа, келесі мақаламыз "қаралы үйге көңіл айту жолдары" туралы болмақ. Жіберіп алмаңыздар!

ОСЫ МАҚАЛА ТУРАЛЫ ОЙЫҢЫЗ, АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТӨМЕНГЕ ПІКІР ҚАЛДЫРЫП КЕТІҢІЗ.

 

27625 рет оқылды