Сұхбат 2019-05-07 (0) (6999)

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: БІЗДІ РУ ЕМЕС, ТУ БІРІКТІРУІ КЕРЕК

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: БІЗДІ РУ ЕМЕС, ТУ БІРІКТІРУІ КЕРЕК

 

Мұхамеджан ТАЗАБЕК, «Асыл арна» телерадиокомпаниясының бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

– Мұхамеджан Оразбайұлы, Рамазан айының қарсаңында өзіңізбен қайта жүздесудің сәті түсіпті. Биылғы Рамазанның ерекшелігі қандай болмақ? Дайындығымыз қаншалықты?

– Әр жылдың өзінің несібесі бөлек болады ғой. Биылғы Рамазанның да қуанышы мол. Бір жағынан көп адамдардың жазғы демалысқа шығып, арқасын кеңге салып, жеке құлшылығына көбірек уақыт табатын мүмкіндік дер едім. Бұл айда жақсылықтар еселенетін болғандықтан, сауап істі көбейткен жөн.

Мал-дүниеңізбен де, уақытпен де. Кішкентай-үлкен деп қарамау керек. Мәселен, жылда пітір садақа 300 теңгеге жық болып бекітіледі. Кейбір ауқатты деген адамдардың өзі сол 300 теңге беруден аса алмай жатқанын көреміз. Ол 300 теңге – ең минимальді, мүмкіндігі жоқ адамдар үшін. Жағдайыңыз кеп тұрса, отбасыңыздағы әр адам үшін 10 мың теңгеден пітір садақа беріңіз.

Құдай ризалығы үшін атқарылған амал ешқашан далаға кетпейді – береке-рахатын өзіңіз, ұрпағыңыз көреді.

Екіншіден, қасиетті айдың қарсаңында елімізде үлкен саяси өзгерістер болуда. Президент сайлауына дайындық басталып кетті. Бұл бір рухани кемелдікке деген ұмтылыс қатар келіп отыр.

Оның да бір қайыры бар ғой. Елдегі саяси шешімдер мемлекетіміздің кемелдігі үшін, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өсіп-өркендеуі үшін аса қажет жағдай болса, ораза дүние-ақиретіміздің берекесіне малынып, ынтымақ пен берекені арттырып, рухани кеңістігімізді байыту үшін керек.

Бұл айда көп дұға істелінеді. Көп адамдардың ғибадаты қабыл болады. Қасиетті ай аяқтала сала өтетін сайлауда ел таңдауына еге боп, мемлекет басқаратын азамат та жұртын жерге қаратпайтын дана шешімдер егесі болуын Рамазан айында көп сұрауымыз керек.

– Президент сайлауының да мерзімі белгіленді. Бұл науқанда неге мән беруіміз керек?

– Кез келген адам өзін толыққанды тұлға ретінде сезіну үшін отбасының мүшесі болуы маңызды. Ал енді оның азаматтық келбеті қалыптасуы үшін оған бір туысқандық орта керек.

Одан кейін қоғамды сезінуі, әлеммен бір қарым-қатынаста болуы үшін бір ұлттың өкілі болып, сол ұлттың туын көтеріп, сол ұлттың қамын жеп, қасиетін бойына сіңіріп, дәстүрін, салтын насихаттап өмір сүруі қажет дүние. Енді сол ұлт есесін біреуге жібермей, әлемдік қауымдастықта өзінің жолын айқындап, болашақ бағытын бағдарлап, ғұмыр кешуі үшін ол мемлекет болып өмір сүруі керек.

Ал сол мемлекет өркендеп-өсуі үшін, азаматтары бұл дүниелік игіліктерін молынан қамту үшін, оның мемлекет басшысының әділ сайлануы, халықтың ниет-ықыласымен, тұғырына қонуы аса маңызды жағдай. Бұл рухани тұрғыдан да, тарихи сана тұрғысынан да, кез келген адамның азаматтық позициясы тұрғысынан да маңызды іс-шара деп есептеймін.

Біз қандай да бір жыр-термені немесе өнерпаздың өнерін тамашалағанда, оны жанды дауыста тыңдағымыз келеді. Оның жүрегінен сол сәтте шығып тұрған ырғақ сенің жан-дүниеңе құйылады да оның әсері басқаша болады.

Тура сол сияқты сайлау да, сенің үйіңнен шығып, сайлау учаскесіне дейін өзіңнің ниетіңмен барып, ақ қағазды қолыңа ұстап, қалаған адамыңа таңдау жасау да жанды дауыста өнерпаздың қасиетін қабылдаған сияқты тірі амал. Ол міндетті түрде нәтижеге алып келеді. Өзіңнің мүмкіндігің бар іске үлес қоспау, керісінше, зиян әкелетіні бар.

Мен бұл орайда екі нәрсені бөліп айтқым келеді. Мойындауымыз керек, кейбіріміз әлі рулық, тайпалық деңгейде жүрміз. Руымыздың аты озса екен дегеннен арыға өте алмай, ал біріміз жерлестік деңгейде желпініп, жерлесіміздің туын көтеруге іштей де, сырттай да дайынбыз. Ал енді біріміз ұлттық деңгейге көтерілдік.

Бірақ сол деңгейге көтерілгенмен, ұлт пен мемлекетті қабыстыра алмай қиналып жүрген жайымыз да жоқ емес сияқты. Ру – біздің тегіміз, тарихымыз, шежіреміз. Оны білу маңызды. Бірақ бізді тек ру емес, Ту біріктіруі керек қой.

Мемлекет -менікі, Елбасы - менікі, шекара - менікі, бұл мемлекеттің табысы да менікі, бұл мемлекеттің мәселесінің де маған қатысы бар деп, соған жанашыр, қамқор, үлкен жүрекпен қарым-қатынас жасай алмай жатқанымыз да рас.

Мемлекеттік деңгейде ойланатын азаматтар да, әрине, жоқ емес. Бірақ, өкінішке қарай, көп емес.

Жалпы мемлекеттің тасы өрге домалап, қандай да бір жерден елдің аты жақсы жағынан шығып жатса, біз оған тез арада ортақ болуға тырысамыз. Ал қандай да бір жемқорлығы, қандай да бір шалағайлығы, қателігі болса, оны бізден бөлек қарастыруға, сырттан тұрып, сынайтынымыз тағы шындық.

Бұл да біздің әлі мемлекетшілдік құндылықтарды сіңіре алмай жатқанымыздың көрінісі емес пе?! Елді басқарған адамның қадірін біреу біледі, біреуі білмейді. Елбасымыздың жақсылығын көре алатын қырат-деңгейге әлі көтеріле алмаған секілдіміз. Құдықтағы құрбақаға аспан теңгедей көрініпті дейді ғой. Әрқайсымыз мемлекеттік мәселеге өз құдығымыздың түбінен қарап жүрміз.

Қазақ - «Ханның сырын құл білмейді. Құлдың сырын кім білмейді?» деген. Жете білмейтін жағдай жайлы да асығыс сөйлейміз. Байқайсыздар ма, біз қазір тек эмоциямен өмір сүріп жүрміз. Ашуланып пікір білдіреміз, қызбаланып қарым-қатынас жасаймыз.

Эмоция – керек. Онсыз адам баласы өмір сүре алмайды. Бірақ біз эмоциямызды барлық жерге тықпалаймыз. Мемлекеттіміз жайлы таусылып сөйлейміз, Елбасы жайлы пікірімізді де екіленіп айтамыз. Осы мемлекетте қазір бар құнды дүниелер өз-өзінен пайда бола салған жоқ қой.

“Жедел жәрдемнің” уақтылы келіп, полицияның тұрақты жұмыс істеп, бағдаршамдар өшіп қалмай, наубайханаларға үздіксіз бидай кеп тұруында да Елбасы құрған саяси системаның сілемі жатыр. “Ара бал жинаған жерден жылан у жинапты” дейді ғой. Жақсылықтарды да көре білсек, қанағат-шүкіріміз де артар еді. Бұдан жаман күнімізде де тойға барған халықпыз. Тәубә айтуымыз тоқтамаса, Құдайдың берер ризығы азаймайды.

– Елордаға Тұңғыш Президенттің аты берілуі турасында қоғамда түрлі пікірлер бар. Бұл қаншалықты дұрыс шешім екенін тарқатып айтып берсеңіз...

– Нұр-Сұлтан есімінің Астанаға берілуі – дұрыс заңдылық. Ел ішіндегі түсініспеушілік оның формасынан туындады. Негізінен «бұл шешім мүмкін араға уақыт салып, қабылдануы керек пе еді?!» дегендей пікірлер бар.

Бірақ негізінде ол бүгін бола ма, ертең бола ма, түптің түбінде ол қаланың аты Нұр-Сұлтан аталуы бір жағы заңдылық еді. Мысалы, Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының батыры деген атақ берілмесе де, халық ол кісіні батыр деп атап кетті. Өйткені ол батыр деген атқа лайық еді.

Кеше ғана қазағының саны 20 пайызға да толмайтын құрттай қаланы бүгін көк туы желбіреп тұрған елдің асқақ астанасына айналдырған Елбасыдан қала атын не үшін қызғанамыз? Көше басында өмір сүрген көшелі ақсақалдың атына да жолдың атын беріп жатырмыз ғой.

Тәуелсіз Қазақстанның астанасы Тұңғыш Президентіміздің есімімен аталмағанда, енді қалай аталуы керек? Америкалықтар да астаналарын АҚШ-тың бірінші президенті - Джордж Вашингтонның құрметіне солай атаған жоқ па? Сондықтан, түсініспеушілік Нұр-Сұлтан атының берілу мазмұнында емес, орындалу формасындағы асығыстықтан болар.

Бірақ тарихи шешім қандай формада болсын жүзеге асты. Ақыры Нұр-Сұлтан атанатын шаһар болса, болар істің тезірек іске асқаны да жөн ғой.

Астанаға атын берумен Нұрсұлтан Назарбаевтың қадір-қасиетін толық түсініп, бағасын білдік деп те айта алмаймын. Тұңғыш Президентіміздің тарихи миссиясын қазіргі қазақ өтпелі кезеңде өмір сүріп жатқанын шынайы сезінген адам ғана толық түсінеді.

Ал енді «Маған тікелей пайдасы тисе ғана қолдаймын. Ал маған қатысы жоқ болса, шаруам қанша?!» дейтін адам ешуақытта жылы сөз айта алмасы анық. Елбасыдан кейінгі Президентке де бағынып, қалтқысыз ісімізді жасап жүре береміз. Мәселе адамның аты мен фамилиясында емес, оның тұлғасы мен миссиясында және оның статусына байланысты.

Біле білсек, Алла Тағала басшыны халықтың лайықтылығына қарай береді. Президент – халықтың проекциясы, жиынтық образы. Он сегіз миллион Қазақстан халқын сығып жіберсе, Назарбаевтың тұлғасы сомдалар еді. Тәуелсіздік тарихындағы бір дәуір аяқталды ғой. Енді қандай басшыға лайықпыз, пейілімізге қарай бірер айда мәлім болмақ.

Ал халық пен билік – су мен бу сияқты. Осы халықтың ішінен шыққан жігіттер министр, депутат боп жүр. Елбасының шетелден әкелген шенеунігі жоқ. Ел - есті бала тәрбиелесе, олар ертең атқа мініп, ұлық болғанда ұлтқа қызмет етеді.

Өйткені, психологтар дәлелдеді - байлық пен билік адамды өзгертпейді екен. Шынтуайтында, қандай адам екендігімізді көрсетеді екен. Атақ пен ақша біткенде шын бет-бейнемізді ешкімнен жасыра алмайды екенбіз ғой.

– Жастар жылының басталғанына да 4 ай өтіп барады. Бұл жылда не істелінуі керек деп ойлайсыз?

– Жалпы, елімізде жастарға мотивация беріп, білім-ғылымда, кәсіп бастауда, немесе шетелге шығып, озық білімді игеріп келуде өте жоғары деңгейде жағдай жасалды. Соның бірі «Болашақ» бағдарламасы – теңдесі жоқ жоба. Жастар дегенде мен екі нәрсеге мән бергім келеді.

Кез келген адам айтқанды емес, көргенді істейтіні рас. Бізде жастардың әрбір сәтте сезінетін, үлгі болатын тұлғаларымызды сол жастардың түсінігіне сәйкес, насихаттау жетіспей жатыр. Өйткені, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Демек жастарды 100 күн оқытқаннан гөрі аузы дуалы, белгілі, жастардың сырын түсінетін бір тұлғаның қасында бір күн жүруі оның өміріне азық болуы мүмкін.

Энергиясы таусылып бітпейтін мотивация болмақ. Тұлғаға кенде халық емеспіз ғой. Бірақ сол тұлғалаларды жастардың қабылдайтын талғам деңгейінде мемлекеттік деңгейде насихаттай алмай жатырмыз.

Шынтуайтына келгенде, қоғамда өз ісінің майталманы болып, адами тұлғасына кір келтірмейтіндей тұлғасын сақтай алып, қоғамның кез келген үрдістеріне белсене кірісіп, елдің арасында жүріп, кәсіп жасап, атағы мен абыройын саудаға салмай, еңбегімен өскен тұлғаларымыз баршылық.

Мәселен, Жақсылық Үшкемпіровті ұлттық деңгейдегі батыр деп айтар едім. Бірақ сол адамның өмір жолындағы жүйелі дамуы мен құнды қасиеттерін жастарға лайықты түрде насихаттай алмай жатқандықтығымыздан, жастар ол кісіні жай бір аңыз адам ретінде біледі.

Ал біз кейде Батыстың мотиваторларын әкеліп, дәрістер өткіземіз. Бірақ олар өз елі, өзінің өмір сүрген ортасының қазанында піскен өнімді ұсынады. Ал ол менің жүрегіме сіңе ме, сіңбей ме, ол бөлек нәрсе. Осы елде өмір сүрген, кешегі Кеңестік қыспақтармен, ала қап арқалаған апалардың өмірімен таныс тұлғаларды дәріптей білуіміз керек. Біздің менталитетімізде белгілі бір абыройлы азаматқа қарап бой түзеу бар. Ол – қанымызда бар қасиет.

– Жастар дегенде отбасы құндылығы айтылады. Бүгінде отбасы құндылығын бағалап жүрміз бе? Өйткені, қоғамда ажырасу белең алды...

– Жастар - жаңалыққа құштар ғой. Сондықтан да болар, әлеуметтік желі, интернеттегі жаңалықтардың бәрін жүрегін ашып қабылдап жатыр. Пранк, вайнер, әзілкештер, поп-мәдениет отбасы құндылығына шақырып жатқан жоқ.

«Жастық қуатыңды ойна да күлге сарқа пайдалан» деп насихаттауда. «Ойла да, біл» деп жатқан жоқ. Бір мысал айтайын. «Гауһартас» деген әйгілі ән бар. Сонда «Ажарың ашық екен атқан таңдай. Екі көзің нұрлы екен жаққан шамдай. Анаңнан сені туған айналайын. Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай» дейді.

Былай қарасаң, қыз балаға қатысты айтылып тұрған, махабаттың тамшысындай, мөлдіреп тұрған ән. Бірақ бір деталь – кешегі өткен текті, намысты бабаларымыз қызға сезімін жеткізген кезде оны әке-шешесінен бөліп қарастырмаған. Қараңыз, «анаңнан туған сені, айналайын» дейді. Міне, тектілік! Қыздың тегін мақтап, тәрбие берген ата-анасын құрметтеп, қыздың отбасылық құндылығын бірге қарастыруда.

Сол кездегі елге еге болатын, тізгінді ұстайтын, бала-шағасына, әйеліне тәрбие беретін, болашақ әке болатын жігіттің сенімі мен көзқарасы осылай еді.

Ал қазір жігіттер әлеуметтік желіде, клубта, түрлі басқосу кештерінде қыздың осындай қасиеттеріне мән бере ме? Ол қандай тектен шықты, тәрбесі қандай, әлеуметтік мәселесі, көзқарасы дегеннің бәрі ұмыт қалып қояды. Сөйтіп үйленеді. Ал ондай жігіт отбасылық құндылыққа толы жауапкершілікті мойнына жүктеуге дайын емес.

Қыз бала ана болуға дайын емес. Содан қазақ даласында жас отбасылардың ажырасуы үштен бірге жетті. Бұл – өте өзекті мәселе.

Отбасылық құндылықты жүйелі насихаттау – Жастар жылында ең үлкен қажет дүние. Қомақты қаржы табудан бұрын, елдің қамын ойлаудан бұрын, отбасының тізгінін ұстай білуге дайынмын ба дейтін бір қам-қарекет аса қажет қазір.
Біз неден кенде болып жатқан қоғамбыз?

Біз тұлғаға кенде болып жатырмыз. Ақсақалы жоқ жетім қоғамбыз. Біз қызға қырық үйден тыйым салатын, келінге ыммен-ақ түсіндіретін ақ жаулықты әжеге мұқтажбыз.

Қыз кезінде керемет келіншек болуды ойламаса, келіншек болған кезде әже болып, қартаюды ойламаса, қазына қария аспаннан жаумайды ғой? Жақсы келіншек болатын адам қыз кезінен соған ыңғайланады. Қыз кезінде әкесіне еркелеп өскен қыз өскенде қылықты келін болады. Күйеуінің отбасына береке кіргізеді. Бәрі отбасы кезінде қалыптасады.

Міне, ұл жауапкершілікті сезінсе, қыз болашақ ана екенін сезініп өссе, одан қайраткер де шығады. Кәсіпкер де шығады. Ұлтқа сөз келтірмейтін тұлғалар шығады. Жастарға ұлттық құндылық бәрін береді. 

– Шымкент қаласының мегаполис болғанына да 1 жылға жуықтады. Қаладан қандай өзгерістерді байқадыңыз?

– Әрине, өзгерістер көп-ақ. Ұшақтан түсе салып байқаған мына бір жағдайды айтсам. Келген бойда жігіттер түнгі сағат 12-ден асқанда шайға шақырды. Қалада демалыс орны бар екен. Сол жерде шығыс дәмханасы ашылыпты. Түнгі қалада серуендеп жүрген адам көп.

Тіпті, бір келіншек кішкентай сәбиін қыдыртып жүр. Түнгі сағат 2-де. Қауіпсіздік, сенімділіктің пайда болғаны риза етті. Бұл – қалаға кірген беттегі әсерім.

Жалпы қалада адамдардың жаңа идеядан, жаңалықтан қорықпай іске кірісетіні де көзге ұрып тұр. Бұл екі нәрсеге байланысты. Халқы жасампаз болса, идеядан тәуекелден қорықпайтын болса, оған сондай басшы келеді. Идеялардың жүзеге асуына түрткі болатын, мәселені жоғарыдан отырып, шешіп жіберетін әкім бұйырады. Мәселен, әлемдік озық үлгілі жобалар Шымкенттен көрініс беріп жатыр.

Бұрын қаланың жан-жаққа үлкейіп жатқанына уайымдайтын едім. Қазір шалғайдағы шағынаудандарда қыдыратын, демалатын орындар пайда болыпты. Тұрғындар орталыққа бармай-ақ, өзі тұратын аумақта бала-шағамен сейіл құрып, саламатты өмір салтын ұстана алады.

Тағы бір қызық жағдай – қапелімде қаладан 2 сағат қонақ үйден іздеп, орын таппадық. Қалада қонақ үйлер бос емес. Міне, бұл келімді-кетімді адамдардың көптігін аңғартады. Қалада үлкен іс-әрекет жүріп жатыр. Шымкенттің аты да, заты да мегаполис болып тұр. Мұнда береке бар.

Таяуда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тұңғыш сапарын Оңтүстіктен бастады. Президент кез келген қадамын өлшемей жасамайды ғой. Мегаполис болып жатқан қазақтың қаймағы, құнары болған өлкеден бастауы тегін емес. Түркістан – рухани астана. Шымкент – мегаполис. Ол заңдылық, керемет үйлесім емес пе?

– Рухани құндылық деп қалдыңыз. Осы бағытты насихаттайтын «Асыл арнаның» эфирге шыққанына биыл 10 жыл толады екен. Кейде өткен жылдарға қарап қандай ой түйесіз?

– Осы сәуір айында толық 10 жыл толды. Мен осы уақыт ішінде ұрпақтың игілігі үшін кез келген жобаға тәуекел жасай білу керек деген ой түйдім. Қаншама кадрларды тәрбиеледік. Мыңдаған адам қонақ болып келді. Жүздеген жобаны іске асырдық. Күн сайын мыңдаған хат келеді.

Соның 30 пайызы «Асыл-арнадан», біздің жобаларымыздан өмірлеріне насихат, ғибрат алған, соған риза болған жандар. Жеке өзіме 200-300 адамнан ризашылық хат келеді. «Асыл-арнаның» әлеуметтік желілерде 3 миллиондай жазылушысы бар.

Құдай қуат берсе, отбасы құндылығы, отаншылдық, тарихи-танымға байланысты, тарихи санадағы құндылықтарды одан әрі де насихаттауды жалғастыра береміз. Бастысы, ел іші тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болсын! 

– Сұхбатыңызға рақмет!

https://shymkala.kz

 


 

 

6999 рет оқылды