«Айт» сөзі арабтың «әл-‘Ид» сөзінен шыққан. Ол «қайту, оралу» деген мағынаны білдіреді.
Ханафи мазхабының мәшһүр ғалымы имам Ибн ‘Абидин «айт» сөзінің мағынасы туралы: “«Әл-‘Ид» сөзі осы атауын Алла Тағала оған көптеген игіліктер, яғни Оның құлдарының пайдасына бағытталған игіліктің түр-түрін салғандығы себебімен алды. Бұл игіліктердің арасында: тамақтан тыйылғаннан кейінгі (Ораза айт күні) ауызды ашу мен пітір садақасы, сондай-ақ (Құрбан айт күні) Қағбаны негізгі тауап жасаумен қажылықты аяқтау және құрбан шалынған малдың етінен тарату және басқа да игіліктер бар. Сондай-ақ бұл күнмен бірге қуаныш пен шаттық қатарласып жүретіні себепті ”, -деген (Хашия Ибн ‘Абидин” 2/165)
Ораза айт пен Құрбан айт күндері атқарылатынамалдар
Қуаныш пен шаттық таныту
Айт күні мұсылман қауымы үшін ұлы мейрам болып табылады. Әнас ибн Мәлик (оған Аллаһ разы болсын) : “Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға көшіп келгенде, оның тұрғындарында екі мерекелі күн бар болатын. Олар (сол) күндерді ойын-сауықпен өткізетін. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олардан: «Бұл күндер нені білдіреді?», - деп сұрады. Олар: “Бұл біздің пұтқа табынушылық заманынан бері тойлап келе жатқан, ойын-күлкімен өткізетін күндеріміз”, - деп жауап берді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оларға: «Ақиқатында, Алла оларды екі жақсырақ күндермен: Құрбан айт және Ораза айтпен ауыстырды!», - деді”-деген. (Абу Дауд 1134, ән-Нәсаи 1556, Ахмад 3/178, ‘Абдур-Раззақ 15566. Хафиз Ибн Хәжар хадистің сенімділігін растады.)
Айт мейрамында мұсылмандар ерекше көтеріңкі көңіл-күй көрсетіп, жақындарына жақсылығын төккені дұрыс. Имам әл-Бағауи: “Екі айт (мереке) күндерінде қуаныш таныту діннің рәсімдеріне жатады! Әрі бұл күндер басқа күндер сияқты емес!”-деген. (“Шархус-Сунна” 4/323.)
Ғұсыл (бой дәрет) алу .
Айт күні мешітке шығардан бұрын ғұсыл құйынып шығу сауапты амал болып табылады. Табиғиндердің бірі Шазан былай деп баяндайтын: “Бірде (бір кісі) ‘Али ибн Абу Талибтен (Алла оған разы болсын) ғұсыл туралы сұрады. Оған ‘Али (оған Алла разы болсын): «Қаласаң, күнде шомыл», - деп жауап берді. Әлгі кісі: “Жоқ, мен шынайы ғұсыл туралы сұрап тұрмын!”, - деді. Сонда ‘Али: «Жұма күні, ‘Арафа күні, Құрбан айт күні және Ораза айт күні!», - деді”. (Әш-Шәфи’и 113, әл-Бәйһақи 3/278. Иснады сахих. “әл-Ируа” 1/177.)
Ғұлама Нәфи’: “Ибн Омар (оған Алла разы болсын) әркез Ораза айт күні намаз оқылатын орынға шығудан бұрын ғұсыл алатын”-деп айтқан. (Мәлик 1/177. Иснады сахих.)
Ғалымдардың көпшілігі ғұсылды таң (фәжр) намазынан кейін айт намазына дейін алу керек деп санаған. (“әл-Муғни” 3/258, «әл-Мәжму’» 5/16.)
Жақсы киім кию
Мұсылман адам айт күні ең жақсы киімдерін киіп шыққаны жөн. Ибн ‘Аббас (оған Алла разы болсын): “Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт күні қызыл шапан киетін” -деп айтқан. (Әт-Табарани “әл-Әусат” 2/53. Хадистің иснады хасан.) Ал ғұлама Нәфи’: “Ибн Омар (оған Алла разы болсын) айт күндерінде ең жақсы киімдерін киетін”-деген. (Әл-Бәйһақи 3/281. Хафиз Ибн Ражаб және хафиз Ибн Хәжар иснадының сахихтығын растаған.)
Сондай ақ атақты Ислам ғалымы Хафиз Ибн Ражаб: “Имам Мәлик: «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін» - дейтін.( “Фатхул-Бәри” 8/414. )
Ораза айтының намазына шығарда бір нәрсе жеп шығу, ал Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келгенше еш нәрсе жемеу
Әнастан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте ол кісі : “Ораза айты күні Аллаһтың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт намазына ешқашан бірнеше құрма жемей шықпайтын. Әрі әдетте ол тақ сан құрма жейтін”,- деп айтқан. (Әл-Бухари 953.)
Құрбан айтында айт намазынан келгенше ештеңе жемей өзіңіз шалған құрбандықтың етінен жеген абзал. Бурайда (оған Алла разы болсын): “Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза айтының намазына тамақтанбай шықпайтын, әрі Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келмейінше тамақ жемейтін”деген. (Әт-Тирмизи 542, Ибн Мәжаһ 1756. Хадистің сахихтығын имам Ибн Хузайма, имам ән-Нәуауи растаған.)
Осы хадистің имам Ахмад келтірген риуаятында: «Әрі Құрбан айт намазына шығудан алдын одан қайтып келмейінше тамақ жемейтін. Содан соң өзінің құрбандығынан жейтін”, - деп айтылған. (Ахмад 23034. Хафиз Ибн әл-Қаттан сахихтығын растаған.)
Ал Құрбан айтында адам құрбан шалатын малы жоқ болса, онда үйден тамақ ішіп шығуында айып жоқ. Өйткені Имам Ахмад: “Құрбан айт күні құрбан шалатын адам тамақ жемейді, өйткені Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің құрбандығынан жеген. Ал егер адамда құрбандыққа шалатын малы болмаса, онда оның (намазға шығудан бұрын да) тамақ жеуіне рұқсат етіледі”-деген. (“Әл-Муғни” 2/229.)
Айт намазына жаяу бару
Айт намазына жаяу бару сүннет болып табылады. Али ибн Абу Талиб (оған Аллаһ разы болсын) : “Айт намазына жаяу бару және одан жаяу қайту Сүннет болып табылады”-деген. (Ибн Мәжаһ 1297, әт-Тирмизи 530. Имам Абу ‘Иса әт-Тирмизи хадисті хасан деген.)
Алайда, егер баратын жер алыс болса, көлікпен барған дұрыс. Имам Ахмад «әл-Муғни» атты кітапта: “Егер айт намазы орындалатын жер алыс болмаса, біз айт намазына жаяу шығамыз, бірақ бұл орын алыс болса, онда оған салтты (көлікпен) баруда еш жаманшылық жоқ”- деп айтқан.
Айт намазына бір жолмен бару және одан басқа бір жолмен қайту
Жәбир (оған Алла разы болсын) имам Әл-Бухариде келген хадисте: “Айт күні Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әдетте айт намазынан оған барған жолдан өзге жолмен қайтатын” деген. (Әл-Бухари 986.)
Ғалымдар Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт намазынан басқа жолмен қайтуының мәні мен даналығы Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көп адамдарды құттықтауды қалаған, немесе Қиямет күні оның басқан қадамдарына ол жүрген жерлер куә болуын қалаған деген пікірлер айтқан. (“Задул-мә’ад” 1/449 и “Субулус-Сәләм” 2/435.)
Ал имам ән-Нәуауи бұл туралы: «Осы амалдың шынайы себебін ешкім білмесе де, ол мустахаб екеніне күмән жоқ» -деген.
Мерекелі тәкбірлер айту
Алла Тағала Құранда: «Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін (оразаның) санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар»-деген («әл-Бақара» сүресі, 185).
Бұл аяттар Ораза және Құрбан айт күндерінде белгілі тәкбірлерді айтудың заңдастырылғанын білдіреді. Әрі ғалымдардың арасында мерекелік тәкбірлердің мустахаб амал екенінде келіспеушіліктер жоқ. Сондықтан әрбір мұсылманға Рамазан айының оразасы біткен соң тәкбір айтқаны абзал.
Атақты табиғин Имам әз-Зухри: “Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын” -деген. (Ибн Абу Шәйба. Иснады сахих. “Ируаул-Ғалил” 2/121.)
Мерекелі тәкбірлердің уақыты
Мерекелі тәкбірлерді айту уақытының кірісімен оларды кез-келген уақытта айтуға болады. Имам әл-Бухари өзінің «Сахих» жинағында: «Ибн Омар (оған Алла разы болсын) әт-Тәшриқ күндері әр намаздан кейін де, төсегінде жатып та, шатырында болған кезде де, адамдармен бірге болған кездерде де, бір жаққа жаяу барғанда да тәкбір айтатын», - деп баяндаған. (Әл-Бухари 1/461.)
Сондай-ақ имам әл-Бухари Ибн Омар мен Абу Хурайраның (оларға Алла разы болсын) зул-хижжаның он күні барысында базарға шығып, тәкбір айтатындарын, әрі осы арқылы оларды осы сөздерді айтуға ынталандыратынын баяндаған. Сол сияқты Мухаммад ибн ‘Али де тәкбірлерді нәпіл намаздарынан кейін айтатын болған. (Әл-Бухари 2/448.)
Сондай-ақ Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне сәйкес айт намазы оқылатын орынға барарда да тәкбір айту керек. Ибн Омар (оған Алла разы болсын): “Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екі айт намазына Фадл ибн ‘Аббаспен, ‘Абдуллаһ ибн ‘Аббаспен, ‘Алимен, Жә’фармен, Хасанмен, Хусайнмен, Усама ибн Зайдпен, Зайд ибн Харисамен және Айман ибн Умм Айманмен (оларға Алла разы болсын) бірге шығатын. Олар намаз орындалатын орынға жеткенше «лә иләһа иллә-Ллаһ» және «Аллаһу әкбар» сөздерін айтқанда дауыстарын көтеретін”-деген. (Әл-Бәйһақи 3/279.)
Мерекелі тәкбірлердің түрлері
Ибн Мәс’удтың (оған Алла разы болсын) айт күндері мынандай мерекелік тәкбір айтқаны жеткізілген:
ا«Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар! Лә иләһа илла-Аллаһ! Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уә лиЛләһил хамд!» (мағынасы: «Алла Ұлы, Алла Ұлы! Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ! Алла Ұлы, Алла Ұлы, әрі Аллаға мақтау-мадақ!»). (Ибн Абу Шәйба 2/2.)
Сондай-ақ Сәлман әл-Фариси (оған Аллаһ разы болсын) : “Тәкбірді: Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбару кәбира»” деп айтыңдар»- деген. Хафиз Ибн Хәжар иснадын сахих деген. “Фәтхул-Бәри” 2/536.
Мерекелік құттықтау
Ұлық мейрамның келуімен адамдар бірін-бірі құттықтап, ізет көрсетуі шариғатымыздың салихалы амалдарынан болып табылады. Атақты Табиғин Жубайр ибн Нәфир: “Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары айт күні бір-бірімен кездескенде, бір-біріне: «Алла бізден де, сіздерден де қабыл етсін», - деп айтатын”, деген. (Әт-Табарани 22/52. Хафиз Ибн Хәжар иснадын хасан деген. “Фәтхул-Бәри” 2/517.)
Ал табиғиндердің бірі Мухаммад ибн Зияд : “Мен Абу Умама әл-Бахилимен (оған Алла разы болсын) және басқа сахабалармен бірге болғанмын, олар айт намазынан қайтып бара жатып, бір-біріне: «Алла біздерден де, сіздерден де қабыл етсін!», - дейтін” деген. (Әл-Бәйһақи “Сунан әл-кубрада” 3/320.)