Сұхбат 2018-12-07 (1) (1776)

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: «Жүректің түбіндегі сөзді айтайық»

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: «Жүректің түбіндегі сөзді айтайық»

 

 

Мұхамеджан Тазабек – айтыс өнерінің құбылысы. Бұл бағаны абыз ақсақал Мырзатай Жолдасбеков берген болатын. Жасынан-ақ өнерімен елді тамсантып, сөзге тоқтаған жұрттың айызын қандырған айтыскер ақын бүгінде ел ағасына айналып үлгерді. Қоғамдық қызметтерге араласып, ұлтың рухани тамырын, жастар тәрбиесіне қатысты келелі пікірлер айтып көптеген жастың көкірек отының жануына ықпал етті. Жақында шыққан «Айтыстар» атты топтама жыр кітабына құтты болсын айта отырып, қайраткер ағамызбен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 

 

  • Мұхамеджан аға, жаңа кітабыңыз жарыққа шығыпты. Құтты болсын! Айтысқа ерте кезден келіп, халықтың қошеметіне бөлендіңіз. «Сөз өнері дертпен тең» дейді Абай. Сіздіңше, сөз өнерінің құдіреті неде?

 

  • Адамзат жаратылғалы сөз бар. Адам бойындағы ұлы құндылықтардың бәрі сөз арқылы насихатталған, сөйлеу арқылы жеткізілген, жазу арқылы бекітілген. Қазақ та сөзге өнер деп қараған, адамдықты, арлылықты тасымалдаушы құрал деп таныған. Мен үшін сөз – жауапкершілік. Әсіресе, дүниеге келу себебімізді біліп, ұлы адамдардың түсіндіруімен өмірдің мән-мақсатын танығалы бері сөз - салмақ. Сол жауапкершілік тұрғысынан қарағандықтан да осы он бес жыл сахнада жүрген айтысымды жинап, халыққа ұсындым.
    Сөзге бей-жай қарауға болмайды. Жауапкершілік деп отырмын, қай тұрғыдан жауапкершілік? Біріншіден, сол сөзді, тілді жаратқан Құдай алдындағы жауапкершілік.
    Екіншіден, біз адам баласы болғаннан кейін көзіміз тіріде де, өмірден өткенде де әр сөздің құны есепке алынады. Не ол ғибрат боп, сауап бағыштап тұрады. Немесе, Алла сақтасын артыңнан күнә жолдап тұрады.
    Үшіншіден, сөз – салмақ. Бір ауыз сөзден көңіл қалады, бір ауыз сөзден мерейіміз өседі.  Сөзімізді оқыған жүрекке сезім сыйласақ, сенім сыйласақ, қадари-қалімізше тәлім берсек, сол арқылы адамшылық тұлғамыз да үлкейіп, болмысымыз да биіктемек.
    "Сөз ішіңде тұрғанда сенің тұтқының, аузыңнан шыққан соң, сен оның тұтқынысың"
    Сөзге байқамасақ болмайды.

 

 

 

Жүректің түбіндегі сөзді айтайық,

Сыпайының тісінен сыр алғандай.

Жерұйық жемісіндей уылжысаң

Сөздің сөлін кім ішпес құмарланбай, – дейсіз Дәулеткерей Кәпұлымен айтысыңызда. Мэлспен, Шынарбекпен, Абай тойындағы айтыстарыңыз халық арасында аңызға айналды. Ал өзіңіз қай айтысыңызды ерекше атап өтер едіңіз?

 

  • Әр баланың орны әке-шеше үшін қандай болса, мен үшін әр айтыстың орны сондай. Қазақ тұңғышын – ыстығым, кенжесін – тәттім деп еркелеткен. Сол секілді, әр айтысымның өзіндік орны бар. Егер көлемі тұрғысынан, көтерілген мәселенің биіктігі тұрғысынан айтсақ, Айбек Қалиевпен жекпе-жек айтысымды айтар едім. Алматыдағы Республика сарайында өткен сол айтыс үш жарым сағатқа созылды. Және тікелей эфирде болды. Жұртшылықтың дауыс беруі арқылы жүзеге асты. Көтерген мәселе, айтылған ой ауқымдылығы жағынан үлкен орын алды. Ал халыққа танымал еткен айтысқа келсек, Абайдың 150 жылдығына арналған айтыс болатын. Жиырма жасымда мұқым қазаққа атымды шығарып, ең биік сыйлықты алып, бес президент қатысқан үлкен тойда Елбасының қолынан сыйлық алып, сияпат көрдік. Ал енді аяулы айтыстар болады, шулы, даулы айтыстар да болды. Әрине, айтыстың у-шуы емес, сөздің салмағы қалады.
  • Қазақтың айтыс өнерінің ірі өкілі, марқұм замандасым, КазГУ-де қатар өскен досым, қазақтың құдалық жөн-жосығымен де жақын азамат Оразалы Досбосыновпен айтысудың еш қиюы келмеді. Сан қилы себеппен сахнада жолымыз түйіспей қойды. Алайда телевидениеде, бір тележобада студияда аз уақыт сөз қағыстырғанымыз бар, сол мен үшін аяулы айтыс боп қалды. Серік Ыдырысовпен Қызылордада қарапайым айтыс өткізген болатынбыз. Ерекше есімде қалды, қымбат айтыс боп жадымда тұр. Шығармашылық адамы болғаннан кейін ел арасында жиі боламыз ғой. Аманжол Әлтаевпен, Бекжан Әшірбаевпен, Мэлс Қосымбаевпен айтыстарымызды да жұрт арасында әлі күнге ұмытпаған ағайын көп екен.
  •  

 

 

 

 

  • Алаш арыстарының ғұмырына қарасақ, Абай үш жыл, Мағжан сегіз жыл, Міржақып он екі жыл медреседе білім алыпты. Сіз медрессе білімін ала алдыңыз ба? 
  • Біз, Абай айтпақшы, қолымызды мезгілінен кеш сермедік. Құранды арабшадан оқу мүмкіндігін жиырма бес жаста меңгердік. Халифа Алтай деген қазақтың ғұламасы өтті. Жастық шағын Түркияда өткізіп, Қазақстанға Тәуелсіздікпен бірге келіп, елдің бағаны биік болуына еңбек еткен тұлға болатын. Сол Халифа Алтай атамызды ұстаз тұттық. Атамыздың халықаралық қайырымдылық қоры болды. Сол қайырымдылық қорда үш жыл орынбасар болып жұмыс жасадық. Атамыздың қасында жүріп, алғашқы діни сұрақтарымызға дұрыс жауап алып, дін мен дәстүрді біріктірген қаншама құнды сөздер естідік, ақсақалдың қызметін жасай жүріп білімін алдық. Яғни, Халифа Алтай атамыздың рухани медресесін бітірдім деп айтуыма әбден болады. 
  • Әселхан апамыз, кейінгі Ақмарал Леубаева сынды айтыскерлер бүгінде жазба поэзияға бет бұрды. Жазба ақындыққа бет бұрар ойыңыз бар ма?
  • «Өнер деген жөтел сияқты, сыртқа шықпай қоймайды» деп ақын ағамыз айтқандай, өзінің жолын тауып, бойдағы күш сыртқа шықпай қоймайды. Қазір ұйымдастырушылық қызметтерімнің көптігінен шығармашылықпен бүтіндей айналыса алмай жатырмын. Алайда, қолым қалт етсе, жазу үстелім мен қалам-сиям дайын. Оның үстіне, қазір әлеуметтік желінің заманы ғой, күніне бір мезгіл жарты ауыз пікірімізді болса да сонда жариялап тұрамыз. Бұл да бір шығармашылықтың көрінісі деп есептеймін. 

 

 

 

 

 

  • «Қазақ қалай орыстандырылды» деген кітапта қазақтың дінін жою үшін Ильминский, Остроумский секілді арнайы миссионерлер жұмыс жасағаны жайлы айтылады. Сол арқылы халықты зомбиға айналдыру саясаты жүрді. Махатма Ганди «Ең қауіпті ұрпақ – отар елден туған ұрпақ» деген екен. Қалай ойлайсыз, қазақтың қанына сіңген бұл геноцидтің салқыны қанша ұрпаққа жалғасуы мүмкін?
  • Адам суық тиіп, самалдап қалғанда, антибиотикті дәрігерлер кемі бес күн немесе он күн салу керек дейді ғой. Яғни, суықтың қаншалықты сіңіп кеткеніне байланысты. Сол секілді, мұның нақты диагнозын немесе емделудің рецептін іздесек - кәрі тарих үлкен ұстаз. Ағзамызға күштеп егілген кеселдердің қанша кесіріне ұшырасақ та, азғындықтың қандай қара батпағына малшынсақ та шығатын жолды Алланың әулие құлдары мен адамзаттың ұлы ойшылдары айтып та, көрсетіп те кеткен. Мәселен, біз отаршылдықтың қаншалықты апаттарын басымыздан өктердік десек те, мынаны ойлап қайран қаламын. Алтыншы ғасырда жер бетінде арабтардай азған халық жоқ еді. Азғындығы сондай - қыздарын тірідей көміп, әйелдерін қорлап, ойран-ботқа ғұмыр кешті. Сол қауымның ішінен Алла Тағала пайғамбар шығарды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) 23 жыл адамгершілікке, ізгілікке құрылған Құдайдың сөзін, қағидаларын жеткізеді. Жиырма үш жыл жүйелі насихаттан соң араб жазирасынан адам баласы қияметке дейін сондай болсам деп армандайтын биік тұғырлы тұлғалар қалыптасып шықты. Кеше ғана бір-бірінің үйін өртеп жатқан адамдардан - бір-бірінің үй ішіне нұр кіргізетіндей, береке енгізетіндей зиялы адамдар пайда болды. Яғни, Алла қаласа, сәулелі адамдар дұрыс жұмыс жасар болса, қоғамда ізгілік пен жақсылық салтанат құратынын бізге үлгі етіп көрсетті. Қазақ «елу жылда ел жаңа» дейді. Елу жылда үлкен өзгерістер легін анық сезінетін кез келетін болар деп ойлаймын. Бірақ біз Тәуелсіздіктің қазіргі жылдарының өзінде үлкен нәтижелерге қол жеткіздік. Тарихымызды түгендеп, болашағымызға еркін жоспар жасап жатқан жайымыз бар. Біле білгенге, ертеңгі күнге еркін жоспар жасай алудың өзі зор нығмет. БҰҰ есебі бойынша, жер бетінде осы қазір тоғыз жүз миллион адам аштықта өмір сүріп жатқанынан, айналамызда ертең не ішіп, не жерін білмейтін халықтар өмір кешіп жүргенінен ғибрат алуға тиіспіз. 
  •  
  • «Қазақты таныған сайын зорайып бара жатырмын» дейді белгілі ақындарымыздың бірі. Тарихты оқып отырып осындай текті халықта туғанымызға мақтанып жатамыз. Қазақ несімен мықты, несімен биік халық?
  • Адамшылықтан ауып кеткен жан болмаса, кез-келген қауымның перзенті сол жұрттың қасиеттерін толық зерттеп білмей-ақ сүюге міндетті. Себебі, қазақ «әке-шешең жынды болса байлап бақ» дейді. Яғни, әкеге болған қарым-қатынас - ұлтқа көзқарастың кішкене моделі. Сол секілді, біз ұлтымызды сол ұлттың мүшесі болғандықтан да сүюге міндеттіміз. Екінішіден, біздің халық шынында да ұлы қасиеттерге, басқа миллеттер алдында да биік қасиеттерге ие болса, онда тіптен мейлінше жақсы көріп және сол артықшылықтардың өзге қауымдардың алдында паш етілуіне үлес қосуымыз керек. Мақтаныш сезімі, біз түгілі, пайғамбарларда да болған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «сендер көбейіңдер, қияметте өзімнің үмбетімнің басқа үмбеттерден көптігімен мақтанамын» дейді. Бұл - жақсы мақтаныш. Бала кезімде қазақтың үлкен ерекшеліктерін білмей-ақ қазақ боп туғаныма қуанатынмын. Бұл - отбасындағы тәрбиеден болар. Есейе келе, ұлтымды зерттей келе, одан сайын махаббатым артты. Біздің қазақтың тарихтағы қатты таяқ жеулерінің өзі осы жақсы қасиеттерінен. Себебі, сол ұлттық қасиеттеріміз ұлы өркениет туғызатын болғандықтан, даналығымен де, батырлығымен де өзгелерден артық боп кететінін білгендіктен де зұлым күштер әрдайым езіп-жаншып, алауыздық тудырып, жоюға тырысты. Қазақ ұлттық сапасының жоғарылығынан тарихта бәріміз білетін соққыларға душар болды және сөйте тұра сол сапасының жақсылығынан жоғалмай, Құдай берген халықтық иммуниттерінің арқасында жойылмай келе жатыр. Біздің қазақтың басынан өткен зұлматтардың жүзден бірін көрмеген ұлттар жер бетінен жойылып кетті. Мысалы, Сібірде біз секілді қаншама түркі тілдес халықтар болды. Аты да заты да жоғалып кетті. Ескі құрлықтарда, Америкада халықтар болды. Бүгінде тек мұражайларда сүйегі қалды.
  • Біз - пейілі кең халықпыз. Ішіндегісі сыртына көрініп тұрған халықпыз. Бұл - Құдай жақсы көретін сипаттар. Қазақ «ақкөңілдің аты арып, тоны тозбас» дейді. Ақжүрек адам түбінде жеңіске жетеді, зиянға ұшырамайды. Кеше өзіміз қиналып жатып жер аударылған қаншама халықты бауырымызға басып, панамызға алып, үйіміздің бір бұрышын бөліп бердік. Рас, «өзінде бармен көзге ұрып» кісәпірлігіміз көбейген, тағдырдан таяқ жеген тұстарымыз да болды. Атылу, айдалу, асылу, бұл да бір Құдайдың тағдыры еді. Пенде баласы байқамауы мүмкін, мұның артында да Құдайдың әділдігі жатыр. Құранда Алла Тағала «Бір қауымды бекерден бекер зұлымдыққа ұшыратпаймыз» дейді. Қазір байқап отырмыз, математика саласында қаншама әлем ғалымдары шеше алмай отырған жұмбақтарды қазақ баласы шешіп жатыр, қаншама жүректілікті қажет ететін жекпе-жектерде азғантай халықтан шыққан қазақ жігіттері жеңіске жетуде. Біз әлі күнге дейін отбасылық құндылықтар негізін сақтап отырмыз. Қанша ысырап деп кінәласақ та, аста-төк тойдың түбінде ағайын-туыспен жақсы байланыс, өзгенің көңіліне алаңдаушылық, қадірін білу, қамкөңілдік, жанашырлық жатыр. Сондықтан бойымыздағы осы қасиеттер жоғалмайынша, қазақ жоғалмайды. 
  •  

 

 

 

 

 

  • Кеңес Одағы тұсында бүкіл ілім-білімнің шоғыры болған араб-парсы, жалпы Шығыс әлемін жауып тастады. «Абайдың Батысынан Шығысы басым» дегені үшін Әуезовты қамауға ала жаздады. Содан да болар аят-хадиспен суарылған Абай сол замандағы көп ұрпаққа түсініксіз көрінді. Сіз үшін Абайдың басты ұлылығы неде?
  • Абайды дәуір туғызды. Яғни, Абай - қазақтың құтты құрсағынан шығып, текті бесікте тербелген, ақсақалдық институттары сау тұрған, би-шешендер мектебі үзілмеген кездің жемісі. Абай – қазақтың қырылу алдындағы тымырсық кезеңде өмір кешкен үлкен тұлға еді. Абайдан алар тағлым өте көп. Мәселен, Абай өзіңіз айтқандай, Шығысты да, Батысты да игерді. Алысқа ұзап шықпаса да, әлемдік деңгейдегі ойларды сараптап, саралап отырды. Меніңше, Абайдың біз үйренуіміз керек ең үлкен сипаты – Абай өмірге не үшін келіп, ертең қайда бара жатқанын жақсы түсінген адам. Сол сұрақтарға толық жауап тапқан адам. Көп адам ақырет барын білсе де, ол сұрақтардың толық жауабын білгісі келмейді. Содан да бүкіл ой жүйесі ретке келмейді. Ал Абай пайдалы мен пайдасызды, маңызды мен маңызсызды ретіне, орнына қойған адам. Және олардың емін айтып кеткен. Жалпы, Абай атағым шықсын, даңқым артсын деп, біреуге бірдеме дәлелдегісі келген адам емес. Абай «сен білесің дегенге, құладындай ұшыппын» дейді. Ол өзінің пенділік істерінің бәріне сын көзімен қараған. Ал қазір біздің үлкен дертіміз – бәрі біреуге бірдеме дәлеледегісі келеді. Өзіңнің мықты екенін, классик екенін, елде жоқ дара ерекшелікке ие екенін дәлелдегісі кеп шапқылап жүр. Ниеті дұрыс емес. Содан ба екен ісінде береке жоқ. Ал Абай өлшеді, қарады, соны айтты, істеді, жазды және тарихта қалды. Жылдар өткен сайын тұлғасы да зорая түсуде. 
  •  
  • Көп адам университет бітірсе, магистратура бітірсе өзін білімдімін деп ойлайды. Бірақ кеудесі қуыс екені білініп тұрады. Сонда білім деген не нәрсе?
  • Бастағы білім бар, жүректегі білім бар. Бастағы білім - құлақтан кірген нәрсе, жүректегі білім - ықыласпен алынған дүние. Мақсатпен алынған білім түбінде адамға пайдасы тиеді. «Осы білімді білсем, жұрттан озамын, жұрт білгесін білуім керек» деп ойлаған білім баста тұрады, бірақ жүрекке түспейді. Ал жүрекке түспеген нәрсе шынайы атқарылмайды. Ол білімінің адам бірінші өзі пайдасын көрмесе, бірінші өзі қадірін біліп, қазақша айтқанда, өз басына шайнап жақпаса, пайда бере бермейді. Адам - алған білімін өзінің өмірінде кәдеге асыруға тырысу керек. Сонан соң оны қоғамға ұсынған кезде ол білімде береке болады. Қазақта «дуалы ауыз» деген сөз бар. Немесе «Би айтқан сөзді құл да айтады, бірақ берекесі жоқ дейміз». Неге құл аузының дуасы жоқ? Себебі, ол сөзді айтуға лайық емес. Ол сөзді одан ешкім қабылдамайды. Оның сөзі ісімен сәйкес келмейді. Содан да ол елдің жүрегіне жетпейді. Неге бидің аузы дуалы? Өйткені, ол - біліп айтады. Айтып жүрген ақылын әуелі өзі бірінші өмірде қолданады. Яғни, мұнан шығар қорытынды – ісі мен сөзі сәйкес келмеген адамның сөзі жүректен шықпайды да, келесі жүрекке қонбайды. Құлақты ауыртқан құрғақ ақпарат боп қала береді. Бірақ пенде алданады. Өзінің құлақтар сарсытып қана жүргенін мойындамайды. Білім - көп білу емес, аз нәрсе білсең де, соны бір пайдалы амалға асыра білу.
  •  
  • «Ұлтқа қызмет ету мінезден» депті Бөкейханов. Бұл қай мінез?
  • Бұл – тарпаңдық, не тасырлық емес, керісінше, байсалдылық, байыптылық, көркемдік. «Ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған» дейді. Қадыр ағамыз асаулық көп керек, ақыл аздап керек демейді. Асаулықты аздаған деп отыр. Көп нәрсе ақылыдылықпен, даналықпен шешілсе, түп мақсатына жетеді. 
  •  
  • Құнарлы кітапты көп оқисыз ба, керек кітапты ма?
  • Мен үшін кейде бір кітап оқығаннан гөрі, дана, көргені көп адамның бір ауыз сөзін тыңдаған пайдалырақ. Ұлылық – қарапайым нәрселерде. Қаласам, он күнде бес кітап оқи аламын. Кезінде солай оқыдым да. Солайша біреулерді таңдандыруға да болады. Бірақ біреуді таңдандыруға менде ешқандай мұқтаждық жоқ. Керісінше, қысқа болса да құнды қағидаттарды жаттап, оны өмірлік қолданысқа кіргізу - өте маңызды. Мәселен, бақытты болу жайлы кітап жазған адамның өзі суицидпен дүниеден қайтқанын білеміз. Бұл мақтаныш бола ала ма? Кейде тұтас бір кітап оқып, ішінен екі сөйлем, не бір абзац қана таба аламын. Сюжеті қызық, көңілді, бірақ - керегі аз. Кейде өмірдегі бір естіген әңгімем, бір кітап оқығаннан артық.
  •  
  • Өзіңді тану деген не?
  • Өзіңді танудың екі жолы бар. Бірінші - өзіңді Құдай арқылы тану, екінші – эгоистік жолмен, өзіңе деген махаббатпен тану. Егер сен өзіңді танимын деп өзіңді бірінші кезекке қойсаң - ол қауіпті. Ал өзіңді Құлай арқылы танысаң, үлкен бастауларға жол ашады. Мен қайдан келдім, қайда барам, не болам, ертең алдымда не күтіп тұр? Өмірге келгенге дейінгі шежірем қайда тіреледі, өмірден өткеннен кейін не болады, өмірде нені істеу керек деген сұрақтар арқылы танысаң, онда бұл үлкен даналыққа жол ашады. Керісінше пайда табу мақсатында, мақтан үшін үйренсең, Абайша айтсақ, өзі үшін оттаған хайуаннан еш айырмаң болмайды.
  • Шынайы әңгімеңізге көп рақмет!

 

"Қазақ әдебиеті" газеті,

Сұхбаттасқан

Батырхан СӘРСЕНХАН

 

 

 

1776 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*