Руханият 2019-08-07 (0) (39997)

АРАФА КҮНІНДЕ СІЗ БІЛМЕЙТІН СЫР КӨП...

АРАФА КҮНІНДЕ СІЗ БІЛМЕЙТІН СЫР КӨП...

 

Алла Тағала ардақтаған әрі жасалатын құлшылықтарды артық еткен күндердің бірі – Арафа. Алайда, қарапайым халықтың көпшілігі бұл күнді құрбан айтқа дайындық немесе бауырсақ пісіріп, дастарқан қамын ойлайтын күн ретінде қалыптастырған. Шын мәнінде, Арафа күнінде ашылмаған құпия көп. Бұл күні армандарыңыз орындалып, жәннатқа жол табуыңыз да ғажап емес. Мақаламыз дәл осы Арафа күні туралы толығырақ ақпарат беруді көздейді...

 

Арафа сөзінің мағынасы туралы ойланып көрдіңіз бе?

 

Арафа – зул-хижжа айының тоғызыншы күні әрі қасиетті Құрбан айт мейрамының алдындағы күн. «Арафа» сөзі «танысу», «білу» деген мағынаны береді. Яғни бағзы заманда Меккеден 20 шақырымдай жердегі Арафат жазығында адамзаттың атасы Адам (оған Алланың сәлемі болсын) мен Хауа анамыз табысып, танысқан. Бұл күні қажылық рәсімнің ең басты шарты – Аллаға ғибадат етілетін қасиетті орын саналатын Арафат жазығында тұру парызы атқарылады.

Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қажылық дегеніміз – Арафат. Кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады», - деген. (Әбу Дәуд, Тирмизи). Демек, кімде-кім Арафатта бір сәт те тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болып саналады екен. Қажылар қаншама жолды осы жерде дұға жасау үшін бағындырады. Арафатта болатын күн – қажылықтың шыңы. Қажылар бұл күнді тек қана дұға тілеумен өткізеді.

 

Арафаттың Құрандағы дәлелі

 

 Алла Тағала Құранда Арафа күнімен ант етті, ал бұл оның ұлықтығын нұсқайды: «Уәделі күнге, куәлік берілген (күнге)  және куәлік етуші (күнге) серт». («Буруж» сүресі, 2,3 - аяттар).

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Уәделі күн» – бұл Қиямет күні, «куәлік берілген күн» – бұл Арафа күні, ал «куәлік етуші күн» – бұл жұма». (Тирмизи, Табарани).

 

Ең жақсы дұға – бұл Арафа күнгі дұға

 

Абдуллаһ ибн ‘Амрдан (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ең жақсы дұға – бұл Арафа күнгі дұға, ал мен және (маған дейінгі) пайғамбарлар Арафа күні айтқан ең жақсы дұға: «Жалғыз, серігі жоқ Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ! Бүкіл билік және мақтау Оған тән, әрі Ол бүкіл болмыс үстінен құдіретті», - деген. (Тирмизи)

Арафа күні айтылатын дұға: Лә иләһа иллә-Ллаһ, уахдаһу лә шәрика ләһ, ләһул-мулку уа ләһул-хамд, уа һууа ‘алә кулли шәй-ин қадир. 

 

Арафа күні қажылыққа бармағандар дұға жасай ала ма?

 

Имам әл-Баджи былай деген: «Арафа күнгі дұға – ең жақсы зікір, ол үшін берілетін сый-сауап (басқалардан) көбірек әрі ол қабыл болуға жақынырақ.  Хадисте тек қажылық жасаушылар туралы айтылып тұрған болуы әбден ықтимал, өйткені, дәл солар Арафа күні дұға етіп жалбарынады».

Алайда кейбір сахабалар бұл артықшылық көбірек қажылық жасаушыларға қатысты болғанына қарамастан, тек олармен ғана шектелмейді деп есептеген және қажылық жасамайтындар да Арафа күні мешіттерде, үйде Аллаға дұға етіп жалбарынулары керек деп санаған. 

 

Арафа – адамдар тозақтан босатылатын күн!

 

Айша (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Алла Өзінің көп құлдарын Тозақ отынан босататын Арафат күніндей басқа күн жоқ. Ақиқатында, Ол (оларға) жақындайды, ал содан соң періштелердің алдында: «Олар нені қалайды?» деп мақтанады». (Муслим). 

Сондай-ақ Әнастан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Арафа күні: «Әй, Біләл, адамдарды шақыр!» дейді.  Біләл: «Алла Елшісінің сөзін тыңдаңдар!», - деп (дауыстап хабарлайды). Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, адамдар! Маған (Жәбірейіл) келіп, Раббымнан сәлем жеткізді де, «Ақиқатында, Алла Тағала Арафат пен Маш’арда және осы маңда тұрғандарды кешірді деді», - дейді.  Сол кезде Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) орнынан тұрып: «Уа, Алла Елшісі! Бұл тек біз үшін бе?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұл сендер және сендерден кейін Қиямет күніне дейін болатындар үшін!» - деп жауап берген. (Ибн әл-Мубарак).

 

Арафа күнгі ораза екі жылдық күнәлардың өтемі болады!

 

Әбу Қатададан (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Арафа күніндегі ораза өткен әрі осы жылдағы күнәлардың өтеуі болады», - деген. (Муслим). 

Бұл хадисте қажылық жасай алмайтындарға ұлы сый-сауап алуға мүмкіндік берген Алла Тағаланың Өз құлдарына деген шексіз рақымы мен жомарттығына нұсқау бар. Осындай тамаша мүмкіндік үшін Алла Тағалаға сансыз мадақтар мен шүкіршіліктер болсын!

 

Қажылық жасаушы адам Арафа күні ораза ұстай ма?

 

Қажылық жасап жүрген адамдарға Арафа күні ораза ұстамаған жақсырақ, өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қажылық жасағанында бұл күні ораза ұстамаған. Умм Фәдл былай баяндаған: «Арафат жазығында тұратын күні адамдарда Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстаған-ұстамағандығы жайында күмәндар туындады, сонда мен оған сусын алып бардым, ал ол оны ішіп қойды. (Бұхари). Басқа хадисте қажылардың Арафада ораза ұстауы сүнетте жоқ амал болғандықтан, сауап жоқ делінеді.

 

Арафа – біздің мереке!

 

Уқба ибн ‘Амирден (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Арафа күні, Құрбан айт күні және әт-Тәшриқтің үш күні – бұл біздің мереке күндеріміз, уа, мұсылмандар!» деген. (Әбу Дәуд, Тирмизи). Адамзаттың ардақтысы, Алланың сүйіктісі болған Мұхаммед Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): мұсылман қауымына мереке деп жария еткен Арафа күнін барынша лайықты етіп өткізген абзал. Құрбан айт дастарқанының қамымен жүріп, Алла нәсіп еткен көл-көсір сауаптан кеш қалмасақ игі еді...

 

 Алла Тағала ардақтаған әрі жасалатын құлшылықтарды артық еткен күндердің бірі – Арафа. Алайда, қарапайым халықтың көпшілігі бұл күнді құрбан айтқа дайындық немесе бауырсақ пісіріп, дастарқан қамын ойлайтын күн ретінде қалыптастырған. Шын мәнінде, Арафа күнінде ашылмаған құпия көп. Бұл күні армандарыңыз орындалып, жәннатқа жол табуыңыз да ғажап емес. Мақаламыз дәл осы Арафа күні туралы толығырақ ақпарат беруді көздейді...

39997 рет оқылды