22:30 | Емен-жарқын
2017-09-21 (0) (5730)

САРАЙ ДӘРІГЕРЛЕРІ ЕМДЕЙ АЛМАҒАН ПАТШАНЫ АУРУЫНАН АЙЫҚТЫРҒАН ҒАЛЫМ

САРАЙ ДӘРІГЕРЛЕРІ ЕМДЕЙ АЛМАҒАН ПАТШАНЫ АУРУЫНАН АЙЫҚТЫРҒАН ҒАЛЫМ

Уақыт талай ұлы мемлекеттердiң атын тарихтан өшiрiп, ұмыттырды. Көптеген халықтар мен тайпаларды тiтiренткен шапқыншылардың есiмдерi де iз-түссiз жоғалып кеттi. Қаһарлы хандар мен шахтардың өздерiне ескерткiш ретiнде орнатқан талай алып құрылыстары мен сәндi сарайлары да топыраққа айналды. Бiрақ Орта Азияның ұлы перзентi, атақты ғалым Әбу Әли Ибн Синаның есiмi адамзат тарихынан, халықтар шежiресiнен осы күнге дейiн ұмытылмай, өзiнiң құрметтi орнын алып келедi. Ғалымның өмір жолы ғылым мен білімге деген құштарлыққа толы. Біз бүгін ғылымға ерекше үлес қосқан мұсылман ғалымдарының тағы бірі, медицинаның атасы Ибн Сина туралы сөз етпекпіз. Ибн Сина қандай еді? Оның ел есінде қалған қандай еңбектері бар?

1.      Кiшкене Ибн Сина бес жасынан-ақ өзiнiң зеректiгi және тапқырлығымен маңайындағының бәрiн таңғалдырып, 10 жасында бүкiл Құранды жатқа бiлген.

2.      Ибн Сина ескi грек философиясымен, логика, физика, астрономия және тағы басқа ғылымдармен терең танысады. Содан кейiн медицинаны қолға алып, аз уақыттың iшiнде мұны да толық меңгередi. Тіпті, сарай дәрігерлері емін таба алмаған Бұқар әмірін Ибн Сина 16 жасында ауруынан жазып жіберген.

3.      Ибн Сина Хорезмде жүрген жылдары өзiнiң аса күрделi екi еңбегiн жазған. Оның бiрi – «Медицина ғылымының заңдары» («Канон»), екiншiсi – «Денсаулық сақтау кiтабы» («Кiтап аш-шифа») деп аталады. Мiне, осы екi еңбек Әбу Әли ибн Синаның атағын бүкiл дүние жүзiне жаяды, оған өлмес даңқ әпередi.

4.      Ибн Синаның медицина саласындағы ең күрделi еңбегi— «Медицина ғылымының заңдары» («Канон»). «Медициналық iлiмдердiң нағыз энциклопедиясы» деп танылған бұл еңбек сол кездегi медициналық бiлiмдердiң екшелеп, сараланған және бiр жүйеге келтiрiлген анықтамасы дерлiк. Логикалық мағынасының анықтығы және ұғымының дәлдiгi жағынан да медицина ғылымының бүкiл орта ғасырлық тарихында бұған тең келетiн әдебиет, ғылыми еңбек жоқ десе болады.

5.      Ибн Сина жан-жақты ғалым болған. Ол физика, математика, астрономия, химия, философия, логика, медицина туралы аса көлемдi еңбектер жазып, аса бағалы жаңалықтар ашқан. Сонымен бiрге мемлекет басқару, ел билеу, әскери iс, ғылымдарды саралау, отбасы және неке жайында да толып жатқан жаңа пiкiрлер айтқан. Ең ақыры ол поэзиямен де шұғылданып, өз артына өлмес өлеңдер қалдырған. Оның араб тiлiнде жазған өлеңдерi мен парсы тiлiнде жазған риуаяттары (төрт жолдық өлеңдер) бiздiң заманымызға дейiн жеткен.

6.      Сол заманның ғылым дәрежесiнiң төмендiгiне және аспаптардың жоқтығына қарамастан, ол медицинада аса бағалы пiкiрлер айтып, көптеген жаңалықтар ашқан. Оның сол кезде медицинада, әсiресе, адам анатомиясы жөнiнде айтқан кейбiр батыл болжамдары мен озат ой-пiкiрлерi арада жүздеген жылдар өткен соң, ғылым мен техниканың өсуiне байланысты тәжірибеде дәлелденiп, жүзеге асқан. Мәселен, ол сол кездiң өзiнде-ақ көздiң бұлшық еттерiнiң қасиетiн ашқан. Адамның көз қарашағының торлы болып келетiнiн айтқан. Бұл болжамдар ғылымда, микроскоптың шығуына байланысты, тек кейiнгi кезде ғана дәлелдендi.

7.      Ибн Сина менингит, апоплекция, асқазан ауруы, плеврит жөнiнде алғаш пiкiр айтып, тұңғыш мәлiметтер берген.

8.      Микроскоп шықпастан көп жыл бұрын-ақ, Ибн Сина суда микробтар болатынын айтып, суды қайнатып iшуге кеңес берген. Сол сияқты туберкулездiң жұқпалы ауру екенiн алғаш ашқан және көптеген аурулардың ауа және қайнамаған су арқылы тарайтынын да алғаш айтқан Ибн Сина еді...

9.      Ибн Сина – ұлы гуманист. Мәселен, ол сол кездегi кейбiр қоғам қайраткерлерi мен ғалымдардың жұмысқа жарамайтын жарымжан адамдарды, қайыршыларды жойып жiберу керек деген адамзатқа қарсы ниеттерiне батыл қарсы шыққан. Ол қоғамның барлық мүшесiнiң белгiлi бiр кәсiппен шұғылдануын, ал заң шығарушы орындардан пайдалы еңбекпен, қызметпен шұғылданбаған адамдарды, жатып iшер арам тамақтарды қатты жазалауды талап еткен.

Еңбек пен әдiлеттiлiктiң жалынды жаршысы болған Ибн Сина өз заманында осындай батыл да, дұрыс пiкiрлер айтқан.

 

Орта ғасырлардың ұлы ғалымы Әбу Әли ибн Сина табиғат пен қоғам құбылыстарының өз замандастарына белгiсiз көптеген құпияларын ашты.Сондықтан да адамзат қоғамы Орта Азияның асқан ғалымы, ұлы ойшылы, тамаша табиғаттанушысы Ибн Синаның есiмiн ғасырлар бойы құрметтеп келедi.

5730 рет оқылды