Расында, дүниеге шынайы көзбен қараған адам оның нығметі – сынақ, тіршілігі – қиындық, өмір сүруі – машақат, жаңасы – ескіретін, мүлкі – таусылатын екенін, барлық нәрсенің Иесіне қайтатындығын түсінеді. Өмір – қысқа, сапар – алыс, дайындық – аз, қатер – үлкен.
Сүйікті бауырым! Егер іс осындай болса, онда көзі көре білетін адам тірі кезінде кейінгі өмірі үшін, жас кезінде қартаятын шағы үшін, сау кезінде науқастанып қалатын кезі үшін, бос кезінде шұғылданып, босай алмай қалатын кезі үшін, бай кезінде кедейленіп қалар кезі үшін дайындалып алуы қажет. Өйткені, бұл дүне тіршілігінен кейін тек қана екі аялдама ғана бар: Жәннат не Тозақ.
Солай бола тұра, жетістікке жету жолы айқын. Кім өзі мен Раббысының ортасын тура етсе, Раббысы онымен адамдар арасындағы қарым-қатынасты түзеуге жеткілікті. Кімнің іші шынайы болса, сырты жақсы болады. Кім Ақырет үшін істесе, Алла оның дүние ісін реттеуге әбден жеткілікті. Сондықтан да, ей, Алланың пендесі, саған есеп жүргізу үшін бір үзіліс керек. Тоқта да, өміріңнің өткенін қалғанымен салыстыр. Біліп қой, кім қалғанын жөндесе, оның өткені кешіріледі. Ал кім қалғанын бүлдірсе, одан өткені де, қалғаны да алып қойылады. Ажал саған кенеттен келіп қалады. Ендеше, әрбір сәт, әрбір деміңнің қадірін біл. Күндер, бұл – сауда заты, демдер, бұл – қадамдар, ізгі істер, бұл – айналымдағы негізгі ақша. Ал пайда – Адн Жәннаты. Зиян – лаулаған от. Оған бақытсыздар ғана кіреді...
Енді, сен – өзіңді есептеуші, тергеушісің...
Ей, мұсылман бауырым! Бірер күн жалғыз қалып, айтқан сөздерін, істеген амалдарың жөнінде өзіңді есеп еттің бе? Жақсылықтарыңды санап, есептегеніңдей, күнәларыңды санауға әрекет еттің бе?
Мақтаныш етіп жатқан ғибадаттарыңды бірер рет тексеріп көрдің бе? Егер, тексеріп көрсең, олардың көпшілігінің адамдардың көріп, біліп, естіп қоюлары үшін жасалғанын білесің. Сонда сен бұл ахуалға қалай шыдап тұра аласың? Жолың қиындық, қатерге толып тұр ғой?!... Күнәмізді арқалап алдына бару қандай қиын екенін елестете алмаймыз-ау. Алла Тағала айтқан: «Ей, мүміндер, Алладан қорқыңдар! Әркім ертеңі үшін не жібергеніне қарасын. Және Алладан қорқыңдар. Сөзсіз, Алла не істегендеріңді толық біледі» («Хашр» сүресі, 18-аят).
Қиямет күні адам баласының аяғы бес нәрседен: өмірін қалай өткізгенінен; жастық шағын немен өткізгенінен; малын қайдан тауып, қайда жұмсағанынан және білгеніне қандай амал жасағанынан сұралмайынша аяғы жылжымайды» делінген хадисте (Тирмизи).
Өзін есеп етуші ізгілерден үлгі ал!
Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын): «Есеп болудан бұрын өздеріңізді есепке алыңыздар. Өлшенбей тұрып өздеріңізді өлшеп алыңыздар (Басқа риуаятта: амалдарыңыз өлшенбей тұрып, өлшеп алыңыздар). Өйткені, өздеріңізді бүгін есептеулеріңіз ертеңгі есептен жеңіл. Әрі үлкен ұсынылуға әсемденіңіздер: «Сол күні ұсыныласыңдар. Еш нәрселерің жасырылмайды» («Хаққа» сүресі, 18-аят) деген (Тирмизи).
Сондықтан, саған бүгін тоқтап, өзіңді есеп ету қажет. Дүниеге қызығып, іздеушінің мысалы теңіз суын ішіп жатқан кісідей. Одан ішкен сайын шөлі қанбайды. Керісінше, күшейеді де, ол оны өлтіреді. Дүниенің соңына түсіп, іздеуші егер дүниенің соңғы жай-күйі туралы зерделесе, міндетті түрде қанағат еткен болар еді. Егер дүние жинаушы оның жай-күйін жете түсіне білсе, міндетті түрде қояр еді. Өйткені, ол жастықтан кәрілікке, саулықтан науқастыққа, барлықтан жоқтыққа бара жатыр. Меймун ибн Меһран: «Ей, қариялар, егін піскен соң не күтіледі?» деді. Олар: «Жиналуы» деп жауап бергеннен кейін, ол жастарға қарата айтты: «Егінге кейде жинап алудан бұрын бір апат келіп қалуы мүмкін. Сондықтан, жастардың тәубені кешіктірулері жаман. Ал қарттардың кешіктіруі одан да жаман. Деніңнің сау кезінде науқасқа ұшырар кезің үшін, тірі кезіңде ажалың үшін, бос кезіңде шұғылданып, босай алмай қалатын кезің үшін амал ет. Сондай-ақ, дүниеде бөтен немесе жолаушы сияқты бол. Таңды атырсаң, кешті күтпе, егер кешке кірсең, таңды күтпе. Әрі нәпсіңе: «Ей, сорлы нәпсі, қараңғы түндерде тырысып, маған жәрдем бер. Мүмкін, сонда сен Қиямет күні жақсы сыйлықпен құтылып қаларсың» де.
Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) қол астындағы кейбір жұмысшыларына: «Қиын есептен бұрын, жеңіл кезде өзіңді есеп ет. Өйткені, егер кім өзін қиын есептен бұрын, жеңіл кезде есеп етсе, ол риза болып, қуанады. Ал, кім өмірмен алданып, көңіл қалауларымен әуре болса, ол өкініп, қасірет шегеді» деп хат жазған.
Хасан әл-Басри (оған Алла разы болсын) айтқан: «Мүмін адамға жолықсаң, ол: «Не істеуді қалайсың? Не жеуді қалайсың? Не ішуді қалайсың?» деп өз нәпсісін тергеп, есепке алушы болады. Ал, имансыз жан өзін есеп етпей, алға жылжи береді».
Тағы бірде: «Пенденің ішінде нәпсісін насихаттап, есептеу болса, ол жақсылықпен жалғаса береді» деген. «Мүмін өз нәпсісіне басшы. Ол өзін Алла үшін есеп етеді. Негізінде, бұл дүниеде есеп еткендердің Қиямет күніндегі есептері жеңіл болады. Ал өздерін бұл дүниеде есеп етпегендердің Қиямет күні есептері ауыр болады... Мүмін – бұл дүниеде өзін азат етуге әрекеттеніп жатқан тұтқын. Ол Аллаға жолықпайынша тынышталмайды. Ол өзінің құлағы, көзі, тілі және басқа да мүшелері жөнінде жауап беретінін біледі» деген сөздерде қандай тамаша ғибрат бар!
Меймун ибн Меһран айтқан: «Адам өзін саудадағы серігін есеп еткеннен де ауырырақ етіп есеп етпейінше, тақуалы бола алмайды. Сондықтан да нәпсі, егер, сен оны тергеп, есеп етіп тұрмасаң, ақшаңды алып кететін қиянатшы серік сияқты.
Ахнаф ибн Қайс шамға саусағын тигізіп: «Ей, Ахнаф, пәлен күні істеген ісіңе сені кім зорлады, пәлен күні істеген ісіңе сені кім зорлады?» дейтін.
Өзіңді есеп етудің 4 әдісі
Ей, бауырым! Олардың амал етумен бір қатарда өздерін қаншалықты тергеп, есеп ететіндіктеріне қара да, сосын өзіміздің халімізге қара!!! Халімізді білу, сөзден қажетсіз етеді. Бұл тұрғыда оларға ілессек болмай ма?! Ізгі ғалымдар өзін есеп ету төмендегідей болады деген:
Бірінші: Парыздардан бастап тексеру. Егер оларда кемшілік тапса, оны толықтыру.
Екінші: Егер қайтарылған істерден бірер істі жасап қойса, тәубе етіп, кешірім сұрау. Және оны жоятын жақсылық жасау.
Үшінші: Нәпсінің бет бұрып, қаперсіз болған сәттерін есеп ету. Бұл Аллаға бет бұрып, Оны еске алумен жөнделеді.
Төртінші: Мүшелердің әрекетін – тілдің сөйлегенін, аяқтың жүргенін, көздің қарағанын, құлақтың естігенін есеп етіп: «Бұны не үшін жасадың? Бұнымен нені қаладың? Кім үшін қылдың?» деп сұрақтар қойып, тергеу.
Өзіңді есепке тартуға құлшындыратын 12 өсиет
Ардақты бауырым! Алла сені де, бізді де мейіріміне алсын! Біліп қой, өзін есепке алу қиын да, кедергілері көп іс. Сөйтсе де, бұл есепке көмек беретін және оны қуаттандыратын істер бар. Олардың ең атақтылары мыналар:
1. Алла Тағаланың күзетіп, бақылап тұрғанын және пенденің әрбір жасырын ісінен хабардар екенін сезу. Өйткені, пенденің бұны сезуімен селқостығы сейіліп, ұйқысынан оянып, өзін есеп етуге деген қалауы мен тырысуы қуаттанады.
2. Адамның бүгін өзін есеп еткен сайын, ертең демалатынын, ал, бүгін есеп етпей, немқұрайлылық танытқан сайын, ертең есептің ауыр болатынын білу.
3. Қиямет күні Ұлы Алланың алдында болатын ең қиын есепті еске алу. Өйткені, егер пенде өзінің Алланың алдында жауап беретінін білсе, әрбір сауалға жауап дайындауы оған міндет болады.
4. Адамның өзін есеп ету нәтижесінде көретін пайдасы «Фирдаус» Жәннатында болу, Алланың дидарына қарау және пайғамбарлар, ізгі кісілермен бірге болу екенін білу.
5. Өзін есеп ету салдарынан: жойылу, ойран болу, Тозаққа кіру, имансыздар, адасқандармен бірге болу секілді нәтижелердің болатындығын естен шығармау.
6. Өздерін есе етіп, өз қате-кемшіліктерін біліп, хабардар болып тұрушы жақсы кісілермен достасып, олардан өзгелермен жақын достасуды тастау.
7. Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен сахабалардың өмірлеріне қарау. Сондай-ақ, өздерін тергеп, есеп етіп өткен ізгілердің өмірлерінен хабардар бол.
8. Қабірлерге қарап, ондағы өздерін есеп етуге, қолдан бергендерін қолға кіргізуге шамалары келмей жатқан өлілердің ахуалын ойлау.
9. Ғылым, уағыз-насихат, ескерту жиындарына әзір болып, қатысу. Өйткені, бұл өзін есеп етуге үндейді.
10.Түндерде тұрып намаз оқу. Құран оқу және бойсұну, бағынудың барлық түрлерімен Аллаға жақындау.
11. Ойын-күлкі, қаперсіздік орындарынан алыстау. Өйткені, олар адамға өзін есеп етуді ұмыттырады.
12.Алланы еске алу және Одан өзіңді «өздерін есеп етушілерден» етуін сұрап, дұға ету.
Өзін есепке алудың 5 пайдасы
Аяулы, бауырым! Кімде-кім осы жоғарыда өткен істерді орындар болса, Алланың қалауымен дүниеде немесе Ақыретте болсын «өзіңді есепке алудың» жеміс берері хақ. Мұның пайдасы өте көп. Солардың пайдасы ретінде төмендегілерді таңдап алдық:
1.Кемшілігін көрсетеді. Ауруға диагноз қойылмаса, дұрыс емделмейтіні секілді, өзінің кемшіліктерін білмеген адамның түзелуі қиын.
2. Бекершілікпен әрі бос өткен уақыттар үшін өкініп, уақытыңды үнемді пайдалануға асығасың. Күнәларыңды тізімге алып, тәубе жасауға мүмкіндік аласың. «Алла алдында өзіңнің күнәңді мойындау- жартылай қабыл болған тәубе» деген екен ғалымдар. Тәубе жасаушы – күнә жасамағанмен бірдей.
3. Тәкәппарлықтан, өзін жақсы көруден құтқарады. Өзіне есеп бермейтін адамды тәкәппар деуге де болады. Өйткені, кемшілігін білген адам өзін жақсы көрмейді, паңдыққа ұрынбайды.
4. Өзіңді бірінші рет есепке тарту – екінші, үшінші, төртінші есептерге жол ашады. Осылайша, Ақыреттегі соңғы есепке дейін өзіңді ақыл таразысына салуға болады.
5. Есеп – көркем жоспарға бастайтын ең алғашқы қадам. Жоспар – уақытын аялаушы адамның ең жақсы амалы. Жоспарсыз адамның нәтижеге жетуі қиын.
Алла сені де, бізді де өздерін дұрыс есепке тартушылардан және нәтижесін көрушілерден етсін деп дұға жасаймыз!