08:30 | Өнегелі өмір
Руханият 2018-10-17 (0) (65198)

Намазда ойыңыз бөліне берсе... (кеңестер)

Намазда ойыңыз бөліне берсе... (кеңестер)

Намаз – мұсылман пенденің бес парызының бірі, тілек тілеудің көпірі. Намаз - діннің тірегі, имандылардың жарық нұры және құл мен Жаратушысы арасындағы нәзік сыр.
Бұл – адамзаттың ең абзалы болған Пайғамбарымыздың със сүйікті амалы. Алла Елшісі със намазды көзінің қарашығына балаған.

Пайғамбарымыз със: «Пенде намаз оқиды, бірақ оған намазынан тек оннан бір бөлігі, сегізден бір бөлігі... үштен бір бөлігі немесе тіпті, жартысы ғана жазылады», - деген. (Ахмад, Әбу Дәуд, Байһақи, ибн Хиббан)
Яғни бұл – намазды ерекше ықыласпен, ыждағатпен оқу керектігін білдірмей ме?
Сондықтан бүгін ұлы құлшылықты атқару кезінде туатын бөтен ойлар мен одан арылудың жолдары туралы айтсақ дейміз.

♦1. Намаздағы бөтен ойлардан арылудың бірінші жолы – НАМАЗҒА ТИЯНАҚТЫ ДАЙЫНДЫҚПЕН КЕЛУ.
Иә, дәретті мұқият алу, ниетті дұрыстау - аса қажет дүние.
Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге күнәларыңды кешіріп, Жәннаттағы дәрежелеріңді көтеретін амалды айтайын ба?» - дейді. Басқалар: «Иә, Алла Елшісі!» дегенде: «Дәретті мұқият алыңдар...» - деген. (Муслим)
Яғни, дәрет алғанда әр мүшенің дәреттегі хақысын беруіміз керек.

♦2. ҚУЫЛҒАН ШАЙТАННЫҢ АЗҒЫРУЫНАН СЫЙЫНУ.
Шайтанның уәсәсы, азғыруы деген дүние бар. Ол жай кезде де адамды азғырса, намаз оқып, Алланы еске алар сәтте одан да қатты жұмыс істеп, пенденің сауаптан құр қалуы үшін барын салады. Сондықтан Пайғамбарымыз (ﷺ) намаз алдында: «Шайтанның дем салып, үрлеуінен, тәкаппарлығынан және оның зиянынан Аллаға сыйынамын» - деп Алла Тағаладан пана сұрайтын болған. (Әбу Дәуд)
Және тағы бір хадисте намаз уақытында уәсуас салатын шайтан туралы: «Бұл Хинзаб атты шайтан, сен оның қатысуын сезсең, Аллаға шайтаннан сыйын да, сол жағыңа үш рет түкір», - деген. (Муслим, Ахмад)
Яғни, намаз уақытында бөтен ойлар келе бастаса, «Әъузу бил-ләәһи минәш-шайтаанир ражиим» деп сол жаққа ақырын ғана үш рет түкіресіз.

♦3. ЖАМАҒАТПЕН БІРГЕ БОЛУ.
Жамағатта болу шайтанның үрейін туғызады әрі Алланың разылығына жеткізеді. Алла Елшісі ﷺ бұл туралы: «Ақиқатында, қасқыр отардан бөлінген қойды жейді» (Әбу Дәуд) және «Кім Жәннаттың ортасын қаласа жамағатта болсын: расында, шайтан бір адаммен болады, ал екі адамнан алыстайды», - деген.
(Ахмад, Тирмизи)

♦4. НАМАЗҒА КЕДЕРГІ БОЛАТЫН БАРЛЫҚ НӘРСЕЛЕРДЕН АРЫЛУ.
Яғни тәкбір қаққанда (намаз басталғанда) бұл дүниедегі тұрмыстық мәселелеріңізді, қаржылық проблемаларыңызды, жұмысыңызды, т.б бір сәт ұмытып, Алламен байланыста екеніңізді еске алу – құлдың ең үлкен жетістігі деп біліңіз.
Намаз оқуға ниет еткен адамды дәреттің қысуы, қарнының ашуы деген секілді өзге ойлар қинамауы керек. Пайғамбарымыз ﷺ: «Тамақ қойылғанда намаз жоқ», - деген. (Муслим) Бұл дегеніміз қатты қарны ашқан адам тамақ қойылғанда алдымен тамақтан дәм татып алып, сонан соң намазға тұруына рұқсат екендігін білдіреді. Дәрет қысқан адамға да қиналып тұрып намаз оқығанша, алдымен қажетін өтеп, кейін дәретін алып келіп, намазын өтегені абзал болады. Себебі, намазда тұрып тамақты ойлау, не ыңғайсыз жағдайға ұрынып, намазды бітіруге асығу – құлшылықтың кемел түрде орындалуына зиянын тигізеді.

♦5. НАМАЗДА АЙТЫЛАТЫН СӨЗДЕРГЕ, ОҚЫЛАТЫН АЯТТАРҒА ОЙ ЖҮГІРТУ, МАҒЫНАСЫН ТҮСІНУ.
Иә, күнде не айтып, не оқып жүргеніңізді, ол сүренің қандай жағдайға байланысты түскенін, онда не айтылып жатқанын білсеңіз, намаздағы ықыласыңыз артып, иманыңыз қуаттала түседі. Құран – сылдыратып жатқа оқып шығу үшін емес, ой жүгірту, амал жасау үшін түсірілген кітап. Алла Тағала «Сад» сүресінің 29-аятында: «Бұл – Біз саған түсірген берекелі Кітап. (Біз оны адамдардың) аяттарын түсінсін деп және ақыл иелерінің үгіт алуы үшін түсірдік» немесе «Олар Құранға зер салып қарамай ма?...» - деген. («Ниса» сүресі, 82-аят). Сондықтан әлемдердің Раббысының алдында айтатын әрбір сөзіңізге мұқият болып, оның мәнін ұғуға талпына бастаңыз.

♦6. ДҰҒА ЖАСАУ.
Намазда Аллаға бойұсыну – үлкен нығмет. Ал нығмет дұғамен келеді. Жүректердің иесі – Алла, яғни Алла бермесе, ешбір кеңес сізге бұл рахаттың дәмін таттыра алмайды.
Иә, Жүректерді бағыттаушы! Менің жүрегімді Өзіңе бойұсынуға бағыттай гөр! – деп тілей жүріңіз. (Муслимнен жеткен хадис)
Арабша оқылуы: Аллаһуммә мусаррифәл-қульуб, сәрриф қульубәна ъалә таъатик.

♦7. НАМАЗДЫ СУТРА ҚОЙЫП ОҚУ. (яғни алдыңызға бірдеңе қою)
Әбу Дәуд келтірген хадисте: «Егер кімде-кім намазға тұрса, сутраға жақындасын», - делінген. Мұндағы даналық – сутрадан ар жаққа қарамау, адамның назары сутрамен аяқталады, сутрадан шайтанды, адамды өткізбеу.

♦8. НАМАЗДА ӨЛІМДІ КӨП ЕСКЕ АЛУ.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Намазда өлімді ойлағанның құлшылығы жақсарады», - деген. Келесі намазға жетпеймін деген ой – сіздің дүниелік ойлардан арылуыңызға себеп болады. Бұрынғы ізгілер «бәлкім, бұл менің соңғы намазым шығар» деген оймен оқитын болған екен.

♦9. ИМАНДЫ ҮНЕМІ ҚУАТТАП, КҮШЕЙТІП ОТЫРУ.
Намаз – адам иманының өлшем бірлігі. Сондықтан иман әлсірегенде намаздағы ықылас та жоғалады. Адам тамақсыз өлетіні секілді, иман да үнемі қуатталып тұрмаса, әлсіреп кетеді. Осы ретте иманның азығы болатын мына дүниелерді айта кетсек дейміз, яғни бұлар – иманды күшейтетін амалдар:
- Құран аяттарын түсініп оқу;
- Парыз намаздарға ықыластылық таныту;
- Пайғамбардың ﷺ өмір жолын оқу;
- Дұға, нәпіл құлшылықтарды арттыру;
- Иманды күшейтетін кітаптарды оқу, уағыз тыңдау.
- Жақсы ортада болу.

Міне, бұл – намаздағы бөтен ойлардан арылудың бірнеше жолы. Алла ықылас-ниетімізді арттырып, құлшылықтарымызды бүтін етсін!

65198 рет оқылды