Патриоттық 2019-06-27 (0) (11740)

ПЕРІШТЕНІҢ ҚҰЛАҒЫНА ШАЛЫНБАЙТЫН ТІЛЕКТЕР

ПЕРІШТЕНІҢ ҚҰЛАҒЫНА ШАЛЫНБАЙТЫН ТІЛЕКТЕР

 

Тойда «тілектеріміз періштенің құлағына шалынсын», «періштелер әмин десін» дегенді жиі естіп жатамыз. Алайда, айтылған тілектің қабыл болуының да өзіндік шарттары бар. Ол үшін, ең алдымен, тойдағы асыңыз адалынан болуы керек. Яғни «ата-бабамыз ішпек түгілі, ауызын да шаймаған» арақ-шарапты дастарханға жолатпағаныңыз дұрыс. Себебі, арақ-шарап тұрған жерге Алланың рахмет періштелері келмейді, ондай жерге Алланың алғысы жаумайды және періште болмағаннан кейін ол жерде айтылған тілектер де қабыл болмайды.

 

Белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев:

Қазекең аузына алмас арақ еді,

Аузына алса-дағы харам еді.

Бұл күнде өзге түгіл орыс ағаң,

Қазаққа ілесе алса жарар еді, - деген екен. Сондықтан болашағын аппақ парақтан бастайын деп отырған екі жастың өмірін арам аспен лайламағанымыз дұрыс.

Себебі, ауыздан шыққан тілек қабыл болу үшін ауызға кіретін ас та адал болу керек!

Осы ретте мына нәрсені де айта кету керек.

Халықтың санасына «арақсыз той қызық болмайды» деген түсінік әбден сіңіп қалған. Бұл да Кеңес үкіметінің салқыны. Әйтпесе, арғы-бергі тарихымызды қалай ақтарсаңыз да, қазақтың арам аспен той жасағанын еш жерден кездестіре алмайсыз. Алды бес мыңнан жылқы айдап, қымызды көл қылып ағызған қазақ ауылы қандай жиын-той болмасын, бәрін қымыз-қымыран, шұбатымен-ақ қыздырып, тойын естен кетпестей қызықты етіп өткізген. Қанша жерден заманға ілесеміз десек те, қазақ үшін ет пен қымыздан артық қуатты ас болған емес. Абайдың

Осы қымыз қазаққа,

Мақтаның ба, асың ба?

Қымызды басар артынан,

Ет даяр ма қасында? – деуі содан.

 

Көп адамдардың: «арақ-шарапсыз той өзі қалай болады екен» деп жүрексініп барған ек. Алайда той біткен соң «шіркін-ай, мен де өстіп жасасам болады екен!» деп сүйсініп қайттық», - дегенін жиі естіп жатамыз. Иә, Алланың үкімінен аттамаған жиынға Алланың мейірімі жауып, береке төгілетіні рас!

Сондықтан жастардың бақытты болуын тілеген той иелері (ата-ана) осы нәрсені де қаперлерінде ұстағаны жөн.

11740 рет оқылды