Руханият 2019-05-07 (0) (5152)

ОРАЗАҒА ОН БЕС КӨМЕК

ОРАЗАҒА ОН БЕС КӨМЕК


Көптен бері көріспеген бір танысыңыз не туысыңыз үйіңізге келейін деп жатса, балаша қуанып, есі-дертіңіз шығып, үйдің бәрін жинап, қоқыстарды шығарып, «ұят болады» деп тамақ істеп, әрі-сәрі болып кетесіз ғой. Сол секілді 11 ай бойы күттірген берекелі ай келе жатыр! Бұл Рамазанға жеткен де бар, жетпеген де бар. Және ол жай келе жатқан жоқ, өзімен бірге көл-көсір сауапты, Алланың разылығын, Жәннаттың кілтін арқалап келе жатыр! Есігімізден енейін деп тұрған бұл айға қаншалықты дайынбыз? Рамазанды осы уақытқа дейінгі 11 ай секілді қалыпты қылып өткіземіз бе, әлде жақсылыққа ұмтылып, сауаптан біз де қарпып қаламыз ба?

Ол сіз бен біздің ішкі дайындығымызға, мақсат, тілегімізге байланысты. Сондықтан бүгіннен бастап «Оразаға он бес көмек» деген арнайы дайындалған рубрикамызды бастағалы отырмыз. Себебі, шыны керек, көбіміз Рамазанды сағына, асыға күтеміз де, бірақ айналдырған отыз күнді ештеңе тындырмастан босқа өткізіп аламыз. Сәресі мен ауызашардың арасы секілді Рамазан да көзді ашып-жұмғанша жылт етіп өте шығады. Сосын «Осыдан келесі жылғы Рамазанға жетейін, бәрін жасаймын» деп өз-өзімізді балаша алдай саламыз. Бұл бәріміздің басымызда бар жағдай ғой. Ештеңе етпейді. Ондай-ондай болып тұрады. Бірақ кішкене болса да, дайындығымызды күшейтейік, сәл болса да бірдеңе жасап үлгеріп қалайық деп ниеттенсек, Алла соған сай Өзі нәсіп етеді екен. Сондықтан сіз болып, біз болып бүгіннен бастап осы бір істі бастап кетсек қалай қарайсыздар? Яғни екі күн, үш күн сайын оразаға дайындық ретінде бір амал жасап тұрамыз.

Егер қолдайтын болсаңыз, достарыңызбен, таныс, туыстарыңызбен де бөлісіп, оларға да хабарлап айта жүріңіз.

Әсіресе, ғаламторда шұқшиып отырмайтын үлкендерге де айта жүрсеңіздер, оларды да құлағдар етсеңіздер жақсы болар еді. Сонымен, «Бисмилләһ» «Алланың атымен!» Күнде парақшамызды ашып, қарайлай жүріңіздер!


1-көмек.

Бәрін бірден істеп кетудің қажеті жоқ. Кез келген істі ақырын-ақырын, ең азынан бастау керек. Бүгін жүректегі ниетімізді нақтылайық. «Ораза ұстаймын, ниетім бар» деп жүрміз. Бірақ не үшін ұстаймыз? Соны анықтап алайық.

Бірінші. Рамазанда ораза ұстау – бұл Алланың әмірі. Құранда иманға келген бүкіл адамзат баласына парыз етілгендіктен, біз де ораза ұстаймыз.

Егер өзіңізге не біреуге дәлел керек болатын болса, бұл туралы Құранның «Бақара» сүресі, 183-аятында айтылғанын есіңізге алғайсыз. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Әй, иманға келгендер, Алланың жазасынан қорқып, сақтануларың үшін сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді», - деген. Сонымен бірге Құранның «Ахзаб» сүресінің 35-аятында ораза ұстаушы ерлер мен ораза ұстаушы әйелдерге Алла Тағаланың жарылқау мен зор сыйлық әзірлегені айтылған. Ислам дінінің өзі бес тіректен тұратын болса, соның бірі де осы Рамазан айының оразасын ұстау. Адам ораза ұстағанда, ең алдымен, «Алланың әміріне бағынамын және Оған жақындаймын» деген ниетте болуы керек. Ал «денсаулығыма пайдасы тисін», «бәрі ұстап жүр ғой, мен де ұстай салайын» немесе «адамдардың мақтауына ие болайын» деп ниеттенген адамның оразасы есептелмейтінін есіңізден шығармаңыз. Себебі, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Көзбояушылықпен (рия жасап) ораза ұстаған адам (көпқұдайшылық) жасады», - деп ескерткен. (Ахмад)

2-көмек.

Бүгіннен бастап ақырын-ақырын жаман әдеттен, жаман сөздерден алыстай бастайық. Кейде байқамай біреуді жамандап қоямыз, кейде аузымыздан өзіміз қаламаған жаман сөздер шығып кетеді. Кейде шып етіп мінезіміз шығып қалады. Ерсі қылықтар жасап қоямыз. Иә, мұндай жағдай болып тұрады. Бірақ біз өз-өзімізді тәрбиелеп, тізгіндеп отырсақ, бұл олқылықтардан бірте-бірте арылуға әбден болады!

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім өтірік сөз бен оған амал қылудан тыйылмаса, Алла оның жеп-ішуден тыйылуына мұқтаж емес», – деген екен. (Бұхари)

Сондықтан өтірік айтпауға, ешкімді жамандап қоймауға осы бастан дағдылана бергеніміз жөн.  

Есесіне, бұған дейін айтпай не аз айтып жүрген болсақ, «Лә иләһа илләАллаһ» (Алладан басқа Тәңір жоқ), «СубхәналлаҺи уә бихәмдиһи, субхәналлаһил-ъазыйм» (Ұлы Алла кемшіліктен пәк және Ол барлық мақтауға лайық) деген сөздерді көбейтуге тырысайық. Бұл - Алланы жүрекпен, тілмен еске алудың, сананы нұрландырудың, сауап табудың, игілікке жетудің жолы!

3-көмек.

Көбіміз қаладамыз. Нарықтық заманға сай ақша табудың, күнкөрістің соңында жүргеніміз де жасырын емес. Жұмыс-шаруа, бала-шаға, дос-жаран деп жүріп кейде туыстарымызбен көп уақыт араласпай қалғанымызды да аңғармай жатамыз. Ал Алла Тағала бізге туыстық қарым-қатынасты бұзбауды бұйырған. Иә, ризық-несібесінің мол, өмірінің ұзақ болғанын қалаған адам туыс-туғандарымен байланысты нығайтқаны жөн.

Мынадай бір әдемі хадис бар. 

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Алла жаратылыстарды жаратып болған кезде, туыстық байланыс тұрды. Алла оған: «Не болды?» – деді. Ол: «Бұл – туыстық қатынасты үзуден Өзіңнен пана сұрайтынның орны», – деді. Алла: «Сені сақтағанмен байланысымды сақтасам, ал сені үзгенмен байланысымды үзсем разы боласың ба?» – деді. Ол: «Иә, уа Раббым!» – деді. Сонда Алла: «Ендеше солай болсын!» – деді.

Бұл не деген сөз? Бұл - туысымен байланысын үзбеген адамға Алла да жақын болады деген сөз!

Сондықтан бүгіннен бастап ренжісіп қалған ағайыныңыздан кешірім сұрап,олармен әрі қарай аралас-құралас болуға күш салыңыз. Бірінші болып кешірім сұрайтын  адамның сауап алатынын білетін бе едіңіз?

4-көмек.

Жақсыларды жағалап, асыл уақытты бағалап жүргенге не жетсін?!

Мойындауымыз керек, қазір әлеуметтік желіде отырып, көп уақытымызды жоғалтып алатынымыз жасырын емес. «Мен осы интернетте отырайыншы» деп ешкім арнайы уақыт бөліп отырмайды. Тек бір кірсек, шыға алмай, жіпсіз байланып қалатынымыз ғана өкінішті. Әсіресе, ең көп уақытымызды жеп жатқан инстаграм, солай ма?) Историяларды көріп шығу, лентаны ақтару... білінбей тұрып, қаншама уақытымызды құртып қояды. «Интересное»-ға бір кірсеңіз, біттім дей беріңіз. Оңайлықпен шыға алмай қаласыз.

Рамазанға дайындық деген кезде, ең алдымен, осы нәрсені бір ретке келтіріп алуымыз керек сияқты. 

Бұрынғылар уақытты қадірлегені сонша, тіпті, тамақ жегенде де ұзағырақ отырып қалудан өздерін тыйған екен.

Оған жұмсаған уақытты бір аят жаттауға, біреуге жылы сөз айтуға, үйдегілерге хабарласып не көмекке мұқтаж жанға ақша аударып жіберуге неге жұмсамаймыз?

Енді жоғарыдағы ситуациядан қалай шығамыз десеңіз, оны жеңудің өзіңізді тежеп, тәрбиелеуден бөлек тағы бір әдісі бар. Мысалы, бұрын мен инстаграмда 50-ге жуық адамға жазылып тұратын едім. Былай қарағанда аз секілді. «Жұрттар бес мың, он мың адамға жазылады, оның қасында менікі не, тәйірі?» деп ойлайтынмын. Оның үстіне, керек болады деп бірнеше адамға жазыла беріппін. Бірақ сол қате пікір екен. Бір айдай уақыт болды,    әлгі тізімді қысқартып едім, қазір инстаграмда отыратын уақытым автоматты түрде өзінен-өзі азайып кетті. Есесіне, бос уақытым көп. Инстаграмда қызық жоқ болған соң, айналама қараймын, тың идеялар туады, жұмыстарымды да уақытында бітіріп жүрмін.

Сондықтан Рамазан айында сізге айтар кеңесіміз, әлеуметтік желіге мейлінше байланып қалмаудың жолдарын іздеңіз. «Ең», «ең», «ең» маңызды деген адамдарға ғана тіркеліңіз. Сіздің өміріңіз – сіздің байлығыңыз. Оған басқа біреулердің қол сұғуына жол бермеңіз.

Сосын Рамазан бізді күтпейді, керісінше біз оны абыроймен қарсы алып, абыроймен шығарып салуымыз керек екенін есімізден шығарып алмайық.

5-көмек.

Қарыз оразаларыңыз бар ма? Яғни былтыр белгілі бір себептермен ұстай алмай қалған оразаңыз болса, онда қазір ұстап тастауға мүмкіндік бар. Айша анамыз (р.а):

«Менің мойнымда Рамазанның өтелмеген оразасы болатын. Мен оны Алла Елшісінен  босамауым себепті Шағбан айында ғана өтеуге мүмкіндік табатынмын», - деген.

Ибн Хаджар (Алла оны рахымына алсын): «Бұл хадис қаза оразаны келесі Рамазанға жеткізбей өтеп үлгерудің абзал екендігін көрсетеді», - дейді. (Фатх әл-Бари, Т.4 – С.191)

Демек, Рамазан айынан өтелмей қалған қарызыңыз болса, осы айда өтеп тастауға асығыңыз! Өткенге көз жүгіртіңіз. Мүмкін ұмытып, қазасын өтемей жүрген боларсыз? 

6-көмек.

Рамазан – Құран айы. Яғни Алланың сөзі адамзат баласына осы айда түсе бастаған. Ендеше, Құран айына құр кірмеуге тырысуымыз керек. 

Иә, көбіміз арабша Құран оқи алмаймыз. Сондықтан дәрістерге жазылып, үйрене бастасаңыз, нұр үстіне нұр болар еді. Үйіңізді бір қарап шығыңызшы. Үйіңізде Құран бар ма екен? Қай жерде тұр? Шаңын сүртіп, көзге көрінетін жерге қойып, күнде ашып оқи беріңіз. Қазақша мағыналық аудармасын оқудың өзі Алланың сөзіне деген құрметіңізді білдірмей ме?

«Қазір істемесем де, Рамазанда бәрін істеп кетемін, Құранды толық оқып үлгеремін» деу – қате ұғым. Қазір арнайы уақыт бөліп, күніне екі беттен оқып тұрсаңыз, әдетке айналып, Рамазанда оп-оңай-ақ жалғастырып кете аласыз. Сондықтан Құран оқуға, жаттауға әдеттене беріңіз.

7-көмек.

Дұға жасауға көп көңіл бөлуіміз керек. Негізі, біз қатты мән бермейміз ғой. Алайда, дұға – ең мықты қару, құлшылықтың Аллаға ұнайтын, Алланы разы ететін түрлерінің бірі екен. Дұға – жеке бір ғибадат. Ол да құлшылық, Алланы еске алудың бір түрі.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «Дұға басқа түскен нәрсеге де, түспеген нәрсеге де пайдалы. Сондықтан дұға қылыңдар», - десе (әл-Хаким, Ахмад), тағы бір сөзінде:

«Шынында, Алла Тағаланың алдында сондай адамдар бар: Алла оларды Рамазанның әрбір күндізі мен түнінде Оттан босатады. Және шынында, әрбір мұсылман Рамазанның түнінде де, күндізінде де өзінің дұғасына жауап алып отырады», - дейді. (әл-Баззар. Сахих хадис)

Демек, Рамазанда тілеген тілектер міндетті түрде қабыл болады. Ал біз мұндай керемет мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек.

Ол үшін:

  1. Сізге не керек? Құдайдан не сұрайсыз? Соның барлығын жүйелеп, реттеп, қағазға жазып шығыңыз.
  2. Күнде алақаныңызды жайып, Алладан осы нәрселерді сұраңыз. Дұға жасауға уақыт бөлу, отыру үшін де адамға шыдам, сабыр, ықылас керек. Сондықтан бұған қазірден бастап дайындала бергеніңіз жөн. 
  3. Дұға жасау деген жай ғана отырып алып тілей салу емес. Оның да өз әдептері бар. Сондықтан дұға жасаудың әдептері мен шарттарын оқып үйреніп алғаныңыз артық болмайды. Ол үшін «Дұға тілектердің қабыл болу шарттары мен әдептері» деп аталатын ролигімізді көріп шығуға кеңес береміз. (youtube видеопорталында бар)


8-көмек.

Егер алғаш рет ораза ұстайын деп жүрген болсаңыз, алғашқы 1-2 күн сәл қиындау болуы мүмкін. Себебі, осы уақытқа дейін мұндай жағдайды көрмеген ағза сәл үйренісе алмай қалуы да ғажап емес қой? Сондықтан Рамазанға дайындық ретінде Шағбан айында көбірек ораза ұстауға тырысуымыз керек. Өйткені, Айша анамыз (р.а.):  "...Алла Елшісінің Шағбандағыдай көп ораза тұтқанын көрген емеспін" - деген. Әсіресе, дүйсенбі, бейсенбі күндерінің оразасын ұстап тұрсақ, Пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне сай амал жасаған болар едік.

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Дүйсенбі және бейсенбі күндері амалдар Аллаға тапсырылады. Мен ораза ұстаған күйімде амалдарымның тапсырылғанын ұнатамын», - деген. (Тирмизи)



9-көмек.

Садақа – аурудан айығуға жәрдемдеседі;

Садақа – жүрегіңізді жұмсартады;

Садақа – жолыңызды ашады;

Садақа – ризық-несібеңізді көбейтеді;

Садақа – бәле-жаладан сақтайды.

Не деген керемет мүмкіндік десеңізші! Абдулла ибн Аббас (р.а) былай дейді: "Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсылық жасауда ең жомарт адам еді. Ал Рамазан айында оған Жәбірейіл періште (а.с) келіп жолыққанда жомарттығы тіпті артып кететін" (Бұхари, Муслим).

Зəйн ибн əл-Мунир да Пайғамбарымыздың  жомарттығын айта келіп: Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қайырымдылығы мен жақсылығы кедейді де, байды да қамтитын. Жомарттығы, тіпті, жаңбыр алдында қуанта келетін ескен желден де артық еді", - дейді. (Фатхул Бəри, 4/139)

Ендеше, мұндай ізгі амалды орындауға біз де ден қоюымыз керек. Біреуге материалдық тұрғыдан көмек бере алсаңыз, әрине жақсы. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей сәл де болса тиын беріп, көмектесе алсаңыз, нұр үстіне нұр. Алайда, ақшаңыз жоқ болса, біреуге комплимент, жылы сөз айтып, жабыққанды жұбатып, бауырларыңызға жымиып қарап, әрбір тірі нәрселерге мейіріммен қарап та садақа жасауға болады. Бұлар да садақаға жатады. Мысалы, кешкі асқа дәмді бірдеңе пісіретін болсаңыз, сәл көбірек жасаңыз да, көршіңізге ауыз тигізіңіз. Көшеде, жолда адамдарға кедергі келтіретін затты алып тастаңыз.

Ең бастысы, мұндай садақаның түрлерін Рамазанды күтпей-ақ, қазірден бастап жасай берейік!

Садақамен сауап жинауға бойымызды үйретейік. 


10-көмек.

Қазір кітап оқуға мүлде уақыт жоқ, солай ма? Ал білімнің көзі кітапта екені анық. Кітап - ең қымбат ақылшы. Ол ақыл айтқаны үшін сізден ақша сұрамайды, қайтарым сый күтпейді. Сондықтан осы айда білімімізді күшейтіп, білмегенімізді толықтырғанымыз абзал.

Сіз Пайғамбарымыздың  өмірін оқып шығып па едіңіз?

Оқымасаңыз, бүгіннен бастап осы нәрсеге көңіл бөлейік. Кітабын сатып алайық. Пайғамбарымыздың  өмірін оқысаңыз, кейбір нәрселерді түсіну, сүрелердің қашан, не үшін түскенін білу оңай болады. 

Бірақ өзіңізге көп салмақ салмаңыз. Күніне бір-екі бет оқысаңыз да жетеді. Діни біліміңізді арттыратын, таным көкжиегіңізді кеңейтетін тағы бірнеше кітапты таңдап алыңыз. Сүрелердің мәнін түсіндіретін тәпсір кітаптарын оқу да өте пайдалы болмақ.

11-көмек. 

Бүгін істеп жүрген ісімізге қалай болса, солай емес, дұрыс қарауға, Алладан сауап үміт ете отырып адал атқаруға күш салайықшы. Сіз істеп жүрген жұмыс – жай ғана айлық алатын орын емес. Егер солай ғана ойлайтын болсаңыз, әрине айлығыңызды алып қана жүре бересіз. Ал егер таңертең шығып бара жатып мен бұл жұмыс арқылы табыс тауып қана қоймаймын, сонымен бірге елге сәл де болса пайдамды тигіземін, жұртқа жақсылығым, пайдам, шарапатым тиеді десеңіз, Алла сол ниетіңізге қарай сауап жазады. Отанға қызмет ету үшін міндетті түрде билікте, жоғары бір қызметте істеу шарт емес. Күзетші өз ұйымының қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, етікші халықтың жалаң аяқ қалмауына, бүтін киім киюіне жағдай жасаса, тігінші қаншама адамның жылы, сапалы киім киюіне үлес қосса, мұғалім балаларға білім беріп, олардың саналы болуына ат салысса, дәрігер елдің саулығын күзетсе... бұдан артық абыройлы іс бар ма?

Жұмысыңызды амалсыздықтан емес, ерекше махаббатпен, ынта-ықыласпен атқарыңыз. Бұл өміріңіздің мәнді, көңіл-күйіңіздің тұрақты болуына жәрдемдеседі.

12-көмек.

Рамазанға бірнеше күн бар. Осыны пайдаланып, қасиетті айдың алдында жұмыстарымызды бір реттеп алайықшы. Тіпті, еңбек демалысын (отпускті) осы Рамазан айына тарылтып алсаңыз тіпті жақсы болар еді. Себебі, Құран оқуға, туыстармен араласуға, тарауық намазын оқуға, т.б жақсы істер атқаруға көбірек уақыт табасыз.

Үйдің ремонты, қора салу, бір жерге барып қайту деген секілді маңызды жұмыстарыңыздың барлығын осы кезде бітіріп алыңыз. Рамазанға қалдырмай, қазір бітіріп тастасаңыз, өзіңізге жеңіл болады. Өйткені, Рамазандағы реттілік көп нәрсені жеңілдетеді. Көп шаршамайсыз, артық нәрселерге басыңызды қатырмайсыз. Өкінішке орай, Рамазанда базарлар мен дүкендерде сауда сапырылысып кетеді. Азық-түлік аламыз деп кезекте тұрып шаршап, уақытымызды кетіріп алатын кездер де болады. Сондықтан үйге алатын ең негізгі тамақтарды көбірек қылып алып қоюдың артықтығы жоқ.

13-көмек.

Неше сүре білеміз? Ұмытып қалған жоқпыз ба? Білетін сүрелеріміздің мағынасын, қашан, қандай жағдайға байланысты түскенін білеміз бе? Осы сұрақтардың төңірегінде ой жүгіртіп көрейікші. Адамның миы көп ақпарат сақтай алмайды не белгілі бір уақыттан кейін ұмытып кетуге бейім тұрады. Қайталау – білімнің анасы. Сондықтан сол білетін білімімізді қайта-қайта қайталап, жетілдіріп, шыңдап тұрайық. Намаздағы сөздердің мағынасына, айтып жүрген сүрелеріміздің ішкі мәніне ой жүгіртейік. Бұл біздің ықыласымыздың күшеюіне, құлшылыққа деген құлшынысымыздың артуына жәрдем береді. 

14-көмек.

Қасиетті айдың қарсаңында Алла шүкір еткендерді сый-марапатына бөлейтін Мейірімді Ие екенін есімізге алғанымыз артық болмас.
Мейірімді Алла Тағала қолда бар қазынасына разылық танытып, шүкір еткен пендесіне нығметтерін арттырған үстіне арттыра береді. Яғни әр күніне тәубе етіп, Алланың бергеніне шүкірлік танытқан пендеге ризық ол ойламаған жерден келеді, өміріне береке бітеді, тұрмысы түзеледі. Ғалымдар: «Қанағат етуші - өмірін әсемдейді, (барына разы болмай), қиялдаушы тек қиялын ғана арттырады», - деген екен. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өмірінде жетер-жетпес ризығы болып, соған қанағат еткен кісіге Жәннаттағы Туба (ағашы) нәсіп болады» (Тирмизи), - десе, тағы бір хадисінде: «Кім мұсылман болып, ризығы жетер-жетпес болса да, Алланың бергеніне қанағат тұтса, ол сөзсіз бақытқа кенеледі» (Муслим), - деген. Ал Алла Тағаланың Өзі қасиетті Құранда: «Егер иман келтіріп, Алланың бергеніне шүкірлік қылсаңдар, Алла сендерді жазалап не қылмақшы? Алла шүкір еткендерді сый-марапатына бөлеуші, бәрін білуші» (Ниса сүресі, 147-аят), - дейді.

15-көмек.

«Ооо, Рамазан келді» деп үйіміздегілдердің бәрі бірден ораза ұстап кетпейді ғой, солай ма? Болса да сирек шығар. Тіпті, Рамазан дегеннің не екенін, адамның не үшін оразаны ұстайтынын білмей жүрген қаншама жақындарымыз, таныстарымыз бар. Ендеше, өзгелерге сөзімізді өткізбес бұрын алдымен өз жақындарымызға түсіндіруден бастайық.

Рамазан айының артықшылықтары, оразаның сауабы туралы анда-санда, орайы келгенде жұмсақ түрде, даналықпен жеткізе білуді, әркімнің білім деңгейіне, санасына, жас ерекшелігіне қарай байыпты түрде насихаттауды әдетке айналдырайық. Тек ауызбен айтып қана емес, өзіміз ісімізбен жасап, өзгелерге үлгі болайық. Ораза ұстайтын сені жұрт «қатал», «ақыл айтқыш», «қайырымы жоқ» адам ретінде емес, керісінше «елп еткіш», «көркем мінезді», «ақылды» жан ретінде қабылдасын. Сондықтан пайдасыз іске ұмтылған туысымызға да жанашырлық танытуды, оларға дұға жасауды естен шығарып алмайық. 

5152 рет оқылды