РАМАЗАННЫҢ СОҢҒЫ 10 КҮНІН ТИІМДІ ӨТКІЗУДІҢ 10 ТӘСІЛІ
Егер сіз өміріңіздің қаншалықты жылдам өтетінін аңғармай жүрген болсаңыз, Рамазан айының қалай жылдам өтіп кеткеніне назар аударыңыз! Күні кеше ғана қасиетті айды асыға күтіп, Рамазан айының дастарханына арнайы мәзір дайындап, ауызашарға асыққан едік. Көзді ашып-жұмғанша сол тәтті сезімдермен, қаламасақ та, қимай қоштасқалы жатырмыз.
Енді соңғы 10 күннен кейін біз тарауих намазының алдыңғы сабына асықпаймыз, бәрі тұрақты тірлікке айналады. Таңғы, түскі, кешкі ас... Жұмыс - үй, үй - жұмыс...
Бізді мазалайтын ендігі сұрақ осы айда жинаған рухани азығымызды 11 айға бөліп, жеткізе аламыз ба?
Әрине, Алла қаласа, жеткізе аламыз. Тек Рамазанда бойымызға сіңірген көркем мінез бен ізгі амалдарымыздан қол үзіп қалмасақ болғаны...
Осы орайда өзімізге есеп беріп көрейікші. Айлардың сұлтанында жәннатқа бір қадам жақындадық па? Әлде баяғы жартас сол жартас қалпында тұр ма? Жан сарайымызды жаңғыртып, рухани тазара алдық па? Әлде керісінше ме? Тіпті кейбіріміз әлі бойымыздағы жаман әдеттерден арыла алмай жүрген болармыз?
Соңғы үмітіміз... Соңғы 10 күнде... Бүгін біз сіздермен осы мүмкіндікті қалай дұрыс пайдалануға болатындығы жайлы сөйлеспекпіз?
1) Сүйікті сериалдарымыздан - бас тартамыз!
Естеріңіз де болса қасиетті ай басталмас бұрын сіздерге Рамазанды тиімді өткізудің жолдарын ұсынған едік. Іске асырмаған болсаңыз, әлі де кеш емес. Көбірек сауапты іс жасап, сауапқа ие болу үшін теледидармен қарым-қатынасыңызды үзіп, алыстан басқару тетігімен байланысыңызды үзіңіз!
2) Интернеттен - бас тартамыз!
Қасиетті Рамазан айының соңғы күндерінде уақытымызды құлшылықта емес, интернетте өткізу неткен өкініш. Өзіңіз ойлап қараңызшы - интернетте отырған бір сағат - бір минуттай, бір күніңіз - бір сағаттай өте шығады. Ал сол сәтте Құран оқып, игілікті іс жасасаңыз, өміріңізге береке кіріп, қуат аласыз! Сол үшін WI-FI, модем, смартфон сынды дүниелерден ауылыңызды алшақ ұстаңыз!
3) Бос сөзді - қысқартамыз!
Таңертеңнен кешке дейін Алланың қасиетті үйінде құлшылық жасай алмасақ та, ауызашардан басталып, сәресі сәтіне дейін жалғасатын бос әңгімелерден тыйылғанымыз жөн. "Өзіміз отырып шәй ішейік" деген дәстүрімізді кейінге қалдыра тұрайық.
Тек тамақтан тыйылғанымызға мәз болып қалмайық!
4) Құлшылықты - көбейтейік!
"Соңғы түйенің жүгі ауыр" демей, құлшылығымызға барынша бекем болып, одан сайын еселей түсейік! Дұға-тілектер қайтарылмайтын, сауаптар еселенетін сәт те осы он күндікте.
5) Үй шаруасын - жеңілдет!
"Тазалық - иманның жартысы" екенін барлығымыз білеміз. Дегенмен, диванды көтеріп, кілемді жуып, үйді көшіріп шығаратын энергиямызды көбірек дұға жасауға бөлейік. Бұл тазалықтан бас тарт дегеніміз емес, тек жеңілдетіңіз! Пысықтығыңыз Рамазан айынан кейін де ұстайтынына сеніміміз кәміл!
6) Дүкендердегі ұзын-сонар кезектен - қашайық!
Сыйлық - сыйластықты арттырады! Жақындарымызды қуанту да сүннет! Бірақ бұл үшін дүкендерді аралап, тек көңілімдегі затты алып беремін деп, уақытыңызды құртып алмаңыз. Ораза айт - сыйлық жарыстыратын емес, сыйлық берудің себебі ғана.
7) Ысырапшылдықты - тоқтатыңыз!
Мереке күндері немесе қонақ шақырғанда дастарханды дайындайтынымыз белгілі. Бірақ оразада ас мәзірін асыра сілтеп жібермегенің абзал. Қонақтың көңілінен шығамыз деп жүріп, құлшылығымызды құнттай алмай кетпейік.
8) Кешірім сұрау!
Ал енді жан тыныштығы туралы сөйлессек. Рамазан - кешірім айы! Ең бірінші - Әлемдердің Раббысы Алла Тағаладан кешірім сұраңыз! Кейін ата-анаңыздан, туған-туысқандарыңыздан, аға-әпкелеріңізден, жақын таныстарыңыздан кешірім сұраңыз. Және де сізді байқаусызда ренжітіп қойған жанды кешіріңіз! Олар үшін сырттай дұға жасаңыз!
9) Мақсатыңызды шындыққа айналдырыңыз!
Рамазан айы басталмас бұрын алдыңызға мақсат қойған шығарсыз! Мысалға Құран оқу, көп дұға жасау, ата-анаңыздың разылығын алу сынды. Егер мақсат қоймаған болсаңыз әлі де кеш емес. Бар күшіңізді салып, ынтаңызды арттырсаңыз, Алла сізге күш қуат пен жеңілдігін өзі береді.
10) Дұға - көп жасау!
Соңғы күннің әр сағаты мен әр минутында Алла Тағалаға дұға жасаңыз! Жүрегіңізді тазартып, күнәларыңыздан арылуды тілеңіз! Егер дұғаны ұмытып қалудан қорықсаңыз, ақ параққа үтір-нүктесін қалдырмай жазып алыңыз. Бұл - дұға жасаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.
Құрметті оқырман, айлардың сұлтаны Рамазан айының соңғы он күнін тиімді пайдаланып, жәннатқа жолдама алуды Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін!