13:40 | Құран уақыты
Сұхбат 2019-01-18 (0) (5646)

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: АҚПАРАТТЫҢ ЖЫЛДАМДЫҒЫ ЕМЕС, ШЫНАЙЫЛЫҒЫ МАҢЫЗДЫ

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: АҚПАРАТТЫҢ ЖЫЛДАМДЫҒЫ ЕМЕС, ШЫНАЙЫЛЫҒЫ МАҢЫЗДЫ

 

 

– Әңгімемізді «Асыл арна» телеарнасынан бастасақ. Арна қалай құрылды? Идеясы қайдан келді? Құрылтайшысы кімдер? Ұстанып отырған саясаты қандай?

– «Асыл арна» – дер кезінде қолға алынған жоба. Елбасының тікелей қолдауымен құрылды. Яғни «Асыл арна» идеясының басында президентіміз тұр деп айтсақ болады. Жасыратыны жоқ, қазір айтылып жүрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының іргетасы 2007-2008 жылдары қалана бастаған-тұғын. Сол тұста жадымыздан өше бастаған дәстүрлерімізді жаңғыртатын, ата дінімізді насихаттайтын, түп тарихымызбен жүйелі түрде таныстыратын елге пайдалы жоба жасағымыз келді. Ұсынысымыз Ақордадан қолдау тапты. Міне, содан бері он жыл өтті. Биыл осы айтулы күнге орай кітап шығарғалы отырмыз. Арнаның әуелгі бағыты таза діни жағдайда болатын. Шыны керек, бұрынғы Кеңес Одағы аумағында бұрын-соңды болмаған діни арнаның жұмысын жүйелеу оңай болған жоқ. Өзімізде түсірілген бейнематериалдар тапшылығынан түрікте, арабта, Кавказ елдерінде таспаланған көріністерді көбірек пайдаланамыз деп, «ойбай, бұлардың шетелмен байланысы бар екен, арабтардан ақша алады екен, түрік болуды насихаттамақ екен, шешендерге іш тартады екен» деген сыңайдағы шылғи өтірік сөз естуге де мәжбүр болдық. Имандылық тақырыбындағы фильмдер, деректі дүниелер, тарихи бейнехроникалар, мультфильмдер Қазақстанда жасалған жоқ, тіпті ТМД аумағында да ондай ауқымды шаруа атқарылмаған – шеттен алмасқа амалымыз қайсы? Негізсіз байбалам салғандардың кейіннен ұялып, кешірім сұрағандары да болды. Зайырлы қоғамда дінге негізделген рухани телеарнаны ашудың қандай қиындығын, оны жүргізу жұмыстарының нәзіктігі мен күрделілігін сезінген адам ренжудің орнына бізге рақмет айтар еді.

Сосын «басқа елдердің діни арналары қалай жұмыс істейді екен?» деген сауалға жауап іздеп, тәжірибе жинауға бел байладық. Алдымен Үндістанның Мумбай қаласында Ислам дінін насихаттайтын арна бар екенін естіп-біліп, арнайы барып, жұмыс үрдісін тамашаладық. Сөйтсек, ол үндінің діни сауаты да, дүнияуи білімі де жоқ қарапайым мұсылмандарына Исламның әуелгі қағидаларынан бастап балаға әріп танытқандай ежіктеп үйрететін телеарна екен. Құдайға шүкір, қазақ – жүз пайыз сауатты халық. Егер олардың жүйесін қолданатын болсақ, бесінші сыныптың білімді оқушысына қайтадан әліппе ұстатқандай күйге түсер едік. Сосын Малайзияның, Иорданияның, Түркияның, т.б. елдердің арналарын қарадық. Еуропа елдеріндегі Ислам арналарының тәжірибесін зерттедік. Байқасақ, бәрі де өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес еңбек етіп, өз халқының таным-талғамына, ұғым-түсінігіне сай бағыт ұстанып, сол рәуіште телехабарлар жасайды екен. «Ендеше, біз де ешкімге еліктеп-елікпей, ешкімнің жолын қайталамай, өз көрерменіміздің – өз қазағымыздың рухани сұранысын өтеуіміз қажет» деген қорытындыға келдік. Зиялы қауым өкілдерімен кеңесе келе, «Асыл арнаны» отбасылық құндылықтарды, руханиятымызды насихаттайтын арнаға трансформацияладық.

– Діннің мемлекет саясатында алатын орны қандай?

– Адам денесінде рухтың алатын орны қандай болса, кез келген мемлекет үшін оның руханиятының алатын орны дәл сондай. Дін – қай кезде де сенімнің өзегі. Адамзат тарихына қарасақ, қандай да бір сенім, дін және адамдар құлшылық ететін орын әманда болған. Яғни қоғам үшін, сол қоғамды құрып отырған қауым үшін ең бірінші кезекте сенімнің болуы маңызды. Сонда ғана онда мақсат, құндылықтар пайда болады. Ал сенім болмаса, құндылықтардың бәрі тез ауысып тұратын айнымалы өмірдің ағымына айналып кетеді.

Біз күрделі кезеңдерді бастан кешірдік. Бір кездері шариғи іргетасымызға сызат түсіп, ғұламалар насихатына ноқта салынды, қате түсіндірілді, жоққа шығарылды, дәстүрлі мектептер жабылды. Соның салдарынан рухани есік-терезелеріміз ашық қалып, көптеген шетін көзқарастар енді. Ағартушылық жұмыстың аздығынан жас­тарымыз радикалдық ағымдардың арбауына түсті. «Асыл арнаны» осы олқылықтардың орнын толтыру үшін де қолға алған болатынбыз.

– «Жусан» операциясы негізінде Сирияға аттанып кеткен бірнеше отандастарымыз елге қайтарылды. Олардың ендігі тағдыры қандай болады? Елде қалай тәрбиеленеді?

– Бұл – тәуелсіз ел екеніміздің, бізде мем­лекеттік жүйенің жұмыс істеп тұрға­нының белгісі. Кез келген азаматының тағдырына бейжай қарай алмайтын мемлекет құрғанымыздың және сол елді басқарып тұрған Елбасы еңбегінің бір ғана кішкентай көрінісі.

«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң». Кешегі тек ішсек, жесек, қарнымыз тойса, жарық жанып тұрса, үйге жылу кірсе дегеннен басқаны ойлатпаған тоқсаныншы жылдардағы жағдай бала тәрбиесіне, отбасылық құндылықтарға уақыт бөлуге мұрша қалдырған жоқ. Одақ ыдырағаннан кейінгі жылдары кешегі темір жүйе мен шектен шыққан еркіндіктің арасында қақтығыс пайда болды. Осы қақтығыстан жаңғырық шығып, жаңқалар жан-жаққа ұшқан кезде адамдар әртүрлі толқынның жетегінде кетті. Бұрын ағайын-туыс болып әр баланың тағдырына алаңдап, қызын қырық үйлі ауыл боп аялайтын болса, тоқсаныншы жылдары ағайын-туыс түгілі туған әке-шешесі өз баласының немен айналысып, қайда жүргенін қадағалай алмайтын жағдайға жеттік. Сол кезде адамдар кеудесін сыққан, ішінен шыңғырып шыққан рухының үніне құлақ тосты. Жауабын табамын деп жүріп, шатасты, қателесті.

Қазіргі әлем – бір жасушалы организм сияқты. Өзге материктегі оқиға дүмпуінің демі сіздің де бетіңізді шарпиды. Басқа бір құрлықта қолдан құрастырылған қағида бір күні сіздің де есігіңізді қағады. Әлемде бізді өзіне тәуелді еткісі келетін алпауыт топтар бар. Көгілдір экрандағы коучтері, әлеуметтік желідегі шейхтары арқылы бізге жат идеологияларды төбемізден төмен қарай төгіп насихаттап, интернетте иін тіресіп тұрған жас­тарымызды сыртқа сирағынан сүйретіп әкетіп жатты. Шекарасыз ақпараттың тасқыны, мультимәдениеттің басымыздан бақайшығымызға дейін орнығуы, телерадиодан күндіз-түні берілетін жат мәдениет жаңбыры адамдарды рухсыздандырды, жалаңаштандырды. Қымбат құндылықтарымызды қымтап тұрған рухани киімдерімізді шешті. Соның да себебінен әртүрлі жағдайларға ұрынып қалдық. Мыңжылдық рухани тарихымызға қарасақ, баланың дінге қатысты алғашқы сұрағына әке-шешесі, ата-әжесі, ауыл молдасы жауап беретін. Балада қажеттілік пен талпыныс күшейсе, қолынан жетектеп, мешітке, медресеге, талабы одан да ұлғайып жатса, үлкен шаһарға, алыс-жақын шетелге ақ батасымен білім алуға аттандыратын. Ондай баланың рухани иммунитеті қалыптасып, еш уақытта ешқандай ағымға алданбай, дінді кезең-кезеңімен үйренетін. Өкінішке қарай, тоқсаныншы жылдары рухани, діни бағыттағы мәселелерді дұрыс жүйелей алмадық, кадрларды толық ­даярлап үлгермедік. Бірақ жастар рухани ізденістерін тоқтатпады. Сол кезде дәстүр бұзылды. Баланың алғашқы «Құдай бар ма, жоқ па?», «Құдай әділ ме, әділетсіз бе?», «Кедей неге қиналып жүр? Бай неге тасынып жүр?» деген сауалдарына ата-әжесі, әке-шешесі емес, интернет шейхтар жауап берді. Сөйтіп, шарапатты өзгелерден көрген жас өзге өрістің бәрін сырттан іздей бастады.

Сириядан қайтарылған отандастарымыз да кезінде осындай себептердің бірімен шекара асып кеткен шығар деп ойлаймын. Олардың ендігі тағдыры тікелей өзімізге байланысты. Жақсы баланы әркім тәрбиелейді. Қиын баланы қуатты ел ғана қанатының астына алады. Егер біз шын текті болсақ, оларды шеттетпей, бауырымызға тартып, түсіндіруіміз, мемлекетшілдік сананы сіңіруіміз керек. Бұл да – нашаның немесе алкогольдің апатына душар болған адамды емдеу сияқты дүние. Әлбетте, бұл шараларды мемлекет үйлестіруі керек. Елімізде қаншама оңалту орталықтары, дінтанушылар мен теологтар, психологтар мен заңгерлер, жұмыс беруші орындар бар. Солардың басын біріктіре отырып, әр адамға жеке тәсіл қолдану керек. Отанға деген құрметін лаулатып, қоғамға пайдалы адамға айналдыруға тырысуға тиіспіз. Өйткені пайғамбарымыздың (с.ғ.с) да жолы – сол. Құранда Алла Тағала Мұса (ғ.с) пайғамбарға: «Әй Мұса! Сен Перғауынға бар. Оған жұмсақ және сыпайы сөйле. Бәлкім, ол түсінер» дейді. Перғауын кім еді? Балаларды қырып, өзін Құдай жариялап, адамзат баласы көрмеген қатыгездігін паш еткен адам болатын. Ал Мұса (ғ.с) – Құдаймен тікелей сөйлескен пайғамбар. Перғауындай зұлымның өзіне Құдай Тағала сол кездегі адамзаттың абзалы – пайғамбарын жіберіп, өнеге сөз айт деп бұйырып отыр. Ендеше, Сириядан қайтқан қазақтар – Перғауыннан жаман емес. Біз – Мұсадан артық емеспіз.
– Әңгіме ауанын өзгертсек. Филологсыз, айтыскер ақынсыз, менеджерсіз. Бірақ жастар сізді діндар тұлға ретінде көбірек таниды. Дінге бетбұрысыңыз қалай басталған еді?

– Кешегі Алаш туын көтерген Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаевтардың жолына қарасақ, олар тек ақын болуды, талантымен таңғалдыруды көздемепті. Құдай берген қабілетін ұлт дамуы жолында пайдаланатын құрал ретінде қолданған екен. Айтысқа қатысып, айтыс сахнасында ғана елдің мұңын айтып, елден мақтау естіп, бас бәйгемді алып, алаңсыз жүре беруіме болатын еді. Ақындығым азайып қалған жоқ, талантымды ешкім тартып ала алмайды. Бірақ сахнада қазақтың атамұра өнерін жалғастырып жатқан жүздеген іні-қарындастарым бар. Айтыс иесіз емес. Жүрсін көкем жол бастап бара жатыр. Ал жастарға ағалық көрсететін алаңдарда, өкінішке қарай, ел ағалары өте аз. Сол аға менмін деп отырғам жоқ, бірақ сондай болуға тырысып жүрмін. Бұл жолда бірінші сөзім мен ісім сәйкес келуіне мән бердім. Сөйтсем, Құдай алдында орындалмаған парыздарым, отбасы, туыстарымның алдында атқарылмаған қаншама амалдарым бар екен. Сөйтіп, осыдан 20 жылдай бұрын намазымды, оразамды реттеп, жастықтың жалынымен жасалған қателіктеріме өкініп, есімді жидым. Құранды аударған дін қайраткері Халифа Алтайдың қасында жүріп, 3 жыл шәкірт болдым, медресесінде білім алдым. Солайша «Асыл арнаның» ашылуына, ағартушылық сипаттағы айтыстардың ұйымдастырылуына, қаншама адамдардың отбасылық мәселелерінің оңынан шешілуіне себепкер болатын даңғылға бұрылдым. Бірақ мұның бәрі сатылы түрде дамыды. Мысалы, қазақтың дәстүрлі би-шешендерінің, қазыналы ақсақалдарының жолына қарасаң, олар бірінші кезекте алты Алашқа ақыл айтпаған. Абайдың жолын қарайықшы. Ол Тәкежанның мінезіне сабыр қылған. Қасындағы Қиясбайға мейірімділік көрсетіп, өңгертіп жіберетін жерде өнегесін айтқан, айдатып жіберетін жерде жомарттық танытқан. Інісі Оспан ақыл сұраған. Сөйте келе іні-қарындас, туған-туысқаны Абайды аға деп құрметтеген. Содан кейін қайын жұртынан, көрші рудан ақыл сұрап келетіндер қатары көбейген. Бір уақытта аталастары болыс болуын өтінген. Өлеңін басып шығаруды сұрайтындар пайда болған. Тіпті Абай алғашқы кезде өлеңдерін өз атынан жария­ламады. Елге ақын, ақылшы, ағартушы болып көрінуге тырыспады. Осының бәрінен кейін «Арғын, найман жиылса, таңырқаған сөзіме» дегендей, арғын-найман мойындап, қала берді, қаймана қазақтың баласы бүгінде рухани ту қылып көтеретін жағдайға жетті. Сондықтан кез келгеніміз, «ұлт», «ел», «қаймана қазақ» деп ауыз толтырып әңгіме айтардан бұрын артымызға бір қайырылып қарауымыз керек. Отбасың сенімен мақтана ма, әлде ұяла ма? Немесе інілерің сенен ақыл сұрап келгенде, ойын қанағаттандырып, жүрегін тыныштандыратын жауап бере алдың ба? Мәселе сонда. Әулетің мойындап тұрса ғана жалпы қауымға жол көрсетуге хақылысың. Отыңның басы, ошағыңның қасына береке ұялата алмай жүріп, ұлтқа ақыл айту – кәдімгі популистік.

– Биыл Елбасы бастамасымен «Жастар жылы» болып жарияланды. Барлық жерде жастармен жұмыс істеуге көңіл бөліне бастады. Бірақ жастарға не керек екенін тамырын тап басып анықтаған ешкім жоқ. Сіз жастарды қалай көресіз?

– Жастармен жұмыс – науқандық жұмыс емес. Сосын тек жұмыс, оқу, баспана сияқты материалдық жағдаймен шектелмеу керек. Әлбетте, мемлекет ол мәселелерге басымдық беріп отыр, Алла қаласа, шешіледі де. Дегенмен, жастарға сенім ұялататын, бойындағы қабілетін аша түсетін, қиындық болса да шөкпей, жарып шыға алатындай жігер беруіміз, ертеңге деген сенім ұялатып, бағыт-бағдар беруіміз керек. Себебі соғыстан кейін қалалар қираған, экономика тұралаған, құдықтар суалған, құндылықтар жойылған кезде де бір адамдар жастарға сенім берді. Сол жастардың бойындағы қажыр-қайратын оята алғанның арқасында олар өзіне баспана табу үшін емес, соғыстан кейін тұралаған елді аяққа тұрғызу үшін жанын, қанын, терін, ұйқысын қиып жұмыс істеді. Ал қазір біз жастарды бү­лін­­генді түзетуге, қирағанды қалпына келтіруге шақырмай-ақ қояйық, тек өзін қиратып, өмірін бүлдіріп алмауына, отбасы мен кәсіптің кілтінен айырылып қал­мауына жол көрсетсек, түрлі игіліктерге қол жет­кізуіне мүмкіншілік жасасақ, Жас­тар жы­лының мақсаты толық орындалар еді.
– Әйтсе де бүгінде жастарға тіл тигі­зетіндер көп. Мотивациясы жоқ дейді. Қазір балаға «Сабақ оқымасаң, аула сыпырып кетесің» деп айта алмаймыз. Себебі бұл стереотип бұзылған. Жоғары білімі жоқ табысты адамдар бар: Стив Джобс, Марк Цукерберг… Қаншама дипломы бола тұра, қара жұмысшы болып жүргендер де аз емес. Парадокс неден туып отыр?
– Қай заманда да үлкендердің жастарға қарым-қатынасы өзгермеген. «Жастарды түзету керек, тәрбиелеу керек» деген ұстаным бұрыннан бар, бола береді де. Өйткені, үлкендер өздерінен кейінгілер үшін қашан да уайым шегеді. Әлгі папирус­тарда «жастар бұзылып бара жатыр» деген жазу табылыпты деген сияқты…

Өкінішке қарай, жастардың үлкендерге деген қарым-қатынасы құбылып тұр. Бұрын жастар жасы үлкенді тыңдайтын, білмегенін сұрайтын. Енді «Үлкендер ештеңе білмейді. Олар – ескінің адамдары. Біз жаңаның басымыз, өз жолымызды табуымыз керек» деген көзқарас пайда болды. Себебі өзгерістер уақыты жылдамдады. Бұрын қоғамда елді жалт қарататын жаңалықтар сирек болса, қазір өте жиі болып жатыр. Оны игеруге үлкендердің жылдамдығы жетіңкіремейді. Ал жастар тез меңгергендіктен, өздерін білімдірек санайды. Бұл – қате түсінік. Жастарда білім үлкендерге қарағанда көбірек шығар, бірақ бір қазан сүтті бір қасық айран ұйытатыны секілді, таудай білімің болса да, оны тырнақтай тәжірибе пайдаға асырады. Сондықтан біз үлкендердің тәжірибесі мен жастардың ұшан-теңіз білімін байланыс­тыруымыз керек. Әйтпесе екі буынның мәселесін екі бөлек қарастыра берсек, елде береке болмайды. Мәселен, Италия, ­Жапония, Норвегия сынды дамыған елдерде жетпістегі қарт пен жиырмадағы жігіттің көзқарасы мен өмірлік ұстанымдарында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Ал біз секілді бір қоғамдық формациядан екіншісіне ауысып жатқан және онысы әлемдік глобализация заманына тап келген қоғамда жетпістегі қария мен жиырмадағы жігіттің көзқарасы аспан мен жердей. Бізге үлкендер мен жастарды жақындастыратын жобалар керек.

– Мәселен қандай жобалар?

– Мысалы, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» деген құндылықтар бізді байланыстыруы керек. Өйткені ол – біздің тамыр-тарихымыз. Соның аясында түрлі кездесулер, сұхбаттар, дөңгелек үстелдер, заманауи пішіндегі жиындар ұйымдастыруымыз керек. Біз «Асыл арна» арқылы сондай дүние жасауға барынша тырысып жатырмыз.

– Десе де, қазіргі таңда жастар теледидар көру, радио тыңдау, газет оқудан гөрі, әлеуметтік желі, интернет жетістіктерін жиі пайдаланады. Әлемжелі әзірге еркін ой-пікір білдіретін жалғыз алаң болып отыр. Осы сана үшін арпалыста қай тарап жеңеді?

– Сарылдап аққан судан, желден энергия өндіріп, игілікке пайдаланғанымыз сияқты әлеуметтік желіні де дұрыс жолға, ізгілікке қолдануымыз керек. Қазір БАҚ ақпараттың жылдамдығына қатты мән береді. Осының пайдасынан зияны көп. Менің ұғымымда ақпараттың жылдамдығы белгілі бір құзырлы орындар үшін, соған тағдыры байланған тұлғалар үшін ғана маңызды. Қалған халыққа ақпараттың жылдамдығы емес, дәлдігі, шынайылығы керек. Қазір бір жерде шулы оқиға орын алса, адамдар соны видеоға түсіріп, таратуға, тікелей эфирге шығаруға тырысады. Сол екі ортада қаншама жалған болжамдар жасалады. Қаншама адамның жүйкесі бүлінді. Ал енді адамзаттың, оның ішінде қазақтың мыңжылдық тарихына көз жүгіртсек, бәрі керісінше. Кісі қайтыс болса, хабарды жеткізуге емес, жеткізетін адамды табуға асыққан. Үйіне келген адамды қонақ қылып күтіп, қондырып, эмоциясын басып, таңер­тең атқа мінгелі тұрғанда ғана қандай бұйым­таймен келгенін сұрайтын. Сонда бір күнгі қарым-қатынас, қаншама ақпарат алмасудан кейін ол адам айтайын деп келген бұйымтайынан, ойынан айнып қалуы да мүмкін. Ал қазір кез келген ақпаратты шикілей, пісірмей, нәрін сіңірмей, чаттан-чатқа аттандырып жіберетін болдық. Содан да болар, кісі қадірін білмейтін, бір-бірімізді сағынбайтын, бір-біріміздің жан-дүниемізге үңілмейтін болдық.


– Мұның барлығы жаһанданудың, әлемдік трендтердің енуінен болып жатыр ғой. Еуропада ақпаратты жылдам жеткізеді деген соң, біздің журналистика да соған бейімделуде. Жалпы, жаһанданумен бірге қоғамға феминизм, сексизм сынды түрлі көзқарастар да енді. Ұят туралы әңгіме айтқан­дарды «ұятмен», «нацист» дейтін­дер пайда болды. Жаһандану мен ұлттық құнды­лықтар арасында текетірес жүріп жатқандай…

– Әуе жолдарында турбулентті аймақ деген болады. Ұшақ сол ауа ағымына кіріп, кедергіге ұшыраған кезде сілкінеді. Ақпарат легі тасқындап, мәдениеттер жақындап, жаһандану басталғалы бері адамзат та турбулентті зонаға енді. Әлемді мазасыздық биледі: анда соғыс, мұнда терракт, дағдарыс, экономикалық тұралау болып жатыр. Оның сыртында жалаңаштану белең алып, ұлттық ұятпен алысатындар шықты. Сақтанбасақ, байқамасақ, құндылықтарымыздан әп-сәтте ажырап, жұтылып кетуіміз мүмкін. Ешкімнің ештеңесі кетпейді. Мықтылар қалады, әлсіздер жоғалады. Жоғалмау үшін жанталасу керек. Жұтылмаудың жолы – ата дәстүрде, бабалар жолы – Исламда.

Ал біздің қоғамда феминизм бұрыннан бар. Ол пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) заманынан келе жатыр: «Жақсылық жасасаң, анаңа, анаңа, анаңа», «Ең жақсы еркек – әйелімен жақсы болған еркек», «Дүниеге қыз келсе, қызыңды құрметте, қызыңды сыйла», «Сыйлық әкелсең, бірінші ұлыңа емес, қызыңа бер». Бұл – қазаққа сіңісті болған феминизм. Атам заманнан бері әжеге төрден, қызға оң жақтан орын берген. Қызды өз үйінде қонақ деп, ұзатылғанда келін деп, ана деп, қартайғанда әже деп құрметтеген. Ел арасында әйел батырлар, шешендер, датқалар, билер бар. Ел басына күн туып, ерлер атқа қонғанда барлық салмақ анала­рымызға түсіп, ұрпақтың тәрбие-тәлімі, жауапкершілігі солардың мойнына жүктелді. Бірнеше буынды әйелдер тәрбие­леп шығарды. Сондықтан дәл бүгінгі күні қазақ қоғамында, бірлі-жарым ішкен, жолдан тайған, қиянатқа ұшыраған отбасылар болмаса, негізінен әйелдің дәрежесі ең биік деңгейінде тұр деп ойлаймын.

– Бір сұхбатыңызда «Биліктің қолында халықты бақытты қылатын функция жоқ» депсіз. Ол қандай функция?

– Бақыт адамның сыртынан емес, ішінен басталады. Жүректің тыныштығы, пейілдің кеңдігі, көзқарастың дұрыстығы, біреудің жылуын сезінуің, өзіңнің біреуге махаббатыңды арнай алуың, біреудің сені сағынуы деген сияқты іштен пайда болатын сезімдер арқылы бақыт тұтанады. Ал мемлекетіңнің тыныштығы, ұлтыңның тегеурінділігі сол бақытыңды тек ұлғай­тады. Мемлекет сенің ішкі сеніміңе, сезіміңе, ішкі рухани тазалығыңа араласа алмайды. Сондықтан онда адамды бақытты қылатын функция жоқ. Жақсы жігіт дұрыс ортаны өзі қалыптастырады. Әлсіз жігіт қана өзінің болбыр, босбелбеулігіне айналасын кінәлайды.

Негізі халық пен билік су мен бу секілді. Судан бу шығады. Ол жаңбыр, қар болып, қайтадан суға қосылады. Мысалы, жер бетінен 1000 тонна бу көтерілсе, жерге 1001 тонна жаңбыр жаумайды. Сол 1000 тонна ылғал ғана түседі. Тура сол сияқты, халық кімді тәрбиелеп шығарса, сол билікке барады. Біз оларды тендерден ұтып, базардан сатып әкелген жоқпыз. Немесе Елбасы билікте жүргендердің бәрін сырттан сұрап әкелген жоқ. Олар – осы елдің адамдары. Біреудің бажасы, ағасы, көршісі…

– Билік десе, заң еске түседі. Біздің заң шығарушы органдарға қай саладағы заң­ды реттеу керек деп ойлайсыз? Өзіңіз заң­ның орындалуын қаншалықты қадағалап жүресіз?

– Парламент қандай заң шығарса да, адамның ішкі тәртібі мен жауапкершілігі өзгермейінше, заңға деген қарым-қатынасы өзгермейді. Қоғамның заңға бағынуының екі-ақ жолы бар: адамдар заңды түсінуге мәдениетті түрде, жауапкершілікпен келеді немесе тоқпақтың күшімен мойынсұнады. Мысалы, қазір жол ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлды көтерді. Бұл ешкімге жаққан жоқ. Өйткені жылдамдықты сәл арттырсаң, артынан айыппұл кеп тұрады. Мұны тоқпақ дейді. Заңмен тоқпақтап отырып, сен қаласаң да, қаламасаң да соған көндіреді. Иә, көніп қалдық. Бұрынғыдан гөрі адамдар жол ережесін сақтайтын болды. Ал мәдени жолмен келуге ұзақ уақыт керек.

– Сұхбатымызды «Ана тілінің» дәстүрлі сауалымен аяқтасақ. Қазақ тілінің мәртебесі туралы ойыңыз қандай? Тіл мәртебесін қалай көтеруге болады?

– Бұл тұрғыда бір үміт, бір қаупім бар. Үмітім: көзі ашық, білімді, қазақ тілін қатты құрметтейтін және сол тілде сөйлеп, сол тілде ойланғысы келетін жастар өсіп келе жатыр. Осы жастар буын алмаса келе қоғамның ықпалды адамына айналғанда өзінің өмірі, ісі, көзқарасы арқылы тілге қажеттілік туындатып, тіліміз бұдан биік дәрежеге жетуі мүмкін. Қаупім: қазақ тілінің ең асқақтаған кезі осы болып, мәр­тебесі бұдан да төмендеп кетуі де мүмкін. Себебі жаһандану заманында ағыл­шын тіліндегі игіліктердің есігі ашылып жатыр.

– Үмітіңіз шындыққа айналуы үшін не істеу керек?

– Әр қазақ өз отының басында бала-шағасымен қазақша сөйлесіп, қазақша сөйлейтін сапалы ұрпақ тәрбиелеу керек. Қазақша сөйлейтін балаң қоғамда ештеңеге жарамаса, оның тілін де ешкім керек қылмайды. Ал сенің қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын балаң елдің кәдесіне жарап, қоғамға қажет тұлғаға айналса, оның тіліне де қажеттілік туады. Оны өз өмірімде байқадым. «Асыл арна» жұмыстарымен қаншама министрлермен, кәсіп иелерімен байланысқа түсіп, жұмыс жүргізуге тура келді. Осы он жылдың ішінде жүрген жерімде мүмкіндігінше қазақша сөйлеуге, түсіндіруге тырысамын. Орыстармен де, қазақша білмейтін қазақтармен де үлкен есіктердің ар жағындағы жиналыстарда болдым. Бірақ орыс тілінде сөйлеуіме көп қажеттілік туындаған емес. Біздің қоғамда адамдар бәсекеге қабілетті тұлғаның тілімен санасады. Сондықтан «Қазақ тілі ешкімге керек емес» деп құр байбалам сала бермей, сол тілді алып жүре­тін тұлғаның сапасын күшейтуіміз керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

"Ана тілі" газеті,

Әңгімелескен
Әсел САРҚЫТ

 

5646 рет оқылды