Медицина 2018-06-01 (0) (9789)

ТЕМЕКІНІ ТАСТАУДЫҢ ОҢАЙ ЖОЛЫ...

ТЕМЕКІНІ ТАСТАУДЫҢ ОҢАЙ ЖОЛЫ...

 

Темекінің денсаулыққа зиян екені айтпаса да түсінікті. Тіпті, орамасының өзінде адам денсаулығына аса қауіпті екені анық жазылған. Алайда, бір рет әуес болып үйреніп алған адамның аз уақытта бірден қоя алмай, зиян екенін сезсе де, тастай алмай қиналып жүргенін жиі көріп жатамыз.

Сондықтан бүгін темекіні тастауға арналған аз-маз ғана бір-екі кеңес ұсынсақ дейміз.

Біріншіден, бұл – он екі айдың ішіндегі ең құрметті болған Рамазан айы. Бұл уақытта алып шайтандар кісенделеді, олар сізге айтарлықтай ықпалын жүргізе алмайды. Сондықтан өз нәпсіңізді құрықтап, өз-өзіңізді қамшылап, өзгеріп кетуге үлкен мүмкіндік бар. Сіз жақсылыққа қарай бір қадам жасасаңыз, ары қарай Алла ісіңізді реттеп, бұл жағдайдан шығудың жолдарын Өзі көрсетіп береді. Бұл – рахымы мол ай. Алла бұл айдың әрбір түнінде құлдарын тозақтан босатып, оның тағдырына «Жәннаттық» деген жоғары мәртебе жазады. Онда не тұрыс?

БІРІНШІ айтар кеңесіміз, сіз одан бір-ақ күнде, біржола арыла алмайтыныңыз анық. Сондықтан асықпаңыз. Бірте-бірте, аз-аздан амал жасай отырып, белгілі нәтижеге жетуге болады. Алдымен, өзіңізге темекіні таң атқаннан кеш батқанға дейін қолыма алмаймын деп шарт қойыңыз. Тіпті, осы айда ораза ұстамаған болсаңыз да, таңнан кешке дейін темекі тартудан тыйылып көріңіз.

ЕКІНШІ: темекінің маркасын ауыстырыңыз. Ауыз ашқаннан кейін мейлінше исі мен дәмі ең жеңіл деген темекіні тартыңыз және оның санын күннен-күнге азайтып отырыңыз. Мысалы, бүгін төртеу тартсаңыз, ертең  үшеу, одан кейін екеу, т.т

ҮШІНШІ: қолыңыздағы темекілерді қайшымен қақ бөліп қырқып қойыңыз. Сонда әр тартқан сайын тек жартысын ғана тартасыз. Соның арқасында темекі тартуды ақырын-ақырын азайта бастайсыз. 

ТӨРТІНШІ: темекіні іздей бастасаңыз, құрт секілді ащы дәмі бар тағамды алып, ұзақ уақыт бойы малтап жүріңіз. Спорт залдарына, жаттығу алаңдарына барыңыз. Денеңіз қызғанша жүгіріңіз, оны еске түсірмеудің бар амалын жасаңыз.

БЕСІНШІ: өзіңіз жегіңіз келген тағамның барлығын жеңіз. Жеміс-жидек жеуді көбейтіңіз. Бұл әлсіреудің алдын алады, әрі ойыңыз бөлінеді. 

Темекіні тастағаннан кейін:

20 минуттан соң сіздің жүрек соғысыңыз реттеледі;

8 сағаттан соң қаныңыздағы оттегінің 95 пайызы тазарады;

24 сағаттан соң инсульт, инфаркт ауруларының қаупі азаяды;

2 күннен кейін дәм мен иіс сезу қабілетіңіз қалыпты жағдайға көшеді;

3 күннен кейін тыныс алуыңыз жақсарады;

3 айдан соң өкпеңіз 30% артық (жақсы) жұмыс істейді;

1 жылдан соң жүрек ауруының қаупі 50 % азаяды;

15 жылдан соң жүрек пен қан қысымыңыз темекі тартпайтын адамның қан қысымы секілді қалыпты жағдайға түседі.

Иә, темекі сізбен бірге туылған, өмір бойы жаныңыздан қалмай қоятын дерт емес. Одан арылуға болады. Және «мен өмір бойы тартып келем, ештеңе болған жоқ қой», «менің өкпем онсыз да құрып біткен» демеңіз. Бұл істі қай кезде жасасаңыз да кеш емес! 

 

9789 рет оқылды