2017-11-02 (0) (4704)

«Сергелдең»

«Сергелдең»

14 қазан күні премьерасы өткен «Сергелдең» фильмін «Асыл арнадан» тамашаладық. Жиі кездесетін сөз болғасын ба, атауына елең ете қоймағанымыз рас еді. Бірақ фильмдегі оқиға, жағдай, күй, сезім, сенім, сұрақ, жауап, қарым-қатынас деген мәселелерге, шынында да, осы сөз ғана нақты тұжырым бола алатын секілді көрінді. Бұл – қазіргі сана сергелдеңі.

Оқиға радикалдық ағымға шырмалған Бейсенбай мен отбасында да, жұмысында да берекесі кеткен Асқар арасында өрбиді. Иә, ер адамның ғазиз басы түрлі сергелдеңге түсіп, тауға да, тасқа да ұрылса да, тиянақ таппай жүрген бір шақ қой қазір өзі. Туынды осыны анық жүлгелепті. Тіпті осындағы әрбір оқиғаның ізін ала тарқатып кеп жіберсе бір-бір фильмге жүк боларлық сценарийдің «құйрығы» сопаң етіп шыға келетіндей. Мысалы, ағымда адасып жүрген Бейсенбай және оның айналасы – осы фильмнің негізгі жүгі. Ал пәтерден-пәтерге көшіп, күнде уәде беруден шаршаған, көкжиегінен күн сығаламай қойған журналист Асқар – өзінше бір кино. Базардың бұлдырықтай «шатыры» Бугай да – біздің кино әлеміне әлі толық енбеген кейіпкер. Телеарнадағы тартыс пен шиеленіс, кеше есіктен сығалаған қалқатайдың бүгін төбеден қарап, үстелді тарсылдата бұйрық беруге жарай қалғаны – өзінше бір сериал емес пе, бәтір-ау... Ауру баласы үшін жанын беруге әзір, сөйтсе де пәтершісінің жағдайына қарайлайтын, ақыр соңында өзі құрбандыққа шалына жаздайтын Есіркеп – қалалық болса да, далалық мінезін жоғалтпаған айналайын бір кейіпкер.

«Сергелдең» фильмі сан тарапқа ала қашқан осындай жеке-жеке, сом-сом тағдырларға ортақ дүние, ортақ әлем, тіпті ортақ уайым мен мұң болып шығыпты. Тарқатып айтайық.

Оқиға. Бейсенбай «қолдан жасап алған» құдайы – Әрсен ұстазына ғана бағынады. Соның айтқанымен ғана жүреді. Соның тапсырмасын орындап, өзінше «таза исламды» таратуға әзір. Тұп-тура бүгінгінің бейнесі. Бүгінгінің кейіпкері. Ол ештеңе оқымаған, оқып әуре болмайды. Ол кез келген нәрсе үшін дәлел сұрайды, бірақ өзі ештеңені дәлелдеп бере алмайды. Ол – ауру, бірақ емделудің орнына бәрін Құдайға салып, уақытша ғана алдайтын тәсілдерге жүгінуші. Ол – әйелін талақпен қорқытатын, бірақ өзі кез келген сәтсіз әрекетін «недостоверный хадис» деп ақтап алатын, өмірге, айналаға, адамның бәріне ызалы біреу. Сол Бейсенбай жолы болмай жүрген Асқармен ұшырасады. Бейсенбайдың таксиінен ақша төлемей қашқан Асқар айналып қайта келеді. Келтірген – мұқтаждық. Берекесі кеткен тірлікте табан тірер әйтеуір бірдеңе іздеп жүрген бейшара Асқардың Бейсенбайдан ақша қайтарып алуға тәуекел етуі тіпті күлкілі-ақ. Бірақ шарасыздық адамға не істетпейді?

Шиеленіс. Асқар өсемін деп жүріп, өшіп қала жаздады. Оның заңды, еңбек сіңірген орнына хатшы қыз Анар отырыпты. Енді не істеу керек? Асқар далбасалап жүріп екі ай сынақ мерзімімен радикалдар туралы фильм жасауға рұқсат алады. Пәтерақысын талап етіп қылқылдап тұрған Есіркеп – анау, перзентін алып кетіп, ақша ғана сұрайтын жары Гүлжан – анау. Асқар, амал жоқ, өзінің «аффект жағдайында» босатқан орнын қайта иелену үшін тәуекелге барады. Бейсенбайға ереді. Соның дегенін істесе, Есіркептің ақшасын тауып бермек. Арнадағы орнын иеленбек.

Тартыс. Қоғамды өз ыңғайына бағындырғысы келетін Бейсенбайдікі – тым күйкі тірлік. Соған өзі ұрынғанымен қоймай, Асқарды да мәжбүрлейді. Базардағы «гадалканы» тепкізіп, видеоға түсіреді. Екеуі Бугайдан таяқ жейді. Асқар адам қағады. Екеуі полицейден қашады. Бәрібір тұтылатыны белгілі. Бірінші эпизодтарынан-ақ тарта жөнелген фильмнің осы тұсы детективке ұқсап кеткенімен, бәрібір шынайы. Бейсенбай қолына балта ұстап тығылып тұр – тура қасына баладай аңқау полицей келді, бірақ анау балтасын сілтеген жоқ. Әкесінің отыз жылдық намазын мойындамайтын «құдайсыздың» санасында бәрібір ізгілік нұры қалған-ау... Ауырған Бейсенбайға жеме-жемге келгенде «достарының» ешқайсысы көмекке асықпайды, сырт айналады. «Разборкаға» келген Бугай мен оның бандасы үшін адам тағдыры – әншейін сынақ алаңы. Қарсы алдында отырған қорғансыз адамның тізесін бір соққымен шаға ала ма – міне, нағыз күштінің сынағы. Ойланбайтын қоғамның ойсыз перзенттері осылай ойнайды, өкініштісі... Артынан – атыс, оқ тиген полицей, Есіркеп, Мозай, бас сауғалаған Бейсенбай...

Шешім. Бәрі бақытты аяқталды. Бірақ көрермен соған сене ме? Сенеді. Өйткені фильмнің соңында үлкен шүкір (тәубе) бар. «Елдің тыныштығы сендерге керек емес пе?» деген сөз Асқардың аузынан бір рет, Ахмет көршінің аузынан бір рет естілді. Міне, осы түйін шүкірге шақырады. Жас бастық Анар, шын бастығының креслосына жалп етіп отыра қалуымен-ақ позициясын жан-жақты аңғартатын Анар соңында тәубеге келіңкірегендей. Әріптесін қамаудан шығаруға тырысуы – ұяты оянған бір сәт, шын игі қадам. Көрші Ахмет – айналасына түгел ізгілік таратушы, өмір көрген жан.

Ең бастысы, фильмде әрекетке құрылған мықты диалогтар бар. Олар түсіндіруді қажет етпейді, бірақ кейіпкер басындағы жағдайды әйгілеп тұр.

Бейсенбай мен Маржан (жары):

– Етбетіңнен жатпа деп едің ғой. Күн көтерілгенше ұйықтауға болмайды дегенсің...

– Недостоверный хадис болу керек. Солай сияқты. Әрсен ұстаздан сұрау керек.

– Мен құлпынайға жерікпін...

– Тақуалар сияқты өмір сүреміз дегенім қайда? Или талақ хочешь?!

Асқар мен Бейсенбай:

– Сонда не, конституция харам ба?

– Нельзя, это же тағут!

– Сам ты тағут, диабетик!

– Но они все неправильно делают.

– Мұсылман деген жүзінен нұр төгіліп, жайдары болып жүреді ғой. Сен өз түріңе қарашы! Бір бырысып-тырысып... Сен қалай адамдарды дінге шақырасың-ей, а?!

Асқар мен Гүлжан:

– Ол секта емес, мөлдір бұлақ, жүректің тазалығы! Біле білсең, мен Диуан ұстаздың рақметін алғанмын!

Ахмет пен Бейсенбай:

– Тәрбиелеріңде кеткен ақауды исламға жабасыңдар. Ислам – бейбітшілік деген сөз.

Асқар мен Бейсенбай:

– Аузың толған акцент, неменеге орысша сөйлейсің, а?!

Қысқаша айтқанда, жас режиссер Жандос Құсайыновтың фильмі өте сәтті шыққан. Сценарийді белгілі журналист Мұрат Есжанмен бірігіп жазыпты. Әрине, Ахмет тым абыз болып кеткен жоқ па, Анар тәубеге қалайша жылдам келе қалды деуге болар еді. Бірақ оқиға олардың бұл әрекетін ақтайды. Маржанның «тез кетіп қалшы, Бейсенбай» деп жалына бұйыратыны – тағдырын бүлдіріп алып, түзете алмай жүрген мыңдаған қарлығаш қаракөздеріміздің жан дауысындай. Бейсенбайдың түрмеде отырып камера алдында сөйлейтіні таза діни уағызға ұқсаңқырайды, бірақ түйіні сендіреді. Сонша әңгімені неге айтқанына көзіңді жеткізеді. Гүлжанның мысалы – «әйелге отбасынан артық қандай қасиетті жер керек?» деген ақиқат айтылса да, мойын бұрмайтын көзсіздік, құнсыздықтарға (ішінде ақша да бар шығар) құнығу, көз алдындағы тұманның сейілмейтіні. Полицейлер образында да түрлі сипат бар. Бір әрекетіне күлесің, енді біріне тісіңді қайрайсың, бірақ ел мен ер басына күн туған сәтте – олар шегінбек емес.

Мақсат Сәбитовті, Алмат Сақатовты, Сафуан Шаймерденді жаңа қырынан көрдік. Түрлі амплуадағы образдарға шебер бейімделе алатындарын анық байқатты. Шынында да, осындай талантты актерлердің еліміздің кино өнері тарихында қалатын шағы жетті ғой.

Ең бастысы, «Сергелдең» фильмі мына қым-қуыт дәуірден ұлт тағдырын көкпарға беріп қойып, үнсіз өте шықпауға тиіс екенімізді көрсетті. Біз бәріміз ел тағдырына жауаптымыз. Ендеше, адасып жүрген әрбір жан өзінің сан ғасырлық дәстүрі бар табиғи ортасына оралуға тиіс. Кинода ғана емес, шынайы өмірде. Сол нысана болсын!..


Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

Жас Алаш

4704 рет оқылды