Отбасы 2019-09-25 (1) (2255)

БАЛАНЫ САБАҚ ОҚУҒА ҚАЛАЙ МОТИВАЦИЯЛАЙМЫЗ?

БАЛАНЫ САБАҚ ОҚУҒА ҚАЛАЙ МОТИВАЦИЯЛАЙМЫЗ?

 

III БӨЛІМ

«Мына бала сабақ оқымайды. Білмеймін не істерімді?» - деген сөздерді қыркүйек басталғалы жиі естиміз. Егер сіз де «Балама қайтсем сабақ оқытамын? Білімге ынтасын қалай ашамын?» - деп уайымдап жүрген болсаңыз, «Іздегенге - сұраған», бұл мақаланы міндетті  түрде оқып шығуға кеңес береміз.

ШАРИҒАТ ҚАЛАЙ МОТИВАЦИЯЛАЙДЫ?

Білім су мен тамақтан да артық. Имам Ахмад бір сөзінде: «Адам тамақты күніне 1-2 мезгіл ғана қажет етеді, ал білім әрбір алған тынысыңда қажет», - деген екен. Жер жаңбырға қандай мұқтаж болса, адам да дәл солай білімге мұқтаж. Білім – адамның құлағы естіген, аузы айтқан ең жақсы сөз. Білім – ең жақсы мақсат, ал сол мақсатқа ұмтылушы - жер бетін басқан адамдардың ардақтысы. Бізді жоқтан бар еткен Алла соңғы Елшісіне, біздің сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ): «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді,» -деп, Құранның ең алғашқы аяты «оқы» деп түскен. («Алақ» сүресі,1-5 аяттар)

Кез келген еңбектің өтемі болады. Ал білім ізденген адамға дінімізде қандай сый бар екен? 

1. Білім арқылы Алла адамның дәрежесін көтереді.

Құранда: «Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар», деген. («Мужәдәлә» сүресі,11-аят)

 

2. Жаратушы Құранда білім иелерін мақтайды.

«Білетіндер мен білмейтіндер тең бе? Шын мәнінде, ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!», - деген. («Зумар» сүресі, 9-аят)

 

3. Білім ізденушінің күнәлары кешіріледі.

Тирмизиден жеткен хадисте: «Егер қандайда бір құл білім іздеу жолына түссе, ізденісі оның бұрынғы күнәларының кешірілуіне себеп болады» делінген.

4. Білімін Алла жолында сарп ететін адамға қызғанышпен қарауға болады.

Ибн Масғұд (р.а.) «Ғылымның жоғалуы - ғалымдардың өлімімен болады. Жаным құзырында болған Алланың атымен ант етемін, Алла разылығы үшін өлген шейіттер ғалымдарға берілген жоғарғы дәрежелерді көргенде, ғалым болу үшін дүниеге қайта келуді тілейді» дейді.

5. Адамның Алланың алдындағы қадір-қасиеті тақуалықпен бағаланады. Ал тақуалық біліммен келеді.

 «Расында, Алладан құлдарының ішінен ғалымдар ғана шынайы түрде қорқады, шүбәсіз Алла Әзиз (Аса даңқты) әрі Ғафур (Кешіруші)» («Фатыр» сүресі, 28-аят)

6. Періштелер білім жолына түскен адамға қанатын жаяды, көктер мен жердегілер ол үшін дұға жасайды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан бір сөзінде былай дейді:  «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді! Ал, ғалымның қарапайым құлшылық етушіден артықшылығына келер болсақ, оның артықшылығы – аспандағы толық айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Шынында,  ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері, ал пайғамбарлар болса, өздерінен кейін динар да, дирһам да қалдырмаған, олар тек білімді мұра етті. Кімде-кім бұл білімді алса, онда ұлы сыбағаға қол жеткізді». (Тирмизи)

 

7. Алла Тағала ілім берілген мүміндердің дәрежелерін басқалардан жоғары етеді.

Хазрет Лұқман (ғ.с.) ұлына берген насихатында былай деген: «Ұлым! Ғалымдардың мәжілісіне қатыс. Көктен жаңбырымен жерді көгертетін Алла хикмет нұрымен мұсылмандардың жүрегін толтырады». «Ғалымның өліміне теңізде балықтар, көкте құстарға дейін әр жаратылыс жоқтап жылайды» делінген де сөз бар.

 

8. Алла игілік қалаған адамының білімін өзгелерден арттырып қояды. 

«Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады», – дейді. («Анкабут» сүресі, 43-аят)

 

9. Білім іздену – парыз әрі құлшылық.

«Білім талап ету – әрбір мұсылманға парыз» (Ибн Мәжәһ).

 

10. Білім иесі - түнгі уақыттағы айдың барлық жарықтан артық тұратыны секілді, басқа адамдардан соншалықты ерекшеленіп тұрады.

Хасан Басри: «Ғалымдар болмаса, адамдардың басқа жан иелерінен айырмашылығы болмас еді. Өйткені олардың оқытуымен адамдар адамдық дәрежеге жеткен» - дейді.

P/S: Міне, III бөлімнен тұратын «Баланы сабақ оқуға қалай мотивациялаймыз?» атты мақаламыз өз мәресіне жетті. Кәдеңізге жарар кеңестер мен тың ақпараттарды бере алдық деген ойдамыз. Алла Тағала зейінімізді арттырып, елімізде білімді ұрпақ көбейе бергей!

Айтпақшы, келесі мақаламызға да қызықты ақпараттар дайындап жатырмыз. Әзірге құпия болсын! 

 

2255 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*